Шаң басқан архивтерден табылармыз…

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Үндеу жариялап, онда саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды.
ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең. Осы кезеңдердің тарихын зерттеп, зерделеп келе жатқан тарих ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушысы Шамек Тілеубаевпен аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз.

– Бұл – өте өзекті тақырып. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған Үндеуі, мемлекеттік комиссия құруға берген тапсырмасы өте орынды қабылданған шешім. Сонау Советтік кезеңдегі саяси репрессияның бізге әлі де болса белгісіз тұстары, ақтаңдақтары өте көп. Себебі, сол қасіретті жылдардан сыр тарқатуы тиіс архив материалдарының көп беті біз үшін әлі күнге тарс жабық. Жаңадан құрылатын мемлекеттік комиссия осы бағытта көп жұмыс істесе екен деген тілегім бар. Сол кезде ғана біз көп мәліметке, ақиқатқа қанық болар едік. Бұл қадам ел ретінде бастан кешкен қасіретті кезеңдерімізді, белгісіз тұстарымызды анықтап, өткен тарихымызды қайта зерделеп қорытуға көмектеседі деп ойлаймын. Сонымен қатар, кейінгі өскелең ұрпаққа, жастарға тәлімді сабақ берер еді.
Әсіресе, біздің Алаш зиялыларының сот процестерінің, Советтік жүйені ұлттық мүддеге қызмет жасатуға тырысқан екінші ұлт зиялылары туралы әлі де болса көп деректер бізге беймәлім.
Сосын 1929-1931 жылдардағы шаруалар көтерілісін тарихтан білесіздер. Қазақстан бойынша үлкенді-кішілі 372 көтеріліс болған екен. Сол көтерілістерге қатысқандар негізінен қарапайым шаруа адамдары болған. Оларды кезінде «бандиттік», «шайкалық» топтарға қатысы бар деп айтыпталған. Сол қарапайым еңбеккер адамдар әлі күнге дейін толық ақталмай жатыр.
Себебі, бізде 1993 жылғы 14 сәуірде «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын жаппай ақтау туралы» Заң қабылданған. Осы Заңның 16-бабында «бандиттік», «шайкалық» топқа қатысқандар ақталуға жатпайды» деген тармағы бар. Заңдағы осындай қайшылықтарды енді құрылатын мемлекеттік комиссия оң шешуге атсалысса дұрыс болар еді. Ал негізі сол көтеріліске қатысқан шаруалардың саясатқа еш қатысы жоқ. Бар болғаны – өзінің отбасының амандығы үшін, күнелту қамымен сол тұстағы совет өкіметінің әлеуметтік-экономикалық, т.б. реформаларына, халыққа жасаған қиянатына наразылық танытып бас көтергендер болатын. Мемлекеттік комиссия осы мәселені де елдік деңгейге көтеріп, олардың азаматтық мәртебесін қайта қалпына келтіру керек. Бүгінде олардың кейбірінің ұрпақтары да бар, хабарласып тұрамын. Әлі күнге оң көзге ілініп, ақталмай жатқанын айтып налиды.
Сондай-ақ, архивтердегі ашаршылық нәубатына қатысты құжаттарға да әлі де болса толықтай қолымыз жетпей жүр. Осы жағын ойлағанда Мемлекет басшысының бұл шешімі көп дүниеге тыңнан түрен салады деп ойлаймын.
– Шамек Баянұлы, сіздің Қазақстандағы құпия құжаттарға рұқсаты бар санаулы тарихшылардың бірі бола тұрып, соның өзінде құпия құжаттармен толық таныса алмай жүргеніңіздің себебі неде?
– Әлгінде айтып өттім, 1993 жылғы 14 сәуірде қабылданған ҚР-ның «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын жаппай ақтау туралы» Заңы бар. 1999 жылы 15 наурызда қабылданған «Мемлекеттік құпиялар туралы» да Заң бар. Соңғы аталған заң бойынша сақталу мерзімі 30 жылдан асқан материалдардың құпиясы ашылуы тиіс. Байқасаңыз, ақтау туралы заң оның алдында қабылданған. Бізде заңдардың арасындағы осындай қайшылықтар шешілмей тұр.
Мысалы, менің ұстазым, белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелдиев екеуміз осы репрессия мәселесі бойынша архивтік материалдардан «Красный террор: из истории политических репрессий в Казахстане» деген кітап шығардық. 2011 жылдан бері ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті арнайы архивіне бізді қайтадан кіріп зерттеу жұмыстарын жүргізуге рұқсат бермеді. 2015 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті арнайы архивіндегі материалдарды Ішкі істер министрлігінің архивтеріне өткізді. Осыдан бір-екі жыл бұрын Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің архивіне бір топ тарихшы-ғалымдарға зерттеу жұмыстарын жүргізуге рұқсат сұрап хат жаздық, бізге рұқсат бермеді. Ол қадамымыз да сәтсіз болды. Неше түрлі бюрократиялық кедергілер жасайды. Берсек тек «процессуалдық емес құжаттарды ғана бере аламыз, оның өзінде де туысқандарына, ұрпақтарына» дейді.
Ал кейбіреулерінің қазіргі таңда ұрпақтары да қалмады ғой, былайша айтқанда сұрауы, іздеуі жоқ, тек шаң басқан архивтерде жатыр. Сонда әділеттілік қайда?! Олар да кезінде елдің мүддесі үшін, Тәуелсіздікке қол жеткізуге қызмет етті ғой. Сондықтан жоғарыда айтылған заңдағы қайшылықтар оң шешіліп, процессуалдық, яғни кәдімгі тергеу материалдары қолжетімді болу керек. Мен тарихшы ретінде осы комиссия жұмыс істеу барысында үлкен-үлкен ғылыми жобалар іске асырылуға мүмкіндік береді деп көп үміт артқым келеді. Ол үшін мемлекеттік комиссия құрамына кездейсоқ адамдар емес, білімді ғалымдар, білікті заңгерлер енуі керек деп ойлаймын.
– Егер осы мемлекеттік комиссияның құрамына кіру туралы өзіңізге де ұсыныс түсіп жатса қабылдайсыз ба?
– Әрине, қабылдаймын. Мен 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетін бітірдім. 1995 жылдан бері жүйелі түрде архивтерде отырып, зерттеу жұмыстарын жүргізіп келе жатқаныма ширек ғасыр болыпты.
Мен Алаш қайраткерлерінің сот процестерімен, тергеу материалдарымен жақын таныспын. Өзім еңбек етіп жүрген Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетте студенттер мен магистранттарға дәріс оқимын. Осы салада зерттеу жүргізіп жатқан магистранттарым бар. Менің жетекшілігіммен Алаш зиялыларына байланысты оннан астам магистрлік диссертация қорғалды. Сондықтан бұл менің өміріммен біте қайнасып жатқан тақырып. Егер ондай ұсыныс түсіп жатса бас тартпаған болар едім. Әлі күнге архивтерде жүйелі түрде жұмыс істеп келе жатқан адаммын. Өзіміздің архивтерден басқа, Мәскеу, Ташкент, Бішкек архивтерінде де көп отырған тарихшымын. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивінде қатарынан төрт-бес жыл отырдым. Репрессияға ұшырағандар туралы қаншама құнды құжаттарымен танысып, көшірмелерін алып шықтық.
«Бүгін біз ұжымдастыру жылдарында аштыққа ұшырағандарды, сондай-ақ туған жерінен кетуге мәжбүр болғандарды да еске аламыз. Бұл зобалаңның қасіретін үш миллионға жуық адам тартты. Сол жылдардағы орасан зор адам шығыны мен тағдыр тауқыметі әрбір азаматтың жүрегіне жара салды», – деді Мемлекет басшысы Үндеуінде. Иә, шетелге еріксіз қоныс аударылғандар, олардың шекарадан асу кезінде қаншама қиындыққа, қиянатқа тап болғаны туралы да ұмытпауымыз керек. Сонау үркіншілік жылдары шекара түбінде қаншасы қырылды десеңізші. Арғы жақта қытай әскері өткізбейміз деп, бергі бетте совет шекарашылары қару кезеп, талайы қынадай қырылды. Олардың бәрі ақталуы керек.
Міне, осындай ақтаңдақтарды анықтау, жазықсыз жала жабылғандарды ақтау үшін үлкен ғылыми топ құрылуы тиіс. Және ол ғылыми топқа осы тақырыптарды тереңінен зерттеп жүрген нағыз жанкешті ғалымдар, мамандар кіруі тиіс. Тергеу материалдары деген өте күрделі болып келеді. Оларды зерттеу жауапкершілікті, табандылықты, шыдамдылықты, дәлдікті қажет етеді. Мысалы, тергеу кезінде тергеушілердің қолдан жасалған қаншама хаттамасы болған. Мен кезінде Ахмет Байтұрсыновтың жеке тергеу ісіне қатысты конспект жасадым. Сондай-ақ, Мағжан Жұмабаевтың атылар алдындағы үш томнан тұратын «Собственноручные показания» деген тергеу ісінен конспект жасадым. М.Жұмабаевты ең алғаш 1937 жылдың 30 желтоқсанында ұстап алып кеткен. Сол күні тергеу жүргізген. Сосын қаңтар айында қатарынан бірнеше тергеу жүргізілген. 7 ақпандағы тергеуде «мен өзімнің шет елдің тыңшысы екенімді, ұлтшыл екенімді мойындаймын» деп қол қоюға мәжбүр болған. Ол кездегі тергеп-тексеру кезінде адамды ұру, соғу, қинаудың нағыз шектен шыққан тәсілдері қолданылған екен. Ұмытпасам, Павленко дегеннің тергеу материалдарында айтылады, «Орта ғасырдағы тергеудің өзі мына НКВД тергеуінің жанында түк болмай қалды» деп. Адам төзгісіз болған, мәжбүрлеп мойындатқан. Ол кезде «конвейер» деген азаптау әдісі қолданылады екен. Терезесі жоқ, жарықсыз жалғыз адамдық камера дейді, тергелуші бөлме ортасында тікесінен тік төбесінен су тамшылап тұрады екен, табанының асты бетон. Күн бе, түн бе, белгісіз, бірақ тергеушілер мен ұрып-соғатын жендеттері кезектесіп ауысып тұрады. Ал тікесінен тік тұрған тергелушіге ұйқы бермейді. Сағаттап сұрақтың астына алына береді. Сарапшы-психологтардың сөзінше, адам баласы шөлге де, аштыққа да біршама шыдайды екен, ал ұйқыға шыдамайтын көрінеді. Ары кетсе он, он екі күнге төзеді, сосын мүлдем есін жоғалтады. Сондай сәттерде тергеушілер өздері дайындаған хаттамаларына қол қойғызып алады. Тіпті, әйел-балаңа қиянат жасаймыз деп қорқытып та мәжбүрлеп қол қойғызатын жағдайлар көп болған.
– Сол жендеттер, тергеушілер туралы да ақпараттар бар ма, олар туралы не білуге болады? Мысалы, шет ел басылымдарынан арада қаншама жыл өтсе де сондай адамдардың кейінгі өмірі туралы да деректі фильмдер көрсетіліп жатады дегендей.
– Шыны керек, олар туралы көп біле бермейміз. Бізде кімдердің тергеуші болғаны туралы деректер кездеседі, бірақ олардың аты-жөнін жариялауға толық рұқсат ете бермейді. Міне, соларды да заң шеңберінде анықтау керек. Бізге осыдан төрт-бес жыл бұрын Грузиядан тарихшы екі жас жігіт келді. Кезінде біздің Қазақстанға 70 грузин депортацияланған екен, солардың дерегін іздеп келіпті. Сонда айтып отыр, олардың елінде тергеушінің ғана емес, өлім жазасын орындаған жендеттердің де аты-жөндері ашық, кез-келген ақпарат көзінен ала беруге болады. Осыдан бірнеші жыл бұрын Литва еліне шетелдік тағылымдамадан өтуге барған біздің магистранттарымызға сондай архивтік құжаттарын айқара ашып қойған. Ал бізде ғылым кандидатының, ғылым докторының өзіне материалдарға қол жеткізу мұң.
Президент Үндеуінде: «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады. Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз», – деп атап өтті.
Міне, сең қозғалды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін құрылатын арнайы мемлекеттік комиссия осы мәселелердің бәріне жол ашып береді деп ойлаймын.
Уақыт тауып, ой бөліскеніңізге рахмет!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *