Шағбанның оразасын өткізіп алмаңыз 

Шағбан – Ережеп айынан кейін келетін қасиетті үш айдың бірі. Биыл бұл ай 17 сәуір күні кірді. Шағбан – шамасы келген мұсылманға көптеп нәпіл ораза ұстайтын ай. Алла елшісінің өзге айларға қарағанда осы айда көп ораза тұтқандығы айтылады. Себебін сұрағанда: «Бұл айда барлық істер әлемдердің Раббысына көтеріледі. Менің де істерім Алланың құзырына аузым берік болған күйде көтерілгенін қалаймын», – деп жауап берген екен.

Мүміндердің анасы Айша (ол кісіге Алла разы болсын ) былай дейді: «Пайғам­барымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Шағбан айында көп ораза тұтатын қасиеті бар еді». Мен былай деп сұрайтынмын: «Я, Алланың Елшісі, Шағ­бан сіз үшін айлардың ең сүйіктісі ме? Сол үшін ораза тұтасыз ба?». Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) болса: «Иә, бір жыл ішінде бақилық болатындардың тізімі осы айда жазылады. Сондықтан менің де ажалымның құлшылық үстінде жетуін қалаймын», – деп жауап берді».

Бұл айда дүйсенбі, бейсенбі күндері ауыз бекітсеңіз болады. Сондай-ақ, шағбан айының 13, 14, 15 күндері яғни, 29, 30 сәуір мен 1 мамыр күндері ораза ұстаған дұрыс. Өйткені, бұл айдың 15 түні – бәраат түні (биыл ол түн 30 сәуірден 1 мамырға қараған түн). Бұл күні түнін (30 сәуір) ғибадатпен, күндізін (1 мамыр) оразамен өткізген абзал.

Бәраат түнін дұрыс қарсы алу үшін шама келгенше бұл түнді ұйқысыз өткізген абзал. Алайда, кімнің бұған шамасы жетпесе, ол адам осы түннің кез-келген бөлігін құлшылыққа арнай алады. Құлшылыққа түннің екінші бөлігін арнап, мына ғибадат түрлерін атқарса болады:

Намаз – осы түнде атқарылатын ең абзал құлшылықтың бірі. Намаз ракаға­тының белгіленген саны жоқ, бірақ ракағат саны сегізден кем болмауы тиіс. Сондай-ақ, әр намаздағы рукуғ, қиям, сәджеде ұзағырақ болған абзал. Намазда Құраннан ұзақ аяттар оқылғаны жақсы. Егер кімде-кім ұзақ сүрелерді есіне түсіре алмаса, бір ракағатта қысқа бір сүрені бірнеше рет қайталауына да болады.

Құран оқу – осы түні атқарылар пайдалы құлшылықтың түрі. Намаздан соң, я болмаса басқа уақытта шамаңыз жеткенше Құран оқыңыз.

Бұл түнді зікірге арнаған өте жақсы. Әсіресе, Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айту. Сондай-ақ, зікірді жүріп бара жатқанда, төсекте жатып және де жұмыс уақытында, жұмыстан тыс уақытта да оқуға да болады.

Дұға – бұл түні бізге көп пайда әкелетін ғибадаттың бірі. Осы түні Алла Тағала дұғамызды қабыл етеді деген үміт бар. Дұға – ғибадат. Алла Тағала жасаған әрбір дұға үшін сұраушының мұқтаждығын өтеп қана қоймай, сауап та жазады. Тіпті, сұраған нәрсесі қол жетімсіз болса да, ол адам жаса­ған дұғасы үшін сауаптан құр қалмай­ды. Адам  баласы қалағанынша, кез-келген түрде дұға ете алады.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *