ШАҺАРДЫҢ «солтүстігі мен оңтүстігі» жаңа эстакада арқылы Қосылды

Алматыда теміржол астынан эстакада арқылы Назарбаев даңғылын Жансүгіров көшесіне дейін үңгілеу жұмыстары аяқталды. Жұмыс сапары барысында қала әкімі Бауыржан Байбек «солтүстік-оңтүстік» бағыты бойынша Сейфуллин даңғылының жүктемесін азайтатын жаңа жолайрығын көрді.

 Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ

Техникалық жағынан күрделі сан­а­латын жобаның жалпы құны 7,4 млрд. теңгені құрады. Құрылысы екі жылға жуықтаған нысан 500-ден астам адамды жұмыспен қамтыды. Аталған аумақ тәулігіне 48 мың көлікті өткізуге қауқарлы. Эстакаданың құрылысына 7 мың текше метр бетон және 4 мың тоннадан астам металлоконструкция пайдаланылды.

Қала әкімі Бауыржан Байбектің мәлімдеуінше, мегаполисте  жаяу жүргін­шілер инфрақұрылымы мен қоғамдық көлік саласын ретке келтіру бойынша көптеген іс-шаралар атқарылып жатыр. Бұдан өзге, көлік тізгіндеушілердің де жағдайы назардан тыс қалған емес. Олар үшін жолайрықтары салынып, жолдар жөнделуде, біржақты қозғалыс енгізілуде, адамдардың екпіні артып, бизнестің логистикалық шығыны төмендеуде.

Жұмыс сапары кезінде мегаполис бас­шысы қаланың дамуына үлес қосқан жұмысшыларға ерен еңбектері үшін алғыс айтты.

– Елбасының салиқалы саясатының арқасында Алматы қаласы тұрақты даму үстінде. Экономикалық көрсеткіші де өсуде. Соңғы он жылдың ішінде 30 жол­айрығы ашылды. Жаңа үйлер салынып, қаланың тарихи орталығы жаңарып, бизнес саласы өркен жаюда. Міне, мұнда сіздердің үлестеріңіз айтарлықтай, атқарылған істердің барлығы жұмысшылар еңбегінің нәтижесі. Жаңа жолайрығы Тұңғыш Пре­зидент күні қарсаңында қала тұрғындарына жасалған үлкен сый болып отыр, – деді қала әкімі Бауыржан Байбек.

Ұзындығы 800 метр болатын эста­ка­дамен көлік қозғалысы қазірден бастап ашық. Қозғалыс бөлігінің екі жағында жаяу жүргіншілер жолы, энергия үнем­деуші шамдары бар жа­рық бағаналары орнатылған. Аймақты абаттандыру жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *