ШАҺАРДЫҢ 2020 – 2022 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН БЮДЖЕТІ ҰСЫНЫЛДЫ

Мәншүк БЕКБОСЫН

Қалалық әкімдіктің мәжіліс залында қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен VІ шақырылымдағы қала мәслихаты депутаттарының кезекті LVІІІ сессиясы өтті. Аудан әкімдері, басқарма басшылары, БАҚ өкілдері қатысқан алқалы жиында шаһардың 2020 – 2022 жылдарға арналған бюджеті және Алматының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясының жобасы қаралды.

Бюджет жобасын дайындау кезінде әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары бойынша мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырыстарында  талқылаулар болып, барлық даулы мәселелер шешімін тапты. Жалпы келесі жылға арналған қала бюджетінің жобасы шамамен 700 млрд. теңгені құрайды. Бюджет әлеуметтік-бағдарланған болып қала бермек. Бұл ретте әлеуметтік салаға, атап айтқанда,  білім беру, денсаулық сақтау салаларын әлеуметтік қамтамасыз етуге 2020 жылға арналған бюджет шығыстарының шамамен 40 пайызы бағытталады.

Сондай-ақ, 2020 жылдың бюджетінде қоғамдық көлік пен жол-көлік инфрақұрылымы, ТКШ, абаттандыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ТЖ алдын алу мәселелерін шешуге ерекше назар аударылған. Сонымен қатар, «Жаңа Алматы» тұрғындарын ауыз сумен, газбен, көшені жарықтандырумен қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуметтік нысандар құрылысы, аулаларды абаттандыру жөніндегі міндеттерді шешу міндеті тұр.

Бұдан өзге жиында депутаттарға сарапшылар мен қала тұрғындарының пікірін ескере отырып әзірленген «Алматы – 2050» Даму стратегиясының жобасы ұсынылды.

  • Қала бюджетінің көлемі ШОБ субьектілерінен түсетін салыққа байланысты болып отыр. Алматыда шағын және орта бизнес субьектілері ашылған сайын салық көп түседі. Соның арқасында қаланың әлеуметтік мәселелерін шешуге мүмкіндік артады. Бізге негізі корпортативтік табыс салығын жергілікті бюджетке бұрған тиімді. Бұл дегеніміз – ШОБ субьектілерінің мүддесін қорғау керектігін көрсетеді. Өйткені, ақшаның 64 пайызы солардан келеді, – деді Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен қатар, қала әкімінің айтуынша,  келесі жылы ШОБ субьектілерін қолдауға 30 млрд. теңге бөлінбек екен.

Бұдан өзге шаһар басшысы қалада әуежайға апаратын айналма жол айрығының құрылысы басталатынын тілге тиек етті.

  • Үкіметтің қолдауы бар. 2019 жылы жол айрықтарының құрылысына, жер учаскелерін сатып алуға, метро құрылысын жалғастыруға және басқа да құрылыстарға қосымша ақша бөлінді. Келесі жылы да осы бағыттарға қаржы бөленбек. Ең бастысы, біз Құлжа трактісінің құрылысын бастау үшін қаржы ала алдық. Бұл – әуежайға апаратын айналма жол айырығы, – деді қала әкімі. Айта кету керек, құрылыс жұмыстары келесі жылдың басында басталады. Жоспар бойынша, құрылыс екі жылға созылмақ. Мердігер компанияға осындай талап қойылған екен.
  • Жыл сайын жаңа автобустарды сатып аламыз. Бүгінде қалаға бір мыңнан астам қоғамдық көлік қажет. Қазір автобустардың бір партиясы сатып алынды және жеке автобус парктері де жаңартылып жатыр. Бюджеттен субсидияға қомақты қаржы бөлудеміз. Осыған сүйене отырып, автобус парктерінен қоғамдық көліктің экологиялық таза болуын қамтамасыз етуді талап етеміз. Бұл дегеніміз – қоғамдық көліктер газбен немесе тоқпен жұмыс істеуі керек, – қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен қатар қала басшысы қолданыстағы троллейбус желілерінің де  жаңартылып жатқанын мәлімдеді.

  • Қолданыстағы барлық желілерді толық модернизациялаудан өткіземіз. Біздің басты мақсатымыз – электроавтобустарды іске қосу. Таяу уақытта барлық елдер біртіндеп электроавтобустарға көшеді, – деп қорытындылады сөзін әкім.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *