Шаһар шырайын ашайық

Қалалық сенбілікке үн қосқан Алатау ауданындағы №179 жалпы білім беретін мектептің оқушылары тазалық шарасын Мемлекеттік Әнұранмен бастады.

– Сенбілік – шәкірттерді серпілтіп, мекте­біміздің мерейін өсіретін шара. Айналамызды тап-тұйнақтай етіп тазалау арқылы шаһарымыздың шырайын аша аламыз. Бұл қоғамдық игі істе әр адамның өз орны бар. Адамзат пен табиғат – егіз ұғым болғандықтан, бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Сондықтан бізді қамқорлығына алған Табиғат – Ананы әрдайым қадірлеп, қастерлейік. Көктемгі көгалдандыруға жұдырықтай жұмылып атсалы­сайық. Іске сәт! – деп, әсерлі сөзімен мектеп директоры Шара Иманбекова оқушыларды бір жігерлендіріп тастады.

Мектеп ауласында көңіл сергітіп, отаншыл­дыққа үндейтін әндер шырқалып тұрды. Сенбі­лікке ұстаздар мн ата-аналар да атсалысты. Осының өзі оқушыларға дем бергендей. Балалар­дың еңбекке деген құштарлығы мен талпынысы «Табиғат – алтын қазына», «Табиғат – тал бесігім» делінген жариясөздерден байқалып тұрды. Мектеп маңына көктемнің белгісіндей раушан, жауқазын, сирен секілді әсем гүл көшеттері  отырғызылды. Маңайға түрлі жеміс шыбықтарын отырғызу да қолға алынды.

Жер-ананы қорғап, оны аялап, баптау – азаматтық борыш десек те,  қоршаған ортаға мейірлене тер төгуді қор санайтындар арамызда жоқ емес.  Оқушыларымыздың еңбектен аянбай, бар күш-жігерін тазалықа арнауы — жанымызды жадыратты. Голланд суретшісі Винцент Ван Гог табиғатты бейнелей отырып, адамдар бейнесін әдейі қоюланып келетін қараңғы түстермен бейнелейтіні бар. Атышулы суретшінің мұндағы ойы – адамдардың қиын тағдыры мен тынымсыз еңбегін көрсету.

Бойымызда күш-қуат барда жер-жаһанға танымал бола бастаған шаһарымыздың баға жетпес байлығы – табиғатын бағалап, оның ласта­нуына жол бермейік. Мейірімін төккен мектеп аясында білім алып, оның жұпар шашқан саясында таза ауамен тыныстағанға не жетсін!

 

Жадыра ӨМІРЗАҚҚЫЗЫ,

№179 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close