Шаһар басшысы Литва қалаларының мэрлерін қабылдады

Қазақстандағы Литваның Төтенше және Өкілетті Елшісі Васюлис Гинтаутас бастаған литвалық қалалардың мэрлері мен іскер адамдары бар делегация Алматыда өтетін бизнес-форумға келді.
Кездесу барысында экономика, мәдениет және туризм салаларында өзара пайдалы ынтымақтастық перспективаларын кеңейту мәселелері қаралды. Қазіргі кезде Алматыда сауда, логистика, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу салаларында литвалық капиталмен 94 кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Алматы мен Литва арасындағы тауар айналымы 40 млн. долларды құрады.
– Бізді литвалық қалалардың Smart City арқылы қала шаруашылығын басқаруда инновациялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі тәжірибесі қызықтырады. Бүгінде Алматыда ТҮКШ, көлік, денсаулық сақтау, білім мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйелерін цифрландыру бойынша жұмыстар қарқынды жүруде. Ертең болатын бизнес-форумда біздің кәсіпкерлер біріккен жобаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылайды. Мұндай кездесулердің ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жаңа серпін беретініне сенімдімін, – деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Укмерге, Кедайняй, Зарасай, Биржай, Кайшядорис, Рокишкис, Электренай, Мажейкяй сынды қалалар мен аудандардың және Каунас ауданының мэрлері мен өкілдері өз қалаларының ерекшеліктері мен мүмкіндіктері туралы айтып берді.
Бұдан өзге, Литва сауда-өнеркәсіп палатасының өкілдері ЕО талаптарына сай жоғары технологиялық жобаларды жүзеге асыру және өнім шығару бойынша тәжірибе алмасуға дайын екендіктерін жеткізді. Сонымен қатар, литвалық делегация өкілдері Алматы бизнесін өз елдерінің логистикалық және экспорттық әлеуетіне пайдалануға шақырды.
«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *