Үш жылда 344  жетім бала  пәтер алды

Нұржамал  ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

 

Қоғамда өмір сүріп жатқан бар бала бақытты өмір сүруге тиісті. Ол үшін қажетті жағдайлардың барлығы жасалуы керек және мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту және  сауықтыру орталықтарының жұмыстарын жақсартып, оларға инклюзивті білім беру  қазіргі кездегі күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі. Ең бастысы, олардың    құқықтарының қорғалуы басты назарда болып отыр. 

Алматы қаласы әкімі жанын­дағы Әйелдер ісі, отбасы және демо­графиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отыры­сында осы аталған мәселелер кеңінен талқыланды.

Оның жұмысына комиссия мүшелері мен аудан әкімдері жанындағы әйелдер ісі, отбасы және демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төр­ағалары қатысты. Жиынды осы  комиссияның төрағасы, қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев  ашып, жүргізді.   Күн тәртібіндегі  «Жеткіншек ұрпаққа адамгершілік-рухани  тәрбие беру және балалардың құқықтары мен заңды мүдде­лерін қамтамасыз ету» мәселесі бойынша қалалық Білім беру басқармасы басшы­сының орын­басары Ләззат Жыл­қыбаева баяндама жасап, қала­мыздағы білім беру мекеме­ле­ріндегі  осы бағытта    атқарылған жұмыстары туралы  айтты.

Л.Жылқыбаева өз баяндама­сында мектептердегі әр түрлі  ұйымдастырушылық,  тәрбиелік, танымдық, тұлғатану, сондай-ақ, оқушылардың бос уақыттарын тиімді өткізу бағытында атқарыл­ған  жұмыстармен бірге, мүмкін­дігі шектеулі балаларға білім мен тәрбие беру жұмыстарының да барысына тоқталды. Бүгінде қаламызда мүмкіндігі шектеулі балалардың тәрбие мен білім алуларына толық жағдай жасал­ған. Қалада 18 коррекциялық  орталықтар жұмыс істейді. Оның  10-ы мектепке дейінгі  тәрбие мен білім мекемелерінде  орналасқан.  2336  баланы қамтитын 8 арнаулы мектеп бар. Жүзге жуық мектеп пен 3  (№9, 43, 178)  балалар бақ­шасында  инклюзивті білім беріледі. 1000  мүмкіндігі шектеулі бала  өз замандастарымен  қатар  оқып жүрсе, 173 бала  мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде тәрбиеленуде.

Сонымен қатар, қаламыздың 8 ауданында  психологиялық-педа­гогикалық коррекциялық ка­бинеттер жұмыс істейді. Қала­мыздағы балалар үйінде тәр­биеленіп жатқан 254 балаға да барынша қамқорлық жасалған. Ләззат Жылқыбаева жыл өткен сайын  жетім балаларды асырап алушылар мен қамқорлыққа алу­ға ықыласты адамдардың саны­ның артып келе жатқандығын қуана жеткізді.  Осы соңғы үш жылда 341 балаға баспана бе­рілген.  Тек өткен жылдың өзінде  жетім және  ата-аналарының қамқорлығынсыз  қалған 134 бала пәтер кілтін алған. Комиссия мү­шелерін қуантқан жаңалық осы болды.

Л.Жылқыбаеваны мұқият тың­даған комиссия мүшелері бі­лім басқармасы тарапынан атқа­рылып жатқан жұмыстарға, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі бала­ларға білім мен тәрбие беру бағы­тында атқарылған жұмыс­тарды талқылай келе, әлі де болса, бала­ларға отансүйгіштік, Елбасы айт­қандай елтану бағытында жүргі­зілетін тәрбие жұмыстарын жан­дандыру жөнінде ұсыныс­тарын білдіріп, балалардың жазғы дем­алысының дұрыс ұйымдас­ты­рылуын қамтамсыз етуді ескертті.

Осы отырыста комиссия мү­шелері  Медеу ауданы әкімі жа­нындағы  Әйелдер ісі, отбасы және демографиялық саясат жөніндегі аудандық комиссияның төрағасы, аудан әкімінің орын­басары   Ғани  Майлыбаевтың есе­бін тыңдап, оның жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді. Комиссия жұмысын  Арман Қы­рықбаев қорытындылап, комис­сияның үшінші тоқсанға арналған  жұмыс жоспарын бекітті.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *