Үш қыз

Өмір деген жалғыз өркешті нар сияқты дейді. Артқан жүгің біресе бір жағына, біресе екінші жағына ауып кетіп, үнемі түзеп, теңдеп отыруға тура келеді. Адам өмірі де солай, соқпағы мен бұралаңы, қалтарысы, қатпары көп…

Нұржамал ӘЛІШЕВА

ӘСИМАНЫҢ ӘҢГІМЕСІ

Жасыл құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан он төрт жасымда кенеттен кесапатқа тап болдым. Бойымды белгісіз дерт жайлап барады. Қол-аяғым тартылып, жүру тұрмақ, тар төсекке жіпсіз таңылып жатып қалдым. Арада үш жыл өтті. Аурумен арпалысқан ұйқысыз түндер, қызықсыз күндер әбден қажытты. Әке-шешемнің арқалап апармаған дәрігері, емші-тәуібі қалмады. Бірақ қайран жоқ. Бала да болсам ата-анамның оңаша көз жастарын сығып алып отырған сәттерін байқап қалып, талай қамыққанмын да.

Бірде әкем көрші ауылда Қытайдан көшіп келген бір емші-сынықшы бар екен дегенді естіп, дереу жолға жинал­ды. Мен де үзілуге шақ тұрған үмітімді әке үмітіне жалғай, жотасына жабыса түсіп, кетіп барамын.

Әлгі емші дегені қабағы түксиген, жүзі суықтау, бұжыр бет дәу қара екен, маған тесіле қарағаны әлі есімде. Ол кезде он жетіге жаңа толған бой­жеткенмін. Тіксініп қалдым. Маған бір, әкеме бір қараған емші:

– Мен қызыңызды жазып беремін, маған қалдырып кетіңіз. Еңбегіме ешқан­дай ақы сұрамаймын, тек осы балаңызды маған әйелдікке берсеңіз болды, – деді.

Жүрегім зырқ ете қалды. «Әйел­дікке» несі? Мынау кәп-кәрі ағай ғой» дегендей әкеме қарадым. Әкем төмен қараған күйі жерге төсеулі алашаның шетін жұлмалай отырып:

– Қалауың болсын, беремін қы­зымды, бірақ ауруынан жазып берсең болды, сонда мен де бақытты болар­мын, – деп көзін сүртті.

Мен сөйтіп 38 жастағы емшіге, өзімнен 21 жас үлкен адамға тұрмысқа шығып кете бардым.

Құлан-таза айығып кетпесем де, аяғымнан тік тұрдым. Өз бетімше тірші­лік ете бастадым. Не ішем, не кием дегенім жоқ, баршылықта ғұмыр кештім. Күйеуімнің табысы жақсы. Бірі­нен соң бірі бес бала сүйдік. Бірақ… бірақ ешқашан күйеуімді сүйген емеспін. Сүю деген сезімнің осы жасыма келгенше қандай болатынын да білмеймін. Күйеуіммен бір төсекте жату мен үшін ең азапты күндер болды. Оның демі тұрмақ, жарықты өшіріп бері қарай келе жатқанының өзі маған жайсыздық әкелетін.

Бұл сырымды неге ақтарып отыр­мын? Кеше кенже қызым сырын ашты. Бір жігіт сөз салып жүргенге ұқсайды. Бірақ тұрмыстық жағдайы төмен көрі­неді. «Әкем жоқ-жітікке бермеймін деп ашуланатын шығар…», – деп күмілжіді.

– Сен оны сүйесің бе? – деп сұрадым.

– Иә, – деді қызым.

– Риясыз сүйесің бе? Онымен өткізген әр минутың қызықты ма?

– Иә, ана.

– Ендеше бағың ашылсын! – деп оны құшақтаған күйі қыстығып жылап қалдым.

Аяулы қыздар, сүйгендеріңе қосы­лыңдар. Ешқашан жыламаңдар. Сен де жыламағын, қызым, мен сияқты…

 

«ХАНШАЙЫМ»

Сол аяғының барлық башпайы қарақошқылданып кеткен әйел өзін Торғын деп таныстырды. Есімі қандай әдемі еді!

…Әке-шешесі өте қазақи кісілер-тін, атын да солар қойған. Жылу құбырла­рының құдығын баспана етіп жүрген кезінде, былтырғы қатты суықта аяғын үсітіп алған болатын. Жас әйел бүгінде ерте қартайған. Бет-аузы домбығып ісіп кеткен. Тістері де түгел емес, тілі күрмеліп әзер сөйлеп отыр. Енесінің қолында қалған ұлының жиі-жиі түсіне енетінін айтып жылайды байғұс.

Сегіз ағайынды әйел – Семей өңірі­нің тумасы. Кезінде тігін фабрикасында жұмыс істеген. Он саусағынан өнер тамған нағыз ісмер болды. Құрақ құрау, көрпе көктеу, кесте тігуді бала жасынан бойына сіңіріп өскен. Ал ою дегеннің түр-түрін көзін тарс жұмып отырып оя беретін.

Аса көрікті болмаса да, қызға тән қылығы, сүйкімділігі болды. Үй бо­ла­йық деп тілек білдірген жап-жақсы аза­маттар да аз емес еді. Солдардың ішінен Әсетті таңдады. Оң-солын таныған, ақылды, байсалды жігіт-тін. Қазақи ортадан шыққан бойжеткеннен ол да айрылғысы келмеді. Бірақ әлеуметтік статусы қыздікіне қарағанда жоғарылау болды. Кеңшар директорының баласы. Әсетпен көңіл жарастырып жүргенін естіген марқұм шешесі:

– Айналайын, қызым, «тең теңімен, тезек қабымен» деген бар, болашағыңды ойла, ертеңгі күні жылап жүрме. Одан да өзіміз сияқты біреудің етегінен ұстасаңшы, – дегенде құлақ аспаған еді. Алып-ұшқан сезім бұл сөздің астарына үңілтті ме?!

Алғаш босаға аттаған күні-ақ ененің өзіне деген жағымсыз көзқарасын бір­ден байқады. Өңменінен өтердей болып қадалған көзден қаймыққан Торғын қыз арзанқол гүлді шыт көйлегінің етегін жөндегенсіп төмен қарай берген сонда.

«Отырса опақ, тұрса сопақ» өмір басталды да кетті. Ене жас келінге біл­мегенін үйретудің орнына сынап-мінеп, «тексіз» деп те ар-намысына тиетін­ді шы­ғарды. Тіптен тиісерге ілік таба алмай қалса, «тамағыңның тұзы жоқ, мұныңды ит те иіскемейді» немесе «мынау сыпыртқы неге мұнда жатыр» деген сияқты болмашы сылтаулармен күн көрсетпейтін. Бірде «қамырыңды дұрыс жаймапсың, жетесіз» деп оқтау­мен нұқып қалғаны да бар. Ал табал­ды­рықтан Әсеттің төбесі көрінсе болды, басқаша күйге ене қалатын. «Ең бастысы ол мені сүйеді, шыдайынмен» жүріп, сәби сүйді, өмірге балпанақтай ұл әкел­ді. Бірақ нәрестесін ана болып мейірі қанып емірене сүйіп, елжірей иіскеген емес. Себебі, ене бөбегін өз бауырыма басамын деп кесіп айтты да, мүлдем бөлектеп әкеткен.

Екі қайынсіңлісі де «қарадан шық­қан» жеңгені жақтыра қоймады. Үйден қонақ арылмайды. Таңнан кешке дейін үйдің «отымен кіріп, күлімен шығуға» әбден төселіп алған Торғын кей-кейде тым болмаса күйеуінен демеу күтетін, бірақ Әсеттің де үйге келмей қалатын сәттері жиілей бастады.

…Кешегі Торғынның бүгінгі тұрағы – вокзал түбі. Жасы 41-ге толды. Өзімен тағдырлас еркек туған күні құрметіне дастарқан жайды… қияр мен қызанақтан әзірленген салат қалдығы, тістелген тәтті тоқаштар да өздері жиі келіп-кетіп жүретін қоқыс арасынан табылды. Сөйтіп, дастарқан мәзірі олар үшін жай­нап-ақ кеткені. Бүгін екеуі тәлтіректей жетектесіп, мең-зең бастарын жазу үшін, тіске басар бірдеңе табу үшін иісі мүңкіген темір жәшіктерге белуарынан дейін кіріп жүргенде, бірінен қалың­дық­тың ақ көйлегін тауып алды. Тосын олжаға Торғын ерекше мәз. Оны еркегі қоярда-қоймай үстіне кигізіп қойды. «Мың жылдан» бері сабын тұрмақ су тимей нас басқан кеудешесінің сырты­нан ілген әлгі ақшаңқан сән көйлектің моншақтары күн сәулесіне шағылысып, жұлдыздай жарқ-жұрқ етеді.

– Бүгіннен бастап екеуміздің некеміз қиылды деп есепте, сен енді менің хан­шайымымсың, тек менікісің! Сені енді ешкімге бермеймін, сен де бұдан былай анау Боряға көз сүзуіңді қой, – деп әлгі тағдырласы Торғынның ерніне сүлікше жабысып алып айрылар емес. Заты әйел ғой, жылылықты, нәзікті қалайды, Тор­ғын да сықылықтай әлгінің құшағына құлай кетті.

 

ӨМІРІ ӨЗГЕРГЕН ДӘРИЯ

Дәрия сынып тұрмақ, мектеп бойынша қыз біткеннің үнемі көшбасында жүретін: асқан көркімен де, ақыл-парасатымен де. Ұйымдастырушылық қабілеті өте зор. Көркемсөз оқу шебері. Ән салып, мың бұрала шығыс биін билейді.

Домбыра құлағында да еркін ойнай­ды. Ұлдар жағы футбол ойнауға шақы­ра қалса да жүгіріп кете барады. Жан-жақты, жарқ-жұрқ етіп жанып тұр. Соңғы үлгідегі сәнмен қымбат киінеді. Сыныпта бір шара өтетін болса, алды­мен Дәрия ауызға алынатын. Осын­шама жақсы қасиетті бір бойына жинаған талдырмаш қыздың жетістігін қызғанатын құрбылары да аз болған жоқ. Сондықтан ол көбіне ұлдармен жарасым тапты. Балға үймелеген арадай бозбалалар да әр нәрсені сылтау етіп Дәрияның жанында жүруге ұмтыла­тын. Олар үшін әдемі Дәриямен иық түйістіріп қатар жүру үлкен мәртебе сынды. Білімді қыз тым ерте жетілді.

Бірақ осы Дәрияға ата-анасының ғана уақытының бір табылмай-ақ қойғаны! Екеуі де тым жұмысбасты. Ерте кетіп, кеш келеді. Мейрамха­налар­дан түстене салады. Кешке де солай, ал Дәрияға әр түрлі қытырлақ тәттілерін, «фастфудтарын» көтере келеді. Екеуі екі әлем. Әкесінің түздегі жүрісі, яғни «іссапары» көп, ал үйге орала қалса, компьютерді ерттеп алады. Шешесі телефон тұтқасынан түспейді. «Білмей­мін, мамуляңнан сұрай салшы» немесе «папаңа баршы, уақытым тығыз» деген­ді жөргегінен естіп келе жатқан Дәрия соңғы кездері ата-анадан мүлдем ештеңе сұрамайтын болған. Бәрібір олар елең қылмайды, бала үніне селт етпейді. Ал олар ойлайды: «Қызы­мыз­да бәрі бар, ішкені алдында, ішпегені артында. Қолында соңғы үлгідегі ұялы телефон. Жеке жүргізушісі бар. Одан артық не керек!» – деп. Иә, Дәрияда материалдық жағынан бәрі бар, бірақ жанында жылулық жоқ, оған әке-шешенің шынайы «айналайыны» жетпейді. Сондықтан ол жан рахатын сырт адамдардан іздейтін әдет тапты. Біреу іш тартып жылы сөйлей қалса, оған әлгі жаннан артық, мейірімді адам жоқтай көріне кететін.

Өзін мектепке әкеліп, әкетіп жүр­ген жеке жүргізушісінің Серік деген досын бір көргеннен жақсы көріп қалғаны. Бір ұлдың әкесі атанған 27-дегі жігіттің сөзі қандай майда еді десең­ші! Әлі оң-солын танып үлгер­меген, қулық-сұмдықтан ада 14-тегі жасөспірім әккі жігіттің қармағына бір­ден түсіп қалды. Ол да қарап жүр­меген біреу болар, досынан қыздың отбасындағы ахуалдан, оған деген әке-шеше қарым-қатынасынан хабардар бәлкім, оңай олжаны қанжығасына тез-ақ өңгеріп алғанына мәз.

Жұмысбасты әке-шеше қыздың қайда жүргенінен бейхабар, ал Дәрия бүгін Серікпен табиғат аясына, көкке шығып кетсе, ертеңіне машинаның ішінде «табыса» салады. Сөйтіп, қыз­дың бойы төсек қатынасына тез-ақ үйреніп кетті. Бір күні Серік отбасы­лық жағ­даймен Ақтау қаласына қоныс аударатын болды да, жүктімін деген Дәрияны дереу өзі жетектеп ақылы клиникалардың біріне апарып, жасан­ды түсік жасатты. Сонымен іс бітті, қу кетті. Алғаш рет түсік жасатудың зиян екенін оқығаны бар, «бірақ мен тұрмысқа шығатын жасқа жеткенше талай уақыт бар емес пе», – деп бір қойды. Бұл оқиға үшін терезе түбіне отырып алып көз жасын көл еткен, бар­мақ тістеп өкінген Дәрия жоқ, әрине. Көркем қызға кім көзін сатпа­сын, ерте жетілген ол сыныптастарын әуелі менсінбейтін болды. Әр адымын ашқан сайын – жолында жігіт-желең. Бәрі де бұл үшін жанын беруге әзір, бірақ мектебіңді бітірген соң сені аламын деген әзірге біреуі де жоқ. Ол үшін қамықпайды да. Тіпті, кейбір білектілердің өзі үшін таласып, өзара күш сынасатындары да жанына жаға түседі. Ортасы да өзгерді. Өзі секілді жаңаша ойлайтын, түсінігі мол қыз­дармен көшелес. Ал «тормоз», «заби­тая», «мамбетка» қыздармен енді мүл­дем жолдары тоғыспайды…

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *