«Ұшқыннан» басталған «Egemen Qazaqstan»

Биыл «Egemen Qazaqstan» газетінің жарық көргеніне – 100 жыл. Аға басылымның ғасырлық мерейтойына орай­лас­тырылған іс-шаралар Нұр-Сұлтан қаласы мен өзге өңір­лерде жыл басынан бері өтіп келеді. Кешегі той Алматы төрінде ұйымдасты­рылды. Оған қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Алғашында Алматы қаласын­да орналасқан газет 1999 жылдан бері еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтанға көшірілген. Бүгінгі таңда бұл басылым еліміздегі таралымы ең көп газетке айналып отыр. Газет аптасына бес рет, дүйсенбі–жұма аралығында шыға­ды. Заман талабына сай мазмұндық және дизайндық жаңғырту үдерісін жүзеге асырған газет 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап, D2 (еуроформат) форма­тында күнделікті 12 бет көлемінде жарық көреді. Күнделікті таралы­мы – 205 мың дана.

Газетте ресми ақпараттар мен «Экономика», «Қаржы», «Қоғам», «Әлеумет», «Жастар-лайф» бет­терінен бөлек, оқырман тарапы­нан жоғары сұранысқа ие болып отырған «Әлем және Қазақстан», «Зерде», «Келбет», «Таным», «Ру­хани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры», «Әдебиет», «Кино», «Театр», «Талбесік», «Туған жер» сынды арнаулы беттер мен айдарлары бар.

Біз бұл газеттің тарихын айтқанда, заманында халқымыз­дың мақтанышы болған толымды тұлғалардың есімдері еске ора­лады. Атап айтсақ, олардың ішін­де еліміздің қайраткер азаматтары Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейім­бет Майлин, Сәкен Сей­фуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов,  Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сынды ұлтымыз­дың тағы басқа да белгілі тұлға­лары  осы басылымды басқарған.

Ел газетінің Алматыдағы тойы 100 жылдыққа арналған ескерт­кіш-тақтаның ашылуымен бас­талды. Көркем сөздермен бедер­ленген тақта аталған газет редак­циясының ұжымы ұзақ жыл отырған, халық пен билік арасын жалғайтын талай мақала жазыл­ған, бірнеше буынды тәрбиелеп шығарған іргелі ғимараттың қабырғасына орнатылды.

Мерейлі сәттің алғашқы сөзін Алматы қаласы әкімінің орын­басары Ержан Бабақұмаров алып, аға басылымның қоғамдағы орнына тоқталып, талғамы биік газеттің ұжымына шығармашы­лық табыстар тіледі. Ал «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі басылымның тарихына қысқаша тоқталып, газет арда­герлерін, әріптестерін, ниеттес-тілектес қаламгер-меймандарды құттықтады. Одан соң сөз алған «Егеменнің» ардагерлері – Сарбас Ақтаев, Мамадияр Жақып және Тұрыскүл Дайрабаева тебірене сөз сөйлеп, өздерінің өшпес ізі, қолтаңбасы қалған газет туралы ілтипаттарын білдірді.

– Мен осы ғимараттың алды­мен күнде болмаса да, аптасына бір-екі рет өтемін. Жәй өтпеймін, толқып, көзіме жас алып өтемін. Бұл жерден біздің шығарма­шылығымыздың ең бір шыңына шыққан аяулы сәттері өткен, – деп толқыды С.Ақтаев.

Тақта ашу рәсіміне Сарбас Ақтаев пен Мамадияр Жақып шақырылып, лентасын қиды. Тақта ашылғаннан кейін айтыс ақыны Рүстем Қайыртай жырдан шашу шашты.

«Жұлдыз» мейрамханасында газеттің өмірден озған аға буын өкілдерінің рухына Құран бағыш­талып, ас берілді. Оған мар­құмдардың жұбайлары, балалары да келді.

Дастархан басында да жылы лебіздер тиегі ағытылды. Қазақ­станның Еңбек Ері Әбдіжәмил Нұрпейісов, «Егеменнің» ардагері Аян Нысаналин, белгілі қалам­герлер Қабдеш Жұмаділов пен Дулат Исабеков те лебіздерін арнады.

Аға басылымның Алматыдағы мерейтойына арналып, «Ұшқын­нан» басталған «Egemen Qazaqs­tan» деген атпен ұйымдасты­рыл­ған алқалы жиын Ұлттық кітап­ханада жалғасты. Қуанышты бө­лісуге келген қонақтар оқыр­мандар кітапхана фойесінен орын тепкен көрмені тамашалады. 100 жылды кезең-кезеңімен шежіре­лейтін 100 газет қойылыпты. Сөрелерден «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің өркен­деуі мен дамуына еңбек сіңірген қайраткерлердің портреттері орын алған. Сондай-ақ, қонақтар, қойылған жәдігерлердің ішіндегі беттері сарғайған ескі газет нөмірлерін де қызыға тамашалап жатты. 100 жылдық белесті бір өзіне сыйғызған шағын ғана деректі фильм де әсерлі шығыпты.

Жиынды  кітапхана дирек­торы Бақытжамал Оспанова ашып, алғашқы сөзді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа берді.

– Ардақты ағайын! Еліміздің әрбір азаматына етене таныс, республикадағы маңдайалды іргелі басылым – «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейлі белесімен шын жүректен құттықтаймын! Ғасырлық тарихы бар бұл газетті қолына ұстаған кез-келген адам мұндағы әрбір ақпараттың шынайылығына, кө­терген тақырыбының маңызды­лығына кәміл сенеді. Себебі, әрдайым мемлекет мүддесін көздейтін бұл газеттің ұстанған бағыты ешқашан өзгермек емес. Сондықтан да тарихы терең, таралымы кең басылымға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Отаны­мыздың бас газеті» деген лайықты бағасын берген болатын. Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың күнделікті шолу жасайтын газеттерінің арасында осы аға басылымның ең бірінші тұратыны да рас.

Тәуелсіздік жылдары еліміздің тұрақты түрде саяси-экономи­калық дамуы, халықаралық қауым­дастықтың алдындағы беделінің артуы газет тынысының да кең ашылуына, өркениет сұранысына сай болуына да өз ықпалын тигізді. «Egemen Qazaqstan» газетінің Алматы қаласындағы филиалы да қала әкімдігімен тұрақты жұмыс істеп келеді. Таяуда ғана басылым бетінен «Алматы» айдарының ашылуы соның жарқын көрінісі деп білемін. Бүгінгі мерейлі жиында «Егемен» журналистерін ғасырлық тойымен құттықтай­мын, – деген Б.Сағынтаев ұжымға деген сый-сияпатын ұсынды.

Сонымен қатар, шаһар бас­шысы газет ардагерлері – Аян Нысаналинге, Уақап Қыдыр­ханға, Мамадияр Жақыпқа Ал­ғыс хатын табыстады. Ал Нұрлан Оразалиннің, Сарбас Ақтаевтың және Дархан Қыдырәлінің кеуде­сіне «Алматының дамуына сіңір­ген еңбегі үшін» медалін тақты.

«Egemen Qazaqstan» респуб­ликалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі өз кезегінде алдыңғы толқын әріп­тестері – Нұрлан Оразалин, Сар­бас Ақтаев, Мамадияр Жақып, Өмірзақ Айтбайұлы, Уақап Қыдырхан, Аян Нысаналин және Гүлзейнеп Сәдірқызының кеу­де­сіне «Егеменнің» 100 жылдық төсбелгісін қадап, аға буынның мерейін бір өсіріп тастады.

«Egemen Qazaqstan» кітап­ханасы» сериясымен жарық көр­ген «Жүз жылдық жылнама» 5 том­дығының лентасын осы кеште Алматы қаласының әкімі Б.Са­ғын­таев,  «Egemen Qazaqstan» рес­публикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Д.Қыдырәлі,  «Егемен­нің» бұрынғы басшысы Нұрлан Оразалин және белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеев қиды.

«Егеменнің» бұрынғы қыз­меткері, академик Өмірзақ Айт­байұлы, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетов, «Егеменнің» бұрынғы қызметкері, «Алматы ақшамы» газетінің Бас редакторы Қали Сәрсенбай да ізгі тілектерін арнады.

– «Егемен» үлкен мінез мек­тебі, кісілік мектебі, парасат мектебі болды. Біз ең алғаш бұл басылымға «Лениншіл жастан» албырт кезімізде келіп, осы «Егеменде» есімізді жиып, есейдік. Бұл газет көбімізге ыстық. Әлгінде ғана «Егеменнің» бұрынғы ғимаратының алдында ескерткіш-тақта ашыл­ды. Сондай әсерлен­дік. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Әбдір­ұлының бастама­сымен шаһарда 747 тарихи ескерткіштің тізімі жасалды. Бұл тізім әлі де сұрып­талып, толық­тырыла береді деп сенеміз. Менің айтайын дегенім, бүгінгі тақта сол тарихи ес­керткіштердің қатары­нан табы­лады ғой деп ойлаймын, – деді Қ.Сәрсенбай.

«Ұшқыннан» басталған «Egemen Qazaqstan» тойы ән-жырмен өрнектелді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *