Шұғыла-қыз

Нұржамал ӘЛІШЕВА

 

Екі

 

– Қызым, қойшы, бүгін көңіл-күйім болмай, басым ауырып тұр, – дедім мені қайта-қайта құшақтап, бетімнен дым қалдырмай сүйіп, одан қалды шашымды сәндегісі келіп тарағымен жұлмалай берген Шұғылама қабағымды түйіп.

– Неге, не болды, анашым, жұмыстан бүгін екі алдыңыз ба? – дегені қам жеген көңілмен.

АЛ ЕНДІ ЖАДЫРАМАЙ КӨРІҢІЗ!

 

Алыс-беріс

 

1-сынып. Үш бүлдіршін үзілісте. Әния мен Айзере Шұғыланың қалтасында кәмпит барын байқап қойды.

– Сен бізге бірдеңе берсең, біз саған бірдеңе береміз, – деді Әния.

– Иә-ә! – деп қуана қоштай кетті Айзере.

Шұғыла қалтасынан шығарып екеуіне екі кәмпит ұстатты. Әния Шұғылаға өзіндегі вафлиді, ал Айзере 20 теңге берді. Үшеуі де дән риза.

КӘМПИТТІҢ СИҚЫРЫН-АЙ!

 

Ақыншы

 

– Мен өскенде ақыншы және суретші боламын.

– Бәрекелді! Суретшіңді түсіндім, ал ақыншың кім, қызым?

– Поэзия жазатын адам ғой, – деді кішкентай Шұғылам маңғаздана.

АРМАНДАР ОРЫНДАЛАДЫ!

 

Күн

 

– Анашым, аспандағы Күн кәрі ғой, иә? – деп сұрады қызым тосыннан.

Сосын менің жауабымды күтпестен, өз сұрағына өзі жауап бере бастады:

– Енді, Күн де Алламен жасты шығар, тіпті, Ай да. Мәссаға-а-ан, сонда Күннің жасы 2018-де ме?! – деді көзі бадырайып. Таңданысы шексіз сондай.

ӘРҚАШАН КҮН СӨНБЕСІН!

 

Серік

 

– Балам, далаға шығып, қар күреп кел. Кешке әкең келгенде қуанып қалады, – дедім үйге сыймай, іші пысып, аласұрып кеткен ұлыма. Таза ауа жұтсын дегенім ғой.

– О-о-ой, қойыңызшы, дым қызық емес жалғыз өзіме! Өткен жолғыдай әкем келген соң, екеулеп күрейміз, – деді қабағын түйіп.

Әңгімемізге Шұғылам араласты.

– Жалғыз болмайсың, сенімен бірге мен де шығайын, – деді ол. Оны кішкентайсың деп місе тұтпаған ұл:

– Бәрібір қызық емес, қар күрей алмайсың, пайдаң жоқ! – деді бұртиып.

– Неге пайдам жоқ?! Мен сенің жаныңда жүрем ғой, шула-а-ап, – дегені қызымның. «Саған серік болып, сөйлеп, жаныңда қарайып жүремін» дегені.

КӨҢІЛІНЕН АЙНАЛДЫМ!

 

«Уборка»

 

Кезекті тоқсан аяқталды. Балаларға демалыс. Ұл мен қыз үйде күні бойы жалғыз қалып, өздерінше қызыққа батқан сыңайлы.

Кешке үйге келсек, аяқтың асты толған А4. Нақтырақ айтсам, топан ақ парақтарға суреттер салып, кейбірінен түрлі фигуралар жасап, желімделгені бар, бөлменің бұрыш-бұрышын толтырып тастаған ғой. Іштері әбден пысқанға ұқсайды. «Көк жәшіктің» таңнан бері өшпегені айдан анық.

Ұл «сүйіншіледі», «Шұғыла бүгін убор­ка жүргізді», – деп. Кәдімгідей қуанып қалдым. Сөйтсем, ыдыс жуатын тілдей шүберекпен шкафтардың асты-үстін, компьютерді, айнаның бетін, терезе алдын, тіпті кішкентай бөлмесінің еденін де түгел сүртіп шыққан ғой.

Не дейін, «Кішкентай қолқанатым менің!», – деп маңдайынан сүйдім. Ал әлгі сатал-сатал шүберекті оған көрсетпей қоқыс шелекке зытырып жібердім.

ЕРТЕҢ-АҚ БОЙЖЕТІП ШЫҒАР!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close