ҮШ ТОТЫНЫҢ КЕШІ ӨТТІ

13Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиет­шілер үйінде белгілі қаламгерлер – Мағира Қожахметова, Шәрбану Бейсенова, Сара Латиевалардың шығармашылығына 50 жыл толуына арналған «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» атты әдеби-сазды кеш өтті. Әдебиет әлемінің айдынында үш аққудай қатар жүзіп, қалықтаған үш қаламгердің құрметіне арналған мерекелік кешке ақын-жазушылар мен өнер шеберлері қатысты. Кеш барысында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай кеш иелерін мәртебелі мерей­тойларымен құттықтап, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының  төрағасы, сенатор Нұрлан Оразалиннің кеш иелеріне деген жүректегі жылы лебізін жеткізген құттықтау хатын оқып берді. Бір сәтке қолынан қаламын тастамаған нәзік жандарды мерейлі жиында бір топ курстастары құттықтап, асқар таудай ақ тілектерін арнады. Сондай-ақ, кеште Т.Жүр­генов атындағы Өнер академиясының студент­тері қазақтың қара сөзін қастерлеген үш қаламгердің өмірінен бір үзік сыр шерткен театрландырылған қойылым қойды.

Тағдырдың жазуымен аспанмен астасқан Алатау баурайындағы ару Алматыда достасқан үш қаламгер құрбы жанының сұлулығымен, қаламының қуаттылығымен, тұла бойындағы таудай талантымен баршаны таңғалдырып келеді. Жарты ғасырдан бері өмірде де жұптары жазылмаған үш қаламгер құрбы – әдебиет әлемінің құлпырған үш қыз­ғалдағы, сөз өнерінің үш қарлығашы.

Әдебиет әлеміне бірге қанат қаққан қаламгерлердің жүрегінен шыққан әрбір туындысы туған жерінің, туған елінің шежіресі, дәуірлік дастаны іспетті. Үш тотының үш түрлі үні, үш түрлі сыры, үш түрлі әлемі өз алдына бөлек, әдемі. Оқырман қауым Мағира Қожахметованың қаламы­нан туған «Күннің алтын сынығы», «Әлем-әуен», «Жылы шырай», «Адам құпия», «Жантәсілім», «Жападан жалғыз» атты туындыларын, Сара Латиеваның «Мен соғысты көргенім жоқ», «Бұлбұл», «Хадиша Бөкеева», «Төрелігін өздерің айтыңдар» (А.Балаковтан аударған) атты кітаптарын және Шәрбану Бейсенованың «Сүзгенің соңғы күндері», «Мизамшуақ», «Тойға келген келіншек» атты еңбектерін жақсы біледі. Кеш барысында үш тотының шығармашылығы мен өмірлері туралы жақсы әңгіме қозғалып, үш құрбының өзіндік бет-бейнелері айқын көрініс тапты. Емен-жарқын өткен қызықты кездесудің жастарымызға берер тағлымы мол болды.

 

 «АҚШАМ-АҚПАРАТ».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close