ҮШ ТАРМАҚТЫҢ БАСЫН ҚОСҚАН «ӨНЕРНАМА»

Жуырда жиырма бес жылдан бері журналистика саласында адал еңбек етіп келе жатқан Маржан Тұрысбекқызының «Өнернама» атты кітабы жарыққа шықты. Оның таныстырылымы Алматының «Кітап үйінде» өтті.

 Маржан Тұрысбекқызы – Қазақ мемле­кеттік университетінің түлегі. ҚР Журналистер одағының мүшесі, ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты 1994—1996 жылдары Қазақ теледидарының «Ғылыми-танымдық» хабарлары Бас редак­циясында редактор болды. «Таңғажайып», «Құс  жолы», «Болашақ», «Көкжиек»  автор­лық телехабарларын дайындап жүргізді.

Маржанның Қазақ радиосындағы қолтаңбасы ерекше. Ол – «Рух», «Жыл­дар, ойлар», «Біздің ауыл осындай», «Әрекет түбі – берекет», «Табыс құпиясы», «Тұңғыш театр», «Бағзыдан жеткен сыр», «Кітап әлемі», «Өнернама» радиохабар­ларының авторы.

Иә, Маржан Қазақ радиосында қызмет еткен 15 жылында Қазақстанның рухани-мәдени іргетасын нығайтуға, қазақ мәде­ниетінің үш тармағы – театр, кино, сурет өнері  саласының танымал тұлғаларының тұтастай радиопортреттік галереясын «Өнернама» атты авторлық бағдарлама аясында дайындауға жұмсады. Атап айтқанда, Ақселеу Сейдімбек, Герольд Бельгер, Әзілхан Нұршайықов, Еркін Ібітанов, Мартбек Тоқмырза, Қадыр Мырзали, Өтежан Нұрғалиев, Тұманбай Молдағалиев, Бағыбек Құндақбаев, Әмен Қайдаров, Әмина Өмірзақова, Әшірбек Сығай, Жұмабай Медетбаев, Әбілхан Қастеев, Құман Тастанбеков, Батима Зәуірбекова, Ағымсалы Дүзелханов, Сәбит Оразбаев, Асанәлі Әшімов, Дулат Исабе­ков, Тоққожа Қожағұлов, Бекжан Тұрыс, Жұмақын Қайранбаев, Гүлжамал Қазақ­баева, Алмахан Кенжебекова, Нұржұман Ықтымбаев, Роза Әшірбекова, Әкім Тарази сынды майталмандармен жүздесіп, бірегей тұлғалардың тарихи ойларын, қымбат дауыстарын таспаға түсіріп алды.

Автор сол өнер зерттеуші-ғалымдар, актерлар мен суретшілер, т.б. өнер майтал­мандарының  құнды сыр-сұхбаттарын қағазға түсіріп, олардың басын құрап «Өнернама» атты кітап дайындап шығарды.

Қазақ өнері корифейлерінің ұлағатты сөздерін ұрпақ игілігіне ұсынуға үлес қосатын  «Өнернаманың» таныстырылы­мына кітапқа сұхбаттары енген тұлғалар­дың басым көпшілігі қатысты.

Белгілі суретшілер Жұмақын Қайран­баев, Тоққожа Қожағұлов, әйгілі диктор­лар – Ласкер Сейітов, Аманжан Еңсе­байұлы, танымал актер Бекжан Тұрыс сынды азаматтар журналист қарындас­тарына деген ізгі лебіздерін білдірді.

– Өнер жайлы салиқалы пікір білдіріп отыру оңай шаруа емес. Оған айрықша даярлық, парасат, біліктілік, жүйрік қиял керек. Маржан Тұрысбекқызы сол талаптар биігінен көрінуде аянбай еңбек етіп келе  жатқан  ізденгіш, аса қабілетті жан. Қаншалықты көрген-білгенің көп болса да микрофон алдына келгенде сөз таппай қиналатын сәттер талай рет бастан өткен. Міне, сол кезде микрофон ұстап алдыңызда тұрған журналистке көп нәрсе байла­нысты. Маржанның  сіздің сөздеріңізге жан бітіріп, сүйрелеп, сүйеп, сәтті сұхбат жасап шығарғанына талай куә болғанбыз. Біз өзіңмен мақтанамыз, – деді суретші-гобе­ленші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бәтима Зәуірбекова.

Ал әлемдік деңгейдегі опера әншісі Гүлзат Дәуірбаева кітап авторының залда отырған анасы – «Алтын алқа» иегері, еңбек ардагері, қазақтың шежірелі тари­хының куәгері Рысжан Шәлімбайқызына арнап «Ана» өлеңін шырқап берді.

– Қазақ телерадио өнеріне бар қажыр-қайратымен, білім-білігімен қызмет еткен  аға буынның көзін көрдім, сын-сынағынан өттім, тәжірибе мектебінен өнеге алдым. Бұл да екінің бірінің  маңдайына бұйыра  бермес еселі бақ, ортаймас олжа деп біле­мін. Қазақ радиосының өзім куәсі болған үлкен бір кезеңінің алтын шежірелі тарихы қатталды. «Өнернамам» кейінгі толқынға үлгі-өнеге болады деп сенемін, – деген,  шығармашылық қауымның ыстық ілтипатына бөленген Маржан Тұрысбек­қызының тұңғыш кітабына құтты болсын дейміз.

 

Шұғыла ОЛЖАС.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close