ҮШ СЫРЛЫ ТОСТАҒАН

Біз, өмірлік жарым Сара екеуіміз бір ауылда өсіп,  №55 мектепте бір сынып айырмашылықпен ғана қатар оқып, бірге есейгенбіз. Екеуіміз мектеп қабырғасында жүрген кезден бастап-ақ, жарияға жар салмасақ та, бір-бірімізді іштей ұнатып, түсінісіп кеткен болатынбыз. Махаббат дегеннің өзі аса жариялылықты қажет етпейтін, екі жастың бір-біріне деген мөлдір сезіммен көз тастауынан-ақ түсінісіп, екеуінің ой-армандарының үндесе кетуі арқылы белгілі болатын, тек екеуіне ғана тиесілі керемет  сезім, тамаша сәттерді бастан өткізу емес пе…

Мен мектепті Сарадан бір жыл бұрын бітіріп, сол жылы әскер қата­рына алынып, үш жыл Отан алдындағы міндетті борышымды өтеп қайттым. Әскери борышымды өтеп бітіруге алты ай қалғанда маған әскери міндетін мінсіз атқарған үлгілі жауынгер ретінде он күндік демалыс беріліп, елге барып-қайтудың сәті түсті. Әке-шешем мені асқан сағынышпен асыға күтіп отыр екен, мен бір соғыстан келгендей, кішігірім той жасап, қарсы алды. Мұндай құрмет көрсетулерінің де өзіндік себебі бар еді. Ол кезде Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталға­нына 20 жылдан асса да, ел ішінде қарғыс атқыр соғыстың зардабы әлі де ұмытыла қоймаған, қырғын соғыс май­данында қаза болғандардың қайғысы мен із-түзсіз жоғалып кеткен боздақтар келіп қала ма деген үміт отының сөнбеген кезі еді. Сондықтан  әскер қатарына шақырылғандармен олар бір соғысқа бара жатқандай, қимастық сезіммен қоштасып, олардың әскерден келуін күтіп алуды кішігірім тойға айналдыратын. Оның үстіне менің әкем Рахым Есіркепов Ұлы Отан соғысына қатысып, ауыр жаралы болып елге оралған жауынгер, ал анам  Рахия Балхожаева соғыс кезінде ер кісілердің жұмысын атқарып, Қандарал, Шиелі каналдарын кетпен, күрек секілді құрал­дарды пайдаланып, тек қол күшімен қазу науқанына қатысып, жанқиярлық ерлікке тән еңбек үлгісін көрсеткен тыл ардагері, біршама аға-інілерінен айырылып, соғыстың ащы дәмін татқан жандар.

Мен келген күннің ертеңіне әкем мен анам бұрыннан келісіп алған ба, маған «Балам, осы демалысыңды пайдаланып үйлен, бізге келін түсіріп бер, енді қанша өміріміз қалды, немере сүйейік» деп қолқа салды. Әкем оңа­шада «жиналыс, концерттерді жүргізіп, сартылдап сөйлеп тұратын Сараны келін етіп алып кел» деді. Дәл Сараны атағанына қуанған мен Алматыдағы Мал дәрігерлік-зоотехникалық инсти­ту­тының бірінші курсын бітіріп, демалыста жүрген Сараға бұл хабарды жеткізуге асықтым. Досым Болатхан мен келіншегі Бибайша және клас­тасым Мейірбектің көмегімен Сара көп ұзамай біздің үйге келін болып түсті.

Мен он күндік демалысым бітіп, әскери борышымды өтеуге қайта кеттім. Содан алты айдан кейін бір-ақ ора­лып, Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың физика-математика фа­куль­тетіне оқуға түстім. Сондай қа­шық­тықтың кесірінен бе, әлде Алла­ның қалауы солай болды ма, біз жүрің­кіреп барып балалы болдық. Сол уақыт аралығында Сара түрлі түстер көріп, түсінде әр түрлі аяндар келгенін айтып жүрді. Алайда, ол кезде біз жаспыз, әрі коммунистік партияның «Құдай жоқ» деген атеистік саясатымен мықтап улан­ғандықтан болар, оның айтқанда­рына аса мән бермей, «ескінің сарқын­шағы» деп, әзіл-қалжыңға айналдырып күлетінбіз.

Адамдар да қарап жүре ме, көрші-қолаң, жұмыстас қыз-келіншектер Сараға «дәрігерге көрін, бала көтеруіңе көмектеседі» деп ақыл берген болып, немесе «Түркістан қаласына тәуіпке барып көрін» деп, өтірік жаны ашыған­сып, Сараның жанын ауыртатын көрінеді. Өзі жас келін, жанында сырын айтып мұңдасатын жары мен де жоқ, өзгеге сыр шаша бермейтін тұйықтау мінезімен іштей егіліп, түні бойы жылауды әдетке айналдырыпты. Үйде әке-шешемнен басқа әкемнің анасы, Есіркеп атамның жұбайы, жасы сексен­нен асқан,  Зейнеп атты әжеміз болатын. Әжеміз бар-жоғы жиырма бес жасында екі ұлы­мен жесір қалып, қатал тағдырдың қиын­шылығын көп көргендіктен болар, өте қатал, өз айтқаны болмаса әкем мен шешемнің өзін бір шыбықпен айдайтын адуынды кісі болатын. Құдайдың құді­реті сол кісі келін боп түскеннен Сараға ықы­ласы түсіп, өзіне жақын тұтты. Сара­ның бала көтере қоймадым деп қамығып жүргенін сезді ме, бір күні әжеміз Сараның түсіне еніп, «Әй, жылап қоймадың ғой, мә, ал!» деп ұшына бірі­нен кейін бірі тізбектеле ілінген үш түйін­шегі бар таяқ беріпті. Кейіннен сол таяқты Сара үндінің «Гос­подин-24» деген фильміндегі Радж Капурдың таяғы­на ұқсатып күліп отыра­тын. Сара бұл түстің нені білдіретінін түсінбей, кімге жоры­тарын білмей біраз жүреді. Осы оқиғаның болғанына бес-алты күн өткеннен кейін әжеміз Сараны жанына шақырып алып, түсі емес өңінде «Мә, мынаны балала­рыңа берерсің» деп, үш кәмпит ұсы­ныпты. Өзі бала көтер­медім деп қамығып жүрген Сара «кәмпитті қайдағы балаға бер деп отыр» деп, іштей аң-таң болады. Бірақ ол ойын сыртқа шығаруға қаһарлы ападан қаймығып, кәмпиттерді үндемей ғана алып, сақтап қояды.

Күн артынан күн өтіп, арада бірша­ма уақыт өткесін болған жағдайлар ұмытыла бастағанда бір күні Сара тағы да түс көреді. Бұл жолы түсіне өзінің Рахым атасы кіріп: «Балам, ана тоста­ған­дарды жинап алшы!» дейді. Сара бұрылып қараса, әдемілігіне көз тоймай­тын, бір қатарға төңкеріп қойған кере­мет сырлы үш ағаш тостағанды көреді. Көркемдігіне қатты қызыққан Сара дереу жинап ала қояйын деп, тостаған­дарды аударып қараса, бәрінің де астын­да сиырдың жапасы (жас тезегі) езіліп жатыр екен дейді. Әлгінің исінен қатты жиренген ол жүрегі айнып, лоқсып ояна­ды. Сөйтсе, ол ішке бала біткеннен кейін­гі жүрек айну болып шығыпты. Осы оқиғадан кейін өз түстерін өзі жо­ры­­ған Сара «Е, Алла қаласа, үш ұлды бо­ла­ды екенмін» деген қорытындыға келеді.

Осылайша Сара өмірге үйелмелі-сүйелмелі екі ұлды, атасы Рахым атта­рын қойған Бауыржан мен Біржанды алып келді. Біржан дүниеге келгеннен соң бес айдан кейін әкем Рахым соғыс кезінде алған жарақаттың салдарынан бақилық мәңгі тұрағына сапар шекті.

Сонымен, Сара түсіндегі аяндар мен өңіндегі Зейнеп әжесі  берген үш кәм­пит, үш түйіншек және Рахым атасы ұсынған үш тостағаннан соң, үш ұл бала өмірге келеді деп, толық сеніммен жүреді. Ол кезде ауылдағы өзіміз қатарлы бір топ жастар бірігіп, ай сайын бас қосатын ұйым болып, достығымыз жарасып өзіміз­ше қызықты, қуанышты, бақытты өмір кешіп жүретінбіз, қайран жастық кезеңдер-ай!

Мезгілі келгенде екі ұлдан кейін Баян атты қызымыз өмірге келіп,  айтып жеткізгісіз қуанышқа кенелдік. Ұлдары да, қызы да бар толық бақытты, арқа-жарқа жанұяға, сол кезеңдегі өзіміздің тілімізбен айтсақ, «шағын мемлекетке» айналдық. Сара осыдан соң да, бірінен кейін бірі үйелмелі-сүйелмелі жеті қызды өмірге алып келді. Оның әрқайсысының дүниеге келуі ата-анасы біздер үшін де, біздің бірге жүрген достарымыз бен қатарлас  құрбыларымыз үшін де үлкен той, зор мереке болатын.

Сараға қатар-құрбылары «Он балалы болып, батыр ана атандың, енді қоймай­сың ба?» дейтін көрінеді. Тіпті, Жұма­ділла құрдасы екеуі әзілдесіп, Жұмекең «Тағы бір баланы өмірге алып келсең, алтын сақина алып беремін» деп, Сарамен бәстесіп жүретін. Сара «Әкем мен анамның жалғызымын, өзіммен бір туған бауырларым жоқ, өмірге алып келген ұлымды іні, қызымды сіңлі тұтатын боламын. Оның үстіне менің үшінші түйіншегімді Алла қолыма ұстатқан жоқ» деп жауап беретін.

Құдіретіне шек жоқ Алла Тағала Сараға үлкен әжесі, туған атасы арқылы жіберген аянды жүзеге асырғысы келді ме, әлде көп бала сүюді армандаған Сара­ның адалдығына разы болды ма, Сара­ның қырық үш жасында Талант деген ұл өмірге келді. Таланттың өмірге келуі үлкен мереке болды. Жұмекең уәдесінде тұрып, Сара құрдасына алтын сақина сыйлады. Құрбы-құрдастарымыз екіге бөлініп, бір жартысы Сараның төркін жұрты, «құда-құдағайлар» ретінде балаға бесік алып келіп, екінші жартысы оның қайын жұртының рөлін ойнап, бесік алып келген «құда-құдағайларды» күтіп алып, есте қалатындай керемет той өткіздік. Досым Аманның келіншегі Бей­сенкүл мен екінші досым Сұлтан­ның жұбайы Жанаттың Таланттың бесік жабдықтарын өздері тігіп дайындауы біздің өзара жақын достығымыздың белгісіндей болды. Күні ертең Бейсенкүл мен Жанат Талант үйленгенде оны көре алмай өмірден өткен анасы Сараның орнын жоқтатпай, соның орнында болады деп білемін. Түс десе сенбей жатамыз ғой. Десе де, менің Сарамның түсіне кірген 3 тостағаны да тірісінде уысына түскен болатын.

Ахмет РАХЫМҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *