Шәрбану ҚҰМАРОВА

Қазақ әдебиетіндегі тағы бір көрнекті есім тарихтың өткен парақтарының қатарын толтырып, бүгінгі қаламгерлерімізді ауыр қайғыға ұшыратты. Белгілі қаламгер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Шәрбану Құмарова бақилық дүниеге аттанды.

Шәрбану Құмарова 1936 жылы ІЗ мамырда Алматы облысының Есік қаласында туған.

1961 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тіл-әдебиет факультетін бітіреді. Сол жылы «Қыз сыры» атты тұңғыш әңгімелер жинағы жарық көреді.

1961 — 1966 жылдары «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер, 1966 — 1968 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетінде аға редактор, 1968—1972 жылдары республикалық «Мәдениет және тұрмыс» (бүгінде «Парасат») журналында жауапты хатшы, 1972 — 1974 жылдары М.О.Әуезов атындағы академиялық драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, 1976—1986 жылдары «Жазушы» баспасында редактор, аға редактор болып еңбек етті, сондай-ақ «Қазақстан әйелдері», «Парасат» журналдарында қызмет істеді.

1991 жылдан республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер болды.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (1999), «Құрмет» орденінің иегері.

Алматы облысы Есік қаласында Ш.Құмарова атындағы көше бар.

Қазақтың Гүл-Шәрбаны еді

Жазушы Шәрбану Құмарова дүниеден өтіпті деген суық хабарды естігенде, жетпіс жастан асқан бүгінгі бүкіл ғұмырымның жартысы жарқ етіп көз алдыма қайта келгендей болды. Мұның өз себебі бар: мен өмірімнің отыз жылдай уақытын әдеби ортада Гүл-Шәрбан атанған осы Шәрбану Құмарова апамызбен бір үйде көрші болып, қатар өткізген едім. Сонау 1981 жылы Алматыдағы Есентай өзенінің жағасына жақын, қазіргі Қабанбай көшесінен мәдениет пен өнер қайраткерлеріне бес қабатты жаңа үй салынып, пайдалануға берілді. Жаңа үйден пәтер алғандардың арасында Қалаубек Тұрсынқұлов, Асқар Сүлейменов, Иранбек Оразбаев, ерлі-зайыпты Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметова сынды отызға жуық ақын-жазушы болды. Мен де осы кісілермен бірге үш бөлме пәтерге ие болдым. Біздің тура қарсы есік көршіміз –  ол кезде отызға да толмаған ақын Ұлықбек Есдәулет, ал астыңғы қабаттағы көршіміз – белгілі жазушы Шәрбану Құмарова екен. Сөйтіп, көпқабатты үйдің жартысын кілең қаламгерлер иелендік. Ол кезде жаспыз, оның үстіне, адамдардың бір-біріне деген ықылас-пейілі қазіргіден әлдеқайда басқаша болатын, бәріміз қонақжай едік. Бүгін бір көршімізге, ертеңіне келесі көршімізге қонақ болып, думандатып, араласа беретінбіз. Одан қалса, Есентай өзенін жағалап, серуендеп, өткен-кеткенді айтып, әңгіме-дүкен құратынбыз. Сөйтіп, барынша қызықты да бақытты ғұмыр кештік. Бірақ біздің осы думандатқан өмірімізге Шәрбану апамыз ғана көп араласпайтын. Жалпы, сыртқа жиі шыға бермейтін. Түрлі жиын, басқосуларда да сирек көрінетін. Қашан болса да үйінің шамы түннің бір уағына дейін сөнбей, жанып тұратын. Өйткені, ол кісі бүкіл өмірін шығармашылыққа арнаған жан еді. Тіршіліктегі ең басты мақсат-міндеті – табиғат берген дарын-қабілетін толық жарыққа шығарып, қаламгер ретіндегі бүкіл ойын, жоспарын қағазға түсіріп кету деп түсінетін және сол жолда аянбай жұмыс істейтін. Жаны нәзік әйел адамға мұндай қатаң талаппен жұмыс істеу, әсіресе проза саласында сан жылдар бойы үзбей жаңа шығармалар тудырып отыру өте қиын. Қаламгер Гүл-Шәрбан осы қиындықты жеңе білді. Соның нәтижесінде проза мен драматургия саласында артына мол мұра қалдырып, ұлттық әдебиетімізге өз есімін өшпестей етіп жазды.

Әрине, өмірде ештеңе мәңгілік емес. Осыдан қырық жылдай бұрын Есентай өзенінің жағасына көшіп келген сол қаламгерлердің біразы қазір бұ дүниеде жоқ. Көзі тірілері мына біз сияқты жан-жаққа қоныс аударған. Ал Есентай өзенінің жағасында баяғы үйде ескінің көзіндей болып жалғыз Шәрбану апамыз ғана қалған еді. Бір кезде бәрімізге құтты мекен болған, көңілімізден кетпей, көзімізге ыстық көрінетін сол бес қабатты үйді жалғыз өзі өмірінің соңына дейін күзетуге бекініп қалғандай еді. Енді сол апамыз да жарық дүниемен қоштасып, қайтпас сапарға аттаныпты.

Қош бол, қазақтың Гүл-Шәрбаны!

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,

жазушы.

 

Қайран Шәрбану!

Сенің де бұл жарық дүниедегі пендеуи сапарың аяқталған екен ғой. Мен сені сонау елуінші жылдардағы студент кезіңнен білуші едім. Ақсары жүзіңнен парасат нұры тебіндеп, жайраңдап жүрген бойжеткен шағың әлі көз алдымда. Әнші едің сен, биші едің. Болашағынан мол үміт күттірген жас прозашы едің. Сол шақта қатарыңнан оза шауып тұрдың. Өзіміздің қолымыздан не келеріне күмәндансақ та, сенің әдеби болашағың жарқын екеніне шүбәміз болмаған. Өнер мен әдебиет тізгінін қатар ұстап жүрдің. Қызыға қарадық. Тіпті, үлкендердің аузына да ерте іліктің. Бәрі есімде. Қандай ғажап жылдар еді, шіркін!

Тіршілігіміз ортақ болған соң, кейін де жолымыз ауық-ауық түйісіп жүрді. «Жазушы» баспасында қызметтес болдық. Жайлы мінезіңді де, тындырымды іскерлігіңді де, кісілігіңді де сол кезде жақсы танығам. Ең бастысы, сол жылдары мен сені Азамат ретінде таныдым. Сен айналаңа ақылшы да, сүйеу де, мият та бола алатын едің. Тұлға деп мойындауым содан. Әр түрлі әдеби шаралар кезінде сапарлас болдық. Өзіңнің жайсаң мінезіңмен ортамызды шуаққа айналдырар едің. Әніңмен де, ақжарқын күлкіңмен де, тіпті әдемі, ұтқыр әзіліңмен де…

Көңіліміз жақын дос болдық. Жақындастыратын ортақ достарымыз баршылық еді. Бір-біріміздің әдеби тіршілігімізді бақылай жүрдік. Бағалай білдік. Оны ауызша да айтып жүрдік, баспасөз бетінде де жарияладық. Сен 80-ге толғанда «Әйелдер патшалығының ханшайымы» деген үлкен мақала жарияладым. Шынында да, өз тұрғыластарың қатарында құрметті орның бар үлкен жазушы едің. Сен қуандың, риза болдың. Қазір сені қуанта алған сол күнді есіме алып, көңілім бұзылып отыр. Әлі талай мақалалар, зерттеулер жазыларына сенем. Әйтсе де, жылы сөзді кісі тірісінде естігені жөн ғой. Сені сол жолы қуанта алғаныма ризамын. Дос көңілін аулай алғаныма ризамын. Артыңда мол да құнды мұра қалдырдың. Солар сені өлтірмейді. Қазағың аман болса, сен өлмейсің. Бақұл бол, қайран дос! Жаның жәннатта болғай!

 

Марал ЫСҚАҚБАЙ,

жазушы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *