Үш Президенттің қолын алған АТБЕГІ

Баптаған тұлпарлары 8 жыл бойы Орта Азия республикаларында болған бәйгелерден бас жүлдемен оралып жүрген атбегі Орынбай Ахметов туралы бір үзік сыр

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында өткеніңді зерделемей, барыңды бағалай алмайсың, сондықтан өткен қоғамдағы жақсы адамдардың жақ­сы тірліктерін айтып, олардың жастарға, қоғамда үлгі болатын жақтарын насихат­тау – аға ұрпақтың міндеті екенін атап көрсетті. Өткен ғасыр адамзат қоғамында алтын ғасыр деп бағаланды. Өмірінен үлгі алатын, өз мүддесінен қоғамның мүддесін жоғары қоятын, елім, жерім деп еміренген небір абзал жандар дүниеге келді. Оларды насихаттау, бүгінгі ұрпаққа жеткізу біздің, аға буынның міндеті.

Бүгінгі кейіпкерім соғыстан кейін туған, соғыстың өзін көрмегенімен, ауыр зардабын тартқан, қарны тойып тамақ ішпеген, бала болып асыр салып ойнап көрмеген, өмірі жетімдікпен, жоқшылық­пен өрнектелген, анасы еміреніп құшағына алмаған, әкесі «ұлым» деп басынан сипа­маған, өзінің таудай талабының, қайтпас қайсарлығының арқасында өмір көшіне ілескен,  үлкенге ізетпен, кішімен ақжар­қын ниетпен сыйласа білген ауыл тумасы. Иә, жетпіс үштің желкесіне шыққан Орынбай Ахметов қазіргі таңда сол мекен­нің батагөй қарияларының бірі, кәстерлеген кәсібінің нәтижесінде үш Елбасының қолын алу мәртебесіне ие болған абзал жан.

Орынбай Ахметов 1946 жылы 20 ақпанда Алғабас ауылында (Шиелі ауданы) дүниеге келген. Әкесі Ерімбетов Ахмет біздің өңірдің ең алғашқы гидротехник маман­дығын алған азамат екен, анасы Жақсықыз Сыздыққызы қарапайым еңбек адамы. «Сол кезеңде Алғабаста үш Ахмет болыпты. Біреуін кісі, екіншісін етікші, үшіншісі менің әкемді оқу бітірген мамандығы болғаннан кейін маман Ахмет деп атапты», – деп еске алады Орынбай.

– Ахмет әкеміз жер-суды білетін маман болғаннан кейін алғашқылардың бірі болып алты үйдің басын құрап, «Алғабас» ауылының негізін қалаған екен. Бірақ өкінішке қарай, екеуі де ұлдарының қызы­ғын көре алмай, бірі ана сағынышын арқа­лап, екіншісі әкенің таудай биіктігін көрсете алмай бақилық болыпты. Соғыстан аман келгендердің көбісі соғыста алған жарақаттарының салдарынан өмірлері қысқа болған ғой. Соғыстың әсері соғыстан кейінгі туғандардың өміріне әсер етпей қалған жоқ. Себебі, соғыстан кейін туған­дар, яғни Орынбайдың құрдастарының өмірі тек қиындықтардан тұрады. Бала болып асыр салып ойнауға мүмкіндік бол­мады. Жаз болса ауылдағы күріштің отағы­на барамыз, күріш бас алуы мен пісу уақы­тындағы шамалы бос болған кезде үйімізге есекпен шөп тасимыз, есіктің алдындағы азын-аулақ көкөніске қараймыз. Күріш пісіп, егін орағы басталған кезде масақ тереміз. Арасында бос уақыт болса, брига­дирден тығылып өзімізге тамақ үшін масақ тереміз. Атыздың бұрылысында қалып қойған күрішті орып, астына қап төсеп, сабаумен ұрып дәнін аламыз. Күрмектің көптеу жері болса оны да орып, күрмегін аламыз. Көбінесе жейтініміз күрмек нан. Оны күртілдетіп рахаттанып жейміз. Өмір­де көрген осы қиындықтарымды жеңіл­деткен әкемді де, шешемді де жоқтатпаған әке орнына әке, шеше орнына шеше болған Үміт апамның орны менің өмірімде ерекше орын алады», — деп бір тоқтады заманда­сымыз.

Үміт апамыздың оған деген ынта-ықыласының бөлектігі соншалық, біз араласып жүргенде Орынбайдың туған анасы деп ойлаушы едік. Айналып, толға­нып өз баласындай еміреніп, Орынбайым деп отырушы еді.

Орынбай 1963 жылы Шиелі кентіндегі М.В.Ломоносов атындағы орта мектепті бітіріп, 1963–1965 жылдар аралығында әскери борышын өтеп, еңбек жолын 1968 жылы ГРП-23 мекемесінде бұрғылаушының жәрдемшісі болудан бастайды. Өмірдің келесі кезеңі — жар таңдауда анасын жоқ­тат­паған, жетімдіктің дәмін татқызбаған Үміт апасының көңілін табатын, оның көңіліне қаяу түсірмейтін жан табуды өзіне мақсат етеді. Өзінің мақсатына, өмірлік ұстаны­мына сай келетін Ханымкүлдей сұлуға 1971 жылы үйленіп, дүниеге 4 ұл, 3 қыз келе­ді. Үміт апамызбен Ханымкүлдің сый­ластығы ерекше болды. Екеуінің арасын­дағы елге үлгі болатындай ене мен келіннің сыйластығын, мейірімді көріп риза болушы едік.

Сол кезеңде Алғабас ауылы спорты, мәдениеті дамыған іргелі ауылдардың қатарында еді. Әсіресе, көкпар, бәйге сияқты ұлттық спорттың түрлері қатты дамы­ған болатын. Әуесхан Қыдырбаев, Тоқтар Шығанбаев сияқты атбегілер болды. Орынбай да осы замандастарына еліктеп жылқы өсіруге, ат баптауға ден қойды. Орынбайдың жылқы өсірумен айналысуы оның өмірінде өшпестей із қалдырды деп айтуға болады. 1991 жылы Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрыл­тайында Орынбай өзінің баптаған тұлпа­рын арнайы апарып, құрылтайға қатысқан Финляндия президенті Мауно Койвистоға мінгізу мәртебесіне ие болып, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев пен Мауно Койвистоның қолын алады. Қазір бүкіл дүние жүзі сарабдал саясаткер, үлгілі Мемлекет басшысы ретінде мойындап отырған, Қазақстанды төрткүл дүниеге таны­тып отырған ұлы адамның қолын алу, қасында болу бүкіл қазақ баласының арманы емес пе! Осындай арманға қолы жеткен Орынбай замандасымызбен мақтан­сақ та, мақтасақ та жарасып тұр.

Ауданымыздағы ат спортының дамуына Луговойдағы жылқы зауытынан Шиелінің «Еңбекші» қаракөл совхозының жылқы­шысы, белгілі атбегі Қыдырбаев Әуесхан­ның Брэк есімді айғырын әкелуінің зор ықпалы болды. Әуесханның үйірімен жайы­лымы бір Орынбай да өзінің үйіріне Брэкті жіберіп, соның нәтижесінде Орынбай Ызғар, Сандуғаш, Құндыз, Тагор, Абсент деген тұлпарымен 8 жыл бойы Орта Азия республикаларында болған бәйгелер­ден бас жүлдемен оралып жүрді.

1995 жылы ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойындағы бәйгеде  Ызғар деген құнаны бірінші келіп, Татарстан президенті Минтимер Шаймиевтің қолынан бас бәй­геге «КАМАЗ» автокөлігінің кілтін алды.

Орынбай ат спортын дамытумен қатар, ауылдың көп жыл спорт нұсқаушысы болып қызмет атқарған кезінде бұқаралық спорт түрлерінің дамуына да құлшына кірісті. Алғабас ауылының спортшылары футбол, волейбол сияқты спорт түрлерінен аудан­дық, облыстық, республикалық жарыстарда жүлдегерлер қатарынан көрін­ді. Орынбайға ауыл спортын дамытуға қосқан үлесі үшін ВДНХ-ның алтын медалі және ақшалай-заттай сыйлықтар берілді.  Орынбай өзінің туған ауылы Алға­бастағы сол кезде Ленин есімімен аталған шаруа­шылықта да көп жыл еңбек етті. Қатардағы колхозшыдан өндіріс брига­диріне дейін көтерілді. Адал еңбек етті, адал еңбегі өзін абырой биігіне көтерді.

– Менімен бірге осы елдің өсуіне, өркендеуіне үлес қосқан замандастарым, колхозда партком хатшысы, басқарма төрағасы болған Шәзат Қалымбетов, мал дәрігерлері Әбжәлел, Әріпхан, Сәрсен Абызбаев, ағайынды Қамысбаевтар, ауыл мәдениетінің жанашыры Айжамал, айтыс­кер ақын  Кенжебай, мәдениет қыз­мет­керлері, ерлі-зайыпты Рая мен Ағайдар, т.б. ауыл спорты мен мәдениеті жанашыр­лары­ның атын айтпай кете алмаймын, – дейді ол әңгімесін одан әрі сабақтап. Әрине, Орынбайдың өз еңбегімен бірге өзгенің де азаматтығын айтуы нағыз мәрттік, адами қасиет емес пе? Орынбайды парасат биігіне көтерген де осы адамгершілігі, парасат пайымы, мәрттігі.

Жақында облыс әкімі қатысқан мере­келік шара – ауылдағы Спорт кешенінің ашылу салтанатында халықтың  атынан облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа бата беру құрметі осы Орынбай қарияның еншісіне тиді. Облыс әкіміне бата беру кез-келген қартқа бұйыра бермейтін, қол жетпейтін абырой.

Жаны жайсаң, жүрегі жомарт, сөзі нық, бойы тік Орынбайдан жастарымыздың алар тәрбиесі, үлгі өнегесі әлі көп. Шиелі тұлпарларының шашасына шаң жұқпай тәуелсіз қазақ елінің абыройын асқақтата беруіне қосар үлесі аз болмақ емес.

 

Есіркеп ШӘДІБЕКОВ,

Қазақстан Журналистер одағының

мүшесі.

Қызылорда облысы,

Шиелі ауданы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *