ШӘМШІШІЛ

Қали СӘРСЕНБАЙ

«Бақи-жалғанға өткен соң Шәмші туралы Тынышбай Рахым өте байыпты хабар жасады. Жақсылар мен жайсаңдар композитор туралы көсілді-ай келіп…

Осы біз бір-бірімізді неге менсінбейміз? Жақсы сөздерді көзі тірісінде неге айтпаймыз?

48Сол хабардан есімде қалғаны – Бибігүл Төлегенованың осы мазмұндағы сөзі мен көз жасына ерік бергені. Бірақ, Би-апамыздың сөзінің соңы музыка фонына жұтылып кетуі жұмбақ. Бәлкім, Би-апа бәріміз жағамызды ұстайтын, тәубемізге келетін сөз айтты ма екен?! Ардақтыларының айналасында отырып азапты ғұмыр кешкен Шәкең туралы сол ардақтылардың аузынан кешігіп шыққан сөзге налыды ма екен, бәлкім?! Ол күнде цензураға әлі де сақ едік қой, бәлкім, дүлдүл туралы бұлбұлдың тым биік сөздері аяусыз қырқылған шығар. Редакторлардың қайшысы өткір еді ғой ол кезде. Әйтеуір, Бибігүлдің жылауы, көңілі босауы жұмбақ. Жұмбақ көп бізде…

Айтпағымыз осы ғана ма еді? Шәмші туралы ойласаң, қай-қайдағың қозатын бір ауру тауып алдық. Ауырмаудың жолы – ардақтыларымыздың шын сөзге сараң болмауы. Бұл дертті бүгінгі, келер ұрпақ, сен қайталамауға тиіссің. Марат Омаровты, Секен Тұрысбековтерді білгенің дұрыс, ал Шәмшілерді білу – міндетің…».

Қауырсын қаламның әлі де қатая қоймай, ой-сезімнің асау аттай бас бермей, әсершіл неме кезімізде осылай деппіз. Бірақ, қалай болғанда да ақиқаттан алыстай қоймаппыз. Ақиқат дегеннің өзі де соңғы сөз емес, айтылған сайын жетіліп отыратын процесс екені де рас. Әрине, Шәмші туралы кезінде не айтылмады? Халық шырқап айтар бір әні жоқ, тіпті, өзін класси­ка­лық музыканың «ірі өкілі» санайтын опера жазғыштың да кезінде Шәмшінің үстінен бір операға арқау боларлық арыз жазуға аса ық­палды болғанын біреу білсе, біреу білмес. Уағын­да көзі тірі азаматтардың аузымен жиі айтылған осы ақиқаттың бұзықтау мақала жаздырғаны да рас еді. Жарайды, бұл әңгіменің жөні басқа.

Мандолинасымен-ақ дүниені төңкерген Шәмшіні құрметтемейтін қазақ жоқ шығар. Бірақ, Шәмшімен ауырғандар жоқтың қасы болар. Сол Шәмшімен ауырған адам – Қалдыбек Құрманәлі. Оның дерті де Шәмші, сол дерттің емі де Шәмші. Басқалардың ұлы композитор туралы пікірінен ләззат алу бір бөлек те, Қалдыбектің ұғымындағы, түсінігіндегі Шәмшіні тыңдау мүлдем басқа. Әрине, халқы барда Шәмші ұмытылмақ емес. Алайда, бір қарағанда, қазақта бұрын Шәмші деген атақты композитор болған да, бірақ, жылдар өткен соң барып қайта жоғалтып, тауып алғандай күй кешетініміз де рас. Әдетте, қанша жерден дарынды туған болса да ел көңілінен көп уақытқа дейін ұмыт қалатындар да болады. Мәселен, кезінде бірінен бірі өтетін Күнсайын Қуатбаев, Бекен Жамақаев, Садық Кәрімбаев, Сыдық Мұхамеджанов тәрізді композиторлар болды. Қазір қайда солар?! Еске алып жатқан жан бар ма? Демек, жоқтаушысы жоқтар жоға­лып кете қоймас, бірақ, ұмытылып тұратыны рас. Міне, осы ұлы міндет, парызды қатар алып жүру де Қалдыбектің маңдайына жазылыпты. 500-ге жуық ән жазды дейтін Шәмшінің қазір көп болса жүзге жуық әні айтылатын болар. Соған қоса соңғы кезде компози­тордың қаншама әндері табылып, тыңдаушысын көл-көсір рухани қуанышқа кенелтті. Бұл жолда Мұхтар Шаханов ағасымен бірге отқа да, суға да түсіп жүргенін әркім де біледі. Қысқасы, оның Шәмшісіз таңы атып, күні батпайды. Жиырма жылға жуық оқып, қызыл дипломмен бітірген ҚазМУ-дің журналистика факульте­тіндегі диплом жұмысының тақырыбы – Шәмші, баласының аты Шәмші ғана емес, Шәм­шіҚалдаяқ (бірге жазылып, бірге айты­лады), алдағы қорғамақ кандидаттық диссерта­цияның тақырыбы да Шәмші, журналының атауы да Шәмші, басқаратын мекемесінің аты да Шәмші. Ал енді, жыл сайын Шәмші атында өтетін ән кештерінің хикаясы бөлек әңгіме. Оның сыртында «Шәмші» атты 55 минөттік деректі-көркем фильм түсіруге де уақыт тауып, арнайы естеліктер жинағын шығарып тастады. Өкінішке орай, бүгінде «Шәмші» журналының уақытша тоқтап тұруы қынжылтады. Осы журналдың арқасында Шәкеңнің өмірінің көп беймәлім сәттері жазылып, өзі тұтынған заттары табылып, Отырардағы мұражайдың төрінен орын алғаны да ойға түсіп отыр.

Жалпы, Шәмшіге байланысты өтетін іс-шарада мықтылардың бәрін тоқайластырады. Бүгінде не өзі, не өзге түсінбейтін қаптаған жұл­дыз­дардың бәріне алдымен Шәмшінің әнін айттырады.

Ұлтжанды, мемлекетшіл азамат Амалбек Тшанов бастаған Шәмші әндерінің кешін бүгінде Қалдыбек жыл сайын тұрақты өтіп тұратын, ел сағынып күтетін шараға айналдырды. Әрине, бұл жолда Қалдыбекті жалғыз деуге болмайды. Даңқты әншіміз Майра Ильясованың қазақ әнінің мәртебесін биіктетіп жүрген бірнеше сәтті жобаларын мақтанышпен атаймыз.

Осы бір атан түйеге жүк боларлық тірлікті атқару үшін де азаматқа қаншама жігер, күш-қуат, жүйке керек екені де белгілі ғой. Әрине, біздің қоғамда мәдениет басқармасын басқарып отырып, Шәмшіні білмейтіндер де бар десек, оған таңқалуға болмайды. Сондайлармен күреске қандай жүйке керек екенін ойлап көрдіңіз бе? Ондай жүйке, мінез, құдайға шүкір, Қалдыбекте бар. Анау-мынау емес, талантты адам туралы тартысқа келгенде талай атақтыңды аттан ау­дарып алатын алапат мінез. Асанәлі Әшімұлы­ның бірде бір ағамыз туралы «Оның талантын алып қалу керек те, мінезін бензин құйып өртеп жіберу керек» дегені бар еді. Қалдыбекке де осы сөзді қолдануға болар еді, бірақ, мынау талантты адамға қырын қарайтын керенау қоғамда бұл мінезді өртей қою әлі де ертерек. Тағы бір ағаның «мына қоғамда ұлтшыл болмасаң іс бітпейді» дегені және бар еді. Сондықтан, ұлттың мүддесі мен намыс қайрағына негізделген мұндай мінез жоқ жерде жоғыңды түгендеп, барыңның берекесін келтіру мүмкін емес. Бір ән жазса төбеңді ойып, жұлдыз ауруына ұшырап, Шәмшілерді шаң қаптырып жүрмін дейтін дәлдүріштер үшін де Қалдыбек керек. Солардың көбісін тәубесіне келтіретін де осы мінез. Демек, Әлихан атамыз айтпақшы, «Ұлтқа біліммен емес, мінезбен» қызмет етуге тура келеді. Басқасын қайдам, дәл осы кезге керек мінез. Бұл қоғамға, әсіресе, тұлғасын, талантын қорғауға келгенде кім-кімге де осындай мінездер жиынтығынан жаралған, көзқарастар қайшылы­ғымен өмір сүретін адамдар көп керек. Талантты адам — қоғамның байлығы. АҚШ-та талантты адам­­дарды қорғайтын, оның ішінде, шенеунік­терден қорғайтын арнайы агенттік бар. Ал, бізде агенттік болмаса да осындай азаматтардың барына тәубе дейсің. «Шындық біреудің паспортымен жүрген тәрізді» деп Ғабең айтпақшы, біреудің пікірімен өмір сүретіндерге осылай азу көрсетіп қойғанның артықтығы болмайды. Осының бәрі, сайып келгенде, ұлтқа қызмет ету қажеттілігінен туындап жатқан ой. Мұның арасында Шәкеңнің өзі аса жоғары бағалаған Әбілахат Еспаевтың есімін жаңғыртуы да жұрт жадында.

Ал, енді, Қалдыбек осынау сағынышқа айналған саңлақтарға неге құмар, неге үйір? Біреулер өз пайдасын ойлайды деуі мүмкін. Шерағаңның «Ең алдымен елге тигізер пайдаңды ойла, өз пайдаң соның ішінде» деген сөзі бар. Өз пайдасын ойламайтын пенде баласы болмайды. Ал, енді елге, ұлтқа қызмет етуді ойлаған адам ең алдымен, осындай тірлікпен айналысады. Кешегі Ақан, Біржан, Үкілі Ыбырайлардан қалған дәстүрлі ән өнерінің өрісін кеңейткен Шәмші, Нұрғиса, Әбілахат, Әсеттер болмағандай, жұрттың бәрі өзін талантты сезініп, талтаңдап кеткен тұстағы Қалдыбектің бұл қадамы бұлт арасынан шыққан күндей болғанын айту керек. Ол бұл қадамға сол тырнақша ішіндегі таланттарды тәубесіне келтіру үшін, өнердің шын иесі мен киесі барын ұқтыру үшін барды. Құдайға шүкір, бұл қадамы қайырымсыз емес. Шәмшілерге, Нұрғисаларға біз мерейтойларын күтіп отырмай, жиі-жиі оралып отыруымыз керек. Олар бізге өнерді шөп-шаламнан, арамшөптерден тазартып отыру үшін керек. Олар – мінез, олар – сес, олар – кие, олар – алтын саға, мөлдір бастаулар, жылы ағыс.

Қалдыбек Шәмші үшін шырылдап, оны зерттей жүре, өзі де шуағына шомылып, шарапатына бөленді. Рухани мұратқа адалдық, аға рухына сай әндер жазуда да шырқау биіктен көрінді. «Ширек ғасырдан астам уақыт бұрын Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданының Тасқұдық ауылынан білім іздеп, арман қуып, Алматы қаласына келген едім. Осы ғажайып шаһарда жоғары білім алдым. Қазақтың ұлы тұлғаларымен араласып, дәмдес, сыйлас болдым. Өнеріммен халыққа танылдым.

«Қариялар азайып бара жатыр», «Кірмеші жиі түсіме», «Ән аға немесе Шәмшімен сырласу», «Жайықтың толқындары», «Қиялдағы қалқа» сияқты туындыларым халықтың сүйіп тыңдайтын әндеріне айналып, қазақ музыка­сының алтын қорына енгендігін шығармашы­лығымның жоғары бағаланғаны деп білемін».

Оның шақыру билетіндегі осы бір сөзге тек ризашылық көңілмен қол соғасың.

Бүгінде арнаулы зерттеулерге қарағанда, ең көп айтылатын ән Шәмшінің «Ана туралы жыры» (сөзі – Ғафу Қайырбековтікі) екен. Жарықтық шешесіне топырақ сала алмағанда («Шәмші» деректі-көркем фильмінде осы сәт өте әсерлі беріледі) «Мен саған әннен ескерткіш орнатамын» деп өксуі шындыққа айналды. Сол тәрізді бүгінде Қалдыбек Құрманәлінің «Ән аға немесе Шәмшімен сырласуы» (сөзі – Ибрагим Исаевтікі) да сондай сом ескерткішке айналды десек, артық айтпаймыз. Ескерткіш демекші, қазақ әнінің Мадонна – Мәдинасы «Кірмеші жиі түсімені» айтқан сайын да осындай бір сезімнің жетегінде болатынымызды несіне жасырайық.

Тұлғаларға осылай құрмет көрсетіп, осылай ән жазып жүріп мінезсіз болу мүмкін бе?! Сол таланты мен мінезінің жемісін де көріп отыр. Еңбегі елеусіз емес. «Құрмет» орденінің иегері, Оңтүстік Қазақстан облысының, Түркістан қаласы мен Бәйдібек, Отырар аудандарының құрметті азаматы.

Ең бастысы, ол – шәмшітанушы, шәмшішіл. Демек, қазақшыл деген сөз. Әркім өз ісімен айналысып, әлиханшыл, ахметшіл, жүргеновшіл, димекеңшіл, өзбекәлішіл болып жатса, қазақтың өркені өскені сол емес пе? Солай бола алмай жүрген жоқпыз ба? Ал, Қалдыбекті сол жолда жүрген азамат деп білемін. Бұл әрі сауапты, әрі азапты жол.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *