ШӘМШІ ОТЫРҒАН ОРЫНДЫҚТЫ СҮЙДІ

Алматыда көрнекті композитор, Қазақстанның Халық артисі Шәмші Қалдаяқовқа ескерткіш ашылды. Аталмыш шараға шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев қатысты.

Қаламыздың ең көрнекті жерінің төрінен орын алған Шәмші мүсіні Рес­публика сарайының солтүстік жағындағы саябаққа орнатылды.

«Қазақ вальсінің королі» атанған Шәм­ші әнінің ырғағымен тербелген зиялы қауым өкілдері, қала жұртшылығы құдіретті өнер иесінің кұрметіне  қойылған ескерт­кіш жанында өткен салтанатты жиынға қатысты.

Алғашқы сөз кезегін Алматы қаласы­ның әкімі Бақытжан Сағынтаев алды:

– Бүгінгі қуаныш тек Алматы қала­сы ғана емес, бүкіл қазақ халқына ортақ. Кезінде Шәмші ағамыз «Сезім шіркін ақ жаңбырға ұқсайды, Алматыда жаңа жауып, жаңа жауып басылған», – деп әнге қосса, бүгінгі ауа райы да дәл сол сәтті еске салып тұрғандай. Қазақ өнерінде өзіндік орны бар Шәмші ағамызды білмейтін қазақ жоқ. Шәмші ағамыздың әндерін жастар да, ере­сектер де сүйсіне жырлап жатады. Қайда жүрсек те жүрегіміздің төрінен орын алған Шәмші бүкіл қазақ халқын өзінің әнімен тербеп келеді. Халқының махаб­батына бөленген Шәмші Қалдаяқов «Қазақ вальсінің королі» атанып, өзінің бағасын баяғыда-ақ алып қойған.

Қаламыздағы киелі шаңырақтың үлкен сахнасында Шәмші ағамыздың әні талай-талай мәрте шырқалып келеді. Сол зәулім сарайдың жанынан Шәмші Қалдаяқовтың ескерткішінің орын алуы да жақсылықтың белгісі болса керек. Қуаныш ұзағынан болсын, Жәмила апай, сізге зор денсаулық, отбасыңызға береке тілеймін, – деді қала әкімі.

Келесі кезекте Шәмші Қалдаяқовпен қоян-қолтық араласып, әндерінің алғашқы орындаушысы болған Қазақстанның Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов өзінің жүрекжарды лебізін білдірді.

Көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов өзінің жан досы болған, ерекше құбылыс Шәмшіге деген сағынышын былайша жеткізді:

– Шәмші —  дара тұлға. Қазақта Шәм­ші­дей ұлы композитор сирек. Ол өзгеше адам еді. Достыққа адал, уәдеге берік болды.

Менің анам 13 құрсақ көтерген жан. Тірі қалғаны мен ғана. Ол кісі өмірден өткенше «Менің үш балам бар. Олар: Шәмші Қалдаяқов, Төлеген Айбергенов, Мұхтар Шаханов» деп өтті.

Шәмші менің жүрегімнен мәңгіге орын алды. Қазір не көп, ән көп, композитор көп. Бірақ Шәмшіге жетпейді. Телеарналар сапасыз әндерді жарнамалай беретін болды. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев елдің, ұлттың мүддесіне терең тамыр жіберген жан. Сондықтан осы мәселеге байланысты біраз өзімнің ойларымды білдірдім, – дей келе, өзінің «Қалдаяқов өзені» атты өлеңін оқыды.

Қазақстанның Халық әртісі, сахна сандуғашы Роза Рымбаева Шәмші ән­дерінің ерекшелігіне тоқталды:

– 1975 жылы Алматыда Ұлы Жеңістің 30 жылдығына арналған республикалық байқау өткен еді. Сол байқаудың төрағасы Шәмші Қалдаяқов болды. Ол кісі менің өнердегі тұсауымды кесті десе де болады. Сол жолы менің өнерімді бағалап, бас жүлдені маған берген еді. Мені өнерге біржола бет бұрғызған, өміріме ерекше бағдар  болған сол байқау еді, – деді.

Композитордың жары Жәмила Қал­даяқова қорытынды сөз кезегін алып, ризашылығын білдірді:

– Шәмші бақытты адам. Соңында әндері қалды. Сол әндерді шырқайтын халқы қалды. Халқы барда Шәмші бар. Сондықтан қала әкіміне, барша Шәмші өнерін бағалайтын қазақ халқына ризашылығымыз шексіз, – деді.

Осылайша саябақ төрінен Шәмші әні төгіліп, орындыққа нық отырған Шәмші Қалдаяқов өзінің әндерінің өміршең екендігіне тағы да куә болғандай.

 

P.S. Мына бір сәт жүрегімді жұлқып жіберді. Бір кейуана тебіреніп келіп, Шәмші отырған орындықты сүйді. Осы бір сәт халқының композиторға деген сүйіспеншілігінің шынайы көрінісіндей көрінді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *