«Шәмші Қалдаяқов» атты тұңғыш фотоальбом жарық көрді

Мәншүк БЕКБОСЫН

 

 

Қазақта сазгерлер көп болғанымен, халықтың жү­регін әнмен тербеткен әйгілі композитор Шәмші Қалдая­қов өз алдына бір төбе. Бұрнағы күні Алматыдағы Ұлттық кітапханада жеті бөлімнен құралған  «Шәмші Қалдаяқов» атты тұңғыш фотоальбом-кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. «ARNA-B» баспасынан «Бола­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында жарық көрген кітаптың жоба авторы сазгердің өмірі мен шығармашылығын зерттеп жүрген композитор Қалдыбек Құрманәлі. Жаңа кітаптың тұсауын академик Өмірзақ Айтбайұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшанов және жазушы-публицист Қали Сәрсенбай кесті.

 Жеті бөлімге жіктелген жинақта Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Әнұран авторларының бірі, композитор Шәмші Қал­даяқов жайында жан-жақты  мәлімет берілген. Мәсе­лен, «Менің Қазақ­станым» деп аталатын алғашқы бөлім компо­зитордың Отанға деген сүйіспеншілігі, туған өлке туралы әндеріне арналса, екінші бөлім «Өмір-өзен» деп аталады. Бұл бөлімде композитор өмірінің әр кезеңдерін қамтыған фотошежірелер бар. «Сол бір кез есімде…» деп аталатын үшінші бөлімде композитордың замандастары, кезінде онымен дос-жар, сырлас болған адамдар Шәмші туралы өз естеліктерімен бөліседі. Шәкеңнің барша жұртқа әйгілі әндері «Шәмшінің әні» атты төртінші бөлімде әншілердің суретімен бірге мейлінше кеңінен қамтылған. «Сарғайған суреттер сыры» атты бесінші бөлімде кезінде Шәмшімен естелікке суретке түсіп қалған немесе өз қолымен фототаспаға тартқан адамдар, сол бір сәулелі сәт туралы сыр шертеді. «Аманат» атты алтыншы бөлім уақытында композитордың тұтынған заттары мен киімдерін – пианиносын, мандолинін, мүштегін, бөркін, шапанын, тағы басқа бұйымдарын сақтап қалған жандардың жүрек жылытар естеліктерін қамтиды. «Шәмші-мұра» атты соңғы бөлім композитор мұрасын насихаттап, зерттеп жүрген жанашыр азаматтар, олардың ой-пікір, ұсыныстары, атқарып жатқан іс-шаралары жайында баяндайды.

Кешке  жиналған қауым, оның ішінде белгілі сатирик Көпен Әмірбек, а.ш.ғ. докторы, профессор А.Асанов, «Arna-b» баспасының директоры Бақыт Ойса композитор туралы естеліктерді ортаға салып, Шәмші өмірінен сыр шертті.

Ал танымал әнші Сәкен Қалымов «Ән аға» әнін, Тахмина Әшімбекова «Сыған серенадасын» және жас әнші Е.Оспан әннен шашу шашып, көрерменнің қошеметіне бөленді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close