ҮШ МӘРТЕ НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫНА ҰСЫНЫЛЫП, ЖОЛЫ БОЛМАҒАН

Ұлы ғалым, Александр Блоктың қайынатасы Дмитрий Менделеев өмірінің беймәлім тұстары туралы

Үш мәрте Нобель сыйлығына ұсынылып, жолы болмаған ұлы химик, ғұлама ғалым Дмитрий Менделеев туралы аңыз көп. Тіпті оны арақты ойлап тапқан деп те жазып жүр. Шын мәнінде солай ма? Ендеше ғалымның өміріне қатысты кейбір жайларға тоқталып өтейік.

Сол көп аңыздың бірінде Менделеев атақты таблицасын түсінде көрген екен деседі. Бірақ бұл шындыққа жанаса бер­мейді. Бұл әңгіменің тарауына Дмитрий Ивановичтің өзі себепкер болыпты. Ға­лымның шәкірті әрі досы Александр Иностранцевтің айтуынша, бір күні ка­бинетінде қатты шаршап, мызғып кеткен ғалым түсінде химиялық табли­цалар тізбегін анық көрген деседі. Айна­лып келгенде химик әзілдеген көрінеді. Бұған дейін де оның дайындық жұмыс­тары ұзақ уақыт жүргізіліп, енді қолжаз­балары мен сызбаларын көшіру ғана қал­ған екен. Ол түсінде соны ғана көрсе керек.

Енді біреулер оны мектепте бір сы­ныпта екі жыл оқыған деп те жатады. Анығында былай: ата-анасы 7 жастағы Митяны «үйде жалғыз қалмасын» деп ағасы Павелмен бірге гимназияға береді. Мектепке 8 жастан қабылдайтын болған соң оған бір класта екі жыл отыруға тура келеді. Бірақ ол мектепте аса үздік оқушы болмады. Тек өзі ұнатқан пәндерді жақсы оқуға ықыласты болған.

Ал енді ол арақты ойлап тапты деген сөздің қисыны қалай?! Спирттің қосын­дысын талқылауға арналған тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. Әңгіме осыдан келіп шығады. Ол арақты ойлап тапқан жоқ, тек оның қуаттылығын, күш­тілігін анықтады. Арақ оның ғылыми дис­сертациясына дейін де қолданыста болған.

Енді бір деректерде ұлы ғалым чемодан жасаумен айналысқан делінеді. Ол өзінің қолжазбаларын, заттарын сақтау үшін теріден, қағаздан арнайы қалта, қоржын, папкалар дайындаған. Оған қажетті материалдарды Санкт-Петербордағы бір қонақүйдің ауласынан алып отырған. Ол бірде дүкенге бас сұғады, сонда сатушы өзінің досына қалжыңдап «бұл кісі чемодан жасаудың шебері» деген көрінеді. Міне, бұл сөз төркіні осыдан шыққан.

Жаратқан өзі соншалықты айрықша қасиет берген соң ұлы адамның қабілет-дарыны ашыла береді ғой. Менделеевтің аспанға ұшуды ойлап көргені де бар. 1870 жылдардың ортасында бұл кісі метео­рологиямен, аэростатистикамен айна­лысады. 1878 жылы Парижде өткен әлемдік көрмеде ол Анри Жиффранның әуе шарымен көкке көтеріледі. 1887 жылы әскери аэростатпен ұшып күннің тұтылуын байқау үшін және ауа райын зерттеуге байланысты Клинге шақырады. Алайда, күннің жауынды болуына байланысты оған әуеге жалғыз көтерілуге тура келеді. Үш шақырымға жуық биікте ұшқан оған француз академиясының арнайы сыйлығы беріледі.

Ол 1905, 1906, 1907 жылдары Нобель сыйлығына ұсынылған үміткерлер тізімінде болды. Бұл атақ оған 1869 жылы ашқан химиялық жаңалығына берілуі тиісті еді, алайда, аталмыш сыйлықтың талап-тілектері оған мүмкіндік бермеді. Алайда, Нобель сыйлығы бұл жылдардан кейінгі жаңалықтарға берілуі тиіс делінген. Менделеевтің жақтастары Нобель қорының жарғысына қай кезде де маңызы зор еңбектер жылдарына, уақытына қарамай қабылдануы керек деген түзету енгізуге тырысқанымен одан ештеңе шықпады. Сонымен, бұл сыйлық ұлы ғалымды екі мәрте айналып өтті. Ал 1907 жылы оның еңбегі туралы шешім шығар тұста ол өмірден озып кетті. Ал Нобель сыйлығы тек тірілерге ғана берілетін көрінеді.

Ғалымның аты ғалым. Ол 1889 жылы Ресейдің Қаржы министрлігінің өтіні­шімен химиялық азық-түлікке арналған жаңа кеден тарифінің жобасын жасаумен айналысады. Одан ол комиссия құрамына кіреді. Жалпы, Менделеев еңбектерінің басым көпшілігін химия және жара­тылыстану саласында емес, Ресейдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы тура­сында жазған.

Сондай-ақ, ғалым Арктиканы игеру жобасын да жасап шықты. Ол мұндай шешімге Орыс география қоғамының шешімімен арнайы экспедиция құра­мында болып келгеннен кейін келген. 1897 жылы Д.Менделеев вице-адмирал Степан Мака­ровпен Солтүстік теңізге сапаршылайды. Ғалым «Ермак» атты мұзжару құрылысы­мен айналысатын комиссияның құрамына енеді. Оның жұмысы 1899 жылы басталады. Алайда, Менделеевтің ғылыми тұжырым­дары, көзқарастары соңғы сәттерде Мака­ровпен және басқа ғалымдармен, экс­педиция басшылары тарапымен үйлесім таппайды. Алайда, бұл жағдай химиктің бұл сала­дағы жұмысын одан әрі жалғас­тыруына кедергі бола алмайды. Оның бұл арманы жүзеге аспағанымен, мұзды жару және Арктиканы зерттеу мәселелері кейіннен қаперге алынды.

Ғалымның ұлының мемуарында оның оқтың түтінсіз түрін жасауға да құлшына кіріскені мәлім болды. Шын мәнінде ол бұл мәселенің де құпиясын ашып, оны акаде­миялық деңгейде орындады. 1890 жылы ол Ұлыбритания мен Францияға барады. Ол арнайы зертханаларға, зауыттарға барып, қопарғыш химиялық заттар жасайтын ма­мандармен жолығып, пікірлеседі. Фран­цияда оған жеке қолдануы үшін 2 грамдық түтінсіз оқ сыйлайды. Өйткені, Англия мен Ресей арасында бұл мәселе жөнінде арнайы келісім-шарт болатын. Уақыт өте келе оның қолданған тәжіри­бесін шетелдік әріптестері де жоғары бағалаған.

Р.S. Белгілі суретші Анна Попо­вамен отбасын құрған жұптан төрт бала өмірге келеді. Қызы Любовь даңқты ақын Алек­сандр Блокқа тұрмысқа шыға­ды. Ұлы ғалым 73 жасқа қара­ған шағында Санкт-Петер­бор­да өкпе ауруынан қайтыс болады.

 Қ.Иман.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *