ШӘКӘРІМНІҢ ДОМБЫРАСЫ

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясындағы іс-шаралар шеңберінде жуырда Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде «Шәкәрім Құдайбердіұлының домбырасы музей сахнасында» атты дәстүрлі музыкалық концерт өтті.

Шәкәрім Құдайбердіұлы – ақын, жазушы, философ, тарихшы, компо­зитор. Абайдың інісі, әрі ол негізін салған реалистік әдебиет дәстүрлерін алға апарушы ізбасары.

Қаламынан терең ойлы, сыршыл лирикалық өлеңдер, «Қалқаман–Мамыр», «Еңлік–Кебек», «Нартайлақ– Айсұлу» сипатты оқиғалы дастандар, «Әділ–Мәрия» романы және басқа да прозалық туын­дылар, аудармалар, тарихқа, философияға қатысты еңбектер, сазды әндер туған.

Шәкәрім қажының домбырасы ұзақ жылдар бойы қазақ рухания­тының жанашыры, меценат Медғат Құлжановтың қолында сақталып келді. Медғат Кәрімұлына бұл домбыра әкесінен қалған. Ол кісіге өз кезегінде Шәкәрімнің ұлы Ахат табыстаған. Әкеден жеткен құнды мұраны Медғат Құлжанов көзінің қарашығындай қорып келген.

Аспап екі ішекті, он үш пернелі. Тұтас ағаштан шауып жасалған. Дыбыс ойығы үш бұрыш формасында. Шебері мен нақты жасалған уақыты белгісіз.

Кешті қазақтың дәстүрлі және халық әндерін кеңінен насихаттап жүр­ген дарын­ды әнші, ҚР еңбек сіңір­ген қайраткері, Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері, Абай мен Шәкәрім әндерін орындаушы Ерлан Рысқали жүргізді. Кештің шымылдығы Талғат Әбуға­зының орындауындағы Шәкәрімнің «23 жасымда» әнімен ашылды. Кеш бары­сында халықаралық және республика­лық байқау­лардың лауреаты Айнұр Жұмақадыр «Тыныштық жоқ, тыным жоқ», ҚР мәде­ниет саласының үздігі Нұржан Жанпейісов «Ең қызық жастық», ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Исатаева «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», сонымен қатар күйші Мұрат Әбуғазы Шәкәрімнің күйі «Май түні», ҚР еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкіман «Сұраған жанға сәлем айт», «Қорқыт. Қожа. Хафиз» әндерін орын­дады. Ерлан Рысқали Шәкәрімнің «Анадан алғаш туғанымда» әнімен кеш­тің концерттік бөлімін аяқтап, Медғат Құлжанов аспапты музейге салтанатты түрде табыстады.

Күлеш ҚУАНЫШ,

Ықылас атындағы халық музыкалық

аспаптар музейінің ғылыми қызметкері.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close