Үш деңгейлі зейнетақы жүйесі

 

Биыл Қазақстанда жинақтаушы зейнет­ақы жүйесінің жұмыс істеп келе жатқанына 20 жыл толды. Ол 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген болатын. Осы жылдар ішінде бұл жүйе талай кезеңді бастан кешті. Бүгінде отандық жинақ­таушы зейнетақы жүйесі үш деңгейден тұрады. Олар:

  • мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық және жасына байланысты төле­нетін ортақ зейнетақы, яғни еңбек зейнет­ақысы;
  • Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін төлемдер. Бұл төлемдер міндетті зейнетақы жарналарынан, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарынан және инвестициялық табыстардан құралады.
  • Ерікті зейнетақы жарналары есебінен төленетін төлемдер.

Базалық зейнетақы барлық зейнеткерге бірдей мөлшерде өмір бойына төленіп келеді. Оның мөлшері – ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. Биыл ең төмен күнкөріс деңгейі – 28 284 теңгені құрай­тын болса, оның 54 пайызы сәйке­сінше — 15 274 теңге.

2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны есептеу тәртібі өзге­реді. Енді оны тағайындауда 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі және зейнетақы жарна­ларын төлеумен расталатын, 1998 жылдан кейінгі жылдардағы еңбек өтілі ескеріледі. Сонымен жалпы еңбек өтілі жоқ немесе 10 жылға дейін болса, базалық зейнетақының көлемі ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. Ал одан асқан әрбір жыл үшін бұл сомаға ең төмен күнкөріс деңгейінің 2 пайызы қосылып отырады. Ал егер жалпы еңбек өтілі 33 жыл және одан жоғары болса, базалық зейнетақының көле­мі ең төмен күнкөріс деңгейінің 100 пайызына тең болады және одан асырыл­майды.

Ал ортақ зейнетақыны тағайындауда 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі ескеріледі. Бұл ретте еңбек өтілі алты айдан кем болмауы тиіс.

Қазіргі уақытта Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы жарналарының үш түрін қабылдайды. Олар: міндетті зейнет­ақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнет­ақы жарналары.

Міндетті зейнетақы жарналары 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді. Оның көлемі жұмыскердің айлық табысы­ның 10 пайызын құрайды. Бұл жарналарды зейнетақы Қорына жұмыс берушілер аударып отырады.

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізіл­ген. Оның көлемі жұмыскердің айлық табысының 5 пайызын құрайды. Бұл жарна­ларды жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен еңбек жағдайлары зиянды деп саналатын жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерінің пайдасына төлейді. Бұл үшін еңбек жағдайлары зиянды кәсіптердің тізбесі әзірленген және ол Қазақстан Рес­пуб­ликасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 жел­тоқсандағы нөмірі № 1562 қаулысымен бекітілген.

Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстар (кәсіптер) елімізде жетерлік. Ол жиырмаға жуық ірі салаларды қамтиды. Атап айтар болсақ, олар: Тау-кен жұмыстары, Кен дайындау — кен байыту жұмыстары, Метал­лургия өндірісі, Металл өңдеу жұмыс­тары, Химия өндірісі, Атом өнер­кәсібі, Радиоак­тивті заттармен жұмыстар, Мұнай, газ және газ конденсатын бұрғылау, өндіру және өңдеу, көмірді қайта өңдеу жұмыстары, Құрылыс материалдары өндірісі, Целлюлоза-қағаз және ағаш өңдеу өндірісі, Дәрі-дәрмектер, медициналық және биологиялық препараттар өндірісі, Денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздан­дыру және мәдениет мекемелері, Көлік өндірісі, Метиз өндірісі, Жеңіл өнеркәсіп және Жалпы кәсіптер.

Ерікті зейнетақы жарналарына келер болсақ, оларды Қазақстанның кез-келген азаматы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудара алады. Салымшылар бұл жарналарды өздерінің табысы есебінен аударады. Ерікті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі, оларды төлеу, сондай-ақ, зейнетақы төлемдерін жасау тәртібі шарт тараптарының өзара келісімі бойынша белгіленеді. Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры кеңсесінде жасалады. Жеке тұлға өз пайдасына немесе үшінші тұлғаның пайдасына шарт жасау үшін жеке басын куәландыратын құжат тапсырады.

Ерікті зейнетақы жарналары есебінен құралатын зейнетақы жинақтарын, біріншіден, елу жасқа толған адамдардың, екіншіден, мүгедектердің,  үшіншіден, Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерге тұрақты тұруға кететін немесе кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың  кету дерегін растайтын құжаттарды ұсынған адамдардың алуға құқығы бар.

2020 жылдан бастап зейнетақы жарна­ларының тағы бір түрі — Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары енгізіледі. Бұл жарналардың көлемі жұмыскердің айлық табысының 5 пайызын құрайды. Оны барлық жұмыс берушілер (олардың ішінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарна­ларын төлейтін жұмыс берушілер де бар) өз қаражаты есебінен төлейді. Бұл үшін жұмыс берушілердің ұсынған тізімі негізінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында әрбір жұмыскердің атына шартты зейнет­ақы шоттары ашылады. Ондағы жинақтар зейнеткерлік жасқа толған азаматтарға, мүге­дектігі мерзімсіз болып белгіленген бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдарға төленеді. Бірақ бұл үшін мұндай жарналар олардың шоттарына кемінде 60 ай (5 жыл) тұрақты аударылған болуы керек. Бұл шоттардағы жинақтар салымшының меншігі болып табылмайды және мұраға қалдырылмайды. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары көлемі біртіндеп азайып бара жатқан ортақ зейнетақының орнын басу үшін енгізілмек. Өйткені, елімізде 2042-2043 жылдарға қарай ортақ зейнетақыны төлеу мүлдем тоқтаты­лады. Бұл жылдары 1979-1980 жылдары туған азаматтардың зейнетке шығатынын ескерсек, олардың 1998 жылға дейін еңбек өтілі болмайтыны айдан анық.

Елімізде зейнеткерлерді зейнетақымен қамсыздандыру жауапкершілігі мемлекет, жұмыс беруші және салымшы арасында оңтайлы үлестірілген. Яғни зейнет жасын­да алатын зейнетақының мөлшері бүгінгі жұмыскердің өзіне де байланысты деген сөз.

Зейнетақы жинақтары салымшының меншігі және ол мұраға қалдырылады. Зей­нетақы төлемдерін алу құқығы туындаған кезде мемлекет алушының жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңіндегі инфляция деңгейін ескере отырып, оның атына бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына салынған зейнетақы жарналарының нақты енгізілген мөлшерін­де сақталуына кепілдік береді.

Бүгінде Бірыңғай жинақтаушы зейнет­ақы қоры ашықтық қағидатын берік ұстанады. Осы тұрғыда 2017 жылы қыруар жұмыстар атқарылды.

Мысалы, Директорлар кеңесі «БЖЗҚ» АҚ-тың 2017—2021 жылдарға арналған корпоративтік даму стратегиясын мақұл­дады. Бұл өте маңызды қадам болды. Ол жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қаржы­лық тұрақтылығын және тиімділігін артты­руға бағытталған.

Сонымен қатар, 2017 жыл — БЖЗҚ үшін ақпараттық ашықтық жылы болды деуге болады. Бұл тұрғыда салымшылармен және зейнетақы төлемдерін алушылармен арада­ғы байланыс жаңа деңгейге көтерілді. Бұқа­ралық ақпарат құралдарымен байла­ныс нығайтылды. Журналистердің бірде-бір сұрағы назардан тыс қалған жоқ. Оның үстіне 2017 жылдан бері ай сайын әр түрлі маңызды тақырыптар бойынша брифинг және үш ай сайын Басқарма төрайымының қатысуымен баспасөз мәслихаты өткізіліп келеді. Бұдан басқа, маңызды тақырыптар бойынша қордың барлық филиалдарында Ашық есік күні ұйымдастырылады. Онда келушілерге зейнетақы жүйесі мен қордың қызметі туралы мәліметтер және олардың сұрақтарына толыққанды жауаптар беріледі.

Осылайша өткен жылдың 12 айы ішін­де БЖЗҚ-ның бастамасымен бұқаралық ақпарат құралдарында 15 мыңға жуық мақала жарық көрді.

БЖЗҚ филиалдық желісінің қызмет­керлері 2017 жылы кәсіпорындар мен ұйым­дарда 18 мыңнан астам көшпелі танысты­рылымдық шаралар өткізді. Оларға 556 мыңнан астам адам қатысты. Салымшылар мен алушыларға қызмет көрсету бойынша 6,3 миллионға жуық операция орындалды.

Зейнетақы қоры қашанда салымшылар мен алушылардың қамын ойлайды. Сол үшін де көрсетілетін қызметтерді дамытуға күш салып жатыр. Басты мақсат — салым­шылар мен алушылардың алтын уақытын үнемдей отырып, оларға ыңғайлы, сапалы және заманауи қызмет көрсету.

Осы тұрғыда 2017 жылы қорда бірқа­тар маңызды электрондық сервистер іске қосылды. Енді азаматтар қордың кеңсесіне келмей-ақ кез-келген уақытта, кез-келген жерде, оның enpf.kz ресми сайтына кіріп, «Жеке кабинет» бөлімі арқылы міндетті зейнетақы жарналары бойынша жеке зейнетақы шотын ашу және зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде өтініш бере алады. Бұдан басқа сол өтініштердің орын­далу мәртебесін қадағалауға, жеке дерек­темелерге өзгерістер енгізуге, зейнетақы шотының жәй-күйін білуге және хабарлау тәсілін өзгертуге болады. Бұл қызметтер бар болғаны бірер минутты ғана алады.

Бүгінде салымшылар мен алушылар жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының жәй-күйі туралы ақпарат­ты, оның ішінде есептелген инвестициялық табысты, қор кеңсесінде, сондай-ақ дәстүрлі пошта байланысы, электрондық пошта, қор сайты немесе ұялы қосымша арқылы алуға болады.

Мысалы, ағымдағы жылдың басына қарай зейнетақы шотының жәй-күйі тура­лы ақпарат алу тәсілі ретінде хабарлаудың электрондық тәсілін таңдағандар саны 2018 жылдың басынап қарай — 4,7 млн.  адамға жетті. Олардың ішінде шамамен 0,8 млн. адам үзінді-көшірмені электрондық поштасына алады (бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 75 пайыз­ға жоғары). Ал 3,9 млн. адам  ақпаратты қор сайты немесе «ENPF» ұялы қосымша­сы арқылы алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 33 пайызға жоғары.

2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 7,78 трлн. теңгені құрады. Осы­лайша 2017 жылдың басынан бері 1,1 трлн. теңгеге артты. Яғни бір жыл ішіндегі өсім 16,4 пайызды құрады.

Ал шарттардың барлық түрлері бойынша салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарының саны 10,12 млн. бірлікке жетіп отыр.

Айта кетелік, қор алдына корпоративтік даму стратегиясы аясында қойылған міндет­тердің бірі — әлемдік стандарттарға сәйкес сапалы қызмет көрсету. Бұл үшін электрондық сервистер саласында ақпа­рат­тық технологияларды дамыту қажет.

Қазіргі кезде электрондық байланыс арналары арқылы көрсетілетін қызмет­тердің үлесі 52 пайызды құрайды. Ал 2021 жылға дейін оны 55 пайызға жеткізу жос­парланған. Жоспардың жүзеге асатынды­ғына сенім мол.

Сөз соңында айтарымыз, әрбір жанға бейнеттің зейнетін көру бұйырсын!

 

Әзірлеген — Серік ЖҰмабай.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close