Үш балам да шәкіртақы алады

Қай қоғамда болмасын, білімді ұрпақ тәрбиелеуде ұлағатты ұстаздың алатын орны ерекше. Сондықтан, ұстаз қадірі мен мәртебесі тынымсыз еңбегіне лайықты жоғары бағалануы тиіс. Бүгінгі күні білім беру саласында жаңа бастамалар қолға алынып, тың иедеялар іске асырылып, оқыту жүйесінде жаңа әдістемелер қабылдануда. Осы жаңашылдықтың барлығын ең бірінші өзі меңгеріп,  содан кейін оқушының санасына сіңіретін де ұстаздар қауымы.

Біздер – ата-аналар, балаларымыз  терең білімді, жан-жақты болып жетілсе екен дейміз. Қай кезде де балаларымызды оқытатын мұғалімдердің біліктілігімен қатар, мектептің де барлық қажетті талаптарға сай болуын қалаймыз.

Осы орайда Алматы қаласындағы №191 Ғабиден Мұстафин атындағы  жалпы білім беретін мектеп ұжымына ата-ана ретінде оң ықыласымды жеткізгім келеді. Бұл мектеп қаламыздағы алдыңғы қатарлы білім ошақтарының бірі.

Егеменді еліміздің өсіп келе жатқан ұрпағын ойлы да іскер, өзіне-өзі сенімді, интеллектуалдық деңгейі биік азамат етіп тәрбиелеуде мектептің ықпалы зор.

Жас ұрпақты білімді, ақыл-парасатты, ой-өрісі биік, бәсекеге қабілетті азамат етіп тәрбиелеу – қоғамымыздың ең өзекті мәселесі. Өйткені, елдің ертеңін  озық біліммен қаруланған, жаңа технология­ларды игерген, бәсекеге қабілетті, салауат­ты да сауатты ұрпақ қана толыққанды қамтамасыз ете алады.

Әлбетте, мұның бәрі білікті басшы, ізденімпаз ұстаздардың біліктілігінің арқасында жүзеге асатын игі шаруа. Ең бастысы, балаға білмегенін үйретіп қана қоймай, білімге ынталандырып, жаңа белестерге жетуге жігерлендіру маңызды. Осы орайда, №191 Ғабиден Мұстафин  атындағы мектептің ізгі шараларының бірін айрықша атап өткім келеді. Мен – Мұса Серікқазы, ІІ-дәрежедегі мүгедекпін. Жұбайым болса үй шаруасында. Біздің үш баламыз осы мектепте білім алуда. Үшеуі де үздік оқушы атанып жүр. Мектеп басшылығының ұйғарымымен біздің отбасылық жағдайымыз ескеріліп, «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында озат оқушы атанып жүрген үш баламның әрқайсына 5 мың теңгеден ай сайын берілетін шәкіртақы тағайындалды. Шәкіртақы алған балаларымның да, біздің де  қуанышымыз шексіз. Білімнің арқа­сында отбасымыз қосымша көмекке ие болуда.

Бұл еңбек пен білімнің нәтижесі. Сондықтан, үш бірдей мектеп жасындағы балаларыма ақшалай көмек көрсетіп отырған осы мектептің директоры Айжан Сатыбалдықызына және ұстаздарға жүрекжарды алғысы­мызды білдіргіміз келеді. Бұл – әлеуметтік жағынан аз қорғалған, тұрмысы төмен отбасыларда тәрбиеленетін үздік оқушы­ларға деген мейірім мен шапағат, оларды материалдық, моральдық тұрғыдан қолдау деп білемін.

Үлкен ұлым да осы мектепті жақсы бітіріп, жоғарғы оқу орын үздік аяқтап, қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында  қызмет атқарып жүр. Одан кейінгі балаларым – Мағауия  Жандәурен осы аталған мек­теп­тің 9 «А» сыныбында,  Қадыр­жан 7 «А» сыныбында,  Шұғыла 2 «А» сыны­бында білім алуда.

Отбасымызда балалардың білім алуына баса назар аударып, қадағалап отырамыз. Балаларымның үшеуі де сабақтарын «беске» оқиды. Бұл тек қана отбасының арқа­сында деп айта алмаймын. Әрине, бірінші кезекте мектеп  ұстаздарының еңбегі зор. Ұстаз – әлемге көрік беретін, шәкірттеріне шуақ төгетін Күн сияқты. Сол күннен бойына қажетті нәр алып өсіп-өнген бала­ның мәуелі жеміс ағашы сынды айнала­сына берері мол болмақ.

Осындай ынталандыру шаралары көп болса дейміз. Ізгі бастама арқасында оқушылар өнегелі өмірден үлгі алып, білімге деген ынтасын арттырмақ. Құрметті ұстаздар! Шәкірттеріңіздің құрметі мен махаббатына бөленіңіздер. Шығарма­шылық ізденістеріңіз бен  ғылыми жаңа­лық­тарыңыз табысты болсын. Сіздерге отбасымның атынан мың алғыс!

 

 Мұса Серікқазы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *