ҮШ АУДАНДЫ ӨРГЕ СҮЙРЕДІ

Заманынан озық туған данышпан, хакім Абай өзінің қарасөздерін: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік…» деп бастайды. Асылында, Абайдың еңбектерін шығармашылық туынды деп атасақ, ол тым жұтаңдау көрінуі мүмкін, ал қараған жанға оның пайымы терең, тілі көркем, ойыңдағыны тап басып, көңіліңді көріктендіретін, күмәнді ойыңа күдіксіз жауап беретін, тағдырдың талайы алдыңа беймәлім жұмбақ тартқанда соның шешімін тауып беретін теңдесі жоқ өмір анықтамалығы. Одан кімдерді көргің келеді?

Елге адал қызмет жасап, ел мүддесін өзінің бас пайдасының мүддесінен жоғары қоя білген басшылар арамызда көп те емес, аз да емес. Олар бұрын да болған, қазір де бар. Мұндай басшылар елдің бағы. Сондай басшылардың бірі – Бағлан Жиенәліұлы Қарашолақов.

Еліміз егемендік алғаннан бергі кезеңде ұзақ жылдар бойы басқару тізгінінде келе жатқан қоғам қайраткерінің бүкіл саналы өмірі халықтың көз алдында келе жатыр.

Тәуелсіздіктен кейін елімізде әкімдік басқару институты құрылып, оған бұрынғы жүйедегі тәжірибесі бар азаматтар тартылды. Осы институттың бастауында тұрғандарға атан түйе тарта алмайтындай жүктің ауыры тиді. Ел экономикасы еңсесін тіктей алмай жер бауырлап жатты. Зейнетақы, жалақы, жәрдемақылардың берілу мерзімі бірнеше айларға созылды. Дүкен сөрелері қаңырап бос қалды. Осындай өтпелі кезеңде халықты мемлекеттің болашағына сендіру, оған көздерін жеткізу, оны нақты іспен дәлелдеу оңай емес еді. Оған сол кездегі облыс, аудан басқарған әкімдерге өршіл мінез керек еді. Ондай қайсар мінез Бағлан Қарашолақовтың бойында бар болатын. Оның бойындағы осындай мінезді білген облыс басшылығы оны 1992 жылы өндірісі мен шаруашылығы артта қалып, қатты дағдарысқа ұшыраған Мойынқұм ауданына әкім етіп сайлады. Шаруашылық директоры, аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған азаматтың сол тұста ауданды басқаруда тәжірибесі жеткілікті болатын.

Бағлан Жиенәліұлы тұтас еліміз үшін үлкен сын болған өтпелі кезеңде 1997 жылдан 2001 жылға дейін Жамбыл облыстық Тәртіптік кеңестің төрағасы болып қызмет етті. Осы тұста оның Тараз бойын жайлаған қалың елге деген шексіз жанашырлығы, адалдығы мен қамқорлығы, елге қажет дүниенің талан-таражға түсіп кетуіне жол бермегені, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, ел-жұртты облыс экономикасын көтеруге жұмылдыра білгені көріне білді.

Тоқсаныншы жылдардың бас кезі мен орта шенінде елдегі уақытша қиыншылықтарға байланысты азық-түлікті талонмен алу тәжірибесі енгізілді. Алайда, бұл үрдіс ұзаққа созылған жоқ. 2001 жылы облыс басшылығы оны Меркі ауданын тығырықтан алып шығудың жолдарын іздестіріп, халықты жұмысқа жұмылдыруға қабілеті жетеді деп сенім артты. Жаңа әкім аудан орталығындағы мекемелер мен өндіріс басшыларын осынау қиын сәтте халықпен бір болуға шақырып, бастама көтерді.

Иә, бірде-бір адам қоғам өмірінен тысқары қала алмайды. Өзі өмір сүрген ортаға адал қызмет ету жағынан келгенде Бағлан Қарашолақов кімге де болса үлгі бола алады. «Елді ерте білген мықты емес, ерді пана тұтып, сенім арта білген ел мықты» деген. Маңайыңда иық тіресіп, ойы ортақ, ниеті бір адамдардың болғаны да медет. «Көз қорқақ, қол батыр». Көптің аты көп. Ол сені өрге де сүйрейді, көрге де сүйрейді. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғанда» алынбайтын асу бар ма?! Солардың әрқайсысы ел дәулетін шалқытуға өзіндік үлес қосқаны ақиқат.

Өткен ғасырдың 60–70-жылдарындағы жастар ішер ас киер киімді ысырып қойып, алдымен білім алуға құштар болғанын жақсы білеміз. Жас Бағлан да осы санаттан еді. 1978 жылы Жамбыл су шаруашылығы құрылыс институтын бітіріп, түрлі шаруашылықтарда жауапты қызметтер атқарды. Жиырмадан асқан жас жігіт шаруашылық, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Өзі дүниеге келген Мойынқұм ауданында қарапайым жұмысшыдан, аудан басшысы қызметтерін жемісті атқарды.

Ел басқару қызығынан қиындығы көп, жауапкершілігі мол тірлік. Ол өзі басшылық еткен Мойынқұм, Мерке, Шу аудан­дарында ірі инновациялық жобалар жүзеге асып, экономика іс жүзінде дамып, әлеуметтік сала біршама жетістіктерге жетті. Ұлт жоспарын іс жүзінде жүзеге асырып, оны биіктерге жеткізді. Әсіресе, Шу ауданын басқарған кезең Бағлан Жиенәліұлының шырқау шағы болды.

Шу ауданы – ауыл шаруашылығы, өндірісі жан-жақты дамыған ірі аудандардың бірі. Ауданға келген күннен бастап, оның іскерлігін ұйымдастыру қабілетінің жоғары екендігі таныла түсті. Маңайына тек іскер, қабілетті кадрларды жинады. Аудан экономикасы мен мәдениетінің, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруына, ауыл өмірінің гүлденуіне қолынан келгеннің бәрін жасады. Елді-мекендерді сәулеттендіруге ерекше көңіл бөлді. Аудан орталығы адам танымастай болып өзгерді. Көшелер мен тұрғын үйлер тәртіпке келтірілді, көшелер асфальтталып, жарықтандырылды. Қай шаруаны жоспарласа да, мақсаты айқын, білімділігі, парасаттылығы, азаматтық ұстанымы жоғары Бағлан Жиенәліұлы бұл үлкен шаруада өзіне сенім артқан адамдарды жерге қаратпады. Өйткені, табиғатында ырду-дырдуға әуес кей басшылардай емес, қай жерде жүрсе де, өзін нақты істің адамы екенін көрсете білді, ойластырған шаруасы әркез өз қисынын, орнын тауып, елдің жүрегіне төте жол тауып жатты.

Кейіннен облыс әкімі оны мәслихат қызметіне жіберді. Шыңдалып, ұйымдастыру жұмыстарына әбден төселіп алған Бағлан Жиенәліұлы қайда еңбек етсе де артынан көпшілік: «Рахмет! Алланың нұры жаусын!» деп, жақсы тілекпен аттандырып отырды.

Бүгінде Мәслихат институтына да жүктелер жұмыс аз емес. Барған жерлерінде шаруашылыққа ғана мән беріп қоймай, өтпелі кезең әлсіретіп кеткен елді-мекендерді көркейту, құлып салынған кітапханаларды қалпына келтіру, иесіз қалған спорт кешендерін жандандыру, әсіресе, стадион, ипподром салу арқылы облыс тұрғындарының мәдени деңгейін көтеру ол үшін ат тізгінінің екі ұшындай. Оның да өзіндік себебі бар.

– Бізге ата-бабамыз жұрттың қолы жетпейтін мол байлық қалдырды. Ол – жер! Қандай бизнес жасаймын десең де, жер жетеді. Дамыған елдерден бизнесті үйренуіміз керек. Бірақ өзгенікін сол күйінше көшірмей, қолдан келгенді жасауға, дамытуға тиіспіз. Біз төрт түлігімен бай болған, осынша жерді бізге қалдырған аталар ұрпағымыз. Бұл менің өз пікірім, – дейді Бағлан Жиенәліұлы.

Бизнесті, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін кәсіпкерлерді қолдайтын қаншама бағдарлама өмірге келді. Субсидия, лизинг, несие, грант түрінде жеңілдіктер, көмек беріліп жатыр. Бағлан Жиенәліұлы осы мүмкіндіктердің ешқайсысын бос жібергісі жоқ, барлығын да пайдалануға тырысады. Есеп-қисапты шемішкеше шағады. Халқымыз тарихынан мол хабары бар қайраткердің бұл бағыттағы келтірген мәліметтері айрықша.

Қазір заман өзгерді, жүйе жаңарды. Кейінгі ұрпаққа келмеске кеткен кеңестік жүйенің сипатын сөзбен түсіндіріп жеткізу қиын. Тіпті, мүмкін емес десе болады. Жаңа дәуірдің перзенттері жетістік­ке жетудің жаңаша критерийлерін белгілеп алған сыңайлы. Қазір­гінің қаһармандары да басқа. Күрмеуі қиын күрделі салалардың білімі мамандардың қолында болғаны жақсы. Кеңестік кезеңде атқару жүйесінде қызмет етіп, тәуелсіздік тұсында үш бірдей ауданды басқарған қайраткер тұлғаның бұл жолда айтары көп.

Сұхбаттас бола қалсаң, сыпайылық пен сыйластықтың сабағын алғандай күн кешесің.

Қазіргі таңда Бағлан Жиенәліұлы жетпістің биігіне жетіп, ұрпақ тәрбиелеп, немере, шөбере сүйген ардақты әке, асқаралы ата. «Адам ұрпағымен, ағаш жапырағымен» деген еліміз Бағлан Жиенәліұлындай ардақтыларды жапырағы жайқалған, тамыры терең, еңсесі биік, алып бәйтерекке теңейді. Қоғам қайраткерінің ізін жалғап, ісінен үлгі алған үрім-бұтақтары дәл өзіндей мәуелі бәйтеректің саясында жайқалып өсіп, ғұмыры ұзақ болсын делік!

Асқар таулар алыстан көз тартады. Әйтсе де, біз әдетте ең алдымен таудың биіктігін ескереміз де, ол көтерер ауыр жүк жайлы тым кеш ойлаймыз, кейде тіпті мүлдем ұмыт қалдырамыз. Ең бастысы, халқы үшін қалтқысыз қызмет етіп, ұлтының ары іспетті азаматтың кейінге қалдырған өнегесі аз емес. Оның өмірбаяны ардың жүгі нардың жүгінен де ауыр болатындығының айқын дәлелі.

Бағлан Жиенәліұлы барлық жағынан белсенді өмірлік ұстаным иесі. Атаққұмарлық оған жат құбылыс. Онсыз да бір кісіге жетерлік атақ, абыройы бар. Табиғи талант және табанды еңбек дейтін қос қанат оны биіктерге жеткізген.

Республикамыздағы іргелі аймақ Жамбыл облысы мәслихатын басқарып отырған Бағлан Жиенәліұлы бүгінде Президентіміздің индустриялық-инновациялық жобаларын облыста жемісті жүзеге асыру жолында депутаттық корпусты ортақ іске жұмылдырып отыр. Жамбыл облысы жыл сайын айшықтанып, ажарланып келеді. Әрине, онда іскер басшы, мықты менеджер Бағлан Қарашо­лақов­тың да үлесі бар. «Құрмет» ордені мен бірнеше мерекелік медаль­дарының иесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мерке, Мойын­құм, Шу ауданының Құрметті азаматының алар асуы әлі алда.

«Адам ғұмыры ұзақтығымен емес, мазмұнымен өлшенеді» деген қанатты сөз Бағлан Жиенәліұлына арналып айтылғандай. Оның елге жасаған еңбегі, іскер басшылығы, адамдарға қамқорлығы, белсенді жұмысы онымен қызметтес, әріптес, сыйлас, ниеттес, тілектес болған қаншама жандардың көкейінде жаңғырып тұрғаны шындық.

Ол креативті, идеяға толы, демократияшыл басшы, әріптестеріне әрдайым қолұшын созуға дайын, адамгершілігі мол, қайырымды жан. Күрделі мәселелерді қарапайым тілмен түсіндіру, стратегиялық даму бағыттарын айқындау қабілетімен ерекшеленеді. Жетпістің биігіне көтерілген көрнекті басшының бойындағы адами асыл қасиеттер кейінгі ізбасарларына үлгі-өнеге.

Қайраткер адам тіршіліктің күнделікті қарбаластарымен шектеле алмайды. Оның санасында әрдайым ұлт қамы, ұрпақ мүддесі жүреді.

Әбікен ТОҚТЫБЕКОВ,

Мемлекеттік және жергілікті басқару институтының ректоры, профессор.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close