ҮШ ҒАСЫР БҰРЫНҒЫ ҚҰРАН КӨРМЕГЕ ҚОЙЫЛДЫ

Әсел ДАҒЖАН

Араб және парсы тілдерінде жазылған, салмағы 9 келі болатын, бір кездері Қожа Ахмет Яссауидің қабірінде сақталған Құран көпшіліктің назарына ұсынылды.

1936 жылдан бүгінгі күнге дейін Ұлттық кітапхананың Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорында сақталып келген Құранды қалың оқырман тұңғыш рет тамашалауға мүмкіндік алды. Бастапқы төрт беті және соңғы екі беті әсем безендіріліп, алтын түсті бояу жалатылып, өсімдік гүлді өрнекпен жиектелген Құран XVІІІ ғасырға тиесілі екен.

Ерекше құнды жәдігер «Алматы – Ислам мәдение­тінің астанасы – 2015» бағдарламасы аясында Ұлттық кітапха­наның көрмелер залында ұйымдастырылған Ислам әлеміндегі ұлы ғалымдар еңбектерінің кітап көрмесіне қойылды.

«Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы жанындағы мәдениет пен өнер мәселелері жөніндегі «Мирас» Қоғамдық кеңесінің қолдау білдіруімен ұйым­дастырылған көрмеге өнер, мәдениет қайраткерлері, қалалық мешіттердің бас имамдары, тарихшылар мен дінтанушы-ғалымдар, студенттер және Ұлттық кітапхана оқырмандары келді. Мәдени шараның ашылу салтана­тында сөз алған шығыстанушы-ғалым Дандай Ысқақов:

– Құрамына 57 мемлекет енетін Ислам ынтымақ­тастығы ұйымына мүше мемлекеттердің мәдени астанасы болып Алматының белгіленуі – Тәуелсіз еліміздің беделін көтереді. Оның үстіне бұл шаһар Шығыс пен Батысты бай­­ланыстырушы Ұлы Жібек жолының бойында орна­ласқан әлем мәдениетіндегі қарым-қатынасты, әріптестік бай­ланысты нығайтады. Көрмені ұйымдас­тыруға қолдау білдірген партия енді бұл шараның аясын кеңейтіп, әр ауданда, әр оқу орнында өткізгені дұрыс деп білемін, – деді.

Аталған көрменің ерекшелігі – көне қолжазба Құрандардың қойылуымен қатар Сүлеймен Бақырғани­дың «Хикметтері», XVІ ғасырда өмір сүрген шығыс ақындары Низами, Науаи, Сағди, Хафиз, Жәми, Физули және басқа ислам діні бойынша және поэти­калық жанрдағы шағатай, араб және парсы тілдеріндегі қолжазбалар қойылды.

– Мұнда Фатиха сүресі толығымен алтын жалатылып жазылған және кітаптың әр жері алтынмен өрнектелген. Бұл кітаптың тарихы ерекше. Ол біздің қорға 1936 жылы түскен. Қалай дейсіз ғой? Сол жылы Алматыдағы КСРО ғылым академиясының филиалына Түркістандағы қарау­сыз қалған Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің, ондағы кітапхананың аянышты тағдыры, кітаптардың тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп жатқаны туралы суық хабар келіп жетеді. Бұл аздай, ташкенттіктер келіп, сол кітаптарды ат-арба, есек-арбаларға тиеп алып кетіп жатты. Содан академия қызметкерлері арнайы экспедиция ұйымдастырып, қалған азын-аулақ кітапты Алматыға алып келеді. Ол бір зобалаң заман еді ғой, сол кітаптар бір айдай академияның ауласында жатады. Кейін, сол жылы ұлттық кітапханада сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры құрылған соң, библиограф ғалым Нығмет Сәбитов пен сол кезде кітапхана қызметкері болған атақты ағартушы ғалым, өлкетанушы Қоңырқожа Қожықовтың ұлы Құлахмет Қожықов екеуі кітапты кітапханаға өткізген. Ал қалған кітаптар ғылым академиясының қорында қалған, – деді ҚР Ұлттық кітапханасы Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорының басшысы Айқан Бекболатова.

Айта кетсек, көрмеге қойылған кітаптар жарыққа өте сирек шығарылады. Себебі, олар қараңғылықта 18 градус­тық температурада және 55 градустық ылғалды­лықта сақталады. Ал сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қоры 30 мыңнан астам құжаттан тұрады. Оның ішінде 1000-нан астам қолжазба  қазақ кітаптары­ның қазақ, орыс және шығыс тілдеріндегі топтамасы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *