Үш айдың басы тоғысқан апта

Алматы аспанынан қорғасын бұлттар қашан көшеді?

Бүгін – қолданыстағы күнтізбе бойын­ша, маусымның – 14-і. Қазақша есепке сүйенсек,  жаңа айдың басы, бірін­ші күні. Ал мұсылманша рамазан айының – 29-ы, яғни оразаның соңғы күні.

Әлем мұсылмандары сияқты, Қазақ­стан мұсылмандары да мұсылманның бесінші парызы – ораза ұстау (ауыз бекіту) рәсімін бүгін аяқтайды. Ертеңнен бастап ораза айты басталады.

Мың айдан да қайырлы Қадір түнін Алматы мұсылман қауымы маусымның 11-інен 12-сіне қараған түні зор ілти­пат­пен, ерекше құштарлықпен күтіп алып, дұғамен, зікірмен шығарып салды.

Алматының көктемі  биыл ерекше жауын-шашынды болды. Найзағай­латып жауған бұршақ аралас нөсерді айтпағанның өзінде маусымның алғаш­қы аптасына дейін  айбарлы  Алатаудың қырат-белдеріне, шоқы-жоталарына  қар түсті. Тіпті, нөсердің қатары әлі сирейтін түрі жоқ, жаздың шуағын шашып, ыстық құшағын жаюына да мүмкіндік бермей тұр.

Қазақ жұлдызшыларының есебі бойынша, маусым айының соңында, шілде айының басында үркер жұлдыз­дар шоғыры аспаннан ауып, көрінбей кетеді. Бұл құбылыс 40 күнге созылады. Осы мезгілде қатты ыстық болып, күн­нің ыстығы 40 градусқа, одан да жоғары көтерілетін болған. Мұны қазекең «Қы­рық күн шілде» деп атаған. Шілде сөзі «қырық» деген санды білдіреді екен. Арап пен парсыдан енген көрінеді.

Жыл маусымында күн мен түннің теңелуін, күннің ұзаруы мен қысқа­руын мұқият қадағалап отыру дағдысы үнемі жалғасын тауып келеді. Мәсе­лен, «Күн тоқырауда торғай адым, қаңтарда қарға адым ұзарады, шілдеде шіл адам қысқарады» деген сөз бар. Қазір күннің ұзарған уақыты. Ең ұзақ күн осы маусымның 20-22-сі аралы­ғында болады. Осыдан соң, яғни шілде амалы басталғасын (маусымның 25-інен кейін) күн қысқаруға бет қояды.

Күнара жаңбыр жауса да, сәт санап жылылық артып келеді. Бірақ бұл әлі жаздың басы ғана. Алдымызда жоға­рыда айтқан «40 күндік» амал бар. Нағыз  шыңылтыр шілде, аптап ыстық сол кездерде көрініс береді. Қазір өткен жолы сөз еткен, түйе малы үшін қауіпті «мырза» амалы жүріп жатыр. Ертең аяқталады.

Бір ай орталанып (григорианша), бір ай бітіп (мұсылманша), бір ай басталып (қазақша) жатқандықтан, алдағы аптада аракідік жауын-шашын болып, күннің ыстығы арта түсуі әбден мүмкін.

 

 

 

Айға қатысты

*Айлы түнде үйден сыртқа сүт алып шығуға болмайды.

Сүтке Ай сәулесі түссе, малдың желіні ісіп, желін ауруына шалды­ғатын көрінеді.

 *Айды саусағыңмен көрсетпе;

*Ай сәулесін бетіңе түсіртпе;

*Ай толғанда желі тартпа;

*Жаңа Ай туғанда қойға қошқар жіберме;

*Ай толғанда көшпе;

*Ай толғанда қыз ұзатпа;

*Ай толғанда үй тікпе.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *