СЕЗІМСІЗ ҚАЛА СЕЛТ ЕТПЕЙТІНДЕЙ КӨРІНЕДІ КЕЙДЕ

Алматылықтардың алданышы

 

Мөлдір БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

23Алматыда күннің шуағы жерге төгілген жылымық қыста жер бетіне көктемнің исі келеді. Боз аспаны суық қаңтарды ұмыттырып, таңғажайып күйге бөлейді, алдайды. Таңсәріден табиғатқа тамсанып отыратын қаланың тұрғындары қарбалас өтетін уақытқа әбден бейімделген. Бірақ, бір аспан астындағы тіршілік иелерінің тіршіліктері бірдей емес. Қоғамдық орталарда қала тұрғындары бос уақытын әр түрлі өткізеді.  Осы орайда қозғалар мәселе мен айтылар ойдың түйіні – Алматы аспанын саялаған адамдардың алданышы туралы болмақ.

 

Бекеттегі беймаза тірлік

 

«А22лматы-1» теміржол бекеті. Бекет алдында – «жүк салыңыз, арба сүйреймін» деген азаматтар, жақындарын ұзақ жолдан күтіп алған қала тұрғындары және адам жүретін жолды жапқан автокөліктер. Осы қозғалыстарға көз жүгіртіп, бекетке беттей бергенімде «тәтетай…» деп орысша тіл қатқан кішкене бала қолымнан ұстай алды.

– Қалтаңызда артық тиыныңыз болса, нан келетін ақша бере аласыз ба? Бермесеңіз де өкпелемеймін…

– Өзің тіпті кішкентайсың, кешкі уақытта мұнда не істеп жүрсің? Ата-анаң іздеп жүрген шығар, қараңғы түспей үйіңе қайт.

– Мен әжеммен тұрамын, ата-анам жоқ. Бізге ақша керек…

Қалтасына екі жүз теңге түсірген жеті жасар баланың мектепте оқымаймын дегені өтірік екенін қасына ерген досы артынша мойындады. Өздерінің сол мезетте келгендерін, біраз ақша түсірсе, қайтатындарын сенімді жеткізді. Олардың шын, болмаса, алдап айтқандарын біле алмасымды ұғып, үйлеріне тездетіп оралсын деген ниетпен қолдарына аз ғана тиын ұстаттым. Көңілдері көтерілген күйде екі дос өз жөндеріне жөнелді. Ол екеуіне қарап, жүрегім шым ете түсті. Мектеп табалдырығын аттап, хат танымай жатып, адамды алдайтын айла тауып, күн көріп жүргендеріне қайран қалдым. Алаңсыз баладан гөрі, өмірдің тауқыметін тартып жүрген ересектей көрінген екеуіне қарап тұрған менің санамды «балаларға осы алданыш қайдан жолықты екен?» деген ой мазалай берді.

Тағы да темір жол бекетінің ішіндегі жолаушылар тірлігіне көз жүгірттім. Бір-бірімен жадырап сөйлесіп, әзілдесіп тұрған адам байқалмайды. Барлығы қолдарындағы ұялы телефонға байланып қалған. Мұнымен қоса, ойын дүңгіршегіне қарай үйірілген адамдарды көресіз. Оның арасында кәрісі де, жасы да табылады. Жол жүретін уақыттарын хабарлай қоймаған соң, арбаушы дүңгіршектің алдына қайта оралады. Ал, гитарада ойнап отырған бір жолаушы менің назарымды өзіне аударды. Көп ішінен ерекшеленген жас жігіттің «мына адамдардың тірлігін-ай» деген ойда тұрғанын байқайсыз. Темір жол бекетіндегі осы бір жағдайларға куә болған менің көңілім түскен күйде әуен тыңдап, ойға батқан күйде орындыққа отыра кеттім.

 

Базарлардың да өз алданышы бар

 

40Қаңтардағы аяздың беталысы айтарлықтай қатты емес. Дегенмен, күнделікті нәпақасын тауып, күн көріп жүрген базардағы сатушыларға оңай соқпайтыны айтпаса да түсінікті. Сағат тілі 9-ды көрсеткен сәттен Алматы базарлары өз жұмысын бастап кетеді. Алды «Алтын Ордадан» басталса, оның қатарына «Көк базар» мен «Барахолка» қосылады. Қай базарға барсаңыз да адамдар көп, бірақ, сатып алушы аз. Ал, саудасы жүрмей, тауары өтпеген жағдайда саудагерлерге табыла қоятын басқа жұмыс жоқ. Сол аралықта ыстық шәй мен қызу әңгімемен уақыт өткізіп, арасында басқа дүңгіршектерге барып, қыдырып қайтады. Олардан бөлек ұялы телефон арқылы хат жазысып, хабар алысу да бар.

Ығы-жығы адамдар арасынан базар сыртына шыға берсеңіз, автотұрақ пен көше бойындағы көліктер тұсынан «такси, такси» деген дауыстар естіледі. Ол жақтың да өзіндік қызығына куә боласыз. Таксистердің де саны көп, жолаушысы жоқ. Бір күндік кестелерін дайындап, өзара кезекке тұрады. Ал, бос уақыттарын карта ойнаумен өткізетіндері байқалады. Жәй емес, қызбалана ойнайды, тегін емес, ақшаға. Ойынның түбіне жете алмағандары қалталарын төңкеріп, кешті батырып, үйлеріне тарайды.Осындай саудагерлер мен таксистердің бір күндік өміріне куә болған менің ойыма осы бір шумақтар орала кетті:

Таусылмайды базарлар байбаламы,

Таксистер де «бензин» деп ән салады.

Бүгінгі осы, ертеңге не десек те

Вокзалдағы жағдайлар ой салады.

 

Ыңғайлы метроның жолаушылары

 

99Қалалық метро – «Райымбек бекеті» мен «Мәскеу бекеті» аралығында жолаушы тасымалдайды.  Метроға кіре бергеннен жан-жағыңа жалтақтай бастайсың. Себебі, екі бағытта сырғып жатқан эскалатор маңайына әлемдегі ең үздік демалыс орындарының кескіндері, аялдама сайын қабырғаларда өрілген тарихи жәдігерлер бейнеленіп, адамды қызықтырып әкететін электронды жарнамалар көрсетіледі.  Әрине, мұның бәрі метроның жолаушыларына, яғни, әрбір жүргіншіге арналады. Қазіргі таңда жерасты жолымен жүретін жолаушылар саны көбейгенін білеміз. Алматының жерасты жүрдек метросы келгенше жолаушылардың өздеріне тиесілі уақыты көп. Олардың көбі қызықты жарнамаларды тамашалап, ұялы телефондарына байланады. Арада алты-жеті минут өткізіп, пойыз да келеді. Жолаушылар пойызға ағылады. Жерасты жолындағы небәрі сегіз бағытқа бағытталған уақыт ішінде жолаушылар көбіне кітап оқуға бейімделген. Ең бастысы, метро бекеттерінен қоғамдық көліктерде орын алатын түрлі ұрыс-керіс, байбалам салған кондукторлардың жоқтығы қуантады. Сол себепті де, жерасты қозғалысы жолаушылар үшін аз уақыттық  демалыс пен кітап оқуға әбден ыңғайлы көрінеді.

 

ОЙ-ТҮЙІН

Алматының көшесі Бақыт жолы сияқты…

Бірінші курстың алғашқы бөлігін аяқтаған «балмұздақтар» сағындырған ауылға қайтамыз. Ыстық ұяңнан жыраққа аттанған сәттен үй ішіндегі кез келген адамның өзіңді уайымдап, елегізіп іздейтіні тағы бар. Осындай күндердің бірінде біз секілді студент болған үйдің үлкендері арман қала – Алматы жайлы азды-кемді естеліктерімен бөлісіп отырады. «Өздерің секілді біз де ауылға асығып, соңғы секундтарды да санадық. Автобекетке, не саябаққа келген сәттен жан-жағымыздағы газет-журнал оқыған кісілерге ілесіп, сөмкемізден кітап шығарып, жарыса оқушы едік… Сол Алматының саябағы әрқашан әнге бөленіп тұратын еді. Үлкенді-кішілі жұмыстан қолы қалт еткен алматылықтар түрлі аспаптарын құшақтап, сол саябаққа келмейтін бе еді?»

 Алматы жайлы айтылатын әрбір әңгіме осылай басталатын-ды. Соңғы кездері ата-анамның сол кезеңдегі жүрек жазбалары есіме жиі оралып жүр. Үзік ойдың жетегіне еріп, бұл жолы Алматының «бақытқа толы көшелерін» өзгеше күйде араладым.

 Әнге бөленген саябақ та, әуелете ән салған әншісі де, бойында жігері бар, өзара ыстық сезімді аңсайтын жастары да көрінбейді. Бүгінгі Алматы саябағы мен бекеттегі «ән» басқаша айтылады. Себебі, біздің қоғамның жасы мен кәрісі әлеуметтік желіге тәуелділігі былай тұрсын, олар басы-бүтін сол виртуалды әлемге еніп кеткен. Көңілді қынжыл­татыны да осы, өздерін жасанды сезімдермен алдап жүргендерін байқамайды. Ал, шынайы сезімі жоқ адамдардың өмірі – жасанды, бір-біріне деген махаббаты – тұрақсыз келеді. Жоғарыда айтылған деректер мен оқиғаларды сіздер де ой елегінен өткізіп, маңайыңызға зер сала жүрсеңіз дейміз. Сезімсіз қала селт етпейтіндей көрінеді кейде, оның сәні де, мәні де өзіміз емес пе едік…

 

Керек дерек

Алматылықтар арасында:

Ұялы телефон қолданатын және әңгімеге бейімдері – 50 пайыз;

Түрлі ойындарға әуестенгендер – 30 пайыз;

Жан-жағына мән бермей, ой түбінде жүретіндер – 20 пайыз;

Газет-журналдар мен кітаптарды оқитындар – 10 пайыз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *