ӘСЕТ ӘЛЕМІ

Балнұр АХМЕТ

Ұлттық кітапханада Әсет Бейсеуовтің 80 жыл­дық мерейтойына  орай  «Жүрегі ән деп соғатын» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Әсем әнмен әрленген ізгі шараға есімі елімізге белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері, ақынның туған-туыстары мен өнерсүйер қауым қатысты. Тағылымға толы шараны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алматы ақшамы» газетінің Бас редакторы Қали Сәрсенбай жүргізді.

Қарымды қаламгер Тұрсынбек Ешен­құлов құрастырып, дайындаған  «Жүрегі ән деп соға­тын»  кітабы композитор, Қазақ­станның халық әртісі, лирикалық әндерімен әр адамның жүрегіне сазды әуеннің тұнық бұлағы болып құйылған Әсет Бейсеуов туралы. Кітапта Ә.Бейсеуовтің замандас­тары, аға-інілері, әпке-қарындас­тарының естеліктері, Қазақ радиосы­ның «Алтын қорында» сақталған әндерінің тізімі топтас­ты­рылған. Композиторға арналған кітап «АRNA-B» баспасынан жарыққа шыққан. 

Ізгі шараны жүргізген Қали Сәрсенбай кітаптың құндылығы мен ерекшелігіне тоқталып өтті.

– Оқырманға жол тартқан бұл кітап Алматы қаласы­ның әкімі Бауыржан Байбектің тікелей тапсырмасымен, Мәдениет басқармасының қолдауымен жарыққа шықты. Кітапты құрастырған, Әсет Бейсеуовпен бірге ғұмыр кешкен, жастық шағын бірге өткізген қазақтың қарымды қаламгері Тұрсынбек Ешенқұловқа алғыс айтамыз. Достың да досы бар. «Бір дос бар қия беткейге дейін, бір дос бар қияметке дейін» дейді қазақта. Халқымызда талантты адамдар аз емес. Әсет Бейсеуовтің әндері, әрине, ұмытыл­майды, халық айтады, қазақ аман болса, жасай береді. Алайда, талантты тұлғаның өмірде бір жоқтаушысы болуы керек. Осы орайда, Тұрсынбек Ешенқұловтың тірнектеп жүріп, іргелі іс тындырғанын атап өткеніміз абзал. Әсет Бейсеуовтің әр әнінің өзі бір спектакль деуге болады. Ән­дерінің барлығы таңдамалы. Бұл кітапта Әсет Бейсеуовтің болмыс-бітімі, бейнесі сомдалған, адамгершілік асыл қасиеттері айтылған. Кітапта Әсет Бейсеуовтің Қазақ радио­сының «Алтын қорында» сақталған 320-дан астам әндерінің тізімі берілген. Бұл өте құнды мәлімет болып табылады. Бұл кітаптың құндылығы мен ерекшелігі екені сөзсіз, – деді  Қали Сәрсенбай.

Ізгі шарада сөз алған мәдениет және өнер қайрат­керлері Әсет Бейсеуовтің қазақ өнерін өркендетудегі орнын, кітаптың рухани маңыздылығын айрықша атап өтті.

«Армандастар» әні докторлық диссертацияға лайық дүние

Пернебек МОМЫНОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

өнер зерттеушісі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық

Өнер академиясының профессоры: 

– Әсеттің ұлағатты ұстазы болған Ибрагим Нүсіпбаев «Мен бір қара торы баланы тәрбиелеп жатырмын. Ол болашақта қазақ халқының жұлдызы болады» деген еді. Кейде ол консерваторияны бітіргенде не болар еді деген ойға келеміз. Мен  консерваторияны бітірген кісілердің әндері мен бітірмеген кісілердің әндерін салыстыра отырып, үлкен ғылыми зерттеу мақала жаздым. Консерваторияны бітірген Ахмет Жұбановтан бастап барлық композитор­лардың әндерін санап шықтым. Оны бітірмеген Әсет, Әбілахат, Шәмші, Ілия тәрізді талант­тардың әндерін салыстыра келгенде консерватория­ны бітірген кісілердің кейбірі ұтылып та қалады. Мұндай салыстырманы ешкім жасаған емес. Біздің ортамызда қазақ музыкасын зерттеушілер өте аз. Ал орысша зерттеушілер қазақ әндеріне бұрыла бер­мейді. Қазақ күй мәдениетін де біле бермейді. Сондықтан олар бұл тақырыпқа тиіспейді. Әсеттің ән мәдениетін игерудегі құдыреті әлі зерттелген жоқ. Менің білуімше, әрбір университтерде бұл бойынша әлі ғылыми зерттеу, кандидаттық диссертация қорғалған жоқ. Әсеттің үш әнін қосып жіберсеңіз, бір кандидаттық диссертацияға арқау бола алады. Ал Әсеттің «Армандас­тар» деген әні мектепті, университетті бітіріп жатқан түлектердің әдемі әнұраны деп санаймын. Менің студенттерге сабақ беріп жүргеніме 62 жыл болды. Дәріс соңын «Армандастар» әнімен аяқтау әдемі дәстүрге айналған. Бір «Армандастар» әнінің өзі докторлық диссертацияға лайық дүние. Болашақта бұл жүзеге асады деп сенемін. Консерватория бітірмеген талантты тұлғалардың қазақтың ән мәдениетіне қосқан өлшеусіз еңбегін зерттеу әлі алда қолға алынатын шаруа деп санаймын. Әсетті ән мәдениетінің чемпионы деп айтуға толық құқығымыз бар. Өйткені, екі үлкен монографиялық ән жинағындағы әндерді санап шыққанда, мыңнан асып кетеді. Әсеттің әрбір әнін қарасаңыз, оның құрылымы, сөзі қазақ халқының ән мәдениетінің ырғағынан шықпайды. Ешқандай халық Әсеттің әндерімен таласа алмайды. Әсеттің әсем әндері болашақ жастарға үлкен қанат береді. Ән мәдениетінің сұңқары – Әсеттің әндерін білмейтін қазақ қазақ емес.

 

Ақжарқын, адал азамат еді

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,

жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының

лауреаты:

– Қазақ өнерінде өнегелі із қалдырған Әсет Бейсеуов­пен, Шәмші Қалдаяқовпен, Жұмекен Нәжімеденовпен біраз жыл жақын араластық. Қазір олардың бәрін іздейміз, сағынамыз. Әсет өмірде өте ақжарқын, адал азамат еді. Анекдот тыңдағанды өте жақсы көретін, рахаттанып тұрып күлетұғын. Бұл жаңа шыққан жинаққа бір естелігім ен­гізілген. Бұйырса, әлі де жазылар. Кезінде «Армандастар» деген әніне әзіл өлең жазып, Әсетті үйге шақырып, екеуміз оқып, біраз күліп алған едік. Сол кезде ол «Тамашаға» бермейсің бе?» деп айтқан еді. Кітапта сол естелігім бар. Жүрегінен әсем әуен әуелеген Әсеттің қалған ұрпағына, немере-шөберелеріне Құдай ұзақ ғұмыр берсін!

 

Өмір мектебі өнердегі консерваториясы болды

Нұрғали НҮСІПЖАН,  

Қазақстанның халық әртісі:

– Алла Тағала біз сияқты әншілердің бағын ашарда соған себеп болатын, соған өмірінде дос болатын, істеген ісіне, басқан қадамына шапағатын шашатын азаматтарын да қоса береді екен. Мен өзімді сондай азаматтардың, әншілердің бірімін деп есептеймін. Алла Тағала өмір мен өнер жолымда бағыма орай Нұрғиса Тілендиев бастаған таланттар шоғыры – қазақтың ұлы дарынды азаматтарын, музыка өнерінің биіктерімен кездестірді. Композиторлар өмірден өткенмен, олардың туған еліне арнап жазған тамаша туындылары хал­қының жүрегінде мәңгі өмір сүреді. Ел-жұрты аманда олардың шығарма­лары ешқашан өлмейді, ұмытылмайды. Сахна төріне шыққан сайын қазақ өнерін өркендеткен асыл азаматтардың рухына тағзым етіп, биік бейнесін, тау тұлғасын көрсетуге ты­рысамыз. Әсеттің талантты композитор болмауы мүмкін емес еді. Өйткені, ол консерваторияны бітір­месе де, әрбір басқан қадамында, жазамын деген әрбір әнінде консерватория оның көз алдынан өтіп тұрды. Қазақтың дүлдүл ақындары Әсетке өлеңдерін ұсынып отырды. Оны қоршаған дүлдүл ақын­дардың, білгір азаматтар­дың барлығы Әсеттің тағылымды тәрбие алған өмірлік мектебіне айналды, өнер жолындағы консерва­ториясы болды.

 

Ешқандай оқу талант тудыра алмайды

Марал ЫСҚАҚБАЙ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: 

– Әсетпен оқуға түсуге келген кезде танысқан едік. Сол кезде Әсеттің мектепте оқып жүргенде шығарған «Алма­тым менің» дейтін жалғыз ғана әні бар еді. Ол мектепті әлі бітірмей тұрғанда Ибрагим Нүсіпбаев ағамыздың арқасында «Алматым менің» әні Қазақ радиосынан беріліп жүрді. Өмір жолында Әсетпен қатар жүрдік. Әсет Құдай берген талант еді. Менің ойымша, ешқандай оқу талант тудыра алмайды. Егер Құдай бойына қабілет-дарын дарытпаса, адам он университет немесе он академия бітірсе де, ол талант болып жарыққа шықпайды. Құдай Әсеттің көкірегіне ән салып қойған адам. Өмірде талантты адамға ешқандай оқудың керегі жоқ екен. Құдайдың берген таланты адамды өмірде биікке жеткізетін көрінеді. Әсет Бейсеуовтің әсем әндері үлкен сұранысқа ие. Мен Автор­лар қоғамын 20 жылдан астам басқарып келемін. Сон­дықтан кімнің әні орындалып жатыр деген мағлұматтан жақсы хабардармын. Ел арасында туындылар­дың таны­малдығын, қаншалықты сұранысқа ие екендігін қалам­ақысына қарап білуге болады. Бұл шығарманың танымал­дығының, халық арасында таралымының нақты көрсеткіші болып табылады.

 

Әсеттің әндерін тыңдай бергіңіз келеді

Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ,

жазушы:

– Әсеттің әндерін тыңдаған сайын тыңдай бергіңіз келеді. Жұртшылықтың жүрегіне жол тапқан «Арман­дастар» әнінің ел аузынан түспей ерекше қуанышпен айтылып келе жатқаны оның құндылығын көрсетеді. Көңіліңізді көгершіндей көкке өрлететін бұл әсем ән жалынды жастарға жігер беріп, санасына ой ұялатады. Ынтымақ пен бірлікке баулиды. Сағынышқа толы ән болғандықтан, адамның жүрегінде сағыныш сезімін оятады.

 

Ең алғаш мені үлкен сахнаға жетектеп шыққан Әсет Бейсеуов еді

Ұлжан АЙНАҚҰЛОВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:

– Әсет Бейсеуовтің өнегелі өмір жолы жайлы кітапты жарыққа шығарып, болашақ ұрпаққа естелік етіп қалдырып жатқан Тұрсынбек Ешенқұловқа мың алғыс айтқым келеді. Кітабыңыз құтты болсын! Ең алғаш мені үлкен сахнаға жетектеп шыққан Әсет Бейсеуов еді. Өнер жолында маған үлкен сахнаға бағыт-бағдар берген – Әсет Бейсеуов. Нағашы ағам Әнуарбек Дүйсенбиевтің арқасында Әсет Бейсеуовпен таныстым. Әсет Бейсеуовтің арқасында үлкен сахнамен таныстым. Қазақконцерт залында қазақтың мандайалды жұлдыздарымен  ең алғаш рет Әсет ағаның жанында күйсандықтың қасында тұрып ән айтқан едім. Қазақ тірі тұрса, қазақтың өнері өлмейді. «Мен қазақпын!» деген әрбір қазақ Шәмші Қалдаяқов пен Әсет Бейсеуовтің әндерін ешқашан өлтірмейді.

 

Сазгерге арналған еңселі ескертіш орнатылады

Төлегетай АҚБАУОВ,

ардагер ұстаз:

–  Қадірлі ағайын, «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді. «Адам өлген күні өлмейді, ұмытылған күні өледі» дейді. Қазақ тірі кезінде Әсет Бейсеуов ұмытылмайтыны рас. Қазақтың қаймақтары жиналып, Әсет Бейсеуовтің рухына тағзым етіп, еске түсіріп отырмыз. Жақсы адамның жанында жақсы кісілер жүреді ғой. Оның жанында жүрген Шәмші Қалдаяқов пен Нұрғиса Тілендиев туралы да әдемі әңгімелер айтылды. Біз бір көшеде тұрдық. Қасиетті Қарғалының топырағынан қандай дүлдүл шықпаған?! Әсет Бейсеуов көз жұмғаннан кейін ауыл азаматтарының атсалысуының арқасында Қарғалыда Әсет Бейсеуов атындағы мектебі мен мұражайы ашылды. Бірнеше жылдан кейін көшелердің біріне оның есімі берілді. Қарғалының орталық алаңында Әсет Бейсеуовтің 80 жылдық мерейлі мерейтойына орай еңселі ескерткішін орнатып, үлкен той жасауға дайындалып жүрміз. Өмірде адал дос деген болады. Әсет Бейсеуов пен Тұрсынбек Ешенқұловты тағдыр табыстырған, екеуін Жамбыл ауданында, Ұзынағаш деген жерде Құдай қосқан. Кезінде Әсет Бейсеуов «Құлан саз» ансамблін ұйымдастырды. Сол кезде Тұрсынбек Ешенқұлов аудандық мәдениет бөлімін басқарды. Содан бастап айырылмас мәңгілік дос болды. Мектептің ашылуына мұрындық болды. Кейіннен мұражай ашылды. Міне, нағыз дос деген осы! Той тойға ұлассын! Әсет Бейсеуовтің есімі елімен бірге мәңгілік жасай берсін!

 

Мен, Әсет, Торғын…

Жұмаш АРҒЫНБАЕВ,

журналист:   

– Біз Әсет Бейсеуовпен мектепте бір сыныпта оқыдық. Өткен ғасырдың 1954 жылы еді. Ауылдан Алматыдағы жалғыз қазақ мектебі – №12 мектеп-интернатына келіп орналастық. Оқу жылы басталды. Қазан айының басында тәрбиешімен бірге бөлмемізге бір ұзын бойлы, арықтау келген жігіт кіріп келді. «Бұл бізге жаңадан келген бала. Кешігіп келді. Бөлмеде орын жоқ. Енді оны қайда орналас­тырамыз?», – деді. Бәріміз қарап отырмыз. Бір уақытта маған қарады да, «Жұмаш, сенің қасыңа жатсын», – деді. Сөйтіп, Әсет екеуміз бір бөлмеде, бір төсекте жаттық. Таныстық. Жерлес болып шықтық. Содан бірге оқып, бірге араласып кеттік. Ол 9-сыныптан бастап ыңылдап ән айта бастады. Жүрсе де, тұрса да бір әннің ырғағын айтады да жүреді. Әдебиет үйірмесіне қатысатынбыз. Бір күні бөл­меде 5-6 бала отыр едік, «Мен жаңа ән жаздым, қане, тың­даңдар», – деді. Тыңдадық. Содан қолын сілтеп, сөзі жоқ, бір әнді ырғағымен айта бастады. «Әннің ырғағы жақсы екен», – деп едік, ол: «Иә, бұл жақсы ән болады. Бірақ бұның өзі бар да, сөзі жоқ. Жұмаш, сен сөзін жаз», – деді. Бәріміз әдебиет үйірмесіне қатысатындықтан, өлең жазатынбыз. Бірақ аяқастынан өлең қайдан шықсын? Есіме бірге оқитын Мұқатай Жылқайдаров деген жігіт түсті. Ол алдында Алматы туралы өлең жаздым деп жүретін еді. Соған барсақ, оның өлеңдерінің буын саны көп екен, әнге келмей қалды. Содан ол өлеңді қайтадан жазуға ниет білдірді. Сөйтіп, ол өлеңнің сөзін жазды, Әсеттің әні сәйкес келді. Содан олар өзіміздің мектептегі хордың жетекшісі, композитор Ибрагим Нүсіпбаевқа апарды. Ол кішкене түзету енгізгеннен кейін бүкіл мектептің хоры сол әнді орындады. Әннің аты «Алмалы Алматым» болатын. Мектеп хорында жүз шақты ұл-қыз ән айтатын. Алдында әнші бір қызымыз бар. Ол Торғын Тасыбекова болатын. Бәріміз бір сыныпта оқыдық. Ол әнді бастайды, мектеп хоры сол әнді жалғастыра жөнеледі. Радиодан келіп, сол әнімізді жазып алған еді. Ол кезде радиода мектеп оқушыларына арналған бір бағдарлама болатын. Бұл бағдарлама әрқашан сол әнмен басталатын. Міне, сол кезден бастап Әсет екеуміз араласып, дос болып кеттік. Оқу бітіргеннен кейін Жамбыл ауданында кездестік. Мен аудандық газетте жұмыс істеп жүрдім. «Жетісу» газетінде істеп жүрген кезімде ол қалада қызмет атқарып жүріп, редакцияларға, баспаларға келгенде маған кездесіп кететін. Жолыққанда өткен-кеткенді біраз айтатынбыз. Әсеттің әні барда оның өзі де бар. Әсеттің әні қасиетті қазақ елінде, кең-байтақ әлемде қалықтай берсін!

***

Шараның шымылдығы «Армандастар» әнімен жабылды. Қазақ өнерінде өзінің қайталанбас қолтаңбасын қалдырған сазгердің әсем әндері әуелеген ізгі шарада Әсет Бейсеуовтің інісі Аман Бейсеуов, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылы әкімінің орынбасары Азамат Чашабаев, Жамбыл ауданының Құр­метті азаматы Виктор Никитин, күйші Талап Қараш, Әсет Бейсеуов атындағы орта мек­тептің директоры Мира Маханбетова кітаптың авторына алғыс айтып, композитордың әсерлі әндері әлі талай ұрпақтың жүрегін тербей беретінін тілге тиек етті.

Консерваторияны бітірген Ахмет Жұбановтан бастап барлық композиторлардың әндерін санап шықтым. Оны бітірмеген Әсет, Әбілахат, Шәмші, Ілия тәрізді таланттардың әндерін салыстыра келгенде консерваторияны бітірген кісілердің кейбірі ұтылып та қалады. Мұндай салыстырманы ешкім жасаған емес. Біздің ортамызда қазақ музыкасын зерттеушілер өте аз. Ал орысша зерттеушілер қазақ әндеріне бұрыла бермейді. Қазақ күй мәдениетін де біле бермейді. Сондықтан олар бұл тақырыпқа тиіспейді. Әсеттің ән мәдениетін игерудегі құдыреті әлі зерттелген жоқ. Менің білуімше, әрбір университтерде бұл бойынша әлі ғылыми зерттеу, кандидаттық диссертация қорғалған жоқ. Әсеттің үш әнін қосып жіберсеңіз, бір кандидаттық диссертацияға арқау бола алады. Ал Әсеттің «Армандастар» деген әні мектепті, университетті бітіріп жатқан түлектердің әдемі әнұраны деп санаймын. Менің студенттерге сабақ беріп жүргеніме 62 жыл болды. Дәріс соңын «Армандастар» әнімен аяқтау әдемі дәстүрге айналған. Бір «Армандастар» әнінің өзі докторлық диссертацияға лайық дүние. Болашақта бұл жүзеге асады деп сенемін. Консерватория бітірмеген талантты тұлғалардың қазақтың ән мәдениетіне қосқан өлшеусіз еңбегін зерттеу әлі алда қолға алынатын шаруа деп санаймын.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *