«Сергектен» түсетін қаражат жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған

Алматыда жолдағы қауіп­сіздікті қамтамасыз ету мәселе­лері бойынша баспасөз мәсли­хаты өтті. Оған Алматы қаласы полиция департаменті әкім­шілік полиция басқармасының басшысы Жандос Мұраталиев, «Сергек» жобасын басқару бойынша директор Бибігүл Айтүкенова, сонымен қатар сараптама қоғамдастығы мен жұртшылық өкілдері – Тәуелсіз Автомобиль одағының төрағасы Эдуард Александрович Эдоков пен қоғам өкілі Думан Қапасов қатысты.

Алматыдағы жолдардың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Сергек» фотовидеофиксация мен талдау жобасы енгізіліп, 400 аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылды. Аталған жобаны мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында Алматы қаласының полиция департаменті және қазақстандық ІТ компа­ниямен бірге «Көркем Телеком» ЖШС жүзеге асыруда. Бүгінгі күні барлық қондыр­ғылар Алматы қаласының полиция департаментіне берілген.

Алматыдағы аппараттық-бағдарламалық кешендер мынадай ЖКО түсіріп алады, олар:

– жылдамдықты асыру;

– бағдаршамның тыйым салған дыбысын елемеу;

– жолақ талабын бұзу, тоқтау желісінен өту;

– қоғамдық көлікке бөлінген жолаққа шығып кету.

Бұлардан өзге, «Сергек» жүйесі жаяу жүргінші­лердің реттелмеген өтпелі жолдарын бақылайды.

«Әкімшілік айыппұлдар ең соңғы тиынына дейін мемлекеттік бюджетке түседі. Өзге өңірлерде жол-көлік оқиғалары азайды», – деді БАҚ өкілдерінің сұрақ­тарына жауап берген Алматы қаласы Полиция департа­менті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жан­дос Мұраталиев. Түскен қаражаттың барлығы жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларына жұмсалуда.

Ж.Мұраталиев өзінің сөзінде ЖКО санының артуы салдарынан апат жиі болатын жерлерге «Сергек» кешенін орнату туралы шешім қабылданғанын айтты. Мұнда азаматтардың ұсыныстары да ескерілді. Олардан 30 мыңнан астам ұсыныс түскен.

«Сергек» жүйесі жолдағы жағдайды «жасанды интеллект» және компьютерлік көру арқылы талдайды. Әрбір аппараттық-бағ­дарламалық кешендегі қысқа және жалпы бағытты шолу камералары тек қозғалыс бөлігін ғана емес, қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті де бақылайды. Жол–көлік қозғалысы бұзылған жағдайда мәліметтер жол қозғалысы қауіп­сіздігінің автоматты ақпараттық жүйесіне беріледі, әкімшілік полиция оны тексерген соң ғана тәртіп бұзғандарға айыппұл төлеу үшін жіберіледі.

Бұрындары мұндай жоба Нұр-Сұлтан қаласында қолға алынған еді. «Сергек» жобасын басқару бойынша директор Бибігүл Ай­түкенова жыл ішінде ЖКО бойынша адам өлімі деңгейінің екі есе қысқарғанын айтты.

Өз кезектерінде сараптама қоғамдастығы мен жұрт­шылық өкілдері де  «Сергек» жүйесінің жұмысы маңызды екенін атап өтті.

Тәуелсіз Автомобиль одағының төрағасы Эдуард Александрович Эдоков «Сергекті» енгізу әлемдік тәжірибеге сай екенін айтты.

«Сергектерді» енгізу дұрыс әрі пайдалы деп есептеймін. Бұл қатардағы әлемдік тәжірибе. Біздерді, жүргізушілерді жол –көлік қозғалысы кезінде бақылау, ал ережені бұзатын болсақ, жазалау қажет. Қазіргі кезде осы тақырыпқа қатысты көтерілген хайп толқыны бірін­ші кезең ғана, біртіндеп барлығымыз оған үйренетін боламыз», – деді Э.Эдоков.

Сарапшы кезінде жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтауда маңызды шарт болып табылатын белдікті қадау туралы ережені көпшіліктің жатырқай қабылдағанын еске түсірді.

«Бәріміз үшін пайдалы әрі қарапайым әдіс, ережені бұзбау, бар болғаны сол ғана. Ережені бұзбайтын болсаң ешкімге, полицияға да, мемлекетке де төле­мейсің. Өз жолыңмен кете бересің. Өзің де қауіпсізсің, өзгелер де қауіпсіз. Мұндай камералар көп болса, бәрімізге пайдалы», – деп атап өтті Эдуард Эдоков.

«Қазақстанның велоқауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Думан Қапасов «Сергек» кешенінің көліктің барлық түрлерін жүргізу мәдениетін арттыратынын, көлік қозғалысына қатысушылардың барлығының, әсіресе жаяу жүргіншілер мен велосипед­шілердің қауіпсіздігіне оң ықпал ететінін айтты.

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *