Өсербай СӘРСЕНБАЙҰЛЫ: ҚАЗАҚ ДОМБЫРАМЕН ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН

Ұлтты сол жұрттың мәдениеті танытады. Мәдени мұрамызды ұлықтауда «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні», ұлттық өнеріміздің ұлы өзегі саналатын «Қазақтың дәстүрлі

1000 күйі» іспетті жобалар жүзеге асты. Осы мәдени дамуымызды сабақтастыратын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары да ұлт мәдениетін дамытуда маңызды рөл атқаруда. Осы бағдарлама аясында жақында Алматының «Алатау» дәстүрлі өнер театрында белгілі термеші-жырау Өсербай Сәрсенбайұлы халық алдында өнерін ортаға салған еді.

– Өсеке, халық сізді атақты жыршы-термеші ретінде біледі. Бірақ сіз кәсіби тұрғыда дене тәрбиесінің мұғалімісіз. Себепсіз салдар жоқ. Өнерге келуге не түрткі болды?

– Жастау кезімде үлкен ағам Жаңбырбай Арал теңі­зінде балық аулап жүргенде теңіз бетінде қалқып жүрген сынық домбыраны әкеліп берді. Су шайып, әбден қабыр­шық­танып кеткен домбыраны бекіренің желімімен желімдеп икемге келтірдік. Бүкіл ауыл болып, қолдан-қолға өткеріп, сол домбыраны шертіп жүрдік. Ағамның домбыра шертіп, әу дейтіні бар еді. Домбыраны қалай ұстап, қалай шерту­ді содан үйрендім. Ағам теңізге ау салуға кеткенде құла­ғын келтіре алмай қиналғаным да бар. Содан нағашым Асанбай ағама барып, ол кісіден құлақ келтіруді үйрендім.

Мектепке барар жылы біздің ауылға бір тойға атақты Наурызбек жырау келіп, қонарға біздің үйге түсіпті. Атақты жырау осы келісінде мені ән-терме, жырға баулуға ниет етіпті. Бізге жиендігі бар Нәукеңнің осы келісі мені оның өмірінің соңына дейін жанында болуға алып келді. Қазір өткен өміріме қарап отырсам, Құдай айырған Нәукең ұстазыма өмір бойы қарыздар екенмін. Шәкірттік бүкіл махаббатымды өзіне баурап алған ұстазыма мен де адалдық танытып жүрмін деп ойлаймын. Оның атын атамай ақсүйек домбырамды қолға алмаймын.

 

Менен тәуір спортшы шықпады

Ұстазым алғашқы келісінен кейін араға жарты жыл салып, анамнан мені сұрай келіпті. Анам: «Өсербай – ең кенжетайым, сүт құрғатқан балам еді. Өзі әкесінің мейіріміне қанбай қалды. Сондықтан оны бере алмаймын, ал қаласаң, алдыңғы екеуінің бірін ертіп кете бер, рұқсат Алладан», – депті. Бірақ Нәукеңнің қалауы маған түсіпті. Осыдан кейін ұстазды бір-екі рет тойларда көріп жүрдім. Арада біршама уақыт өткесін өнер далада қалып, мен спортқа түсіп кеттім. Спорттың бокс, волейбол түрлеріне қатысып, аудандық жарыстарда көріне бастадым. Мектеп бітіргесін Қарақалпақстан мемлекеттік пединститутының дене тәрбиесі факультетіне түстім.

Оқуымды 1971 жылы бітіргесін, Хожелі қаласына мамандығым бойынша жолдама берілді. Бірақ менен тәуір мұғалім шықпады. Бірде түс көрдім. Достарымның бірі: «Өсербай, сені Наурызбек шақырып жатыр», – деді. Мен: «Ол кісіні ертеде бір-ақ рет көргенмін, мені қайтеді, басқа біреуді шақырған шығар» деймін. Бір үлкен кісіні қолымнан жетектеп Нәукеңнің алдына алып барды. Келгенім сол еді, ұстаз орнынан тұрып, қолындағы домбыраны кесесінен ұстап, менің қолыма ұстатып тұрды да, халыққа арнап: «Халайық, тыңдаушы әлеумет, бұдан былай сіздерге мына бала қызмет етеді. Қолыңды жай, – деп бата беріп, астындағы бес жастықтың екеуін маған беріп, ал жырлай бер!», – деді. Мен құр сүлдерім қалғанша жырлай беріппін. Осылайша домбыраның «дерті» басталды. Түн бе, күн бе, мен күй талғамай, домбыра табылса болды жырлай беретін болдым. Қасиетті домбыраны ұстамасам, ауырып қалатын болдым.

– Түсіңізді жорытқан жоқсыз ба?

– Жұбайым Бақыттың көпті көрген, 90-ға келген әруақты әжесі болатын. Сол кісі: «Балам, сен халыққа белгілі жырау боласың, саған, Құдай беріп тұр. Талабың мұғалімдікпен емес, жырдан болады. Тез арада Наурызбекті тауып жолық, батасын ал, болмаса саған қиын болады», – деді. Содан Нәукеңнің үйіне барып, бір-екі күн жанында болдым. Ұстаз менің келетінімді сезіп отырыпты. Ертеңгісін ағайын-туыстарын шақырып, бір малын сойып, ақ батасын берді. Түнімен жырлағанмын, ертеңгісін төсектен ауыр тұрдым. Ұстазым басымда ұйқыдан тұруымды күтіп отыр екен. Қолындағы бір кесе іркілдекті маған беріп тұрып: «Бұл қыздырылған қолдың сары майы, жылылай ішіп жібер. Түнде жыр-терме, өлең айттың, тамағыңды, дауы­сыңды жөндеп, көмек береді», – деді. Кетерімде ұстаз бір түйіншекті әкеліп, алдыма қойды. «Ал бала, мынау менің шапаным, бізге бата бер», – деді. Осыдан соң ұстазым өзі баратын тойларға мені ертіп апаратын болды.

Жыршылық жолға түсуіме қайынатам Исаның да еңбегі зор. Прокуратура, сот орындарында жауапты қызмет атқарған атам қолдан керемет домбыра жасатып берді. Кейін енем Жамбала да домбыра сыйлады.

– Сол домбыралар бәйгенің басын бермеген деседі ғой?

– 1988 жылы «Нөкіс көктемі» байқауында бас бәйге алдым. 1989 жылы Алматыда өткен республикалық жыр­шылар байқауына Қарақалпақстанның атынан қатысып, жүлдегер атандым. Осы жолы Алматы консерваториясында термеден сабақ беруіме ұсыныс түсті. Сол жылы күзде Алматыда тұңғыш рет дүниежүзілік айтыс өтті. Соған қатыстым. Термешілер арасында бас жүлдеге ие болдым. Кейін Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық мерейтойында тағы да бас жүлде алдым.

 

Үш күн, үш түн жырлаған күндерім болды

– Құрға түскенде неше күн дамылсыз жырлауға барсыз?

– Ой, оның төресі Нәукең еді ғой. Бірде Нәукеңді бір жамағайындар Түркіменстанда өтетін алқалы тойға алып барыпты. Түркіменстан қазақтары жыраулар алқаға түсетін жиынды құр, кейде құрма деп те атайды екен. Сол құрда Сүгір бабамыз да жырлапты. Одан асқан кім бар? Содан алқада отырған ағайын Сүгірден рұқсат сұрап,  әлі белгісіздеу Наурызбек жырауды ортаға шығарыпты. Нәукең бір жарым сағат тапжылмастан 40 дастанды жамбас ауыстырмай жырлағанда Сүкең отырған орнынан үш рет тұрып, үш рет отырған көрінеді. Осыдан кейін қос алақанын жайып: «Айналайын, халқым, Құдайым төрт тұяғы асыл тұлпарды берген екен. Менің жасым келіп қалды. Енді атамекен Маңғыстауға алаңсыз аттанатын болдым», – деп Нәукеңе ақ батасын беріпті. Ол туралы ұстазым ағынан жарылатын. Бертін келе мен де өзімді-өзім қамшылауға кірістім. Өзіме білінбесе де, тыңдаған жандар ұстазыңнан айнымай қалыпсың деп жатады. Отырған орнын суытпай, апталап жырлайтын еді жарықтық. Қызып кеткенде бұлт болған айды сүйіп, мұнар тартқан күнді ашатын.

Тойларға арнайы шақыртумен барғанда өзімді сынап көріп, үш күн, үш түн жырлаған күндерім де болған. Таң шапағы шаңға асылған уақытта бір аққұман көк шайды терлеп ішіп алып, көктен жұлдыз құлап, күн айды үңгіп жей бастағанда бір сілкініп алып, дүбірге лап берген кездерім көп болған.

– Өсеке, көңіліңізге келсе, кешірім сұраймын. Сіз домбыраның пернесін бармағыңызды батырмай басатын іспеттісіз бе, қалай?

– Ой, шырақ, бәрін байқап қалған екенсің ғой… Рас, бармақсыз басамын, маған ыңғайлысы сол. Ұстазымнан жұққан қасиет қой. Нәукең домбыра тартқанда пернені бармақсыз басатын. Наурызбек дәстүрін жалғастырушы­лар­дың баршасы солай шертеді. Ал әуен мектебінде оқы­ғандар бес саусақтың бәрін қосып тартады. Ал Маңғыстау мен Арал өңірі мақамдарын салғанда бармақты қосатын кездерім бар.

– Тойға, жиындарға шақырулар көп болып тұра ма?

– Бұрын көп болған, қазір жоқтың қасы. Шақырулар­мен біраз жерлерді көрдік. Орта Азия елдерін қойып, Ресейдің Омбы, Саратов облыстарына да бардық. Саратов облысының Энгельс, Ртишев аудандарында үш күнге жобалаған сапарымыз жарты айға созылған кездері де болған. Бүгінде тойдың сәні эстрада әншілеріне көшті.

– Лев Толстой 80-ге таянған шағында күнделігіне: «Өзімнің өсіп келе жатқанымды байқаймын» деп жазыпты. 70 жасты еңсеріп отырсыз, осыдан 10 жылғы жыршы Өсербай мен бүгінгі жыршы Өсербайдың арасында қандай айырмашылық бар?

– Өнер – рухани дауа. Мен сол өнермен сырқаттанған жанмын. Атақты жазушы Гарсиа Маркес: «Өнер – адамдарды көрінбейтін шынжырмен матап қояды», – дегенде осыны айтса керек. Менің ұлы өнердің биік тұғы­рында қамау терім алынды. Әлі күнге дейін маңдайымнан сорғалаған терім кепкен емес. 5-6 жасымнан танығаным да, көргенім де қасиетті қара домбыра. Қазақ домбырамен бірге өмірге келген деп ойлаймын. Жалпы, қаншама рет осы дерттен айығайын деп, кәсібімді өзгертіп, базар аралап кеткен кездерім де болды. Мен қашсам да, соңымнан қуалап келген тылсым күш қолыма қара домбырамды ұста­тып алдына салып айдайды да кетеді. Бұл – дертті болғаным емес пе?! Ұстазым қайтыс болғасын дертім үдей түсті. Тамаққа зауқым жоқ, түн баласы қызуым көтеріліп, мазасыз күй кешетінді шығардым. Жанашырларым құмалақ салдырып, Құран ашатын емшілерге сүйреді. Құмалақшы: «Саған көз тиген, сырқатыңның себебі сол. Өкпеңнің тұсында сұқ көз иненің жасуындай болып жабы­сып тұр. Бірақ сені емші емес, дәрігерлер ғана емдейді», — деп үшкіріп берді. Дәрігерге көрініп, ұзақ ем алдым. Содан ешкімге сездірмей, Ай жарығымен шырылдаған шегірт­кемен қо­сы­лып, тағдырыма шер төгіп, жан жарамды ай нұрына жалатқан кездерім көп болды. Алла қолдап, жар­ты жылда қол-аяғыма тұрып кеттім.

Сырқатыңнан сауығуыңды тойды күткендей күтіп жүретін жанашырларыңның болғанына не жетсін. Ағайын мен шын жанашыр болған жандарға алғысымды білдіремін. Содан өзімше ой түйдім. Өнер адамына бұлай көз тиетін болса, онда балаларымды өнерден алыс ұстайын деген ойға келдім. Балаларым Асқар, Олжасымды терме, ән айтудан, домбыра ұстаудан алыстата бастадым. Осы күндері екі балам да басқа салада. Олар домбыраны сағынғанда ғана қолдарына алады. Менің де қарқыным бәсеңдеді ме, қазір 7-8 сағаттан әрі жырлай алмаймын.

 

Қазақстанның рухани картасы мүлдем басқа

– Бізде домбыраға деген қажеттілік сұранысын көте­ретін ұран жетпей тұрған сияқты. Біздің бір ауданымызға ғана сыйып кететін башқұрт ағайындарды мысалға алғым келіп тұр. Башқұрттың сыбызғышылары: «500 жыл бойы орыстың боданында болсақ та, біздің башқұрт болып сақталып қалғанымыз сыбызғының арқасы, қурайдан айрылған күні бәрінен де айрыламыз», — дейді екен. Домбы­раға қатысты бізде осындай есті сөзді естір ме екенбіз?

– Домбырадан шыққан әрбір үн халықтық идеология. Ол өзгерсе, халықтың мінез-құлқы да өзгереді. Қытай елінің ескі әфсаналарында халықтың түрлі әуені сол халықтардың мінез-құлқымен астасып жататындығы, ал жауынгер түріктің күйлері ерлікке шақыратын ұран іспетті болып келетіндігі айтылады. «Мемлекеттің қуаттылығы сол мемлекетте шырқалатын әуендерге тікелей байланысты», – депті грек ойшылы Платон. Ол қоғамдағы ізгілік әрекеттерінің жоғалуына арсыз әуендердің ықпалының да  зор екенін айтқан. Қазіргі таңда дамыған мемлекеттердің барлығы осы қағиданы ұстанады.

Тұңғыш Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлттық музыкалық мәдениетіміз үшін теңдессіз орны бар үлкен жоба болып отыр. Ол ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, жалғасып келе жатқан дәстүрлі мәдениетіміздің өміршеңдігін көрсетеді. «Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күйі, 1000 әні» жобасы әлемдік мәдениетке қосылған асыл қазына. Біздің дәстүрлі әндеріміз домбырамен, баянмен шектеліп қалмайды. Үкілі Ыбырайдың, Сегіз серінің, Ақан мен Біржанның әндері әлемдік классикадан кем түспейді. Демек, бұл домбыра арқылы әлемді таңқалдыруға да болады деген сөз.

– Қазақтың даласы қазақтың әуенінен кенде емес. Әннің де әні, күйдің де күйі бар емес пе?

– Бүгінгі Қазақстанның рухани картасы мүлдем басқа. Елімізде қазақ халқы – негізгі күшке ие. Басқа ұлттар өзде­рінің дамуын қазақ ұлтының маңайына топтасудан іздейді. 1994 жылы отбасымызбен Алматыға көшіп келгеннен кейін халықпен араласа бастадым. Бірде бір мәдени іс-шарада Мұстафа Өзтүрікпен жолығысудың сәті түсті. Мұстафа көп тілді біледі екен. Оның жанында Англия, Шотландия, Германиядан келген үш қыз болды. Олар қазақтың салт-дәстүрін зерттеуге келген жандар болып шықты. Мен олардың алдында ұстазымның «Әнес сахаба» жырын айтып бердім. Үш сағатта әлгі қыздар отырған жерлерінен бір қозғалмай, бәрін жазып алды. Жыр біткенде Мұстафа маған таңдай мен тіл асатты. Батыр ұл сол сапарында «Бауырлар, мен осыдан аман жүрсем, Өсербайды Еуропа, Түркия қазақтарына таныстырамын», – деген еді. Бірақ ол арманына жете алмады.

 

Айтылмай қалған ән

– Домбырасыз күніңізді елестете аласыз ба?

– Оны ойлаудың өзі қорқы­нышты. Ескіден қалған бір сөз бар. Ел басына іркіт құйылған аласапыран бір заманда Ықыластың қобызын жолға тастап кетейік деген бір ұсыныс айты­лыпты-мыс. Сонда Ықыластың түйсігі бар бір келіні: «Атамның киелі қара қобызын қалдырғанша, омыраудағы ұлымды тастап кетейін. Көретін жарығы болса, біреу іліп әкетер. Болмаса басымыз жас, бала табыла жатар», – деп өз шешімін айтып, дүйім жұрттың жағасын ұстатыпты. Егер домбыра қасиетті болса, Дәулет­керей бабамыз Қызылғұрт руына сұлтан болып тағайындалғанда ең алғашқы шешімімен зынданда жатқан атақты күйші, қартайып әбден қажыған Мүсірәліні іздеп тауып, қолындағы кісенінен босаттырып, қасиетті қара домбыраны тартқызбас еді ғой!

Осыған орай, бір көрініс есімнен кетпейді. Бірде ұстазым үйіне шақырды. Нәукең шаршаңқырап, жастыққа сүйеніп отыр екен, «Өсербай, ана диванның астында, шабаданда бүктеулі домбыра бар, тартылмағалы көп болды, соны құрастырып, құлағын келтіріп, маған «Ақтолғайды» айтып берші», – деді. Мен шабаданның ішіндегі домбы­раның шаңын сүртіп, ұзақ толғандым. Алашқа қаншама жыл қызмет қылған қасиетті домбырада не сыр барын біле алмадым. «Өсербайжан, сен осы домбы­раны…», – дей бергенде үстімізге ауылдың бірнеше қариясы кіріп келді. Осыдан соң «Ақтолғай» әні айтылмай қалды. Сол күні ұлы адам қатты сырқаттанып, ауруханаға түсті.

– Шәкірттеріңіз бар ма?

– Кезінде қазақтың зиялылары ұлттық өнерін сақтау және оны одан әрі дамыту мақсатында дарынды балаларды іздеп, ел аралайды екен. Академик Ахмет Жұбанов іздеп жүріп, Нұрғиса Тілендиевті қазақтың музыка өнеріне алып келгенін кім білмейді. Одан ұлттың өнері ұтпаса, ұтылмағаны анық. Ал бүгінгі қазақтың бастауыш музыка әлеміндегі ахуалы оның жарқын болашағын қамтамасыз етеді дегенге күдігім бар.

Елде жүргенде Бесқала жыр мектебінің қалыптасқанын көрдім. Бүгінде жыр-терме мәдениетінің насихаты жоқ. Кезінде Қазақ теледидарында арнайы хабар болатын, ол 1990 жылдары тоқтап қалды. Кезінде менің де жыр мектебім болған, ол белгілі бір себептермен жабылып қалды. Жүздеген шәкірттерім бар, арасында үлкен үміт күтетіндерім де бар.

Бүгінде сахнаға үшінші буын шәкірттерім шығып жүр. Абылай деген шәкіртімнің баласы — Өсербайдан зор үміт күтемін. Бұл бала менің қасиетті қара домбырамның шанағында туған бала. Ырымдап, есімін менің құрметіме қойыпты. Мәдени іс-шараларды мен ашамын, кіші Өсербай жабады.

– Әңгімеңіздің басында тек ұстазым туралы айтамын деп шарт қойғансыз. Келісім бойынша Нәукең туралы таныстырып өтсеңіз?

– Құдай сүйген құлын көп сынайды дейді ғой. Оны өмір аямай-ақ сынады. Он үш жасқа толғанында қыс айында жылқы қайырып жүріп, астындағы салт атымен Әмударияға түсіп  кетіп, майып болып қалады. Мұз құрса­уынан әрең шығып, содан жүйкесіне зақым тиіп, қол-аяғы­ның сіңірі тартылып кәріп болып азап шегеді. Кескін- келбеті де өзгеріске түседі. Содан қос балдаққа сүйе­ніп қалады. Өмірге құштар жан осыншама ауырт­палықты ерлерше көтере білді. Ешкімге салмақ салған емес. Өзгелерден аяушылықты да, мүсіркеушілікті де күтпеді. Бата алу – жыраулық дәстүрдің бұзылмас қағидаларының бірі. Бата алмаған өнерпаз алқалы топқа түсе алмайды.

Ұстаз төрт рет ақ батасын берді. Бесінші рет дүниеден озарында шаңырағында отырып, тағы бір ризашылығын алдым. Қатты науқастанып жатқанында өзімнің қалауыммен қасына көшіп барғанмын. Ақтық сөзін естідім. Дендеп алған ауру ақыры ұлы ұстазды алпыс екі жасында алып тынды. Ағайын, ел болып Нәукеңді Шамалған бекетіне қойдық. Ол осылайша домбыраның орағын орып кетті, ал біз масақшылар аңырап қалдық. Жалғыз мен емес, белгілі жыршы-термеші Қаламқас Орашева Нәукеңнен бата алу үшін Алматыдан сонау Қарақалпақстанға үш рет келіп кетіпті. Ұстаз сол тұстағы Қаламқастың атақ-даңқына қарамай, шеберлігі әбден толысқан шағына көзін жеткізіп барып, үшінші келісінде батасын беріпті. Ал атақты Алмас Алматовтың ұстазы Машалақ ақсақал оны Қарақалпақстанда өткен бір тойда алқалы топта жырлатып тұрып, томағасын сыпырыпты.

Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмір алсам, ал ұстазымнан өмірімді саналы өткізу туралы рухани азық алдым.

Бүгінде бәрі ұмытылды. Қоңырат елінен Алматыға көшіп келіп, Нәукең Алматы консерваториясында дәріс берді. Алайда, ескі жара қайта асқынып, ұстаздық жолын жалғастыра алмады. Төсекке жығылған күннен жанында болдым, аяғынан тік тұрып, айығып кетер деп күттім. Ұстаз сол жатқаннан жанын жалдап тұрып кете алмады. Адам жағалаудағы құмның бір түйіршігі екенін сонда сездім.

Жаны таза, адамгершілігі зор, жүрек құмырасы жауһарға толы ұлы ұстазымнан мен осылай аыйрылдым.

– Өсеке, мерейлі жасқа келіп жатыр екенсіз, алақан­ның оты 70 жасыңыздың патшасы болыңыз. Әңгімеңізге рахмет!

 

Әңгімелескен – Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *