СЕНСОРЛЫҚ БӨЛМЕ САНАНЫ ЖАМАН ОЙЛАРДАН АРЫЛТЫП, ӨМІРГЕ ДЕГЕН ҚҰШТАРЛЫҚТЫ АРТТЫРАДЫ

Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

Жаңа жылмен қатар, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына жағымды жаңалық бірге келді. Бұл емдеу орталығында ТМД мемлекеттері арасында бірінші рет қатерлі ісік ауруына шалдыққан науқастарға психологиялық көмек көрсетудің жаңа тәсілі ретінде тәжірибеге ендіріліп отырған сенсорлық бөлме ашылды. Институт директоры Қуаныш Шадыбайұлының айтуынша, алдағы уақытта мұндай бөлмелер ашу  еліміздің басқа аймақтарындағы онкологиялық орталықтар бойынша да жоспарланып отырған көрінеді…

Қатерлі ісік десе, жүрегі дір етпейтін, оны естіген тұста көңілін қауіп жайламайтын адам кемде-кем шығар. Ал бауыр еті баласы осы дертке шалдыққан ата-ана үшін одан қасіретті хабар тағы жоқ. Міне, осындай  сәтте сарыуайымға салынған, ұзақ уақыт ем қабылдап, өмірге деген қызығушылығын жоғалта бастаған адамдарға өмір  үмітін сыйлап,  жарық күннің әр сәтінің  қуанышқа толы екендігіне көз жеткізуге  жетелейтін жаңадан ашылып жатқан  сенсорлық бөлменің берер көмегі  зор болмақ.

Ал «оның дәстүрлі психологиялық көмектерге қарағанда науқас жанға беретін әсері қандай?» – деген сауалға психолог мамандар оң баға беруде. Бірінішіден, бұл бөлмеге кірген адамның көңіл-күйі бірден көтеріліп, өзге әлемге енгендей күй кешсе,  ал балалар ауруын ұмытып, баяғы бақытты балалық шақтарына қайта оралады. Қуыршақ театры да, балалардың сурет көрмесі де, ойын алаңдары да қарастырылған. Тіпті, жаттығу жасайтын орын да ойластырылған. Бөлмедегі музыка әуені мен арттерапия тәсілдері күнделікті жоспарға сәйкес ауыстырылып отырады екен. Сонымен қатар, сенсорлық бөлмеде баланың интеллектуалды дамуына да көп көңіл бөлінген.

Баласы қатерлі ісікке шалдыққан ата-аналар баласының денсаулығына көңіл бөлгенмен, оның сана-сезімінің  дамуына көп көңіл бөле бермейтінін айтқан психолог Индира Рамазанқызы науқас балалардың арасында жасының ересектігіне қарамастан санау білмейтін, сөйлем құрастырып, сөйлей алмайтын балалар өте жиі кездесетінін айтты. Ал сенсорлық бөлме балалар бойындағы сол олқылықтардың орнын толтыруға,  науқас балалармен қатар, олардың аналарына жақсы үміт сыйлай алатындығына, сенсорлық бөлменің  адамға әсер ететін психологиялық артықшылықтарына  кеңінен тоқталып өтті.

– Қатерлі ісік дертін емдеу кезінде біз ең алдымен, науқас пен оның жақын туыстарына психологиялық көмек көрсетуді бірінші орынға қоямыз.  Өйткені, ауруды жеңілдетудің бірден-бір тәсілі – адамды жақсылыққа, сауығып кететіндігіне  сендіруге көп байланысты екендігі даусыз. Ал енді, алдағы күндері сенсорлық бөлмеге енген әрбір науқас жанның көңіл-күйі сәл де болса көтеріліп, бойын жаулап алған қауіптен арылып жатса, бізге одан үлкен олжа жоқ. Сенсорлық бөлмеден күліп-ойнап шығып келе жатқан балаларды, жүзіне күлкі үйіріліп шыққан ересектерді көргенде, дәрігерлердің өзі кәдімгідей қуанып қалады. Өйткені, дәрігер үшін әрбір науқастың бойындағы ауруды жеңуге деген ерік-жігердің мықтылығы  күнделікті жасалатын ем-шаралардан да қымбат. Ал сенсорлық бөлменің сол үмітімізді ақтайтынына сенеміз, – дейді  Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу  институтының директоры Қуаныш Шадыбайұлы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *