СЕНІҢ ЗАМАНДАСЫҢ Абай бейнесін 400 кубиктен құрастырып шықты

Алматылық Айбар АСАН жиырма бір жаста. Шет тілдер және іскерлік карьера университетінде Маркетолог мамандығының 3-курс студенті.

Ол жуырда Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы құрметіне Рубик кубиктерінен ақынның портретін құрастырып шықты. Бұл жұмысы үшін барлығы 400 кубик пайдаланып, 4 сағаттай уақыт жұмсаған.

Сәл шегініс. Рубик кубиктері – венгриялық мүсінші және сәулет өнерінің оқытушысы Эрне Рубик деген профессордың ойлап тапқан механикалық «бас қатырғышы». Ол өз өнертабысын 1974 жылы ғимараттарды жобалау кезінде шәкірттеріне үш өлшемді түсіндіру үшін ойлап тапқан көрінеді. Студенттерге бұл идея қатты ұнап, автор өзінің ерекше ойыншық жасағанын түсінеді. Оның алғашқы ойыншығы 27 түрлі-түсті ағаштан жасалған кубиктерден тұрды. Уақыт өткен соң ары қарай дамытып, барлық артық нәрселерден құтылып, бір қалыпқа келтірген. Кубик ортасына цилиндірлік бекіткіш механизм орнатылған. Ол бекіткіш басқа сыртқы кубиктермен бір-бірін тығыз байланыстырып тұрады және оларға кез-келген бағытта айналуға мүмкіндік береді. 1980 жылдары рубик кубигі миллиондаған данамен өндіріліп, барлық елде жаппай сатылымға шығып, ең жоғары сұранысқа ие ойыншыққа айналады.

Бүгінгі таңда осы бір түрлі-түсті текшелі кубикті жинау сәнге айналған десе де болады. Оған бала да, үлкен де қызығады.

Әлемде Рубик кубигін жылдамдық бойынша құрастыру жарыстары жиі ұйымдастырылады. Бірінші әлем чемпионаты 1982 жылы Будапешт қаласында болған екен.

Қазіргі таңда Рубик кубигін аз уақыттың ішінде жинап шығу, бір қолмен жинау, аяқпен құрастыру, тіпті, көзді байлап қойып жинау, пирамида үлгісін жасау секілді номинациялар бойынша да жарыстар өтеді.

Кубиктен адамның портретін, өзге де бейнелерді айнытпай құрап шығу өнері де еріксіз назар аудартады.

***

         Енді негізгі айтпағымызға келейік. Қазақтың баласы бұл өнерге қалай келді, сол туралы әңгімелейік.

2012 жылдың жазы болатын. Бірде Айбардың інісінің сан ойыншығының арасында ешкімге қызық емес, ешкім пайдаланбай, құр босқа жатқан кубигіне көзі түсе берді. Неге екені өзіне де белгісіз, сол кубикті құрап көргісі келді де, қолына алды. Ол кезде Айбар бір-ақ бетін құрай алатын. Барлық бетін толық құрастыра алмаған соң интернет платформаларын (youtube) ақтара бастады. Сол жылы бір канал кездейсоқ көзіне шалынды. Ол жерде бір жігіттің 20 минуттық видеосы болатын, сол видеоны бес-алты мәрте көріп шықты. Қызығушылығы одан сайын артып, қолындағы кубигін құрай бастады, бірақ шатасып қала берді. Ойына алған ісін бітірмей тынбайтын табанды мінезіне салып отырып, ақыры құрап шығады. Әрине, қуанышында шек жоқ.

Бұл жетістігін бөліскенше асығып, ертеңіне жақын досы Нұркенге көрсетеді. Содан досы да бұдан әлгі видеоны сұрап, ол да үйренуге кіріседі. Мұнысы қайта жақсы болды, енді екеуі бір-бірімен жарысып құрай бастады. Алғашқы кездері кубиктерін екеуі де 5 минутта құраушы еді, уақыт өте келе жылдамдықтарын, шапшаңдықтарын арттырып, 2 минутта, одан 1 минутта құрайтын дәрежеге жетеді.

Кубик рубикті ары қарай қызықтап зерттей бастап еді, ол туралы көптеген әдістеме құралдары барын, тіпті, кәсіби тұрғыда халықаралық жарыстар болатынын білді. Сөйтіп осы салаға ден қойды. Нәтижесінде алғаш қолға алған 3 айдың ішінде көрсеткіштерін 20 секунд уақытқа дейін жақсартты.

***   

         – Кубик рубикті жылдамдыққа құрау speed cubing деп аталады. Абай атамыздың бейнесін құрамай тұрып мен ең алғаш рет Тұңғыш Президент күнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың портретін жасаған болатынмын. Одан соң Тәуелсіздік мерекесіне орай Қазақстанның ұлттық символына баланатын Барыс бейнесін құрадым. Сосын анамды да қуантқым келіп, туған күніне сыйлық ретінде інім екеуміз бейнесін құрап шықтық. Ал биыл құраған Абай портреті – төртінші жұмысым, – дейді Айбар бізбен әңгімесінде.

         Кубик рубиктен портрет құрау дегенді ол ең алғаш ресейлік Максим Чечнев деген жігіттен көргенін айтады. М.Чечнев 2013 жылы Укранинада өткен «Україна має талант» шоуының финалисі болған көрінеді. Орыс жігіті финалда, сол жерде отырған қазылар алқасының бір мүшесінің портретін жасап шыққан екен. Айбар Максимнің бұл өнерінің өзіне ерекше әсер еткенін, шабыт бергенін айтады. Сол сәттен оны әлеуметтік желіде отырып сырттай бақылай бастайды.

Ол 2015 жылдың аяғына таман Максимнің Алматыға келетіні туралы естиді. Сөйтіп досы Нұркен екеуі онымен қалайда кездесіп қалудың ретін ойластырады. Нәтижесінде Максимге Skype арқылы хабарласып, оған «танысып, көріссек, біліссек» деген ниеттерін жеткізеді. Ол қуана қабыл алып, екеуін үйіне қонаққа шақырады. Максим Алматыға қазақстандық кәсіпкердің шақыртуымен кубиктен портрет жасауға келген екен. Осы уақытта ақжарқын жігіт Айбар мен Нұркенді жатсынбай, өнерін қызғанбай, кубикпен жұмыс істеудің қыр-сырын, түрлі амал-тәсілін, құпия-қатпарларын үйретіп, кубиктен портрет жасау жолдарын да көрсетеді.

***

         – Кубик рубик құрау мен үшін жәй ғана хобби емес. Кубик рубиктен бірнеше халықаралық жарыстарға қатысқанмын. Осы бір алақандай, көзге жәй ғана ойыншық текшелер болып көрінетін кубиктің арқасында көптеген қызықты адамдармен таныстым. Жер көріп, ел аралап, бойымдағы қабілет-қарымымды сынға салып жүрмін. Мысалы, спидкубингте түрлі тәртіп бойынша жарыстар өтеді. Ең негізгісі 3*3 кубигін құрау. Бұл ереже бойынша әлемдік рекорд (3,47 секунд) қытайлық Yusheng Du есімді азаматқа тиесілі. Ал қазақстандық рекорд – 6,44 секунд. Былтырғы маусым айында өткен «Cubing Semey Open – 2019» байқауында бұл рекордты небәрі 10 жастағы Абылай Оразалин бағындырды. Ал өзімнің халықаралық жарыста жеткен жеке рекордым 11,72 секунд, – дейді Айбар.

Алдағы мақсаты – осы спидкубинг бағытын дамыту. Еуропа мемлекеттерінде бұл бағыт таңсық емес, әлдеқашан кеңінен тараған. Сондықтан ешкімнен де кем емес қазақ жастарына кубик рубиктің пайдалы жақтарын үйреткісі келеді. Кәсіби жарыстар өткізуді армандайды.

***

         – Кубик рубикті ойыңдағыдай құрап шығу, жақсы нәтижелерге қол жеткізу үшін ең бастысы адамда қызығушылық болу керек. Істеп жатқан ісің өзіңе сөзсіз ұнауы тиіс. Ой ұшқырлығы, шапшаңдықпен бірге, төзім, сабыр да аудай қажет деп білемін, – деген Айбар Асан сұхбатымыздың соңында замандастарын уақытты босқа өткізбей, көңілі қалаған ісімен айналысуға және сол бойынша жоғары жетістіктерге жетпей тынбауға шақырды.

Иә, жастық – ол нағыз үлкен биіктерді бағындырсам деп талпынатын, шаршауды, шалдығуды білмейтін, арманға толы, әдемілікке құштар ең жарқын кезең ғой. Ендеше сол кезеңнің қадірін білейік, достар.

Ал Айбардың өзі сөз арасында Абай атамыздың 17-ші қара сөзінің жанына жақын екенін, жатқа білетінін айтып қалған еді. Ақыл, қайрат және жүрек біріккенде ғана толық адам шығатыны туралы пәлсапасын үнемі жадында ұстап жүретіні бізді қуантты.

Біз осы бір адамдық үш қасиет те бір бойынан бүр жарған жас жігіттің әлі талай шыңға шығатынына сенеміз.

 

Нұржамал

ӘЛІШЕВА

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *