«Сенің іздейтінің бір-ақ жан. Ол – АНА»

Әлемдегі бар жақсылық ананың ақ сүті мен ақ тілеуінен, өлшеусіз еңбегі мен қамқорлығынан бастау алатындығы белгілі. Ана – отбасының құты, берекесі, ұйтқысы, ұйымдастырушысы, жарығы мен жылуы. Халқымыздың бар жақсы қасиетін, тілін, дінін, әдет-ғұрпын, дәстүрін қалыптастыру­шы, таратушы, дамытушы да әйел-ана. Сүйіспеншіліктің, әсемдіктің, әдеміліктің, әдептіліктің, нәзіктіктің, инабаттылықтың үлгісі де әйел-ана. Шыдамшылықтың, тұрақтылықтың, даналықтың, батылдықтың қорығы да әйел-ана.

Қазақтың заңғар жазушысы Ғабит Мүсіреповтің ана туралы жазған мына сөздері әркімді де еріксіз толғандырады: «Сенің іздейтінің бір-ақ жан. Ол – ана. Ол саған бәрінен қымбат. Сен үшін ол жалпақ дүниеден де үлкен. Сондықтан сен бір-ақ жанды білесің. Ол – Ана. Ана деген сөздің өзі ыстық. Ана десе толқымайтын жүрек, тасымайтын қан, сезбейтін сезім болуы мүмкін емес».

Мұхаммед пайғамбарымыз өзінің хадистерінде ананы былай бағалайды, дәріптейді: «Әуелі анаңды, тағы да анаңды, сонан соң тағы да анаңды сыйла».

Осындай ақ ниетті, жұмсақ жүректі әйел-аналардың бірі – біздің отбасымызда өте қымбатты Далия Сағадатқызы 2018 жылы 8 желтоқсанда дүниеден озды. Далия Сағадатқызы 1949 жылдың 1 ма­мырында (құжат бойынша 05.01.1950) Шымкент қаласында дүниеге келген. Оның болмысынан өнегелі, тәрбиелі отбасынан шыққандығы айдан анық көрініп тұрды. Әкесі Сағадат Қошқарұлы өте сауатты, әдебиетті көп оқитын, тарихты жетік білетін, ой-өрісі биік, туған-туыстары мен жақындарына қадірлі, қызметтестері арасында беделді, өте кішіпейіл, жүзі жарқын, қамқоршыл адам болатын. Сағадат Қошқарұлының әде­биетті көп оқитынының кепілі ретінде оның алғашқы перзентінің атын Далия деп өте сирек кездесетін атты қоюын кел­тіруге болады. Далия швед ботанигі А.Даһе-дың аты бойынша аталған. Далия (кейінгі аты георгин) – бақшада өсетін сәндік, ашық түсті, ірі гүлді өсімдік. Ескі романтикалық аңыз бойынша Далия – патша гүлі, оны ақсүйектер мен патша­лардың бақтарында өсірген. Сондықтан бұл гүлдерді айрықша мерекелерде сыйға тартады. Далия атын иеленген әйел басқа көптеген қасиеттерінен сезім әрекетіне берілгіштігі басым адам. Онда талдағыш ақыл, білуге аса құмар болу, ақылға сыймайтындай сезу күшті дамыған.  Далияның анасы Шамкен Сарманқызы сауда жүйесінде адал еңбек етіп, тұтынушылардың үлкен ризашылығына бөленгенін оны білетіндер үнемі айтып отыратын. Шамкен Сарманқызының балаларына деген аналық махаббатын байқап, сезінетінмін. Оның аналық махаббаты үлкен қызы Далияның да бойына сіңіп, дарыды. Сірә, балаға деген ана махаббатынан күштірек ештеңе жоқ сияқты.

Далия Сағадатқызы 1956 жылы Кентау қаласындағы орта мектептің 1-сыныбына барып, 1966 жылы осы қаладағы Қазақстанның 30-жылдығы атындағы №3 орта мектепті ойдағыдай бітіріп шықты. Сол жылы ол Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда мемлекеттік педагогика институтына түсіп, оны 1970 жылы Филология факультетінің «Орыс тілі және әдебиеті» мамандығы бойынша бітіріп, ұстаз мәртебесін иеленді. Институтты бітірісімен Далия Сағадатқызы өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіне қызу кірісті. Ол еңбек жолын 1970 жылы 25 тамыздан Кентау қаласындағы Абай атындағы №5 орта мектепте ұстаздық қызметтен бастады. Далия Сағадатқызы 1971 жылы 14 ақпанда менімен тұрмыс құруына байланысты  ұстаздық қызметін Қызылорда қаласында жалғастырды. Ол мұнда Осипенко атындағы №8 орта мек­тепте 1971 жылдың 13 наурызынан 1976 жалдың 29 шілдесіне дейін орыс тілі мен әдебиетінің оқытушысы лауазымын абыройлы атқарып, жоғары білімділігі мен ізденімпаздылығын көрсете білді. Далия Сағадатқызы 1976 жылдың 10 тамызынан 2002 жылдың 12 маусымына дейін Қызыл­орда қаласындағы №6 кәсіби техникалық училищеде (аты бірнеше рет өзгеріп отыр­ды) орыс тілі мен әдебиетінің оқытушысы лауазымында ұстаздық қызметті мінсіз атқарды. Ол білім берген шәкірттерінің алғысына бөленген бақытты ұстаз болды.

Мен Далия Сағадатқызымен 48 жыл бақытты өмір сүріппін. Оның маған деген махаббаты шексіз болатын. Далия дүниеге алты перзент әкелді, олардан он немересі бар. Ол балалары Шолпан, Айман, Қаныш, Күнсұлу, Жансұлу және Нұр­ланды жанындай жақсы көретін, олардың өмірде, қызметтерінде жеткен жетістік­те­ріне өте марапаттанатын еді. Ол балалары мен немерелерінің жағдайын көп ойлана­тын. Әсіресе кішкентайынан өзі мәпелеп, тәрбиелеп өсірген немересі Әйгерімді өте жақсы көретін. Оның мектепте, универ­ситетте оқуындағы жетістіктеріне шексіз қуанатын. Әйгерім қазір Астана қала­сындағы С.Сейфуллин атындағы агро­техникалық университеттің соңғы кур­сында оқып жүр.

Балаларының оқуын қадағалап, оларды тәрбиелеп өсіруге жете мән беруінің арқасында олардың барлығы жоғары оқу орындарын бітіріп, онда алған мәртебелі мамандықтары бойынша жемісті еңбек етіп жүр. Мұнда мен Далия­ның балалардың тәрбиесін толықтай өз мойнына алғандығын айтқым келіп отыр. Балаларым анасын ойласа жүрегі елжі­рейтінін сезіп жүрмін. Оларды да түсінуге болады. Сүйікті анасының орны ойсырап қалды ғой. Мен балаларымның анасынан дарыған қасиеттің арқасында өнегелі өмір сүрулерін  тілеймін. Менің шүкіршілік ететінім, балаларымыз анасының үлгісі­мен көргенді болып өсіп, отбасылық бақытын тауып отыр.

Өмірге алты бала әкеліп, оларды өсі­ріп, тәрбиелегені үшін Далия Сағадатқызы мемлекет тарапынан мадақтауға да ие болды. КСРО Жоғары Кеңесі Президиу­мы атынан Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумының 1978 жылы 30 желтоқ­сан­дағы Жарлығымен Далия Сағадатқызы «Ана медалімен» («Медаль материнства») марапатталды. Бұл медальмен бес және алты бала туып және оларды тәрбиелеген аналар марапатталатын. Сонымен қатар, Далия Сағадатқызы Қазақстан Республи­ка­сының Президенті Н.Назарбаевтың 2010 жылы 22 мамырдағы Жарлығымен «Күміс алқа» алқасымен марапатталды.

Асыл анасынан айырылған менің барлық балаларымның қазіргі көңіл-күйлері ақын інім Махмұтбайдың абзал анамыз Балагүл Қосшыбайқызының дүниеден өткеніне бір жыл толуына орай жазған «Еске алу» шумақтарындағы көңіл-күйіндей деуге әбден болады. Махмұтбайдың «Еске алу» шумақтары Қызылорда облыстық «Сыр мектебі» газетінде 1998 жылы, 14 тамыз, №4 жарияланған. Осы шумақтар менің де жүрегімді толқытып жібергесін, оны келтіруге мәжбүр болдым:

 

Бәрі тұр тау да, дала да

Заңғар көк, жер, су, ауа да.

Жалғанда жалғыз аяулым,

Сен ғана жоқсың, жан ана.

 

Тұр бәрі ауыл, қала да

Сан тарау жол, сай-сала да.

Нұр жүзді қымбат асылым,

Сен ғана жоқсың, жан ана.

Көзімнен жасым тама ма,

Көнілде мұңым қала ма.

Күлімдеп күндей тұратын,

Сағынтты жүзің, жан ана.

 

Бір әже кетіп бара ма,

Жаулығын түзеп ала ма.

Сыртынан ұзақ қараймын,

Сен емес пе деп, жан ана.

 

Ашылып есік қала ма,

Әйнекті біреу қаға ма.

Елеңдеп тағы қаламын

Енер деп сені, жан ана.

 

Дана да едің, пана да

Не жетсін қымбат бағаңа

Жаралған жаның біз үшін

Жәннатта болсын, жан ана!

 

Бұл шумақтар Махмұтбай мен менің 20 жыл бұрын өз анамызға деген көңіл-күйімізді бүгінгі күні менің сүйікті балаларымның өздерінің асыл анасы Далияға деген көңіл-күйін көрсеткен поэзия тілімен келтірген керемет шумақ­тар ғой!

Мен Мәскеу қаласында ғылыми ізгеніспен тынымсыз айналысып жүрге­німде отбасындағы Далияның бес баланы оқытып, тәрбиелеудегі орасан зор еңбегі менен артық болмаса кем болған жоқ. Менің ғылымда, Қызылорда, Алматы, Тараз және Павлодар қалаларындағы жетекші университеттерде жоғары білім беру жүйесіндегі ұзақ жылғы жемісті еңбегімде  жеткен жетістіктеріме Далия­ның да үлкен көмегі, қосқан қомақты үлесі болғандығы айдан анық. Менің қызметте алаңсыз жұмыс істеп, абыройлы болуыма үйдегі Далиядай асыл жардың отбасындағы маған деген жайлылығының, ізет-құрметінің және шын сүйіспенші­лігінің нәтижесі екендігіне еш күмәнім жоқ. Далиямен бірге тұру маған өмірге деген құлшыныс, еңбекке деген шабыт тудырды.

Жан жарым Далияның төзімділігі, шыдамдылығы, сабырлы мінезі мен қиындыққа бой бермейтін қасиетіне әбден риза болып, жан-жүрегіммен сезінетін едім. Мен органикалық химия саласы бойынша докторлық диссертацияны даярлап жазып бітіру үшін Мәскеу қаласында 1983–1985 жылдары КСРО Ғылым академиясының элементоргани­калық қосылыстар институтында аға ғылыми қызметкер лауазымын атқарға­нымда, ол бес баламен Қызылорда қала­сында ешқандай қабақ шытпай үйде қалып, қиындыққа қарамастан ұстаздық қызметін де абыройлы атқарды, балаларды да бағып-қағып өсірді.

Далия Сағадатқызы өзінің жараты­лысында шыдамды, төзімді, кешірімшіл, сезімтал, ыждағатты, үнемшіл, қана­ғатшыл, мейірімді, инабатты болды.

Далияның маған, балаларына, жақын­дарына жасаған адал қызметі мен мол ша­рапаты, ізгілікке, мейірімге толы жарқын бейнесі бізбен әрқашан бірге болады. Мен отбасының өнегелі иесі, аяулы жар, ардақты ана болған Далия Сағадатқызын артта қалған оның ұрпақтары, бауырлары, туған-туысқан­дары және білетіндер оның асыл бейнесін жүректерінде ұзақ сақтайтынына кәміл сенемін.

 

Рақыш ӘМІРЕЕВ,

С.Торайғыров атындағы

Павлодар мемлекеттік университетінің

профессоры, химия ғылымының докторы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *