«СЕНІҢ БОЛҒАНЫҢ ҚАНДАЙ ЖАҚСЫ»

Біз, журналистер әдетте жазатын мақаламыздың кейіпкерлерін алыстан, сырттан іздеп жүреміз. Ал дәл жанымызда да қаншама қарапайым кейіпкерлер жүр десеңізші.

Белгілі ақын, сыншы, әдебиетші-ғалым, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қазақ әдебиетінде поэзиясы арқылы да, рухани-танымдық мақалаларымен де құбылыс болып келіп, кеңінен танылған, бірақ арамыздан ерте кеткен Әмірхан Балқыбек тірі болса, биыл 50-ге толар еді. Ал Әмірханның жары – Мархабат Шойбекова бізде, «Алматы ақшамы» газетінде корректор.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Менің ертегім

Мархабат «Халық Конгресі» газетінде Қалихан Ысқақ сынды тұлғалармен бірге жұмыс істеді. 1996 жылы ол кісі респуб­ликалық «Парасат» журналына ауысты. Мархабат та жастарға әркез тілекші болып жүретін жақсы ағаны пана тұтып, ізінен ілесіп журналға келді.

Мархабат жұмысқа тұруға барғанда алдымен Қалихан ағасына келіп, сосын ол кісі «Парасат» журналының Бас редакторы Баққожа Мұқайға алып кірген болатын. Сөйтіп жұмысқа қабылданды.

Қалихан аға мен Әмірхан бір кабинетте отырады екен. Бірде Қалихан Ысқақ Әмірханға сырттай Мархабатты меңзеп, «осы қыз саған әйел болады» деген екен. Тау қозғалса да қозғала қоймайтын сабырлы мінезді Мархабаттың белгілі бір қалыпқа сыймай үнемі «шалқып-тасып», тау суындай гүрілдеп жүретін  Әмірханға орнықты әйел бола алатынын, қандай жағ­дайда да жанынан табылатынын жайсаң ағалар сол кезде-ақ бағамдаған ғой.

Ол кезде Мархабат журналда терімші, тілшілер оған кезекпен диктовкаға оты­рады. Бір күні Әмірхан да кезекті диктов­касына келді. Жұмысын аяқтап, кабине­тіне кетті. Ал Мархабат келесі теретін жұмысына кірісіп жатқан-ды. Сәлден кейін Әмірхан қайта оралды. Мархабат оның айналшықтап кеткісі келмей тұрғанын байқады. Бірінші болып Әмірхан тіл қатты:

– Кете берейін бе? – деді. Мархабат тосылған жоқ:

– Қарсы емеспін, – деді компьютерден көз алмаған күйі. Бұл сөзіне таңдана, бетіне бажырая қараған жігітке қыз қайтадан:

– Мына жазуды айтып отырмын, – деп компьютер бетіндегі қазір ғана теріп отырған жазуды көрсетті. Сосын екеуі де күліп жіберді.

Сол жылы Әмірхан Балқыбектің «Ме­та­морфоза» атты алақандай ғана алғашқы өлеңдер жинағы шықты. Кітабына Мархабатқа деген риясыз сезімін білдіретін өлең жолдарымен өрнектеген қолтаңбасын жазып сыйлады.

– Оның отты жанары жанымды баурап алған-ды. Сол таныстығымыз көп ұзамай үлкен махаббатқа ұласты. Екеуміз кешке жұмыстан бірге қайтатынбыз. Қаншама шақырым жаяу жүрсек те шаршамай­тынбыз. Бір қызығы, ол маған ертегі айтып беретін, ертегі желісі аяқталғанда пәтерге де жететінбіз, – дейді Мархабат.

Түрлі-түсті теледидар

Екеуі сонау нарық жылдары, қиын шақта бас қосты. Сондықтан бірде тоқтық, бірде жоқтық қоңырқай тірлік бұл отбасын да айналып өткен жоқ. Шығармашылық адамдары да қайбір шалқып өмір сүрді дейсіз, әйтеуір ептесіп, септесіп күн көріп жатты. Кішкентай Қасиет ауылда, Шарда­рада, ата-әжесінің қолында болатын.

Әмірхан футбол десе ішкен асын жерге қоятындардың бірі еді. Пәтерден-пәтерге көшіп жүретін кездері. Ақ-қара түспен көр­сететін телевизорлары болған. Футболдағы жасыл алаңды, командалардың киім түсте­рін көре алмайды, әрине. Қашан түрлі-түсті көрсететін телевизор алар екенбіз деп армандап қоятын кездері де болатын.

Алғаш үй болғанда, екеулеп жүріп дүкен аралап, ең алғаш сатып алған дүние­лері шағын ғана түрлі-түсті телевизор еді. Ешқандай дүние-мүлік атаулыға қызық­пайтын Әмірханның қуанғанына қарап қуанып Мархабат та балаша мәз. Үй жинағанда бірінші сол телевизордың шаңын сүртіп қоятыны да қызық еді.

Әмірханның бірде дана, бірде бала болатын кездері жиі еді. «Сыралатып» кете­тін күндері, түндері де аз емес-тін. Бірде сегіз ай бойына жұмыссыз үйде жатты. Кешкісін жұмыстан қайтқан Мархабатты аялдамадан күтіп алатын. Сосын екеуі үнсіз үйге келетін. Екеуі бір-біріне ештеңе айтпайды, бірақ бір-бірінің ішкі ойларын үнсіз-ақ ұғысып тұратын.

Кейде Мархабаттың өз туыстары да мұның осыншама төзімін түсінбеген, түсінгісі де келмеген сәттері аз болмаған. Бірақ қандай жағдайда да Мархабат барынша сабырлы, төзімді бола білді. Себебі, ол Әмірханды шын сүйген еді.

Әмірхан мінезді, шатақтау болғанымен, қайтымы тез еді. Келіншегін ренжітіп қойса, жарты сағат өтер-өтпестен, асүйде  өз тірлігімен жүрген Мархабатқа келіп, «Мәкішім» деп бетінен сүйіп кететін.

Әмірхан ақынның бір қызға өлердей ғашық болғаны бар. Ол қыз туралы Мар­хабат сезді. Сосын білді. Одан соң Әмірхан­ның сол қызға арнап жазған өлеңін түндер­де бірге талқылайтын болды. Кейде ойлай­тын, «Әмірхан сол қызға кетемін десе, не дер едім» деп. «Жіберемін. Ұрпағын жал­ғас­тыратын ұл сүйсе екен сол қыздан» деп ойлаған кездері де болған. Оған риясыз тілекші болғандығы соншалық, қызғанған жоқ. Тіпті, «екеуміз екі бөлек кеткен күнде, әлгі қыз Әмірханның қиын мінезіне мен секілді шыдамаса ше, далада қалып қой­май ма» деп те ойланған сәттері аз емес. Бірақ Әмірхан кетпеді. Кетпеймін деді! Өйткені, ол да Мархабаттың қадірін білетін. Ет-жақындары, дос-жарандары бас қосқан орталарда «менің келіншегіме ескерткіш қою керек» деген сөзін қайталай беретіні де сондықтан еді.

 

Кітап ұрлау хикаясы

Әмірхан кішкентайынан кітаппен «ауырыпты». Әкесі ауылдағы шағын бақ­ша­ның өнімін жинап алуға үйдегі бір қыз, төрт ұлды түгел шығаратын. Сонда Әмірхан өзіне тиесілі қатардың жұмысын бәрінен бұрын тез-тез жинап алып, қалғандарын күтіп күн астында кітап оқып отырады екен. Оның аз ғұмырында жинаған дүниесі де тек кітаптар болды.

Әмірхан біреуге кітап бергенді қала­майтын дейді жары. Үйге дос-жарандары келсе, кітап сөресінің жанынан шықпай айналшықтап жүретін көрінеді.

Бір күні үйіне біраз досының басы жиналып қалады. Көңілді отырыс болады. Қонақтар кетісімен Әмірхан Л.Гумилевтің «Хұндары» жоқ екенін байқап қояды. Екеуі ары ойланып, бері ойланып, «бал ашып» отырып, «ұрының» кім екенін табады.

Бірде ортақ достар сол жігіттің үйінде бас қосатын болды. Әмірхан мен Мархабат егер мүмкіндік болып жатса оның кітап сөрелерін қарап шығатын болып алдын-ала келісіп алады. Айтқандай-ақ, «Хұндар» сол үйде тұр екен. Ерлі-зайыпты бір-бірімен ымдасып жүріп, ыңғайын тауып, көпшіліктің көзін ала бере кітапты сумкаға салып алады. Сөйтіп, қызық болғанда өз кітаптарын өздері ұрлап алғандары бар.

Олар ең алғаш Алматыдан үй алып көшкенде, дүние-мүліктерінің ішіндегі ең көбі кітаптар болатын. Жаңа баспанала­рына он қап кітап көтеріп кірген сонда. Ал қазір Әмірхан жинаған кітап қоры үш мыңға жуықтап қалыпты.

Екеуі дүкенге, базарға шыға қалса, Әмірхан міндетті түрде жолында кездескен кітап дүкеніне кіріп кететін. Ондай сәттері Мархабат қуанады да, мұңаяды да. Қуанатыны – Әмірхан оған «сонша сағат қайда жоғалып кеттің» деп күңкілдемейді, өйткені ол өз қызығына сүңгіп кететін. Ал мұңаятыны – тамаққа, киімге деп санап алып шыққан өзі азғантай ақшаның тең жартысы кітапқа жұмсалатын. Отағасы ешқашан кітап бағасына қарамайтын.

Кезекті бір республикалық мүшәйрадан алған 150 мың теңге жүлдесінің бір тиы­нына дейін тиіспей, кітап жинайтын үлкен шкаф жасатты, кітаптарын сонда әрқайсын әдемілеп, баппен, аялап тұрып өзі жина­ған-ды.

Кітап сөресіндегі ескіріп, жыртыла бастаған кітаптарды Мархабатқа желімдет­кізіп, жаңалатып қоятын. Әйтпесе кейінгі жылдары шыққан сол автордың кітабын сатып әкелетін.

Әмірханның кітапханасынан кез-келген адам іздегенін табады. Онда әлем әдебиеті де, тарих, ЖЗЛ сериясымен шық­қан том-том кітаптар, суретшілер туралы туын­дылар, классикалық музыканың фавориттері Моцарт, Бетховен, Бах жайлы дисктер – бәрі-бәрі кітап сөрелерінде қаттаулы.

– Бұл кітаптарды осылай жинап, құндақтап отырғаннан гөрі өзгелердің, оның ішінде жастардың қанып оқығаны дұрыс қой. Сондықтан болашақта осы жағынан бір амалын ойластырып көретін шығармыз, – дейді Мархабат.

Жастар демекші, Әмірхан қанатының астына талантты жастарды жинап жүретін еді дейді жары. Жастар да өз кезегінде бітімі бөлек ағаларын ерекше құрметтеп, «еркелігін» де көтере білген. «Менің баһа­дүрлерім» дейтін көрінеді жас достарына. Шерхан Талап, Айдос Исламғали, Бекзат Смадияр, Досхан Жылқыбаев сынды баһадүрлері әлі күнге Мархабат жеңгелеріне хабарласып, амандығын біліп тұрады.

Ақын іссапарға жиналғанда сөмкесіне Есенинді салып алатын. Ал таңертең жұмысқа шығарда Балқыбек атасының тері сіңген тақиясын иіскеп, сосын Абайдың кітабын ақтарып тұрып, бір шумақ өлеңін оқып барып сыртқы есікке бет түзейтін көрінеді.

Сөйткен Әмірханның үлкен бір арманы «Ұлттық кітапхананы басқарсам ғой» еді…

Мөлтек сұхбат

– Егер өткен күндерің қайта айналып келер болса, нені өзгерткен болар едің?

– Өзгертетін ештеңе жоқ сияқты. Тек қасымда жүрсе жеткілікті болар еді… Уақыт өткен сайын сағына түседі екенсің. Сурет­ші Мәлік Қайдаров аға жазып берген үлкен портреті ілулі тұр төрде. Сол портре­тімен тілдесемін. Күн сайын Құран бағыштап отырамын.

– Шығармашылық адамы үнемі ізденіс үстінде жүретін ерекше жан ғой. Ол ізденумен, іздеумен жүреді. Әмірханның таппай кеткені бар ма?

– Әңгімелескен замандасының, досы­ның немесе жастардың кітап оқымайты­нына қатты қынжылатын. Ғасырлар мен дәуірлерді бірге шарлайтын, пікір алмаса­тын, әңгімесі жарасатын адам іздеп жүретін үнемі.

– Шығармашылық адамының мінезінің барлық болмыс-сипаты жазуынан көрінеді дейді. Оның шығармаларынан өзін көруші ме едің?

– Ол рас сөз . Адамның жазуынан оның болмысын, білім деңгейін, өресін білуге болатындай. «Қасқыр құдай болған кез» кітабынан Әмірханның кім екенін, бабалар тарихына ақындық көзбен қарағанын, өзіндік айтары бар түркітанушы, мифолог екенін тани түседі.

– Өмір болған соң қуаныш та, күйзеліс те болатыны ақиқат. Әмірханның жеңген сәттері көп пе, әлде жеңілген?..

– Иә, қуаныш та, күйзеліс те қатар жүретіні ақиқат қой. Мен кейде ойлаймын, адамның мінезі қандай болса, өмір сүру салты да сол мінезіне ұқсап кететіндей. Әмірханның жеңілген сәті ешкімнен атақ-абырой, «көкелерден» жоғары лауазым сұрамағаны шығар, бәлкім.

– Әдетте «көзден кетсе, көңілден де кетеді» деп жатамыз. Әмірхан кеткелі оның шаңырағына шынайы тілеулес болып жүретін, телефонмен болса да амандық­тарыңды біліп жүретін кімдер?

– «Көзден кетсе, көңілден де кетеді». Бұл сөздің салмағын сезінгенім жоқ әлі, шүкір. Күнде болмаса да, амандығымызды білуге ауылдан апамнан (енем) бастап достары Маралтай, Жарас, Бауыржан, Сәкен, Адалбек, Әлібек, тағы басқа да жігіттер хабарласып тұрады. Достары «енді біздің Әмірханымыз сенсің» деп жиын-тойларынан қалдырған емес.

 

Қуаныштың төресі

Әмірханның ең керемет, ең қобалжыған, ең қуанған сәттерінің бірі қызы өмірген келген кез болатын. Өзінің ауылға кеткені­не екі-үш күн, ал айы, күні жетіп отырған Мархабат ауылға бармай, әпкесінің қасында қалған еді.

Аяқастынан толғақ басталып, әпкесі перзентханаға апарды. Көп ұзамай кешкілік босанып, қол-аяғын бауырына алды. Ол кезде сүйінші сұрай қоятындай бүгінгідей ұялы телефон деген жоқ. Ертесіне ауылдан Әмірхан анасы екеуі әпкесінікіне келген ғой. Содан сүйінші хабарды естіп, үшеуі перзентханаға жетеді.

Мархабат бесінші қабаттың терезесінен төмен қарап тұрып жылап жіберді. Не болды деп шошып кетті Әмірхан. Сонда келіншегі терезеден «қарным ашты» дегені бала құсап бұртиып.

Әмірхан сол күні қызын Мархабаттан бұрын көріп алған болатын. Бөпені емізуге әкелмес бұрын, медбикелердің тілін тауып ішке кіріп, кішкентай Қасиетті көріп шыққан екен. Соны айтып мәз өзі.

Ертесіне достарымен перзентхана ма­ңы­на жиналып, көк шөпте жайғасып алып «тойды» бастап кеп жіберген ғой сабазың…

 

Қызым Қасиетке

Кіргізетін кішкене үйдің қызуын,

Қызым менің, кіп-кішкентай қызығым.

Қазір сенің былдыр қаққан бесігің,

Ашар ертең кең дүниенің есігін.

Аспан, күнді өз көзіңмен көрерсің,

Жаратқанның құдіретін сезерсің.

Ой ойларсың ұзақ түнге жатып ап,

Не болмаса сол ойлыны бақылап.

Тек әйтеуір адал болсаң болғаны,

Осы болды жан әкеңнің арманы.

Жағалауға жүзген жандай жан сала,

Басы қатты ой-қиялдан қаншама.

Сол ой-қиял сені де алып кетердей,

Міне, отыр ол қасыңда

жөтел қысса да жөтелмей.

Тілек айтпас дана бол деп ол саған,

Тілек айтпас бала бол деп ол саған,

Ерте ме кеш балалық шақ өтеді,

Бір ғұмырға бір балалық жетеді.

Кезің келер таным-талғам толысқан,

Тек аман бол, өз ісіңе бекем бол,

Бір адамға бір ғұмырға жетер сол.

Жан әкеңдей сыйла туған тіліңді,

Тіл деп жүріп жүрегі оның тілінді.

Мінезімен ұқсап қалған далаға,

Оған емес, ұқсашы ана анаңа.

Көшесіне әкең ойы шашылған,

Мына қала сипамайды басыңнан.

Бір тұрғанда дала желі әкелген

Өзгерек бол, кішкентайым, әкеңнен.

Алда талай сырласар сәт бар әлі,

Шешең сынды болсаң алғыр жарады.

Ниеті мен пейілін де бірге алғын,

Әлі талай жазылатын жырымда,

Екеуіңді егіз қылып жырлармын.

Қызым менің, кіп-кішкентай қызығым,

Кіргізетін біздің үйдің қызуын. (1997 ж).

 

«Орнында бар оңалар» демекші, бүгінде Қасиет те бойжетіп, шаңырақ құрды. Сәби сүйді. Ал Мархабат әдемі әже болды.

Мархабат «немере баладан да, балдан да тәтті» дегенді енді түсініп жүр. Баяғыда ауылда шешелеріміз алдындағы тамағын өзі жемей немересінің аузына тығып отырушы еді. Тура сол күйді бастан кешіп жатыр. Қазір күннен-күнге қылығы шығып, уілдеп сөйлеген сайын тәтті болып барады. Жұмыстан келе салып, киімін де шешпес­тен «тамақ бердіңдер ме, не жеді, не ішті» деп сұрақтың астына алады кеп. Құдды өзі келмесе балаға ешкім ештеңе бермейтіндей. Өз қолыңмен тамақтандырсаң ғана қарны тоятындай болып көрінетіні несі екен деп күледі.

Бүгінде Қасиет көкесінің (әкесін осы­лай атайтын) өзіне арнаған өлеңін өзінің кішкентай Әлиясына ұйықтатар алдында оқып беретін болып жүр.

 

Жаққан отың өшпесін

Мархабат Әмірханнан шынайы сүюді, бағалай білуді үйренді. Мысалы, оңтүстік жақта жігіттер әйелдеріне деген сүйіспен­шілігін елдің көзінше көрсете бермейді ғой. Ал Әмірхан достары тұрмақ, әке-шешесінің көзінше де, жақсы көріп кетсе әйелін аулада тұрып-ақ тік көтеріп ала қоятын немесе бетінен сүйіп алатын, еш қымсын­бай-ақ құшағына басатын. Тіпті, екеуі алысып ойнап та кететін сәттері жиі бола­тын. Алғашқы кезде Мархабат ыңғайсыз болды-ау деп атасы жаққа ұрлана қарап қоятын. Сөйтсе, ол кісі керісінше мейірлене риза болып тұратынын байқады. Мінезі қиындау, «ерке» ұлының бақытын тапқа­нына, екеу болып балаша ойнап жүрген сәтіне тілекші болып тұрады екен-ау сонда.

Иә, Әмірханның таным-түсінігі, мінез-құлқы, өмір салты бөлек болатын. Оның жеке өз әлемі – Әдебиет әлемі бар-тын. Мар­ха­бат өзін Әмірханның сол әлемін түсіне де, ой қосуға жарай да, теңесе де алмаймын деп іштей өз-өзін жеген кездері де көп болған. Мархабат тұрмақ, шығарма­шылықта жүрген кей қаламгер замандас­тарының өзі оны түсінбейтін сәттер де болатын. Сондықтан шығар, кейде сыра­латқан, тойлатқан жерлерінде жападан-жалғыз қалып қоятын. Ондайда үйге түнделетіп болса да жылы шаңырағына жетіп жығылатын әйтеуір. Сосын түнімен ұйықтамай күтіп отыратын жары костюмін шешіп алып іліп, шәйнегін отқа қойып жатқанда «Сенің болғаның қандай жақсы» деуші еді, марқұм.

Иә, оның болғаны қандай жақсы, оты әлі күнге өшкен жоқ.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *