СЕНДЕР АМАН БОЛЫҢДАР, ЖАҚСЫ АДАМДАР!

Алматының «Белсенді азаматтары» анықталды

img_8533

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Бір  түйір мейіз

…Бір күні Айша анамызға қайыр­шы таяп келіп садақа сұрайды. Айша ана қалтасын қарайды. Сөйтіп, қалтасының түбінен бір түйір мейіз табады. Оны алып, қайыршыға береді. Сонда әлгі адам:

– Бұл бір түйір мейізді не істей­мін?! – деп мұңайып қалады.

Негізі,  бұл жерде садақаның көле­мі емес, оны берушінің ықыласы маңызды. «Аз қайырымдылық жа­саудан ұялма, өйткені құралақан қайтару одан да аз».

Әрине, бүгінде қайыр-садақа тілейтін заман емес. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық мәртебесі көтерілген. Тыныш мемлекетте ғұмыр кешіп жатырмыз. Әлеммен тереземіз тең. Дегенмен, өмір болған соң белгілі бір деңгейде көмекке мұқтаж, қол­дауға, жан жылуына зәру адамдар жоқ емес. Ал олардың жанынан табы­лып, қуаныш сыйлап жүрген қайырымды адамдар олардан да көп.

Иә, «жомарттық малмен есеп­телмейді, көңілмен болмақ». Кеше «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде, 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні қарсаңында қала әкімдігінің мұрындық болуымен Алматы қаласы белсенді азаматтары­ның форумы болып өтті. Онда өмір жолында қайырымдылықты ту етіп ұстаған ерекше адамдар марапат­талды.

Салтанатты форум шымылдығын ашқан Алматы қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов алып шаһардағы жомарт, қайырымды, жүректері ізгілікке толы жандардың арасынан ең үздігін таңдау оңайға соқпағанын атап өтті. Қала келбетіне, оның тұрғындарының өмірінің жақсы болуына үлес қосып жүрген ондай адамдардың бәрі де құрметке лайық екендігін айтты. Сөйтіп, форумда 50 адамның ішінен оза шапқан жеті белсенді алма­тылыққа құрмет көрсетілді.

img_8554

Шын жүректен

Сонымен, ортамызда жүрген үлкен жүректі жандардың кім екенін білдік, таныстық, таныдық.

Мәселен, «Мамы добра» әйелдер қайырымдылық қозғалысының негізін қалаушы, «Тойқазан дауысы» атты дарынды балалар байқауының ұйым­дастырушысы Гүлжан Наратауова қаланы көгалдандыру мақсатында замандастарымен ықылас біріктіріп, қалада 10 мыңнан астам ағаш отыр­ғызған. Жылда «Зейнеткерлерге тегін нан» акциясын ұйымдастырады. Балалар үйлеріне де көмектесіп, тұрмысы төмен отбасылардың «жыр­тығын жамасып жүрген» жан.

Ал «Алматы TUTORІNG» дирек­торы, «Біздің аула» ПИК басқарма төрағасы Андрей Луканин жағдайы төмен отбасы балаларына сөйлеу мәнерін үйрету, балалар психоло­гиясы, логопед қызметтері бойынша курстарды және гимнастика, хорео­графия сабақтарын тегін оқытып отыр. Сондай-ақ, жыл сайын 20 ба­лаға мектеп формасын, сабаққа қажетті құрал-жабдықтарын таратып, талай отбасын қуантып жүр.

Мейрамбек Байғали – «Азиялық одақтың инновациялық технология­лар парламенті» қауымдастығының Азия бойынша комиссары. «Қазақ­стандық сапа менеджменті» акаде­миясының академигі. 15 жылдан бері «Сайран» көлінің аумағын көгал­дандырып, қаланың инфрақұры­лымын жақсартуда өз үлесін қосып келеді. Оның отырғызған ағаштары бүгінде жапырақтарын кеңге жайып, көл маңы үлкен-кіші барып сер­уендейтін әдемі демалыс орнына айналған.

 

Ақшақар келді…

 

Юлия Марченко – 2014 жылдан бері әлеуметтік қолдауға зәру отбасы балаларына Жаңа жылда Ақшақар болып киініп барып, мерекелік көңіл-күй сыйлап жүрген мейірімді ару. Алматыдағы балалар үйінің қыздарын «Пинг-понг ханшайымы», респуб­ликалық теннис турниріне жаттық­тырып, «Арманға апарар жол» чемпионатында ұлдар командасының кураторы болған.

Мадина Мырзахметова – 2009 жылдан бері «Аруана» балаларды сауықтыру орталығының ұйымдас­тырушысы және атқарушы дирек­торы. 17 жасынан түрлі қайырым­дылық акцияларына ерікті ретінде қатысқан. Осыдан екі жыл бұрын «Клуб добряков Алматы» қозғалысын ашты. Қаладағы және Алматы облысына қарайтын жақын маңдағы ауылдардың 200-ден астам отбасына ұдайы жәрдемдесіп тұрады. Сондай-ақ, онкология дертіне шалдыққан балаларға, хосписке, қарттар үйіне көмектесіп жүретін клуб құрамында 70-тен астам адам бар.

Бақтияр Батырбеков – «Анашым» көру қабілеті нашар балалар мен жастарды қолау қорының, «Спорт без границ» мүгедектер арасында спортты қолдау және насихаттау жобасының жетекшісі. «Алматы – Астана» және «Алматы – Ыстықкөл» бағыттары бойынша жанары нашар көретін жандардың басын қосып, вело­марафон ұйымдастырып, нәтижесінде рухы биік жандар 1200 шақырым қашықтықты бағындырған.

Ал  Давид Балтабаев – форумның ең жас жеңімпазы. 9 жаста. Ол – №68 қазақ-неміс гимназиясының оқушысы. Математика, әдебиет, еңбек, сурет пән­дерін сүйеді. Жазда өткен «Отбасы күні» аясында  балалар қолөнеріне арналған байқауда ермексаздан «Маrvel» батырларының мүсіндерін жасап, 1-орын алған. Кішкентай баланың өзінен жасы әлдеқайда үлкен ересектермен иық түйістіріп қатар тұрып, «белсенді» атануының себебі – айналасына бей-жай қарамай, ауласында шашылып жатқан қоқыстарды өз бетінше жинап, көшені тазартып жүреді. Алматының әдемі де әсем қала болғанын қалайды.

Жақсылық жасаудың, қайы­рымдылықтың үлкен-кішісі бол­майды. Иә, олар қарлығаш­тың қанатымен су себелегендей өз көмегін беруді парыз санайды. Өмір сынындағы жандардың арқасүйері, иек артары, жан­а­шыры, сенімді тілеуқоры болуға тырысады. Жақсылық түбі мейірімнен, ізгіліктен шығады. Ал  ізгіліктен із қалады.

 

Мадина МЫРЗАХМЕТОВА:

– Мен жаным қалайтын, өзіме ләззат сыйлайтын іспен айналысып жүрегенімді мақтан етемін. Бүгінгі марапат мені одан әрі шабыттандырады. Біз біріксек, бәріне қол жеткіземіз.

 

Мейрамбек БАЙҒАЛИ:

– Бұл істерімді осындай марапатқа ие боламын-ау, көзге түссем-ау деп істеген жоқпын. Дегенмен, күтпеген қуаныш болды. Осындай жақсы істерімізді жалғастыра берейік. Ізгіліктен із қалсын, яғни бізден кейінгі ұрпақ үлгі алып жүрсін деймін.

 

Юлия МАРЧЕНКО:

– Мені осындай мейірімді етіп тәрбиелеген анама рахмет айтамын. Мен өмірдегі барлық адамды жақсы көремін, бәрі бақытты болуға лайықты!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close