Сенаторға қарттардың айтары аз болмады

Қазақ деген халқына мәңгі мұқалмайтын даналықты қалдырған Абай мен батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы көшесінің қиылысындағы бұрын «Ардагерлер» үйі аталған, ал қазір №3 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы аталатын шаңыраққа келе жатып, ойымыз сан-саққа бөлінді. Дәл қазір осында тұратын қарттардың барлығы бөлмелерінің жол жаққа қарайтын терезелерінен «біреу іздеп келіп қалар ма екен» деген үмітпен үйге бастар соқпаққа жанарын қадап қарап тұрғандай көрінді. Төңірегі жасыл желек, жеміс ағаштары мен райхан гүлінің сан алуан түрімен көмкерілген шипажай іспеттес салынған үш қабатты үйдің ауласына кірген адам бұл үйде қамкөңіл, жалғызілікті, қамқорлықсыз қалған қауқарсыз жандар тұрады дегенге сенбес те еді.
Бірақ өкінішке орай, бұл үйде жалғызілікті ғана емес, туған балалары бар қарттардың да тұратынын ескерсек, барын аузына тосып жеткізген ұрпақтың ата-анасын қартайған шағында тас үйге әкеліп тастап кетуіне не себеп болды екен деп ойлайсыз.
Бұл үйде жыл өткен сайын өзіміздің қарттарымыздың қатарының көбейіп бара жатқаны да жанға батады. Қазір мұнда тұратын 287 адамның жетпісі қазақ көрінеді. Өзгелермен салыстырғанда аз ғой деушілер де табылар, бірақ жетімін жылатпайды, жесірін қаңғытпайды деген қазақ үшін бұл сан аз болмаса керек. Екі жүз сексен жеті адам екі жүз сексен жеті тағдыр. Әрқайсына үңілсеңіз, жүрегіңіз ауырып, жаныңыз жабырқайды. Пенде болған соң пешенесіне жазылған тағдырға көндігеді де…

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Қарттарға арналған ақылы күндізгі болу бөлімі ашылса

Еліміздегі зейнеткерлеріміз бен ардагерлеріміздің жағдайын жақсартып, оларды әлеуметтік жағынан қолдап отыруды өзінің ең басты парызы санайтын «Nur Otan» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы мен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың аға ұрпаққа көңіл бөлу жөніндегі тапсырмасы аясында осында тұратын тұрғындардың қал-ахуалын білу мақсатында арнайы келген сенатор Төлеубек Төлеуұлы Мұқашев орталықтың тыныс-тіршілігімен танысты. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» дегендей, Алматы қалалық мәслихатының әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссиясының мүшесі Роза Бадаева да осы орталыққа келген екен.
Мұнда тұрғындар үшін барлық жағдайлар жасалған. Төрт мезгіл тамақ, бір, екі кісілік жайлы бөлмелер. Төсек орны, киім-кешегі жуулы, денсаулығы күтулі, пәтерақым төленбей қалды, ауруханаға бара алмай қалдым деп ешкім алаң болмайды. Қалаған ісіңмен айналысуға да барлық жағдай жасалған.
Еңбек терапиясы, салауатты өмір салты, белсенді ұзақ өмір сүруге бастайтын жаттығу, тынығу залдары кітап қоры мол кітапхана, ас мәзірі түрлі тағам түрлерімен түрленген асхана да тұрғындарға мінсіз қызмет ететіні көрініп тұр. Роза Кеңесханқызы сенатор мырзаға Алматы қаласы бойынша зейнеткерлер мен ардагерлерге көрсетілетін әлеуметтік көмектер жөнінде баяндап берді.
Қазір Алматы қаласында 242 мың зейнеткер тұрады екен. Төлеубек Төлеуұлын Алматы қалалық әкімдігі мен Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы бірлесіп қолға алып отырған «Белсенді ұзақ өмір сүру» бағдарламасы қызықтырды. Роза Кеңесханқызы бүгінде Алматының барлық аудандарында «Белсенді ұзақ өмір» орталықтары ашылғаны, зейнеткерлер аптасына екі рет демеушілердің қолдауымен бассейнге, фитнес залдарына барып, Алматының көрікті жерлерін аралауға мүмкіндік алғанын жеткізді.
Белсенді зейнеткерлердің қаламыздың спорт алаңдары мен сайбақтарында таңғы жаттығуға қатысып тұратын¬дығын әңгімелеп берді. Скандинавиялық қадам жаяу жүрісі де қазір алматылық зейнеткерлердің сүйікті жаттығуларына айналған. Роза Кеңесханқызының бұл сөзін Орталықтың директоры Раиса Мұсабекқызы Спабекова жалғастырып, өздерінің алдағы жұмыс жоспарымен таныстырды. Орталық директоры ғимарат¬тарында пайдаланылмай тұрған бос жерлерді тиімді пайдалану үшін орталық жанынан қала тұрғындарына арналған «Белсенді ұзақ өмір» орталығын құру жөніндегі бастамасын айтып, оның пилоттық жобасымен таныстырды. Оған орталықтың мүмкіндігі толық жетеді дейді Раиса Мұсабекқызы.

Орталықтың атауын «Шаңырақ» деп өзгертсек

Директор ханым көпбалалы отбасылары мен әлеу¬меттік жағынан аз қамтылған отбасыларының балалары үшін де шығарма¬шылық орта қалыптастыру идеялары барын да халық қалаулыларына құлаққағыс етті.
Дейтұрғанмен, ондай қосымша орталықтар мен шығармашылық ұйымдар құру үшін орталықтың Жарғы¬сын өзгерту қажет екен. Қазір орталық қызмет¬керлері өздерінің бағыт-бағдарын өзгерту үшін Жарғыларын қайта қарап жатқан жәйлары бар. Сенатор бос тұрған ғимаратты пайдаланудың тиімді екендігін дұрыс деп бағалағанмен, олардың қызметінің орталықтың жұмыс бағытына кереғар болмауын ескертті. №3 әлеуметтік қызмет көрсету орталығына тиесілі 3,5 гектар жер бар екен. Ол да бос жатқан көрінеді.
Ал тұрғындар арасында ол жерге көкөніс егіп, жеміс-жидек отырғызып, еңбекпен айналыссақ деген ниеттің жоқ болып тұрғандығын директор жасырмады. Директордың сенаторға құлаққағыс еткен тағы бір мәселесі – бұл жерде тек жалғызілікті қарттар ғана емес, мүмкіндігі шектеулі, тұрақты мекен-жайы жоқ жандардың да тұратындығын ескеріп, бұл орталықтың атын «Шаңырақ» деп өзгерту туралы және ата-анасын қараудан бас тартып, орталыққа өткізген балалардан алимент ұсталса деген ұсынысы болды.
Орталық басшысының спорт алаңын ашсақ, би алаңы, көкөніс өсіретін жылыжайымыз болса деген ұсы¬ныстары да қос депутаттың көңілінен шыққанмен, оның мән-жайын толық зерделеу керек деді. Ал дирек¬тордың қарттарға арналған ақылы күндізгі болу орталы¬ғын ашу жөніндегі бастамасын депутаттар қолдады. Мұндай күндізгі болу орталықтары күндіз қарайтын адамы жоқ, болмаса іссапарларға кеткенде тастап кететін жерлері жоқ адамдар үшін тиімді болатындығын айтқан сенатор оның бағасының қолжетімді болуын директордың есіне салды.

Әлеуметтік үйлерде тұратындар үшін бірыңғай төлем түрі енгізілсе

Ал осында тұратын бір топ ақсақалдар атынан шағым айтып келген Ж.Қаңтарбаев пен К.Маханбай қариялар¬дың сенаторға айтары аз болмады. Ұлы Отан соғысының қиындығын көріп, тылда еңбек еткен қос қария 2016 жыл¬ғы өзгерістерге байланысты әлеуметтік үйлердің қызметін пайдаланатын зейнеткерлердің зейнетақысының жетпіс пайызын мекеменің арнайы есепштотына аударылатын¬дығын, сол 2016 жылдан бастап осында тұратын зейнет¬керлерге базалық зейнетақы төленбей¬тіндігін, тыл еңбек¬кері ретінде берілетін жәрдемақыдан да қағылғандарын жеткізді. Сонымен бірге, ақсақалдар үкіметтің зейнет¬кер¬лердің әр түрлі мөлшерде зейнетақы алатындықтарын, соның салдарынан біреулердің зейнетақысынан төлемақы көп ұсталса, біреулердің зейнетақысына мардымсыз көлемде ақша ұсталады. Мүлде зейнетақы алмайтындары тағы бар. Сол себепті, мұндай мемлекет қамқорлығындағы үйлерде тұратындар үшін 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бірыңғай төлем түрлері енгізілсе деген ұсыныстары барын айтты. Қарттарды мұқият тыңдаған Төлеубек Мұқашев қарттар тарапынан айтылған бұл ұсынысты Парламенттің күзгі отырысында халық қалаулы¬ларының талқысына салатындығын, сонымен қатар, Президент тапсырмасымен аға ұрпаққа деген қамқорлықты жақсарту мақсатында арнайы заң қабылдау жоспарланып отырғандығын жеткізді.

Мұңсызбаев ақсақалдың тәжірибесін тарату қажет

Әлеуметтік көмек көрсету орталығын аралап шыққан Төлеубек Мұқашев мырза да өзін толғандырып жүр¬ген ойларымен бөлісті. Осы жазғы каникул кезінде туған жерін аралап шыққан сенатор ауылдағы көп үйлердің бос, олардың аулаларындағы құнарлы жерлердің қаңсып жат¬қанын көргенін, оларды қайта жандандыру үшін қалада тұратын еңбекке жарамды қарттарды ауылға уақытша қоныстандырып, олардың бау-бақша егумен, мал өсірумен айналысуына жағдай жасалса деген ойын айтып, Сарқант ауданын¬дағы Қойлық ауылына барып, ауылды гүлдендіру¬ге үлес қосып жүрген ауылшаруашылығы ғылы¬мының докторы Төлеухан Мұңсызбаевтың отбасы¬ның тәжірибесін мысалға келтірді. Төлеухан аға қа¬ла¬дан ауылға қоныс ау¬дарып, бүгінде ауылдың ажарлануына үлес қосып отырған белсенді, ұзақ өмір сүруге құштар жандардың бірі. «Қалада тұрып зейнетке шыққан зейнеткерлердің 40–50 пайызы тепсе темір үзетін жастағы азаматтар. Міне, соларды әкімдіктер ұйымдас¬тырып, сәуірден бастап қазан айына дейін ауылдардағы бос тұрған үйлерге қоныстандырып, олардың ауыл¬шар¬уашылығымен айналысуларына қолайлы жағдай жасаса, екі жақ үшін тиімді болар еді», – дейді қаладағы тас үйлерде қамалып отырған қарттардың қамын ойлаған Төлеубек Төлеуұлы. Орталықта өткен осы бір жылы жүздесу тұр¬ғын¬дардың еңсесін көтерсе, халық қалаулы¬лары мойын¬дарына үлкен жауапкершілік арқалап қайтқандай болды.
– Егеменді елміз, өз дәстүріміз, салтымыз бар. Соның ішінде аға ұрпаққа деген құрметіміз айрықша халықпыз. Олай болса, осы бейбіт өмірдің іргетасын қалап берген аға ұрпақ алдындағы парызымызды адал атқару біздің аза¬маттық борышымыз. Сол үшін мүмкіндігінше қарттардың жағдайын жақсартуға айрықша көңіл бөлінуі тиіс,– дейді Сенаттағы әлеуметтік мәселелер жөніндегі комитеттің мүшесі М.Мұқашев.
Р.S. Орталықтан біз де үлкен ой арқалап қайттық. Қарттар¬дың балаларына деген сағынышы жүректерін сыздатпаса, қарындары тоқ, көйлектері көк. Ал соларға тауқыметті қызмет көрсетіп жүрген әлеуметтік қызметкер¬леріміздің орташа еңбекақысы қырық екі мың ғана екен. Біреудің тамағын беріп, күні бойы асты-үстін тазалап жүріп, таба¬тын қырық екі мың теңге оның отбасын асырауға жете қояр ма екен?! Сенат депутаты күзгі отырыста әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы туралы да мәселе көтерсе ғой деп ойладық. Ал жайлы жерде тұрса да жәрдемақым қайда деп байбалам салып жүрген қарттар әкелік қамқорлықпен осындай жанкешті еңбек етіп жүрген қызметкерлердің жалақысын көтеріңдер, оларға жеңіл¬дікпен үй беріңдер деп депутаттың алдына мәселе қойса ғой, қандай жарасымды болар еді. Қырық екі мың теңгені баға күн сайын шарықтап тұрған мына заманда еңбекақы деп айтуға ауыз бара қой¬мас, бірақ сол еңбекақыны місе тұтып, талай адам ертеден қара кешке дейін еңбек етіп жүр. Ал қарны тойған соң ас ішкен табағын теуіп жүрген, арыз жазудан шарша¬майтын өзбеꬬстандық «еркетотай», еш заңға бағынбайтын Баженованы тұсаулайтын ешкімнің болмағаны ма? Қанша адам құқын құрметтегенімізбен, нан жеп отырған жерін құрметтей алмаса, оған тиісті жаза неге қолданбасқа. Тұрғындар депутаттарға аманат арқалат¬са, орталықтың абыройына кір жағып жүрген анасымен бірге осы жерді паналап отырған Баженованың мәселесін біз құзырлы орындардың құзыретіне тапсырғанды жөн көрдік.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *