Әсемдіктің, әдеміліктің жерұйығы бұл қала!

Зиялының сөзі

1

Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ,  Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

Алматы – Қазақ мемлекетінің ең бір сүйкімді, жайлы, жайдары қаласы. Бұл жерде талай арыстардың, зиялылардың ізі қалған. Мұнда талай саяси оқиғалар орын алған. Оңтүстік астанаға әу бастан қазақ­тың «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» ұл-қыздары келіп, білім алып, одан сайын Ал­ма­тының мерейін өсірді. Алматы – қазақ­тың білім ордасы, тәлім ордасы. Кезінде, тіпті, қазір де республикамыздың барлық қалалары осы шаһарға қарап бет түзейді. Қазір профессор, академик болып, елдің қамын ойлап жүрген мүйізі қара­ғайдай зиялылардың бәрінің жастық шағы, қызық шағы, алғашқы махаббаты Алматыда өтті.  Бұл шаһар талай нәрсені бастан өткерді. Бұл қаланың жасағанына мың жыл бол­ғаны рас, ол әлемдік деңгейде мойындалды да. Тіпті, қала тарихы мың жылдан да асып кетеді десек, артық емес. Талғар қаласы­ның төңірегіндегі қазба жұмыстардан табылған тарихи жәдігерлерге қарағанда, бұл шаһардың тарихы екі мың жылға жетіп жығылады. Кезінде бәзбіреулер ақкөңілдік, алашапқындық, аңғалдықпен «бұл қала­ның тарихы 1854 жылдан бастау алады» деп жүрді. Бірақ, қазір мұның бәрі тарихи қазба жұмыстары арқылы жоққа шығары­лып отыр. Солай болуы да тиіс. Өткенде Алматыда Марко Полоға қатысты үлкен шара ұйымдастырдық. Әйгілі итальяндық көпес әрі саяхатшы Марко Поло өзінің кітабына жазбаған күннің өзінде, ауыздан-ауызға жеткен аңыздардан менің өз құлағыммен естігенім, ол Қапал ауылын­дағы Тамшыбұлақ деген жерде суға түскен екен. Әулие сол суды көріп кеткен деседі. Оны өз кітабына жазбағанымен, сол жердегі халықтың үрім-бұтағы атасынан баласына айтып келген аңыз бар. Демек, бұл қала бұрын да болған. Тіпті, керек десеңіз, мұнда қала болмай қалуы мүмкін де емес. Өйткені, әсем Алатаудың баурайы, самал желі, саф ауасы бар, ол аз десеңіз, топырағы құнарлы, жерге шыбық шаншы­саң, жайқалып шыға келетін аймаққа адамдардың қызығатыны сөзсіз.

Алматы – Алла тағаланың ерекше көзі түскен жер. Бұл аумақ жер жәннаты десем, артық емес.

Енді Алматы қаласының әкімдігі бұл шаһардың мыңжылдығын атап өтіп жатқа­нын мен өзім қос қолдап қолдаймын. Он­ың үстіне, бұл шаралардың үлкен деңгейде, ұлттық руханиятқа ерекше мән беріліп жатқандығы мені қатты қуантады. Әсем қа­ла­мыз одан сайын көркейіп, қазіргі за­манауи талғамға сай зәулім ғимараттар салынып, көргенде көздің жауын алатындай әдемі гүлзарлар егіліп, аулалар тазаланып, көшелердің бәрі кеңейіп жатқаны – біріншіден, қуанышқа бөлейді, екінші жағынан, мұрныңды шүйіріп маңғаздана бастайды екенсің. Шеттен келгендерге «Міне, біздің Алматымыз осындай!» деп мақтанасың. Сондықтан, бұған шүкір етуі­міз керек. Алматының жазы жайлы, күзі әдемі, қысы да ерекше, көктемі тіптен құл­пырып кететін бүкіл әсемдіктің, әдеміліктің жерұйығы бұл қала. Қазіргі әкім Бауыржан Байбек бауырымыз жастық жігермен қалада қыруар жұмыстар атқарып жатыр. Оны өзіміз көріп отырмыз. Өте қуаныш­тымыз.

Қазақ: «Жас келсе – іске» деп текке айтпаған. Сондықтан, мен жас әкімнің Алматыға деген көзқарасына, көңіл күйіне, махаббатына, жалпы, еліне ерекше қызмет жасауға деген құлшынысына ризашылы­ғымды білдіремін.

Өзім өнер адамы болғаннан кейін Алатау ауданында Дәстүрлі өнер театры­ның ашылғанына қатты қуандым. Қазіргі мына жан-жақтан жабылып келе жатқан жаһандану үдерісі біз секілді момын ха­лықтың салт-дәстүрін, ата-бабадан келе жатқан әдет-ғұрпын жойып жіберуге ұм­тылып жатыр. Соған орай, жаңадан ашыл­ған бұл өнер ордасы тегімізде, қанымызда бар ұлттық өнерімізді дамытатын құтты мекен болады. Әрине, мұны білімді, ұлттық өнерге жаны ашитын адамның қолына табыстап, ары қарай өрбітсе, қазақ халқының тереңде жатқан ән-күйі, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі, түрлі ұлттық ойындары қайта жаңғырады. Сондықтан, бұл театрдың болашағы өте зор және өте орынды ашылды деп есептеймін. Керек десеңіз, бұл театр – ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан ата-бабаларымыздың ұлы мәдение­тінің көріністерін көрсететін құтты орда болады. Бұл өте қуанарлық жағдай.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Алматыға шын жүрегімен,  ішкі ізгі сүйіспен­шілі­гімен, махаббатымен қарайтыны белгілі. Ол кісінің де жастық шағы осында өтті. Мен өзім де 1969 жылдан бастап Алматыда тұ­рып келемін. Алматылық болып кеткен­деймін. Шет елге шықсам, Рио де Жанейро, Нью-Йорк, Анталияға барсам да, ұшақпен сол жерге қонғаннан бастап, қайтадан Алматыма қайтқым келіп тұрады. Бұл қала мені өзіне магниттей тартып тұрады. Жалпы, Алматы қазақ халқының жүрек қағысының бір эпицентрі деуге болады. Онымен қоса, ұлт мәдениетінің, сөз өнері­нің, тіпті керек десеңіз, қарым-қатынас­тықтың, ағайынгершіліктің, туыстықтың, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп жатқан бауырларымыздың басы қосылып, осы жерде «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратындай» татулық пен бірліктің мысалындай болып кетті, бұл Алматы! Жасай бер, жайнай бер, менің сүйікті қалам!