Әсемдік әлемінің ақсұңқары

Сабыркүл Асанова туралы сыр мен жыр

321Күләш АХМЕТОВАҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Адамның өмірі бір түзу жол емес екен. Қадам басып жүргеннен бастап, сан түрлі соқпақтарға түсіп, бірде ылдилап, бірде өрлеп, әр тарапқа бұрылып, тағдыр атты ғұмыр тарихты бастан кешіріп, көптеген адамдар мен оқиғаларға кездеседі екенбіз. Солардың ішінде өмір сапарының бас жағында, яғни, жас шағыңда жолыққан жандар мен жарқын сәттер жадымызда жатталып қалатынын қазір байқай бастадық.

Мен ойламаған жерден жетінші сыныпты Меркіде, Калинин атындағы мектепте оқитын болдым. Он төрттен он беске қараған балауса қызға жаңа жерде бәрі таңсық, бәрі қызық көрінеді. Біздің Үшаралдай емес, ауқымы үлкен, халқы көп, нешетүрлі ағаштары жайқалып өсіп тұрған тарихи өлкеде мен тез есейген сияқтымын. Әжептеуір жер көріп, жан-жағыма мән беріп, жақсылыққа талпындым. Бір жағынан, ауылымды да сағынып, тұңғиыққа беріліп, тұңғыш жырларымды жаза бастадым. Алғаш рет өзімнен жоғары оқитын ұл баладан  махаббат хатын алдым. Менің қыр қызғалдағындай тез өсе бастауыма себеп болған сегізін­ші сыныптың оқушылары еді. Керемет көңілді, сұңғақ бойлы, сымбатты қыздары топ-топ болып бірге жүреді. Сырттан келгенімді байқаған олар мені өздеріне тартып, сүйкімді жылылық танытты. Бәтима, Бейсен, Рән деген қыздармен танысып, үзілісте үйіріліп, сөйлесіп жақын тартып кеттім. Мектепке кеш барғандықтан, өз қата­рымнан бір сынып төмен оқып жүрген маған осы қыз­дардың жан дүниесі мен өресі көбірек үйлесетін еді…  Әсіресе, Бәтима Зәуірбекова деген қыз өзінің асқан сұлулығымен, жатырқамайтын ашық мінезімен қатты ұнаған. Туысқан әпкелі-сіңлідей болып кеткенбіз.

Бұрын үйден ұзап шықпаған менің жас шағымның сол бір үзігі әлі күнге өзіммен бірге.

Арада жыл­дар өтеді. Мен ма­ман­дық алып, тұр­мысқа шы­ғып, Ал­ма­тының «Орбита» деген жерінде тұрып жат­қан­мын. Бір күні аял­да­мада жолық­қан жас ке­лін­шектің жүзі көзіме оттай басылды. «Кім еді?»»Кім еді?» Ол да маған қарап күлімсіреп тұр. Ұзын кірпіктері көмкерген аялы көздері сондай мейірімді. Мен алдымен танып, қуанып:

— Бәтимасың ба? – дедім.

— Әй, сен Күләшсің бе? –деп, ол да құшағын жайды. Көз алдымнан Меркіде оқыған кез­дерім кинодағыдай  өтіп жатты. Осы кездесу біз үшін келешектегі әдемі достықтың басы болды.

Бәтиманың үй-ішімен  ара­ласа бастадық. Ұзамай ол бізді ең  жақын досы Сабыркүлмен  таныстырды. Сабыркүл Асанова Калинин мектебіне тоғызыншы сыныптан бастап келген екен. Дәл сол жылы ауылыма қайтып кеткендіктен, мен оны көре алмағанмын ғой. Сабыркүл өзін сыйлай білетін, соған сай өзгенің де құрметін тудыра білетін орнықты, ойлы келіншек болыпты. Әйтсе де, бізге алабөтен жақындық танытып, ілтипат білдірді. Әңгімелесе келе алғашқы тосырқаудың ізі де қалмай, риясыз, алаңсыз ашылып,  шынайы сырласуға пейіл танытты. Ол күлген кезде аппақ өңі  жарқырап, жарық шашқандай болады. Қалаған жерінде алдымен өзі қадам жасап үйренген Сабыркүл бізді үйіне шақырды. Қайырбек екеуі  бір айда туғандықтан ба, әлде мінездері үйлескендіктен бе, айрықша достасып кетті. Менің ақындық деген әлемнің ауыр қақпасын қаймықпай ашып, біршама танылып қалған кезім. Бәтима Зәуірбекова болса, Гоголь атындағы көркемсурет училищесін  бітіріп, го­белендік өнерді меңгерген екен. Көптеген жетістіктерге жетіп,  талантын мойындатып үлгеріпті. Ал Сабыркүл он бірінші сыныптан соң Мәскеу тоқыма  институтының технология факультетін тәмәмдап, Мәскеу қаласындағы тоқыма фабрикасында үш жыл еңбек етіп, бас инженерлікке дейін көтеріліп, отбасы жағдайымен елге қайтып, бұл уақытта «Алмагүл» тоқыма фабрикасының бас инженері қызметін атқарып жүрген көрінеді. Біріміз инженер, біріміз ақын, біріміз суретші, үшеумізге ортақ сұлулық әлемі бізді тіпті жақындатып жіберді. Біз 1982 жылы қазіргі Қабанбай батыр көшесіндегі жаңа үйге көштік. Біз қоныстанған Жазушылар үйі мен атақты суретшілер тұратын екі үй бір-бірімен бұрыштасып салынған екен. Біреуінде Бәтима, біреуінде біз, ал үй түбіндегі Есентай өзенінің арғы бетінде Сабыркүл тұрады. Бұл — біздің ең жиі қатынасқан, сырласқан кезіміз. Сабыркүлдің Балнұр, Айнұр атты көзінің ағы мен қарасындай ақ боталары мен біздің үйдің балалары қатар өсіп, қатар үлкейді. Алдымен Бәтиманың қызы Алманы ұзаттық. Сырға тағуға бас құдағи болып келген қызыл тілдің шешені, белгілі әнші Зейнеп Қойшыбаева қоржынды Сабыркүл екеумізге ашқызып, мәре-сәре болғанбыз. Содан кейін Сабыркүл ұлттық киім кигізіп, сән салтанатын асырып, жүрегімізді тебірентіп, Балнұрдың тойын өткізді. Жақсы жылдарымыз, жарқын тойларымыз бірге өтіп, біз де есейе бастадық. Алматының сұлу кештерінде бір-біріміздің қуанышымызға ортақтасқан Есентай өзенінің бойында серуендеп, әрнәрсені айтып мәз болған күндер естен кетер ме? Қай жағынан болса да Сабыркүл бізге ақылшы, қамқор бола білді.

Сол бір жылдары Алматыда шопандардың республикалық слеті өткен. Слет делегаты болып ауылдан келген менің Ысқақ жәкем Бәтима екеумізді «Қазақстан» мейманханасындағы жабық дүкенге кіргізді. Ол кезде бағалы заттар аса қат еді ғой. Дүкеннен қалаған дүниеңді табуың қиын. Сөйтіп, Бәтима екеуміз екі гауњартасты жүзік алғанбыз. Менің жарқыраған жауњарды тағуым бірінші рет еді. Бірақ, жұпыны тұрмысымыз жүзікті ұзақ таққызбады. Алда болатын Жазушылар съезіне не киемін деп уайымдай бастадым. Ақыры сол асыл жүзікті бір аяулы апайыма сатып, ақшасын алып Сабыркүлге бардым. Ол дизайнерлерін шақыртып, бірі ақ, бірі сұр түсті екі көйлек тоқытуыма кеңес берді. Сөйтіп, кезексіз, бірінен-бірі өтетін екі көйлекті тез дайындап берді. Осы көйлектерді мен көпке дейін айтулы жиындарға киіп барып жүрдім.

Сабыркүл — тума талант. Кімге ненің жарасатынын бірден біледі. Түр, сымбатыңа сай түсі мен сәнін тап басып айтады. Оның өзінің сүйретілген барқыт халат, немесе ала-құла жемпір киіп, олпы-солпы жүргенін үйінде де көрген емеспін. Қай ортада болсын, жарасымды киініп жүрген Сабыркүлдің үсті-басына қызығып қарамайтын келіншек жоқ шығар. Адамның киім жарасатыны немесе жараспайтыны болады. Кейбіреуге Cһanel мен Versace-дан кигізсең де, түк қонбайды, көрінбей қалады. Сабыркүлге не кисе де, құйып қойғандай қона қалады.Оның өн бойынан бір тектілік сезіліп тұрады.

Біз бас қосып әңгімелескенде алдымен туған ауылымыз туралы айтқанды жақсы көреміз.

Сабыркүлдің екі анасы болған. Екеуінің де есімдері Рәзия. Өткен өмірге көз жіберсек, оқиға былай өрбиді. Өз әке-шешесі Жұмағұл мен Рәзия Сабыркүлді алты айлығында жандарына жалау болып жүрген жақындары Жайлаубек пен Рәзияға береді.

Жайлаубектен он екі жас үлкен Рәзияның бұрынғы күйеуінен тоғыз баласы болған екен. Бәрі өліп, жалғыз Сабырхан деген ұл қалады. Сабырхан соғыстан қайтпапты. Осы отбасына бөпе болып келген Сабыркүл ыстық мейірім шуағына бөленеді. Айтқанын екі еткізбейтін ерке болып өседі. Біраз уақыттан кейін Рәзия Жайлаубекке жас әйел әперіп, бәрі бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп, өсіп-өнеді. Рәзия апасы өте іскер де ісмер кісі екен. Мал сауып, май, құртын алып, тамақтың түр-түрін әзірлеп, әппақ қызының алдына қояды. Киіз, текемет басады, сырмақ ояды. Ауылдастарға киім тігеді. Соның бәрін қызына да үйретеді. Сабыркүл де қаршадайынан саусағы майысып, киім тігеді. Шілтер тоқуды, кесте кестелеуді әдетке айналдырады. Терезе перде,  есік пердеге кесте салып, төсек жапқыш, жастық жапқышқа төгілдіріп тор тоқуға машықтанып алған соң   құрбылас қыздарына үйретеді. Келе-келе шебер қыз деген атқа ие болады. Мәскеуге оқуға өзі тігіп алған екі шыт көйлекпен барады. Бұл жағдайды азды-көпті бәріміз де басымыздан өткергенбіз. Біз де  әйел баласының қолынан келетін ұлттық өнердің үлкен мектебінен өткенбіз. Соғыстан соң туылған қатарларымның ішінде киіз басып, алаша, кілем, ши тоқуға үлес қоспағаны, қолдарына ине ұстап, жібек орамал  кестелемегені, қырқыншы жіппен шілтер тоқып, сол кездегі тар үйлерін сәндемегені, немістің «Зингер» дейтін тігін мәшинесімен киім тігіп, құрақ құрамағаны кемде-кем шығар. Ол бір тапшылық заман еді. Дүкеннен дайын киім алуға әркімнің әлі жете бермейтін. Кілем түгілі, жай төсеніш табылмайтын. Елдің тілегі – қолда барды ұқсатып, ертеңгі күнге аман-есен жету болатын.

Сол құрбыларымның бәрі бірден тігінші, тоқымашы болып қала алған жоқ. Сол ортадан суырылып, жарқырап Сабыркүл шықты. Оның бойындағы таланты өз анасы – Рәзияның ақ сүтінен, аналық мейірімге толы әлдиінен бастау алып, екінші анасы Рәзияның тұнық махаббатымен, ұсынақты шеберлігімен ұласым тапқан секілді. Балапан күнінен бауырына салған Рәзия апасы күйеуінен мүшел жас үлкен болғасын ба, бәрін өзі билеп-төстеп  үйренген, сарамжал, ақылман кісі екен. Сабыркүлдің бойындағы басқарушылық, біріншілік қасиет содан дарыса керек. Оның өз дегеніне көндіре білетін қайсарлығы жәй ғана еркеліктен, жалғыз өскендіктен емес, туа біткен табиғатынан, көріп өскен ұясынан.

Ол мектепте оқып жүргенде-ақ еркіндігімен, алғыр­лығымен ерекшеленген екен. Өзі әдемі, өр мінезді өктемқыз үлгерімі жағынан алдына жан салмапты. Сыныптас­тарынан бір жас үлкендігімен де, бойшаңдығымен де ұл-қыздардың мысын басып тұратын сияқты ма, кім білсін, сыныптастары оны «әпке» дейді екен. Сабыркүл сол сыныптастарын өмір бойы ұмытпай, сыйласып келеді.

Әркімнің мінез-құлқын тани біліп, тамырын дәл басып, ыңғайына иліктіре білу басшы адамның ақылынан хабар береді.  Сабыркүл қалаған кезінде қарамағындағыларды жұмсартып ала қояды. Ақылын айтып, арқаларынан қағады. Керек кезінде ықтырып та алады.

Адам жасы ұлғайған сайын уақыттың, мезгілдің қадірін біле түседі. Сабыркүл қазір дос-жаран, құрбы, заман­дастарымен  баяғыдай жиі араласпайды, ашылып әңгімелеспейді. Оған оның уақыты да жетпейді. Біреуді асыра мақтауға әсте құлық танытпайды, орынсыз аласармайды, өз пікірінен қайтуы қиын.  Оның айналасындағы адамдар қай жағынан шығып қаламыз,   деп сақтанып сөйлейді. Бірақ, бәрі оны сыйлайды. Сыйлайтыны – Сабыркүлдің адалдығы мен адамгершілігі. Құрбымыздың бойында жасанды мінез атымен жоқ. Ол достарын сатып кете алмайды. Қай кезде де өзінің табиғи таза қалпынан ауытқыған емес. Ол өз саласындағы әріптестері жетпеген биік шыңға еңбекқорлықпен, өжеттікпен, өмір бойғы ізденіспен жеткен адам. Ия, ол шын мәнінде күрескер әйел! Сабыркүлге қарап отырып, әр адам даңқпен дақпыртты қолдан жасамай, бақ пен беделге өстіп, тамшылаған терімен, тегеурінді бейнетімен жетуді үйренсе ғой деп ойлаймын.

Сабыркүл Асанова 1987 бастап 800 бөлімшеден тұратын 11000 жұмысшысы бар Алматы қалалық тұрмыс­тық қызмет көрсету басқармасының бастығы болады. Үш жылдан соң оны «Сымбат» сән орталығының бас директоры етіп тағайындайды. Келер жылы ол ұжымымен орталықты жекешелендіріп, «Сымбат» сән академиясы акционерлік қоғамы деп өзгертеді. Ол өзінің мықты жігерімен сол қиын уақытта академияның атын шығарып, әлемнің мәдениеті өркендеп тұрған көптеген қалаларында болып, ұлттық киімдерді насихаттап, өз жұмысының нәтижелерін паш етеді. 1996 жылы ол орныққан өндірістік қуатқа сүйене отырып, «Сымбат» дизайн және технология академиясын ашып, осы салада білім алғысы келетін жастарды оқуға қабылдай бастайды.

Сабыркүлдің саналы ғұмырда атқарған істерін, жазған кітаптарын, ғылыми еңбектері мен оқулықтарын тізбелеп шығу міндетті емес. Біз үшін мақтаныш етерлік маңызды нәрсе – оның  сән әлемінің мықтыларымен иық теңестіре алғаны, елге заманауи үлгідегі сапалы киімдерді ұсына білгендігі, отандық сән индустриясының негізін қалағаны.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, техника ғылымдарының докторы, профессор, академик   Сабыркүл Асанованың отандастарын киіндіріп келе жатқанына 45 жылдай уақыт болған екен. Оның ұлттық нақыштағы мінсіз киімдерін Елбасынан бастап, Қазақ Елінің ең көрнекті мырзалары мен ханымдары, жас жұбайлар, мектеп оқушыларына дейін киіп келе жатыр. «Сымбаттың» мектеп  формасын ұстаздар мен ата-аналар, оқушылар ұнатып қабылдап, жыл сайын тапсырыс беріп келеді.

Сабыркүлдің қыздары да осы салада үлкен жетістікке ие болды. Бұл күнде Балнұр Асанова – танымал талантты дизайнер. Айнұр Асанова — оқу ісінің проректор-дирек­торы. Үлкен немерелері — Елжан мен Біржан студент. Астам мен Олжас — мектепте, Нұржас — балабақшада.

Талай таланттардың жолын ашқан Алматы шањары Сабыркүлдің де бағын ашты деуге болады. Жапырағы жайқалған  мәуелі ағашқа  айналып, үбірлі-шүбірлі болып отыр. Жемісі төгіліп, жетпіске келді. Қазақтың тамаша ханымдарын төңірегіне жинай білді. Қандай жағдайда Сабыркүлдің жанында табылатын халқымыздың ардақты қызы, бәрімізге үлгі болған Шәмшә Беркімбаева, бір өзі қазақ қолөнеріне тозбас үлес қосқан Бәтима Зәуірбекова, Мемлекеттік қызметтегі қазақтың қанатты қыздары — Айткүл Самақова, Айбөпе Мақұлбекова, Жібек Әмірха­нова, Айгүл Қадырбаева, медицина саласындағы үздік еңбектерімен де, сыпайы, сырлы, адамгершілік қасиет­терімен де бәріміздің жүрегімізден орын алған Гүлзада Ізбасарова, Шолпан Аюпова, Сәуле Сәрсенбаева… Бұлар өздерінің білім парасатымен, әдеміліктерімен тұтас бір кезеңге Қыз Жібектің көшіндей көрік сыйлаған арулар!    Ағайынға ұйытқы, жақынға жанашыр болды. Қазақ елінің қадірлі қызы, ұрпағының асыл әжесі атанды.

Сабыркүл Асанова әсемдік әлемінің ақсұңқар құсына айналып, көк аспанда көп самғады. Ол биіктікті ұнатады.

«Сымбат» сән орталығы талғампаз жұртшылықты әлі талай таңдандыра беретініне менің күмәнім жоқ.

Таяуда Сабыркүлге:

— Аллаға шүкір, 70 жасқа келдің, даналықты таптың ба? – деген сұрақ қойдым

— Таптым, — деді құрбым. — Атымды Сабыркүл қойған екен. Бәріне сабырмен қарауды үйрендім. Үнде­мейтін болдым.  Көп нәрсені ішімде ұстаймын, — деп, құрбым біразға дейін ойланып отырды…

Даналықты тапқан адам – бақытты.

 *   *   *

Қызылқыстақ. Қызылқыстақ. Кәдімгі

Қырдағы бір ауыл еді – сағымды.

Бір қызығы –  Қызылқыстақ әлемге

Бір қызының есімімен танылды.

 

Шыққан едік сонау қызылқұмнан біз…

Өтеді екен жылдам көктем, жылдам күз.

Таңырқатты Париж, Лондон, Римді

Қызылқыстақ ауылында туған қыз.

 

Қиян ауыл, кетпейтұғын естен бұл,

Қызыл арай – қызылқұмда көшкен нұр.

Жел – дауылға төтеп беріп тұратын

Туған жердің төскейінде өскен гүл.

 

Сол гүл–сенсің,  Сабыркүлім, сары алтын,

Сән ауылына жасадың сен қадам тың.

Үлес қостың өркениет бағына,

Қалауыңмен үйлескен соң талантың.

 

Тапты сендей көркемдіктің кілтін кім?!

Ішкі рухың – сұлулығы күлкіңнің.

Жарқыратып ашсам дедің киіммен

Сымбаты мен тектілігін ұлтыңның

 

Саған тағдыр берген таза қабілет.

Жинамайсың өсек, аяң, мәлімет.

Сүйенгенің — адал еңбек, ар, намыс.

Іздегенің — ізгілік пен  әділет.

 

Төл өнердің үзбей арқау, желісін,

«Сымбатты» аштың, сырлы дүние, келісім.

Алла жар боп, аман-есен жүре бер,

Жылдарыңның жиып-теріп жемісін!

  • Алғаш рет өзімнен жоғары оқитын ұл баладан  махаббат хатын алдым. Менің қыр қызғалдағындай тез өсе бастауыма себеп болған сегізін­ші сыныптың оқушылары еді.
  •  Біріміз инженер, біріміз ақын, біріміз суретші, үшеумізге ортақ сұлулық әлемі бізді тіпті жақындатып жіберді.
  •  Менің жарқыраған жауњарды тағуым бірінші рет еді. Бірақ, жұпыны тұрмысымыз жүзікті ұзақ таққызбады.
  •  Әркімнің мінез-құлқын тани біліп, тамырын дәл басып, ыңғайына иліктіре білу басшы адамның ақылынан хабар береді.
  •  Сабыркүлге қарап отырып, әр адам даңқпен дақпыртты қолдан жасамай, бақ пен беделге өстіп, тамшылаған терімен, тегеурінді бейнетімен жетуді үйренсе ғой деп ойлаймын.

322«Сымбаттың» сән үлгілері

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *