Сейітхан Ахметұлы ИСАЕВ

Елбасы Н.Назарбаевтың ұстазы, «Барыс» және «Парасат» ордендерінің иегері Сейітхан Ахметұлы Исаев дүниеден озды.

Ұлы Отан соғысының ардагері Сейітхан Ахметұлы Исаев  1918 жылы 31 жел­тоқсан күні Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданының №9 ауылында дүниеге келген. 1935-1938 жылдар аралығында Педрабфакта оқып, мұғалімдік мамандық алып шығады. 1941 жылы Абай атындағы Қазақтың педагогикалық институтының Тарих факультетін тәмамдайды. Өзінің педаго­гикалық қызметін Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының орталығындағы Есік қазақ орта мектебінде тарих пәнінен сабақ беруден бастайды.

1942 жылы әскер қатарына шақыры­лып, Орлов әскери училищесіне оқуға жіберіледі. Қысқа мерзімде училищені лей­тенант әскери атағымен бітіріп, Ашхабад­тағы №18 мергендер мектебінде взвод ко­мандирі болып, 1943 жылы соғыс майда­нына аттанады. Соғыста жаумен шайқас­тарда ерлік пен батырлық көрсеткені үшін 1944 жылы ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталады. Соғыста екі рет жараланып, соңғы ауыр жарадан армия қатарынан жарамсыз мүгедек ретінде елге қайтады. Содан өзі әскер қатарына шақырылған мектепке оралып, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік орта мектебіне әуелі алғашқы әскери дайындық пәні мен тарихтан сабақ береді. Кейіннен осы мектептің дирек­торының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, сосын директоры болып 1948 жылдың тамыз айына дейін қызмет етеді.

1948 жылы Қаскелеңдегі Абай атын­дағы қазақ орта мектебі директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметіне ауыстырылады. Бұл мектепте 1999 жылға дейін жұмыс істеп, кейіннен өзінің бастамасымен жаңадан ашылған Қарасай аудандық тарихи-өлкетану му­зейіне ғылыми қызметкер болып ауысады. Бұл жерде 2004 жылға дейін қызмет етіп, құрметті демалысқа шығады.

60 жылдық ұстаздық қызметінде Сейітхан Ахметұлы көптеген шәкірттер тәрбиелеген.  Соның ішінде  3  академик, 10 ғылым  док­торы,  13 ғылым кандидаты, 7 ақын-жазушы бар.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қызмет­кері», қалалық, аудандық кеңестің бірнеше рет депутаты болып сайланған. Алматы облысының, Қаскелең қаласының, Қарасай ауданының «Құрметті азаматы».

Марқұм жұбайы Ұлы Отан соғысының ардагері Нұрғайын Кәуезханқызымен 5 бала тәрбиелеп өсірген.

Жатқан жеріңіз жарық болсын!

 «АҚШАМДЫҚТАР».

 

Абыз ата

Сейітхан Исаев атамыздың ұзақ ғұмырында мақтанатын жайы көп болатын. Дегенмен, ең басты мақтанышы – үздік те сүйікті шәкірті, бүгінде бүкіл Қазақ елін басқарып отырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сәтімен сабақ беріп, орнықты оқытқаны еді.

Әрине, Сейітхан атамыздың тіршілік сапары тек тақтайдай тегіс жолдан тұрған жоқ. Алайда, қанша қиындық көрсе де мойымады, қанша сүрінсе де жығылмады.

…Көкше көл – байырғы Балқаштың бойынан білім, ілім іздеп сонау өткен ғасырдың отызыншы жылдарының басында көк майсалы Алатау баурайынан бір-ақ шыққан жас жігіттің талабы таудай, арманы асқақ еді. Алдымен Алматы облысындағы Қаракемер ауылындағы рабфакта оқыды. Одан кейін Алматы қаласындағы мемлекеттік педагогика институтына (қазіргі Абай атындағы ұлттық педагогикалық университет) түседі.  Сұм соғыс басталған соң амалсыз емтиханды мерзімінен бұрын тапсырып, диплом алады да, біраз уақыт мұғалімдік қызмет атқарады.

Сейітхан атамыз сол кезде әскери училищені де бітіріпті. Сөйтіп, ІІ Украин майданына жіберіліп, от пен оқтың қақ ортасынан табылған. 1943 жылғы неміс-фашистерімен жан беріп, жан алысқан бір алапат шайқаста ауыр жараланып әскери госпитальға түседі. Ақыры соғысқа қайта жіберуге жарамаған­дықтан, өзінің жас кезінен қалап алған мамандығы – ұстаздық қызметке кідірмей кіріп, Есік қаласындағы мектепке орналасады. Осы жерде қатардағы қарапайым мұғалімдіктен білдей директорлыққа дейін көтеріліпті. 1948 жылы облыстық халық ағарту бөлімі басшылығының шешімімен Сейітхан атамыз Қаскелең қаласына ауыстырылып, осындағы Абай атындағы қазақ орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болады. Сөйтіп, нақ осы жерде ол кісінің шынайы ұстаздық ерен еңбегі, мол тәжірибесі, іргелі ізденісі жарқырай көрінеді. Сөйтіп, өзінің жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі педагогиканың қыр-сырын терең меңгерген жөн-жобасымен, тәлімді тәрбиесімен, оқыту әдіс-тәсілдерімен шын мәніндегі ұстаздардың ұстазына айналды!

Сейітхан атамыз Құдай қосқан қосағы, жан жары, марқұм Нұрғайын Кәуезханқызы Қамиевамен ұзақ та бақытты ғұмыр кешті. Екеуі берекелі отбасын құрып, тату-тәтті шаңырақтың шаттығын молайтты.

Иә, ұзақ уақыт аудандық Ардагерлер кеңесін де байыпты басқарған Сейітхан атадан өзгелер алған үлгі-өнеге аз емес. Оның әр сөзінен, әрбір айтқанынан адамдықтың жақсы лебі есетін. Өзінің тамаша шәкірті – Елбасымыз, Тұңғыш Президент, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев басқарып отырған Қазақ елінің әлем алдындағы беделінің өсе беруін, халқының тұрмыс-тіршілігінің жақсара беруін, келешегі кемел тәуелсіз мемлекетіміздің өсіп-өркендей беруін әрдайым ақ ниетімен тілеп кетті.

Бақұл болыңыз, абыз ата!

Берікбай ҚАДЫҚОВ.

 Алматы облысы,

Қарасай ауданы.

 

Құдайы көрші

Берекелі де босағасы берік әулеттің отағасы Тұрым Әшірбеков  аға мен отанасы Алима Рысқұлбекова  апай бүгінде өздері тұратын Қаскелең қаласының тұрғындарына кішіпейілдіктерімен, қонақжайлылықтарымен кеңінен танылып үлгерген. Осыдан он үш жыл бұрын оңтүстік өңірден қоныс аударған олар адамгершілік асыл қасиеттері мен әрқашан жаюлы ақ дастархандарының арқасында жаңа жерде жатсынбай, біреуді аға, біреуді дос, біреуді бауыр көріп, айналасындағылармен де тез тіл табысып кетті.

Әрине, екеуі де ұзақ жылдар лауазымды қызметтер атқарып, көпшілік арасында жүріп үйренген болса да, өздеріне беймәлім ортаға келгенде, алғашында тосырқай қарағаны жасырын емес.

– Бұл жаққа алғаш көшіп келгенде, шыны керек, ешкімді танымаймыз, – дейді тағы Тұрым аға әңгіме арасында. – Жасымыз болса алпысты алқымдаған. Қол қусырып отыратын емес. Ойлана келе аудандық әкімдікке бардым. Аудан басшысы, марқұм Болат-би Құтпанов еді ол кезде. Менің сөзімді тыңдап, жағдайымды түсініп, сол кездегі Шамалған, бүгінгі Үшқоңыр ауылынан 1,5 га. жер алып, егін, мал шаруашылығымен айналысуыма жәрдем берді. Осы орайдағы айтпағым, Елбасының туған жеріне қоныс аударып келгенде басшылардың шапағатына бөленгеніміз үшін де дән ризамыз. Жалпы, осы бір қасиетті Қарасай ауданына келгенде алдымнан үнемі жақсы адамдар кездесті. Олай деуімнің тағы бір себебі, алғашқы көршім, қазақтың салт-дәстүрі бойынша бірінші болып ерулік беріп, ақ дәмін ұсынған Марат Баймұрзаев  мырзаға алғысымыз шексіз. Сол күннен бастап сыйластығымыз сарқылған емес. Туған ағамдай болып кеткен ардақты жан. Сонымен қатар, Елбасының ұстазы, әр сөзі мен ісі ерекше адам, өнегелі қария Сейітхан Исаевтың да отбасымыз үшін орны бөлек-тін. Құдайы көршім әрі ақылшым, тіпті, әкем десем де орынды болар. «Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» демей ме халқымыз. Танысып, білісе келе журналист Өтесін Иманқұлұлын да өзіме дос санап кеттім. Мінезі жайсаң, парасатты адам. Міне, осындай жүздері жылы, иманы түзу, достыққа адал жақсы адамдар мені жатсынбай, қатарларына тартып, осында орнығып кетуіме көп көмектерін тигізді.

Осылай деп өткенді еске алған Тұрым аға Сейітхан Ахметұлының бақилық болғанын естіп, жабырқап қалды. Отбасылық суреттерді ақтарып отырып, талай қуанышты сәттердің куәсі болған әдемі шақтарға саяхат жасады. Сейітхан атадай абыз ақсақалдың жастарға қалдырған өнегесі, құдайы көрші ретінде қалдырған ізгілікке толы іздері туралы көп әңгімеледі.

Иә, жақсы адам ешқашан ұмытылмайды.

 Клара КӨПБАЕВА.

 Қаскелең қаласы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *