Сегіз серінің сырлы өмірі

Тарихта Сегіз сері деген адам болды ма? Болса, ол кім? Бұл сұрақтар айналасында даулы мәселе көп. «Сегіз сері ойдан шығарылған кейіпкер, өмірде болмаған» деушілер аз емес. 2014 жылдың 10 ақпанында Abaі.kz ақпараттық порталында жоғары санаттағы музыка маманы, қазақ тілі мен әдебиеті магистрі Бөрібай Кәртеннің мақаласы жарық көрді. Мақалада: «…Қаратай Биғожин есімді кісінің ҰҒА Қолжазба қорына өткізіп, қаламақы алу үшін ойдан шығарған кейіпкері екенінен қазір көпшілігіңіз хабардарсыздар» делінеді. Ал Сегіздің өмірбаяны, шығармалары ше?

2015 жылы Астанада шыққан С.Оспановтың «Қылышпын қынабынан алынбаған» кітабында КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың  лау­реа­ты, композитор Еркеғали Рахма­диевтің пікірі берілген: «Сегіз сері (Мұхамедқанапия) Баһрамұлы Шақшақов 1818 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданындағы Гүлтөбе-Мамай деген жерде дүниеге келіп, 1854 жылы 36 жасында сол жерде қайтыс болған. Руы Керей, оның ішінде Көшебе. Үш жүзге аты әйгілі Толыбай сыншының алтыншы ұрпағы. Сегіз сері Омбыдағы «Азия мектебін» бітірген, араб, парсы, түрік, шағатай, орыс тілдерін жетік меңгерген аса сауатты, шежіреші, сегіз қырлы адам болған. Сол кездегі саяси-әлеуметтік ағымнан хабардар Мұхамедқа­напия ақ патшаның туған халқына қарсы жүргізбек болған отарлау саясатына дәнекер болудан бас тартқаны үшін қуғынға түскен. Тумысы бөлек, тұла бойы тұнған дарын иесінің құдіретті өнеріне бас иген халық, оны өнеріне сай «Сегіз сері» деп атап кетеді. Ол ерлік пен елдіктің, махаббат пен ғадауаттың небір ғибрат үлгі­сіне құрылған жыр-дастандар шығарады. М.Өтемісұлының (1804–1846) «Сегіз серіге» деген өлеңінде:

…«Айман-Шолпан», «Қыз Жібек»

Дастаның елге тарады,

Қашқын болып жүрсең де,

Аузыңа халық қарады» деп оның жыраулық қарымын мойындауының өзі Сегіздің үлкен эпик ақындығының дәлелі».

Сегіз серінің бай мұрасы уақытында жиналып, зерттелмеуі, біріншіден, оның орыстың отарлау саясатына қарсы шығып, Батыс Сібір генерал-губер­наторы П.Д.Горчаковтың қаһарына ілігіп, патша өкіметіне саяси қауіпті адам ретінде соңынан аңду қойылғанына байланысты болса керек. Екіншіден, әндерінің атын атап орындауға халық патша өкіметінен қорыққан, сол себепті авторы аталмай, барлық шығармасы халықтыкі болып кеткен. Сегіз серіге байланысты деректердің Омбы архиві­нен табылмай, тек 2000 жылы Омбы облыстық Федералдық қауіпсіздік қызметі басқармасының архивінен табылуы да осы күмәнімізді қоюлата түседі. Сегіздің кейінгі кезге дейін аты аталмай, зерттелмей келуінің басты себебі осында жатса керек.

Сегіз сері – лирик композитор. Оның әдебиет пен өнер жанрларының бар саласын қамтыған сегіз қырлы, бір сырлы табиғи тума дарын екенін шығар­малары дәлелдеп тұр. Қай-қайсысы болсын, қазақ өнерінің нақ төрінен орын алатын туындылар. 2002 жылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті ұстаздары мен профессорларының ұжымдық ізденістерінің арқасында «Сегіз сері» атты екі томдық таңдамалы шығармаларының жарық көруі, рухани өміріміздегі үлкен жаңалық болды. «Патша өкіметіне қарсы шыққан Сегіз­дің өмірі мен шығармашылығына қия­нат жасалды ма екен?» деген сауалдың тууы да заңдылық. Нақты деректің бүгінге дейін жетпеуі де мәселеге айналып отыр. Бірақ халық аузынан жеткен Сегіздің жыр-дастандары, оның өмірде болғанының дәлелі іспетті.

Сегіз серінің тобында Сейітжан сал, Кұшан сері, Нияз сері, Шәрке сал, Дайрабай күйші, Қобылан әнші, Шынияз әнші, Аббас батыр, Сәду батыр, Өске ақын, Орынбай ақын, Көрпе ақын, Біржан сал сынды дүлдүлдер болған (Сегіз сері. 2 томдық. Петропавл, 2002). Сегіз сері 1830 жылы Омбының тілмаштар дайындайтын Азия мектебіне түсіп, 1836 жылы поручик шенінде аяқтайды. Өрі-қыры бірдей, самырсындай сымбатты сайыпқыранды патшаның атарман-шабармандары Орта Азия халықтарының арасындағы бүлік-жанжалдарды тұншықтыруға жеккісі келеді. Алайда, сері жазалаушы отряд құрамында болудан түбегейлі бас тартады.

«Ұлықтың сайран еткен бақшасында,

Қызықпан бай-көпестің ақшасына», – дейді «Қырандай жаяйыншы қана­тымды» деген толғауында.

Шенеуніктер соңына шырақ алып түседі. Олардың бұзық ниетін байқаған ол шұғыл түрде Нияз серімен Кіші жүз еліне, Еділ-Жайық бойына өтеді. Сөйтіп, Сегіз сері Қалдыбай батыр ауылына ат басын тірейді. Ол хор қызындай хас сұлу Ғайнижамалға ынтық болып, сұлулық сымбаты, көркемдік сипаты бөлек «Ғайни» атты ән шығарады.

«Жалғанда естен кетпес Ғайни атың,

Өртеген өзегімді перизатым.

Көркіңді бір көруге аңсап келген,

Ақыны Сарыарқаның Сегіз атым».

«Маралдың қолға түскен лағындай», «қоянның асыранды көжегіндей» ару қызды ардақтап, сөз асылын, сезім сұлулығын сәулелендіре жеткізеді. Сардарлықты серілікке ұштастырған.

Сегіз сері өз заманының беткеұс­тар­лары Исатай, Махамбет, Құрманғазы, Шернияз, Сүйінбаймен төс қағысқан дос болған. Ол «Гауһартас», «Мақпал», «Қарлығаш», «Әйкен-ай» әндерін, «Қос­қыран» (Исатай-Махамбет тура­лы), «Қызыл нар», «Ақ қайың», «Алмас қылыш», «Семсер», «Есіл» күйлерін шығарған. Ұлы суреткер Ғ.Мүсірепов Сегіз серіні «Атақтының атақтысы» деп бағаласа, «Ұстазым Сегіз сері, Нияз сері, солардан үлгі алған мен Біржан сері» дейді ән сұңқары Біржан ақын.

Біржанды сал-сері деп қабылдаған халық оның ұстазы Сегіз серіні де қабылдауы керек қой деген пікір айт­қым келеді. Сегіздің өмірде болуының тағы бір дәлелі – «Ғылым» баспасынан жарық көрген «XІX ғасырдағы қазақ поэзиясы» атты кітапта «Гауһармын таразыға салынбаған» деген Сегіздің өлеңінен үзінді бар. Онда сері былай деген:

Гауһармын таразыға салынбаған,

Қылышпын қынабынан алынбаған.

Керейдің Сегіз атты саңлағымын,

Секілді жанған оттай жалындаған.

Бұл деректе Сегіздің жыр-дастан­дарының халық арасында кең тарағаны белгілі бола түседі. Т.Қарамендітегі: «Сегіздің әні екен деген аңыз бен әңгіме өте көп. Бірақ арада ғасырлар жатқан­дықтан нақты дәлел келтіру мүмкін болмай тұр. «Сегіздің көп әндері халық әні есебінде кетті» дейді музыка маман­дары. Драма, кино, операға айналған әдебиетіміздің асыл мұрасы «Қыз Жібек» махаббат дастанының авторы әлі күнге дейін айтылмай келеді. «Айман-Шолпан» дастанын да кімнің шығарғаны беймәлім. Осы күнге дейін классикаға айналған, ән сахнасынан үзілмей, құлақтан кіріп бойды алған «Қарғаш», «Гауһартас», «Назқоңыр», «Алқоңыр», «Ақбақай» және т.б. туын­дылар халық әндері деп аталып жүр. Ал осы айтып кеткен шығармалардың шын авторы ақын, композитор, әнші, шежіреші, қазақ халқының батыры Сегіз сері деп батыл айта аламын», – дейді («Сардар еді Сегіз сері тура сөзді», «Солтүстік Қазақстан», 2017 жылғы 23 желтоқсан).

Сегіз сері көкірек көзі ояу өнерлі Жаяу Мұсаны өз тобына қабылдайды. Бұл кезде ол сыбызғы, сырнай, скрип­ка, қобыз аспаптарында ойнауды үйрен­ген еді. Соның алдында Сейітжан салдан әншілік пен домбырашылықты меңгер­ген. Сегіз серінің көзін көрген, сөзін тыңдаған, үлгі-өнегесін бойына дарыт­қан Жаяу Мұсаның «Ер Сегіз» дастанында біртуар жанның өнерпаздық тұлғасы сыршылдықпен сипатталады. Мына жолдар соның бір айғағындай:

«Жігіттер, өнер қусаң, Сегізге ұқса,

Шәкірті ем Сегіз сері атым Мұса.

Қазақтың ел қорғаны мақтаныш қой,

Үш жүзде Ер Сегіздей көп ұл туса» деген жолдарда серінің бүкіл болмысы дәйектеледі. Ал Сегіз серінің «Толы­бай» дейтін әнін Манарбек Ержанов Әміре Қашаубаевтың өз аузынан үйренген (З.Қоспақов, «Талайды тамсандырған Манарбек», «Қазақ әдебиеті», 1992 жылғы 17 шілде).

Заманының сұңқары Сегіз сері шы­ғармашылығында көркемдік құбылыс­тармен қатар арғы-бергі ғасырларда тарих сахнасына шыққан атақты абыз-билер, баһадүр батырлар, хандар, ділмарлар есімі молынан ұшырасады. Мысалы, «Сегіз серінің батасында» Асан қайғы, Әнет баба, Әз Жәнібек, Әз Тәуке сынды тарихи тұлғаларға сын­дарлы сипаттама беріледі.

 

Жәкен САДЫҚОВА,

№182 мектептің тарих пәні мұғалімі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *