СЕБЕПСІЗ ЖАСАЛҒАН ЖАҚСЫЛЫҚҚА КҮМӘНСІЗ АЛҒЫС АЙТА БІЛЕЙІК

Біздің ықшамаудан қарайтын емхананың мамандарын 3 мекен-жайға бөліп жайғас­тырған. Қанның өзін екі жерге тапсырсақ, қорытындысын алу үшін үшінші жерге барамыз. Үш мекен-жайдың арасы айтар­лықтай жақын емес және онда қоғамдық көліктер қатынамайды. Сондықтан жаяу жүресіз немесе таксиге отырасыз.

Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ

Такси дейтіндей, қуыс көшелер болғандықтан онда көліктер де тоқтай бермейді. Үйлердің арасында орналасқан емхананы білмейтін жүргізушілер қаншама десеңізші. Сол үшін онда жол тартқандар жаяу бара салғанды жөн көреді. Баласын алып баратындар болса, міндетті түрде колясканың көмегіне жүгінуге тура келеді.

Аптап ыстық пен қақаған суық болмаса, артықтау уақы­тыңыз болса, жаяу жүргенге не жетсін! Бірақ үнемі бір жаққа асығып жүретін біздер үшін артық уақыт деген бола бермейтін нәрсе. Өйткені, бір мекен-жайда қанға сараптама жасау сағат 09.00-ге дейін болса, екінші емханадағы келесі сараптама жасату уақыты да сондай болады. Ал екі сараптаманы бір күнде жасату керек кездер де бар. Сондайда біздер бір жерден шығып, екіншісіне дейін жүгіріп отырып жетеміз.

Бірде дәрігердің қабылдауынан шығып, «жүгіргенмен үлгермеймін» деп ойлап, екінші емханаға қарай қуыс көшемен жүріп келе жатсам, жанымнан өтіп бара жатқан көлік бірден тоқтады. Көлігінің терезесін түсіріп, мені күтіп тұр. Мен «бір нәрсе сұрайын деді ме?» деп еңкейіп терезесінен қарасам, рөлде елулер шамасындағы әйел кісі отыр екен. «Қызым, кел, отыр, Шаляпин көшесіне дейін жеткізіп салайын. Сол жерден керек көлігіңе отырарсың» деді. Қуанып, бірден отырып алдым. «Мен үнемі осы жолмен жүрген кезімде жаяу кетіп бара жатқан әйел­дерді, балалы келіншектерді жеткізіп салуға тырысамын. Анау көшеге шыққанша жол алыс қой» деп әңгімесін бастаған апай өзінің дәрігер екенін айтты. Сөйтіп отырғанда Шаляпин көшесіне де жетіп, мен алғысымды айтып, түсіп қалдым.

Әрине, адамның ойы жан-жаққа кетеді. Мүмкін, бұлай тоқтаған бейтаныс көлікке отырмау керек шығар. Рас, қазіргі заман жұрттың жасаған жақсылығына күдік­пен қарататын заман болды ғой. «Анау жерге жеткізіп салайын» дегендердің құрбаны болып жатқандар да жоқ емес. Сондықтан ба, әйтеуір күтпеген жерден себепсіз жасалған жақсылық та ойландырады, күдік тудырады. Десе де, жолымды қысқартып, көмек қолын созған бейтаныс апайға мың алғыс!

Көшеде ауыр жүкпен кетіп бара жатып, біреу «жүгі­ңізді жеткізіп берейін» десе де оған біртүрлі қарай­тынымыз сөзсіз. «Иә» деп бірден ойланбай келіспейміз. «Неге олай деп жатыр екен? Затымды алып қашып кетпей ме?» деп міндетті түрде ойлаймыз. Неге? Бізді сондай күдікшіл халге жеткізген, бір-бірімізге деген сенімімізден айырған не екен? Қоғам ба, заман ба? Әлде, біздің өзіміз бе?

Қоғамдық көліктерге отырған кезде де біреу қолымыздан ұстап демесе, орын берсе, жол ақысын төлеп жіберсе де жәй ғана алғыс білдірумен шектелмейміз. Аузымыз «рақмет» дегенімен, ойымыз жан-жақты шарлап кетеді. Жерге түсіп қалған затымызды алып, қолымызға ұстатқан адамның өзін күмәнді етеміз.

Бірде дүкенде бір жігіт қасында тұрған қызға жетпей қалған 20 теңгесін қосқаны үшін сөз естігеніне куә болдым. Бойжеткен «Мен үшін неге өз ақшаңызды төлейсіз? Сізге біреу төле деді ме?» деп бірден айқайға басты. Ал жігіт ешнәрсе түсінбей: «Маған сізден ешнәрсе керек емес, жетпей тұрғасын бергенім ғой, қайтармай-ақ қойыңыз», — деп ақталып жатыр.

Бірде аулаға төсек жайып, ұмытып кетіппіз. Кенет жауын жауып, көрпе-көрпешелер жауынның астында қалып қойыпты. Оны байқаған екі жігіт кімдікі екенін сұрастырып, көрпелерді алып, үйге келіп тұр. Қоңырауды басады. Қарасам, түрлері таныс емес, бірақ қолдарындағы төсек таныс. Бірден есікті аштым. «Тәте, мына заттары­ңыз су болып қалатын болғасын жинап алдық» деген екі жігіт қолдарындағы төсекті үйге кіргізіп, есік алдына қойды. Мен не дерімді білмей, тек «рақмет» деппін. Олар кетіп қалды. Ал мен болсам, «біздің үйді қайдан біледі? Төсектердің біздікі екенін қайдан білді екен?» деген сауалдардың қоршауынан шыға алмай әлі тұрмын. Сол кезде себепсіз жақсылық жасаған жігіттерге күмәнсіз алғыс айту да келмепті ғой қолымнан.

Осындай жағдайлар әрқайсымыздың басымыздан өтері сөзсіз. Дегенмен, күтпеген жерден жасалған жақсы­лыққа күмәнсіз алғыс айту бірден ойға келе бермейді. Бірақ күдіктен айырылып, шын алғыс айтуды үйрен­геніміз абзал. Өйткені, қоғамды да, заманды да өзгертетін адамдардың өзі. Біреу жақсылық жасағысы келген екен, жасасын. Сізден тек күмәнсіз алғыс болсын. Десе де, біз «аузы күйген үрлеп ішеді» дегенді біржолата ұмыта алмаймыз-ау.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *