«САЗГЕН САЗЫ»

60Түркия мен Америкадан өнер сапарынан оралды

Алматы қалалық Мәдениет басқармасының «Алматы әуендері» МКҚК-не  қарасты «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі күні кеше Түркия мен Америка елінен гастрольдік өнер сапарынан оралды. Осы өнер сапарының қалай өткені туралы   кәсіпорын  басшысы,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Тілегеновке   жолығып, көкейдегі сауалды қойған едік.

— Бағдат Бесбайұлы, Сіздің жетек­шілігіңіздегі «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің Түркия мен Америка еліне өнер сапарының бастама­шысы мен ұйымдастырушысы кімдер болғанын білгіміз келеді?

— Өнер сапарының ұйымдастырушысы және барлық шығынын көтеруші Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшылығы Түркі елдері Мәдениет министрліктерінің Тұрақты кеңесінің шешімімен 19 — 26 наурызда Түркияның Стамбұл мен Анкара, өзге де қалаларында, 27 наурыз — 3 сәуір аралығында Америка жеріндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясында, Нью-Йорк пен  Вашинг­тон қалаларында өтетін Халықаралық «Наурыз мейрамына» қатысуға «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблін қатыстыруды сұраған хаты Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке келген еді. Осы шақырудың негізінде «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамбль шағын құрамда Түркия еліне сапар шекті. Айта кету керек, ТҮРКСОЙ жиырма  жылдан астам жыл сайын 300-400 әртіспен Наурыз мейрамын дүниенің әр жерінде құттықтап келеді. Атап айтсақ, ЮНЕСКО,  Кэмбридж,  Венадағы Императорлық сарай, Лондонның сена­тында, Түркияның жиырмаға жуық шаһарларында өткізіп келеді. Мақсаты — Наурыз мейрамы арқылы әлем халқына түркітілдес елдердің салт-дәстүрі мен өнерін кеңінен насихаттау болып табылады.

Мысалы, Түркияның өзінде осыдан 20 жыл бұрын бұл мейрам құттықталмайды екен, олар күрдтердің мейрамы деп ойлай­тын көрінеді. ТҮРКСОЙ -дың арқасында бірте-бірте жыл сайын атап өте бастапты. Қазір, тіпті, мемлекеттік деңгейде тойланып жатыр.

— Өнер сапарының алғашқы күндері қалай басталды? Халықаралық Наурыз мейрамын мерекелеуге қазақстандық ансамбль мүшелерінен бөлек түркітілдес елдерден кімдер қатысты?

— Наурыздың 20-жұлдызында Халық­аралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хат­шылығы Анкара қаласында 15 түркітілдес елдерден келген өнерпаздардың басын қосты. «Наурыз мейрамы» Анкара, Ески­шекер, Болу және Стамбұл қалаларында өткен концертке әр елден келген өнер ұжымдарының қатарында Әзірбайжан, Гагауыз, Қырғызстан, Қазақстан, Өз­бек­стан, Түркіменстан, Македония, Монғолия, Қытай, Түркияның өзі және  түркі халық­тарының өкілдері болды. Олардың бәрі өздерінің ұлттық киімін киіп, музыкалық аспаптарымен барды. ТҮРКСОЙ  қарсы алып, Түркия Респуб­ли­касының  Прези­денті Реджеп Тайып Эрдоған әр ел деле­гациясынан екі адамнан қабылдау жасады. Олардың құрамында «Сазген сазының» әртістері Дәурен Райев пен Салтанат Халықова болды. 26 наурыз күні Халық­аралық Наурыз мейрамына қатысып, өнер көрсетіп, Стамбұлдан Нью-Йорк қаласына тікелей ұшып шықтық. 28 наурызда Бірік­кен Ұлттар Ұйымының  мәжіліс залын­да үлкен концерт болды. Бұл Америка жеріндегі алғашқы концертіміз еді. Дүние жүзінің ел басшылары бас қосып, халық­аралық деңгейдегі маңызды мәселе­лер талқыланып, шешілетін БҰҰ мәжіліс за­лындағы концертке «Сазген сазы» ансамб­лінің әртістері жоғары жауап­кершілікпен қарап, өнер көрсетті. Осы   Түркия мен Америка сапары алдын­да ғаламтор арқылы өзге елдерден келетін өнер ұжымдарымен хабарласып, Халық­аралық деңгейдегі ТҮРКСОЙ  атындағы халық аспаптары оркестрі ұйымдас­тырылған болатын. Оның құрамында біздің «Сазген сазының» жеті бірдей өнерпазы, қырғыз елі мен Әзір­байжанның бес-бестен, қалған республи­каның 3-4 музыканты енді. Әр елдің бір-бірден халық шығармасы орындалды. Ең алдымен Құрманғазының «Адай» күйінен бастап, жас әншіміз Жанар Дұғалова «Наурыз думан» әнімен аяқтады. Өзге бауырлас елдер өнер шеберлерінің ән-биі бар, үш сағатқа таяу үлкен концерттік бағдарлама  американдық көрермендер назарына ұсынылды. Концертке Біріккен Ұлттар Ұйымындағы түркітілдес елдердің өкілдері мен елшілік қызметкерлері қатысып, түркі тілдес халықтар ән-күйі мен биінің Америка жерінде салтанат құруын құптарлық әрі жалғасын табар шара екендігі туралы пікірін білдірді. Келесі күнгі концертіміз Барух университетінің үлкен концерт залында өтті. Үшінші концертіміз Вашингтонның WARNER THEATRE-де болды. Бұл театрда кезінде әлемдік деңгейдегі Италияның атақты композиторы әрі дирижері Артур Тосканини, КСРО халық әртісі Евгений Светланов, Америка елінің даңқты музыканты Фрэнк Синатра мен Англиядан Том Джонс, өзге де кеңінен танымал өнер шеберлері концерт қойған болатын. Қазақстаннан барған «Сазген сазы» ансамблінің өнер иелері Америка жеріндегі концертте ұлттық өнер туынды­ларын жоғары деңгейде көрсете білді. Бұл концертке қатысқан түркітілдес халық­тардың, Монғолияның өнер шеберлері бір-бірімен өнер құдыретімен түсінісіп, ортақ тіл табысып кетті десе болады.

— Шетелдік өнер сапарына Қазақстан­нан өзге қандай өнер ұжымдары барды?

— «Сазген сазы» фольклорлық-этно­гра­фиялық ансамбльден сегіз, «Самұрық» заманауи би тобынан  алты, Қызылорда облыстық филармониясының «Томирис» би тобынан сегіз өнерпаз, жалпы саны 30-ға тарта, өзге түркітілдес елдерден келген әртістер мен музыканттарды қосқанда барлығы 150 өнерпаз болды. «Сазген сазының» репертуарында Құрманғазының «Адай», Сүгірдің «Қаратау шертпесі» күйлері, халық әндері «Бүлдірген», «Ахау керім», Шәмші Қалдаяқов пен Нұрғиса Тілендиевтің әндері бар. Халықаралық оркестрмен бірігіп  түркітілдес халықтардың әндерін де орындады. «Сазген сазының» екі домбырашысы — Дәурен Райев пен Сымбат Әлімбетова, шертер аспабында — Өтеміс Байділдаев, сырнайда Марат Жалбыровтың өзі, бас домбырада — Нұрмахан Шын­теміров, жезқобызда — Салтанат Халықова, қылқобызда — Ақерке Тәжібаева, жетігенде — Дилара Оқманова  болды. Шет елге өнер сапарына  шығардан бұрын репертуары­мызды пысықтап, дайындалуға мүмкіндігі­міз   болды. Осы Халықаралық оркестрдің негізгі басшылық тізгіні «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінде болды. Ансамбль жетекшісі Марат Жалбыровтың ұйымдастырушылық қабілеті мен дирижерлік жетістігін ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтің өзі орынды атап өтті. Әр ұлт музыкалық аспаптарының басын қосып, ортақ шығармаларды орындап шығуға көп еңбек сіңірді.

— Екі елде өткен Халықаралық Наурыз мейрамына сол елде тұрып, өмір сүріп жатқан қазақ диаспорасының өкілдері, қандастарымыз да қатысқан болар?

— Түркия елінде болған концертке қандастарымыз тұратын аймақтардан көрермендер келіп, өнерімізді тамашалады. Тамыры бір Түркия елінде Қазақстаннан барыс-келіс артып, екі елдің қарым-қаты­насы жақсарған сайын өнер шеберлерінің жиі келетінін айтып, ризашылық сезімін білдірген жандар да болды. Мұндай жылы-жүзді қауышулар Стамбұл қаласында өткен «Наурыз мейрамы» шарасында да кезікті. Американың Вашингтон қаласы­нан 4 сәуір күні ұшып шығып, Түркия арқылы Алматыға 6 сәуір күні келіп жеттік. Ұзақ жол жүрген өнер иелерінде ұлты­мыздың төл өнер туындыларын шетелдік көрермендерге көрсетіп қайттық деген асқақ сезім болғанын байқадым.

— Әңгімеңізге рахмет! Алдағы кезде де өнерлеріңіз өрлей берсін деген тілек айтамыз!

Сұхбаттасқан —  Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *