Саяси қуғын-сүргіннің шынайы келбеті

 

Өткен ғасырда Кеңестер Одағының құра­мында болған қай ұлт болсын, аз зардап шеккен жоқ. Тоталитарлық жүйе қандай саяси реформа жүргізсе де, халықтың жағдайымен санаспай, алып империяның мүддесіне ғана негізделген астамшылдығы мен озбырлығы мол қиянатын күшпен жүргізіп отырды. Сол оз­бырлықтан, әсіресе, көбірек қорлық пен зардап көрген қазақ халқы десек, артық айтқандық емес. Қазақ халқының басына түскен тарихи зобалаңды жіктемелейтін болсақ, төмендегідей кезеңдерін атап көрсетуге болар еді:

– азамат соғысы;

– 1921 жылғы ашаршылық;

– 1925 жылғы дін қайраткерлерін қуғын-сүргінге ұшырату;

– 1928 жылы басталған Алаш қайраткерлерін соттау;

– 1929 жылғы дәулетті қазақтардың мал-мүлкін тәркілеу;

– 1931–1933 жылдардағы ашаршылық;

– 1937-1938 жылдардағы «халық жауларына» арнайы жасалған қанды қасап;

– 1941–1945 жылдардағы соғыс;

– Соғыстан кейінгі саяси репрессияның екінші кезеңі;

– Тың көтеру  идеясына байланысты туындаған зардаптар;

–  60-жылдардағы қазақ жерін бөлшектеу идеясы, т.б.

Мұның бәрі халықты әбден есеңгіретіп жібергендей болды. Ең бастысы – Ұлт аман, жер тұтас қалды. Осыншама ойранды бастары­нан кешірсе де, елдігін сақтап, жерін аман алып қалудың негізі неде еді?

Ең алдымен, Алланың қалауы болса, екіншіден, ұлттық рухтың жасығанымен, сынбағаны болар!

Қанша араздасып, жанжалдасып, өзара қырқысып жатса да, жеме-жемге келгенде, ақылды тыңдай, сөзге тоқтай алатын халықтың ұрпағы ғасырлар бойы саналарына сіңген тәлім-тәрбиені жоғалтпағандығынан шығар!

Қалай болғанда да, халқымыз «ақтар» мен «қызылдар» болып соғысса да, Алаш пен большевик болып айтысса да, Елінің көркеюі мен ұлтының өркендеуі жолында аянбай қызмет атқарды. Ал ұлт зиялыларының айтысын солақай саясат өз пайдаларына «тиімді» жарата білді. Бауырын өкпеге қиса да, өлімге қимайтын  қазақ айтыс-айқастарының қандай қырғынға апарып соғарын сезбеген де болар! Осы аңғалдықты отарлаушы билік өте оңтайлы пайдалана біле алды. Олар «нұрмақов­шылар», «рысқұлов­шылар», «қожа­нов­шылар», «садуақасов­шылар» және т.б. «-шыларға» жіктеп, бір-бірлеріне айдап салып, қазақ эли­тасының ұлт мүддесін қорғауда бас біріктіру­леріне жол бермеді. Сөйтіп, қазақ зиялыларын бір-бірімен қырқыстырып қойып, өздерінің зымиян жоспаларын жүзеге асыра білді. Нәтижесінде қазақ мал-мүлкінен айы­рылып, ашаршылықтан орны толмас шығынға ұшыра­ды. «Социализмге жат элементтерді әшкере­леу» ұраны барысында зиялы қауым түгелге жуық қанды қырғынның құрбан­дарына айналды.

И.Сталин  о дүниелік болған соң, Кеңес­тік билік саяси жүйеге қарсыларды «естері дұрыс емес адамдар» ретінде жындыхана­ларға жабатын әр түрлі айла-тәсілдерді қолданды. Ішкі жауларды толық жеңіп, әлемнің алтыдан бір бөлігінде нық социализм орнатқан мемлекет тоталитарлық басқаруға көшіп, Одақ құрамындағы республикалардың өзіндік мүдделерімен санаспай, өктемдік жүргізетін болды. Тіпті, Кеңестік Одақтың территориясы ортақ деп санап, республи­калардың қалыптас­қан шекараларын өзгертуге кіріскен еді.  Қазақстанның бес облысын Ресейге қосу туралы мәселесі көтерілген жағдайда, сол кездегі Қазақ  Кеңестік Социалистік Республи­касының Министрлер кеңесінің төрағасы, ұлтымыздың ұлы перзенті Ж.Тәшеновтің өжеттігінің арқасында жер тұтастығын сақтап қала алдық. Жер тұтастығы сақталғанымен, Кеңестік орталық билік Қазақстанды сынақ полигондарына айналдырып, биліп-төстеп алды. Ұлы Даланы Атом полигоны, биология­лық қаруларды сынау полигоны, ғарыш полигоны, зымырандарды сынақтан өткізу полигоны, халықтар достығы полигондарына айналдырумен ғана қоймай, «Қазақстанға кімді басшы қойсақ та, өз еркіміз» деп есептеді. Сол астамшылықтары қазақ жастарының 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне ерікті-еріксіз түрде алып келді. Көтеріліс Кеңестік әскер күшімен аяусыз жаншылды. Қазақ халқына жасалған осы репрессия кеңестік жүйенің де ыдырауына негізгі себеп болды!

Соның арқасында тәуелсіз ел болдық! Осы тәуелсіздігіміздің тұғырлы да баянды болуы үшін, рухани жаңғыру аясында тарихтан тағы­лым алып, өзімізге сыни көзбен қарап, еліміз­дің адал азаматтары қатарынан табылайық!

 

Жұмабек АШУҰЛЫ,

Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *