Саясаты сан құбылған Америка

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

саяси шолушы

 

Өзін әлемнің әміршісі санайтын АҚШ-тың  кейінгі кезде саясаты мың құбылып тұр. Мұны біреулер билік басына басшы­лық, саясат­керлік және дипломатиялық тәжірибеден құралақан Дональд Трамптың  келуімен байланыс­тырады. Басқа біреулер  дүниені уысында ұстап, жатып-тұрғыз­ғысы келетін  Құрама Штаттардың  әу бастан ұстанымы мен болмыс-табиғаты сондай деседі. Мұның бір жаманы  әлемдік гео­саясатқа, экономикаға және халықаралық қатынасқа  зиянды әсері тиетін­дігінде.

Басқа ұсақ-түйектерін айтпа­ғанда, АҚШ-тың соңғы бір айдың көлемінде  жасаған  кері әреке­т­терін санамалап қарайық.

 

  1. Өткен 9 мамырда осыдан үш жыл алдын бір жағынан: АҚШ, Англия, Германия, Қытай, Ресей және Франция болып, екінші жағынан Иранмен  аса қиындық­пен жасалған  ядролық қаруды шектеу жөніндегі СВПД (Бірлес­кен кең көлемді іс-әрекеттер жоспары) келісім-шартынан шыға­тынын және  Тегеранға бұрын қолданылған санкция­лардың қайта қалпына келтірілетінін жариялады.
  2. Сәуір айының басынан Ақ үй мен Солтүстік Корея басшылы­ғының арасында жоғары дәре­жеде келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде 10 мамырда Дональд Трамп пен Ким Чен Ынның кез­десуі осы жылдың 12 маусымында  Сингапурде  өткізілетін болып келісілді. Бұған жақсы жоралғы  ретінде  Пхеньян  Вашингтонның бірқатар талаптарын орындап, оның ішінде  АҚШ-тың этникалық корей ұлтының өкілдері сана­латын үш азаматын қамаудан босатып, еліне қайтарды.
  3. Бірақ осыған қарамастан АҚШ пен Оңтүстік Кореяның корей түбегі маңындағы әскери-әуе күштерінің жаттығуларын жалғастыруы КХДР-ның ашу-ызасын тудырды. Сондықтан да   Пхеньян   16 мамырға белгіленген жоғары дәрежедегі Ким Чен мен Мун Чжэ Иннің кезекті кез­десуінен  бас тартты.
  4. 18 мамырда Дональд Трамп Ким Чен Ынға егер де олар ядролық қарудан бас тартпаса Солтүстік Кореяда  «Ливиядағы  сценарий»  қайталанып, ал оның өзі Муамар Каддафидің тағдырын  құшуы  мүмкін екендігін ескертті. Бұл халықаралық қатынас нор­малары мен дипломатияның  шеңберінен  асып шыққан аса дөрекі қорқыту мен қоқан-лоқы болып саналады.
  5. 21 мамырда Мемлекеттік хатшы Майк Пампео Иранға  12 тармақтан тұратын, орындалуы екіталай қатаң талаптар қойы­латынын, осы талаптар орындал­ғанда ғана Иранмен экономикалық және дипломатиялық қатынастар орнататынын мәлімдеді. Оның айтуынша, өйтпеген жағдайда Ақ үй билігі  Тегеранға қаржылық, әскери және басқа да қысымдар көрсететін болады. Тіпті, Иран­дағы Аятолла Хаменей бастаған исламдық билікті құлатып, мемлекеттік құрылымды өзгертуге күш салатынын жасырмады. Өзгені былай қойғанда, Вашинг­тонның Тегеранға қойған талап­тары  оның жақын одақтастары саналатын Англия, Германия, Францияның қарсылығын туғыз­ды. Олар ядролық қару жөнінде Иранмен жасасқан келісім-шарттан айнымайтындықтарын  жеткізді.
  6. 24 мамырда АҚШ президенті Дональд Трамп КХДР-ның бас­шысы Ким Чен Ынға хат жолдап, алдағы 12 маусымда Сингапурда өтетін болып белгіленген  кездесу­дің болмайтынын  хабарлады. Мұны ол Солтүстік Кореяның  «ашық жаулық» ұстанымына байланысты деп түсіндірді. Трамп, сондай-ақ, өзінің Twіtter парақшасында: «Сіз өздеріңіздің ядролық  мүмкін­діктеріңіз туралы айтып отырсыздар,  ал біздікі одан қанша есе қуатты екенін шамалай беріңіз. Мен  Құдайдан  соның сіздерге қарсы қолдануға жол бермеуін сұраймын», – деп жазды.

Базбір саясаттанушылар Трамп­тың бұл әрекетін  Пхеньянның алдында өзін  төмен және жалы­нышты көрсетпеудің амалы десті.

Трамптың мәлімдеме хатынан үш сағат бұрын КХДР шетелдік журналистердің қатысуымен  Пхунгери  полигонындағы ядро­лық қаруларды сынайтын үш шахтаны жойды. Мұндай шешім  27 сәуірде  Ким Чен Ын мен  Мун Чжэ Иннің тарихи кездесуі барысында қабылданған болатын.

  1. 25 мамырда бұған Солтүстік Кореяның Сыртқы істер министрі  Ким   Ге Гван: «Оның  кенеттен кез­­десуден біржақты  бас тартуы біз үшін күтпеген оқиға болды. Оған өкініш білдіреміз… Соған қарамастан «Трамп формула­сының» екі ел арасындағы маза­сыздықты төмендеуіне ықпал ете­ді, талабымызды қанағаттан­ды­рады, қайшылықты  парасатты түр­де шешеді деген  үміттеміз», – деп жауап қатты. Ол Солтүстік Кореяның  кез-келген уақытта және әрқалай жолмен де АҚШ-пен арадағы даулы мәсе­лелерді шешуге дайын екенін  атап көр­сетті.
  2. 25 мамырда Д.Трамп Ақ үйде журналистермен болған кездесуінде  Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен ұшы­расуының  ықтималдығын айтып: «Көреміз. Қазір екіжақты келіс­сөздер жүріп жатыр. Кездесу сол айтқан 12 маусымда өтуі мүмкін. Біз оның өткенін қалай­мыз», – деді.
  3. 26 мамырда Солтүстік және Оңтүстік Кореяның ортасындағы шекаралық елді-мекен Пханмунд­жомда  Ким Чен Ын мен Мун Чжэ Ин  екінші рет кездесіп, екі сағатқа созылған келіссөз барысында басты тақырып – алда болатын  КХДР мен АҚШ саммитінің жай-жапсары талқыланды. Кездесуге  солтүстік жақтан – Корей Еңбек партиясы біртұтас майдан бөлі­мінің меңгерушісі Ким Ён Чхоль, оңтүстік тараптан – Ұлттық барлау қызметінің жетекшісі Су Хун қатынасты. Сенімді дерек көздеріне сүйеніп айтқан YTN телеарнасының хабарлауынша,   кездесу ойдағы­дай сәтті өткен. Екі басшы бір-біріне жылы ықылас білдіріп,  ағайын-туыстардай құшақтаса қоштасқан.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Сара Сандерс  алдағы  бірер күнде  президент әкімшілігі мен сыртқы істер ведомствосының  өкілдерінен жасақталған 30 адамның  Синга­пурге жол тартатынын жария етті. Олар жоғары дәрежедегі саммитті алдын-ала дайындап, бәрін жан-жақты реттеп, пысықтап қайтпақ.

«Вашингтон пост» басылымы  кешегі жексенбіде  (27 мамырда)  АҚШ үкіметтік делегациясының  кездесуге дайындық жұмыстарын жүргізу үшін  Солтүстік Кореяға ұшып келгенін хабарлады. Қос  тараптың келіссөздері  тағы да сол шекаралық елді-мекен Пханмунд­жомда  өтеді деседі.

Әлемнің бейбітшіл жұртшы­лығы  сынаптай құбылып тұрған болса да АҚШ-КХДР  саммиті­нің болғанын  және оның  Корей түбегінде тыныштық пен тұрақ­тылықтың орнауына  ықпал еткенін қалайды.

Дегенмен де, өзін демокра­тияшыл ел санайтын Құрама Штаттардың  қазіргі таңда Иран Ислам Республикасына  қатаң қысым көрсетуі,  Сириядағы әрекеттері,  Солтүстік Кореяға қатысты құбылмалы  саясаты  әлем жұртшылығын алаңдатады.

Керек десеңіз,  Вашингтонның 2003 жылы сәуірде ширек ғасыр Иракта билік құрған  Саддам Хусейн  (1937–2006) режимін «халықаралық терроризмді қол­даушы» және «жаппай қырып-жоятын қаруды жасаушы» деген сылтаумен құлатып, өзін дарға астырғаны және 2011 жылы қазанда  Ливияны 42 жыл бас­қарып келген төңкерісшіл полков­ник Муаммар Каддафиді тақтан тайдырып, көзін жойғаны елдің  есінен әлі шыға қойған жоқ.

Әйтсе де, кейбір саяси сарап­шылар  Ақ үйдің сыртқы саяса­тының бұлай ала-құла болып тұруын және қатаң  бағыт ұстануын  онсыз да  дипломатиясы мен саясаткерлігі жұтаң  Дональд Трамптың   төңірегіне  агрессив­тілігі басым адамдардың топтасуы­нан, яғни бұрынғы Мемлекеттік хатшы  Рекс Тиллерсонның орны­на – Майк Пампоеның, ұлттық қауіпсіздік  жөніндегі кеңесші Герберт Макмастердің орнына – Джон Болтонның келуінен көреді.

Әйтеуір Американың  өктем әрекетінен соғыс өрті тұтанбаса болғаны.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *