Саябақтарда қоғамдық қауіпсіздік күшейтіледі

«Оңтүстік» саябағы мен Оқушылар сарайы алдындағы шағын бақты қайта жасау жөніндегі жобаға түзетулер енгізі­леді.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қайта жасауға қатысты дайын­дықтар жүріп жатқан «Оңтүстік» саябағын аралап көрді. Саябақ Жароков көшесінің шығысы мен Ходжанов көшесінің солтүстігіне қарай 14,2 гектар аумақты  алып жатыр.

Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқарма­сының басшысы Әсет Масабаев жоба бойынша жарық көздерін жаңарту, субұр­қақ жасау, орындықтар мен қоқыс жәшік­терін қою, бұрыннан бар арықтарды жаңарту, сонымен қатар, балалар мен спорт алаңдарын, саябақ периметріне орай веложолдар жасау қарастырылғанын айтты.

Мегаполис әкімі заманауи үрдістер мен тұрғындардың талаптарына  сай қолда бар жобаға түзетулер енгізу қажеттігін атап өтті.

–       Мұнда халықтың барлық тобына, яғни сәбидің арбасын сүйреген аналарға, балаларға, тыныштықты қалайтын ересек жандарға демалу жайлы болуы тиіс. Бұл көңіл көтеретін емес, таза ауада демалатын орын, сондықтан асфальтты алаңды қысқартып, бұрыннан бар төте және жіңішке жолдарды қайта жасылдандырып, барынша қолайлы әрі көлеңкелі кеңістік жасаған жөн және үлкен сәулет пішінде­гілердің орнына шағын жарық көздерін орнату қажет. Су ішетін субұрқақ, стацио­нарлы дәретханалар, ең бастысы иттерді серуендететін арнайы қоршалған алаң болуы міндетті, – деді  Бауыржан Байбек.

Алматы әкімі қайта жасаудың басты қағидасы бұрыннан бар жасыл желекті сақтаумен қатар жаңасын қалыптастыру екенін қадап тұрып айтты. Жоғарыда  айтылған барлық ұсыныстарды ескере отырып, жобаға тиісті  түзетулер енгізу тапсырылды. Бұдан былай саябақ аума­ғында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударылатын болады.

Жұмыс сапары барысында Бауыржан Байбек Медеу ауданындағы Оқушылар сарайында да болды. Шаһар басшысы бұрыннан бар жобаны оңтайландыруды және жасыл желекке тиіспеуді тапсырды. Шағын бақты жаңғырту барысында суару жүйесін жаңарту, көше жарығы бағана­ларын жөндеу және басқа да шараларды жүзеге асыру жоспарланды.

 

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *