Саудия Катарды соғыспен қорқытуда

Бұл араб елдерінің ынтымағына нұқсан келтіреді

«Катар елі Ресейден  С-400  зениттік-зымырандық кеше­нін сатып алмақшы»  деген  хабар шыққалы  Сауд Арабиясының  мазасы кетті. Тіпті, Эр-Рияд: «расында да солай болып, Мәскеу аталған қаруды  жеткізіп беретін болса, біз Дохаға қарсы күш қолданып, соғыс ашамыз!» деп  қорқытып отыр. Әлдебір саясаттанушылар: «Саудия­ның ондай қадамға баруы екіталай, бұл жәй әншейін  қоқан-лоқы» деседі.

Дейтұрғанмен,  француздың  әйгілі  «Ле Монд» басылымының жазуынша  Сауд Арабиясының королі Салман ибн Әбдел Әзиз  С-400 «Триумф» ЗЗК қаруы туралы сауда-саттық келісіміне алаңдаушылық білдіріп,  Фран­ция президенті Эммануэль Макронға хат жазған. Корольдің пайымдауынша,  Катар жеріне  ресейлік  С-400 қаруының әкелінуі Саудияның  әуе кеңістігінің қауіп­сіздігіне нұқсан келтіріп, онсыз да шиеленісіп тұрған Парсы шығанағындағы ахуалды одан әрі  ушықтырады.

Әйтсе де,  Сауд королінің  француз президентіне шағым айтып хат жазуы  түсініксіздеу. Оның бірден-бір себебі — Францияның  Еуропалық одақтың  беделді де ықпалды мүшесі  екендігіне байланысты болуы ықтимал.

Бұл орайда  Мәскеудің  көзқарасы белгілі болды. Мәсе­леге  қатысты РФ қорғаныс және қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары  Алексей Кондратьев: «Ресейдің мұнда өзіндік мүддесі бар. Ол  Катарға  С-400 кешенін сату арқылы ақша тауып, мемлекеттік бюджетін толықтырмақ. Бұған Сауд Арабиясы ұстанымы әсер ете алмайды, соған бола Ресей жоспарын өзгертпейді», —  деген  пікір білдірді. Ол сондай-ақ: «Саудияның  Таяу Шығыста жетекші рөл атқаратыны белгілі. Сондықтан оған Катардың  Ресейден осы заманғы жетілген қуатты қару сатып алып, күшейгені ұнамайды. Оның  мазасыздауы түсінікті», — деді. Әрі  мұның ар жағында  АҚШ-тың  ықпалы, соның  айтақтап отыруы  мүмкін  дегенді  меңзейді. Өйткені, Парсы шыға­нағы Құрама Штаттардың  қару сатып, пайда тауып отырған  ең табысты  сауда нүктесі.

Бірақ та айта кету керек, Катар тек Ресейдан  ғана қару сатып алып отырған жоқ. Бұған дейін ол   жеті әскери кеме сатып алу жөнінде бес миллиард еуроға Италиямен, 12 млрд. долларға  30 Ғ-15 истребителдерін  сатып алу туралы АҚШ-пен және  бес миллиард долларға 24 әскери ұшақтар сатып алу жайында Англиямен келісім-шарттар жасасқан.

Дегенмен,  Саудияның  Катармен  қайшылық пен текетіреске түсуі бірінші рет емес. Өткен 2017 жылдың орта тұсында  Сауд Арабиясы бастап, Бахрейн, Біріккен Араб  Әмірліктері, Египет қостап, іле Йемен, Ливия, Мальдива, Маврикия және Мавритания қосылып, Дохамен дипло­матиялық қатынасты үзіп,  саяси және экономикалық қысым жасауға көшкен. Онда олар Катарды «әл-Каида», «Мұсылман бауырлар», «Талибан», ХАМАС, «Ислам мемле­кеті», ан-Нусра майданы» және Жабхат Фатх аш-Шам сияқты  исламдық террористік ұйымдарды  қолдау арқылы аймақтың қауіпсіздігіне қатер төндіріп отыр  деп айыпта­ған. Және де Эр-Риядпен  жаулық қатынастағы  Иранмен  жа­қын қарым-қатынас жасайтынына  қарсылық  танытқан.

Міне, осындай наразылықтарын жинақтай келе жоға­рыда аталған араб елдері  Катарға 13 тармақтан тұратын  шарт-талаптар қойған. Осы шарт-талаптар орындалғанда  ғана өздерінің  дипломатиялық қатынасты қалпына келтіретінін  мәлімдеген.

Өз кезегінде Катар бұл талаптарды орындаудан бас тар­тып, мұны  дербес елдің ішкі істеріне араласу деп бағалады.

Айтқандай-ақ, Саудия бастаған  араб елерінің (Бах­рейн, Біріккен Араб  Әмірліктері, Египет, Йемен, Ливия, Мальдива, Маврикия және Мавритания)  Дохаға жасаған саяси-экономикалық қысымы, оқшаулап, блако­да жасауы күткендегідей нәтиже бермеді.

Катар әмірлігі  Түркия және Иранның қолдап-қуат­тауымен, әрі өзін-өзі қамтамасыз ету саясатын ұстануының  арқасында қиындық пен тығырықтан шыға білді. 2017 жылғы қаңтар мен 2018 жылғы қаңтар аралығында елдің  өндіріс көлемі  300 пайызға өсті. Балық өнімдерінің сексен пайызын өзі өндіруге қол жеткізді. Көкөніс пен жеміс-жидектің 52 пайызы жергілікті жерде өсіріле бастады. Бюджет тапшылығы 6 пайызға төмендеді. Мұның бәрі  бұрын-соңды болмаған жетістік пен көрсеткіш-тін.

Таяу Шығыс тақырыбымен айналысатын саяси сарапшылар Саудия Катарды  жойып жіберуді көздемейді. Тек  корольдікті сунниттік араб елдері арасындағы көшбасшы ретінде мойындауын және  «айтқанына көніп, айдауына жүргенін» қалайды  деген пікірде.

Қалай дегенмен де,  араб елдерінің бір-бірімен алауыз және дүрдараз болуы түбінде жақсылыққа апармайды. Таяу Шығыстың тыныштығын бұзып, қауіпті де қатерлі ахуал қалыптастырады. Бұған АҚШ пен Батыс мүдделі. Себебі, оларға керегі  араб жұртының ынтымағы емес, олар­дың жер қойнауындағы  «қара алтыны»  мен «көгілдір отыны».

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *