САУДИЯ-ИРАН ТЕКЕТІРЕСІ

Мұның себеп-сыры тым тереңде

103Осы жылдың басынан Сауд Арабиясы корольдігі мен Иран Ислам Республикасының қарым-қатынасына «шоқ түсіп»,  шиеленісті сипат алды. Оған 2 қаңтарда Саудияда  террорлық іс-қимыл мен соған итермелеу әрекеттері үшін  іштерінде шииттік дін қайраткері ан-Нимр мен осындағы «Әл-Кайда» ұйымы тобының жетекшісі Фарис аз-Захрани бар 47 адамның дарға асылғаны түрткі болды. Осыған байланысты шииттік діни ұстанымдағыларды қолдап, қорғаштайтын Иран билігі корольдікке наразылық нотасын жолдап, қарсылық білдірді. Өз кезегінде Эр-Рияд  Тегеранның бұл әрекетін «бөтен елдің ішкі ісіне араласу» деп қабылдады.

Саудияның өзінде де, дәлірек айтқанда, ан-Нимр­дың туған қаласы  Эл-Катифте  және елдің шиит­тіктер кө­­бірек тұратын шығыс аудандарында  тұрғын­дардың толқ­уы мен қарсылық шерулері болып өтті (Жалпы Сауд Арабиясының халқы 31,5 млн. болса, соның  10-15 пайызы шииттер).

Иранның қарсылығы үкіметтің наразылығымен шек­теліп қалған жоқ. Мұндағы ИИТҚК (Иран ислам төң­керісін қорғаушылар корпусының)  өкілдері: «Сауд билі­гінің мұнысы  экстремистік «Ислам мемлекеті» содыр­лары­ның әркетімен пара-пар» деген баға берді. Ал, парсы жұр­тының жоғарғы діни көсемі Әли Хамени де Саудияны батыл айыптап: «Кінәлілер құдайдың қаһарына ұшырайды, сазайларын тартады», — деді. Бұған қоса, Иран парламенті елдің сыртқы істер министрлігіне хат жолдап, Сауд Ара­бия­сымен қарым-қатынасты бәсеңдетіп, ол елдің Тегеран­дағы елшілігі қызметкерлерінің санын  азайтуды талап етіп қойды.

Иран астанасы Тегеранда әсіреқызба  шерушілер Сау­дия елшілігіне шабуыл жасап, тас пен жанар май құйыл­ған бөтелкелер  лақтырды. Вена конвенциясының талап­тарына сәйкес әрбір мемлекет өз жеріндегі шетелдік елшіліктердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қорғауы тиіс. Сондықтан да Иран полициясы  демонстранттарға  қарсы көз ашытатын газ қолданып, елшілік маңынан ығыстырып шығарды.  Жағдайдың қайталанбауы үшін  сол аумақты күзет пен  қоршауға алды.

Парсы шығанағы елдері мен араб мемле­кеттері арасы­нан екі жақтың да жақтастары бар екені бел­гілі. Мәселен, Ирак, Сирия, Йемен және Ливан  Иран жағында. Сол себепті де Ирактың премьер-министрі  Хейдар әл-Абади шииттік діндар ан-Нимрдың дарға асылуын «қаса­қана жа­салған әрекет» деп бағалады. Әрі бұл оқиға­ның Таяу Шығыстағы жағдайды қиындата түсетінін ескертті.  Ал, ирактық шииттердің діни көшбас­шысы аятол­ла Әли Систани: «Бірнеше діндес бауыр­лары­мыздың  азаппен өлтірілуі қабырға­мызды қайыс­тырады, бұл әділетсіз агрес­сия», — деген пікір біл­дірді.  Бахрейн мен Судан Сау­дияны қолдап, Тегеранмен дипломатиялық қатынасты үзетін­діктерін  мәлімдеді.

Өткен күндерде Сауд Арабиясы бастаған әскери коалицияның  Йемен астанасы Санадағы тұрғын квартал­дарға кассеталық бомбалар тас­тауынан Иран елшілігінің зардап шегіп, бірнеше қызметкердің жаралануы жағдайды одан сайын ушықтыра түсті. Осы орайда Иран Сыртқы істер ми­нистрлігі: «Елшілікке келтірілген шығын мен адам­дардың жарақатына толықтай Сауд Арабиясы жауапты», — деген мәлімдеме жасады.

Саудия мен оның жақтастарының  Йеменге шүйлігуінің себебі – бұл елде шииттік-хуситтердің мемлекеттік төңкеріс жасап, елдің көптеген қалаларын басып алуында жатыр.

Осылайша бір діндегі мұсылман елдері саналатын Саудия-Иран қарама-қайшылығы әлем назар аударған, халықаралық қатынастағы күрделі мәселеге айналды. Бұған дүние жүзінің жетекші агенттіктері, танымал сая­саттанушылар мен сарапшылар  әр түрлі баға беріп, сан қилы тұжырымдар жасауда. Олардың көпшілігінің пікірі «Саудияда 47 адамның өлім жазасына кесіліп, дарға асылуы жәй сыныққа сылтау. Бұл текетірестің  себеп-сыры одан да тереңде» дегенге саяды.

Мәселен, француздың  Lіbеratіon басылымының саяси шолушысы Жан-Пьер Перрен: «Эр-Рияд пен Тегеран қарама-қайшылығының  тарихи, діни, идеологиялық, экономикалық және де геосаяси себептері бар», — дегенді айтады. Бұған ол:  «Тарихи болатыны – Сауд корольдігін Иран ежелден үстемдікке бейім, әрі өз жеріндегі шиит­тердің бостандығы мен құқығын таптап отырған езуші ел санай­ды, діни болатыны – мұнда суниттік Саудия мен шииттік Иранның мүдделері қақтығысуда, идеологиялық болатыны, бұл — монархиялық билік пен республикалық басқарудың күресі, экономикалық болатыны – Иран да  Сауд Арабиясы да жерасты мұнай мен газдың мол қор­ларына ие, сондықтан екеуі де әлемдік рынокта ықпалды экспортер болғылары келеді, ал геосаяси сипатта болатыны — Саудия мен Иран  Таяу Шығыстағы — Парсы шығана­ғындағы  көшбасшылыққа таласып отыр» деген түсінік береді.

Ашық айтылмағанымен текетіреске түсіп отырған «бұл екеудің» артында әлемдік саясатта елеулі рөл атқаратын  ұлы екі держава — АҚШ пен Ресейдің тұрғаны айдан-анық.

Сауд корольдігі сонау 30-жылдардың аяғынан  (американдық инженер Твитчелидің жерасты су көзін іздеп жүріп, ойламаған жерден мұнай кеніне тап болып, корольдіктің бағын жандырғалы бері) Вашингтонның ықпалында келеді десе болады.

Бұған дейінгі ала-құла қарым-қатынастарын ескер­мегенде Ресей мен Иран  кейінгі кездегі геосаясатта  (әсі­ресе, Сирияға қатысты)  өзара тіл табысып, «ынтымақты» байланыс орнатқаны байқалады.

Осы арада айта кететін бір жәйт: 2011 жылдың көктемінен басталып, бес жылға созылып бара жатқан Сириядағы соғыс  әлемнің жетекші елдерін екіге бөлді. АҚШ  бастап, Саудия, Түркия  қоштаған бірқатар елдер  Сирия прези­денті Башар Асадтың биліктен кетуін қаласа, Ресей, Иран және Ирак керісінше,  оны  қолдап, «елдің заңды сайланған пре­зиденті» деп санайды. Сондықтан да Башар Асадтың өті­нішін алға тартқан Мәскеу өткен жылдың 30 қыр­күйегінен Сирияда әуе күштері арқылы әскери опера­циялар жүргізіп келеді. Бір өкініштісі, бұл операциялар Ресей мен Түр­кияның арасына от тастап, екі елді бір-біріне қырғи-қабақ етіп қойды. Мұның арты  Мәскеудің Анкраға эконо­микалық санкциялар жариялауына ұласты.

Жалпы, Сириядағы соғыс, Ирак пен Йемендегі қақ­тығыстар, ең аяғы осы Саудия мен Иранның қайшылығы  жоғарыда айтылған екі лагерьдің Таяу Шығыстағы саяса­тының көрінісі тәрізді. Олай дейтініміз, былай қарағанда,  бір жағынан, АҚШ пен Батыс, екінші жағынан, Ресей мен Иран да  Сириядағы соғыс­тың тезірек тыйылып, Ирак пен Йемен жерінде тыныштықтың орна­ғанын қалайтын сияқты. Бірақ,  «Ислам мемле­кеті» және «Джабхат ан-Нуср» террорис­терінің  батыс елдерінің әскери киімдерін киіп, амери­кандық қару-жарақпен соғысуы, осы сияқты Иранның Ирак пен Йемендегі шииттік әскери құрылым­дарды қар­жыландырып, қару-жарақ­тармен қам­тамасыз етуі күдік пен күмән тудырып, екі ұшты ойға жетелейді

Осыған қарап, «Таяу Шығыста таяу ара­лықта ты­ныштықтың орнауы қиын-ау» деген ой туады.

Дегенмен, сауд-иран қайшылығын жан-жақты талдап, таразылап отырған саяси шолу­шылар мен сарапшылардың басым бөлігінің болжамынша: «Бұлар бірін-бірін ғайбаттап, маңдай қағыс­тыр­ғанымен қарулы қақтығысқа, ашық соғысқа бармайды. Бірақ та текетірестің жуық арада және оңайлықпен  шешілуі екі­талай».

Саясаттанушылар мен сарапшылардың енді бір тобы: «Бұдан артық қандай соғыс керек?  Онсыз да Саудия мен Иран соғысы талайдан Сирия, Ирак, Йемен жерінде жүріп жатқан жоқ па?» дейді. Сондай-ақ, Ливан, Ау­ғанстан және Пәкістан елдеріндегі бірқатар экстре­мистік топтардың  террористік әрекеттерінен  екі жақтың қолтаң­басын көреді.

Әділдік үшін мына жәйтті де айта кеткен жөн. Жоға­рыда айтылған Саудия — Иран қайшылығына түрткі болған шииттік дінбасы шейх ан-Нимр 2012 жылы тұтқын­далып, ол 2014 жылы өлім жазасына кесілген. Ендеше, «содан бері  үкім неге орындалмады?»  деген сұрақ туады. Бұдан біреу­лер саясаттың ізін көреді. «Сауд билігі  Иран­ның «ядролық қару» жөнінен «алтылықпен» (АҚШ, Англия, Германия, Қытай, Ресей және Франциямен) келіссөзінің қалай аяқталатынын күтіп жүрді. Өкінішке қарай, оның нәтижесі Эр-Рияд күткендегідей болмай шықты. Сондықтан өзінің азуын көрсету үшін осындай қадамға барды» деп топшылайды.

«Екінші жағынан,  сол «ядролық бағдарлама» бойынша келісімге әрең қол жеткізген Иран  Ақ үйдің шамына тимеу үшін Саудиямен қарулы қақтығысқа бармайды» деседі.

Мәскеу араағайындық жасап, екі жақты бітістіруге пейілді. Алайда, оған қазірше Иран да, Саудия да дайын емес. АҚШ әзірше әліптің артын бағуда.

Сыртқы қатынаста көпвекторлық саясат ұстанатын  Қазақстан  Сауд  Арабиясы мен Иран Ислам Республи­касының мәселені шиеленістірмей, бейбіт жолмен шешулерін қалайды. Осыған байланысты еліміздің Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасап, қос тараптың Таяу Шығыста қауіпсіздіктің қамтамасыз етіліп, тұрақтылықтың сақталуында айтарлықтай рөл атқаратынын айта келіп, екі жақты сындарлы да салиқалы келіссөздер жүргізуге шақырады.

Осы ретте шетелдік дипломатиялық өкілдікке шаб­уыл­дауға жол берілмеуі тиіс екенін, Вена конвенциясына сәйкес елшіліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қабыл­даушы елдің міндетіне жататынын еске салады.

 

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *