САТУШЫСЫ ЖОҚ КАССА ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

«Алматы – Адалдық алаңы» жобасы аясында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров пен Алматы қаласы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Қайрат Сүнтаевтың қатысуымен Small супермаркетінде сатушысы жоқ, яғни өзіне-өзі қызмет көрсету кассасы ашылды.

Әсел ДАҒЖАН

Бұл касса гаджеттерді еркін меңгерген кез-келген тұтынушының қолдануына ыңғайлы. Әдеттегі кассаға кезекке тұрмай-ақ, уақытыңызды үнемдеп, өзіңізге өзіңіз қызмет көрсетесіз. Бір ескеретіні, мұнда қолма-қол есеп айырысу емес, карточка арқылы төлем жаса­лы­нады. Тауардың штрих-кодын сканерлеп, орап, банктік картаны терминалға апарып, төлем жасайсыз. Сізге бірден тауардың құны жазылған чек пен карточ­кадан алынған ақша сомасы бар чек шығарып береді.

Өзіне-өзі қызмет көрсету кассалары АҚШ, Канада, Ұлыбритания сияқты елдердің тәжірибесінде бар. Ол сатып алу процесін автоматтандыру үшін бөлшек сауда желілерінде қолданылуда.

–       Бұл жоба азаматтарға сенім атмосферасын нығайтуға, адалдық пен парасаттылық секілді адамгершілік қасиеттерге негізделген тестілеуден өтуге мүмкіндік береді, – деді Алматы қаласы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының орынбасары Данияр Таумұрат.

«Адалдық дүкендерінде» мұндай кедергісіз қызмет­тердің болуы және жұмыс істеуі, әсіресе жастар ара­сында жоғары моральдық қасиеттерді қалыптастыру мен нығайтуға септігін тигізеді. Мұндай дүкендерде еңбек ресурстарын тиімді пайдалану мен кассадан өткізу қабілетін тездету мүмкіндігі жоғары болып саналады.

–       Бұл касса тұтынушылардың игілігі үшін қойылуда. Ол 4 қазаннан бері жұмыс істеп тұр. Адаптацияға бір ай уақыт берілген болатын. Қазір тұтынушыларымыздың 22 пайызы осы кассаның қызметін қолдануда. Біздің тұтынушылардың елу пайызы карточкамен есеп айырысады. Бұл сондай тұтынушылар үшін өте қолайлы. Алматылықтар инновацияны өте жақсы көреді. Өзіне-өзі қызмет көрсетуге қызығушылық күннен-күнге артуда. Мұнда карточкадан артық ақша алу деген болмайды, – деді «Скиф Трейд» ЖШС сату бөлімінің басшысы Николай Храмцов.

Айта кетейік, дәл осындай касса «Юбилейный» супермаркетінде де жұмыс істеп тұр.

Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендетуді көздейтін «Алматы – адалдық алаңы» жобасы аясында метрода виза карточкаңызды басып қана өте беретін «адал турникет» пен вокзалда билетті ешқандай делдалсыз сататын «адал жол» кассасы жұмыс істеуде.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *