Сарыарқаны тербеген ән сазы

Жамбыл мәдени-ағарту училищесін тәмамдаған, Құрманғазы атындағы консерваторияның оркестр факультетінде білім алып, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің музыка факультетін сырттай оқып бітірген, «Қазақстан Республикасының оқу-ағарту ісінің үздігі» құрметті атағына ие ұлағатты ұстаз, өнерге, мәдениетке ерен еңбегі сіңген белгілі композитор Әнуар Бекжановтың шығармашылық өмірінен бір үзік сыр.

Ол уақытта, ұмытпасам, 2006 жы­лы мен Астанадағы «Ауыл» газетінің бас редакторы едім. Бірде кабинетіме қашанғы әдетімен күлім қаға Болат кірді. Өзі ақын. Өзі экономист. Жүзінде толғаныс бар. Жанарында қуаныш нұры ойнайды.

– Қарағандыда тарихтан аян бір бабамызға дүбірлі той өткізгелі жатыр едік. Бабаларыма арнаған өлеңім дайын. Енді соған ән жазатын ком­позитор іздеп жүрмін, – деді алыстан ат арылтып келген сыпайы бауырым сырын тербеп.

– Іздегеніңді…

– Сіз тауып беріңіз, – деді Болат сөзімді бөліп.

– Мен бе? – дедім таңданып.

– Иә, сіз! Өзіңіз аралас-құралас болған Алматыдағы есімі елімізге әйгілі композитордың біріне айт­саңыз, – деді Болат шегінерге жер таптырмай.

Мен ойланып қалдым. Ойыма Ән-ағаң түскенде, аспандағы ай ала­қаныма қонғандай күй кештім. Күй кештім де жүзін толғаныс меңдеген Болатқа:

– «Аққуым менің қайдасың?» әнін естіп пе едің? – дедім.

– Естігенде қандай? – деді Болат лепіріп. – Ол әннің төресі ғой.

– Ендеше, сол әннің төресінің ие­сінің – Алматыдағы композитор Әнуар Бекжановтың үйінің телефон нөмірін берейін. Бабаларыңның тари­хынан толғап, өлеңіңнің өзіңді қалай баураған сезім-күйіңді жеткіз, – дедім.

– Танымайтын жанға бабалар тарихын толғап, өлең жазған кездегі сезім-күйімді жеткізгенім ретсіз емес пе? – деді Болат тосын бейнеге еніп.

– Ретсіз емес. Жан сырларын ақтарған сайын ақын мен композитор бір-бірін жақсы түсінеді. Жақсы түсінген сайын жақсы ән дүниеге келеді, – дедім.

– Ол өлеңіме ән жаза қояр ма екен? – деді Болат күмән тудыра.

– Мен айтты десең жазады, – дедім күмәнінен арылтуды діттеп.

– Сіз сенімдісіз ғой, – деді Болат қадала қарап.

– Оған сенбегенде, кімге сенем? – дедім мен де жүзіне көз жүгіртіп.

– Керемет  сенетіндей ол кімі­ңіз? – деді Болат аңтарылып.

– Нағашым, – дедім көңілін демеп.

– Онда мен Қарағандыға кеттім. Үйге барып, Әнуар ағамен телефон­мен емін-еркін сөйлесейін, – деп орнынан қуана тұрған Болат есікке беттеді.

Сол күні кешінде Ән-ағаң телефон соғып:

– Сен қарағандылық ақын Болат Қалиевке менің телефон нөмірімді беріпсің ғой, – деді.

– Немене, асыра сілтеп жібердім бе? – дедім тамырын басып.

– Композиторға жан дүниеңді ұғар ақын тауып беру асыра сілтеу емес, мерейіңді өсіру, – деді Ән-ағаң көңілдене үн қатып.

– Өлеңі ұнады ма? – дедім сыр тартып.

– Ұнағаны сонша, телефоннан жазып алдым, – деді Ән-ағаң екпіндей сөйлеп.

– Алдым емес, алды шығар, – дедім орағытып.

– Қалай? – деді Ән-ағаң сауалын салмақтап.

– Ән сазын жазатын сіз, сөзін те­ле­фоннан ақ қағазға маржандай тізе­тін жеңешем емес пе еді? – дедім «Құ­дағи» деген өлеңімді жеңешеме көшірткені есіме түсіп.

– Сенде қырық жылғыны ұмыт­пайды екенсің-ау! – деген үніне күлкі араласқан Ән-ағаңның да көз алдына сол бір сәт елестегені айғақ еді.

– Бір үйдегі бір композитордың өлең көшіруге уақыты да болмасы айдан анық, – дедім әзіл шырпысын шағып.

– Біздің үйде бір композитор, бір ақын тұрады, – деді Ән-ағаң желпіне үн қатып.

– Композиторы сіз, ақыны кім? – дедім әдейі білмексіп.

– Жеңешеңнің де өлең жаза­тыны өзіңе аян ғой, – деді Ән-ағаң өрекпіп. – Демек, үйдегі бір ақын сол емес пе?

– Жеңешем ақын ба? – дедім тағы да отқа май құйып.

– Әрине, ақын! – деді ақ жүрек Ән-ағаң.

– Сізден күткенім де осы еді, – дедім рия пейілдене.

– Нені күтіп едің? – деді Ән-ағаң даусы құбыла.

– Жеңешемнің ақын екенін шын мойындағаныңызды, – дедім жайдары кейіппен.

– Жеңешеңнің ақын екенін өз­гелер мойындаса, Құдай қосқан қоса­ғымнан өзім қайда қашам? – деді Ән-ағаң ағынан жарылып. – Жарайды, кеттім.

– Қайда қашам деп қайда кет­тіңіз? – дедім.

– Күй сандыққа отыруға, – деді Ән-ағаң шат-шадыман сезімге бө­лене. – Болаттың «Бабаларым» деген өлеңіне ән жазуға.

– Әніңіз Алматы аспанын ғана емес, Сарыарқаны да әсем сазға тербесін, – дедім ақ тілегімді айтып.

Құдай тілегімді қабыл алды ма, «Бабаларым» әні Алматы аспанын ғана емес, Сарыарқаны да, сол Сары­арқа төріндегі Астананы да әсем сазға тербеді. Әсем сазға қалай тербегенінің куәсі болдым. Қалай куә болғанымды алғаш Ауыл» газетінде жарық көріп, кейіннен «Жойқын жұт» кітабыма енген «Ауылдағылардың Үкіметі Төребек!» деген туындымда баян еткен едім. Төребек те «Қостоған» ауылы­ның төл перзенті. Белгілі кәсіпкер. Төребек те маған нағашы әрі күйеу бала. Қарындасым Әлия еліне таны­мал журналист. Сөзім дәлелге айналу үшін сол туындыдан үзінді келтірейін. Ол үзінді…

«Уақыт өткен сайын ауылыңды сағынады екенсің.

Құс болып ұшқың келеді. Ұша алмайсың – қанатың жоқ.

Кеуде керген сағыныш жанарыңа жас ұялатады.

Ол – сағыныш жасы!

Әлемде туған ауылыңдай жер жоқ, ел жоқ! Жүрегінде жылуы бар жан солай сезінеді.

Астананың зәулім сарайында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әйгілі әнші Сұлушаш Нұрмағанбетова елордалықтарға есепті концертін берді.

Астана аспанын ән әуезіне тербеді.

Залда азуымен құс тістеген билік иелерінің бел ортасында елі үшін от пен суға түсіп жүрген қоғам қайраткерлері, ақиық қаламгерлер Шерхан Мұртаза көкем мен Фариза Оңғарсынова әпкем айналасына нұр шашып отырды.

Сұлушаш «Бабаларым» әнін шырқағанда, өзгеше күйге бөлендім.

Астана төрінде ауылымды сағын­дым.

Жасырары жоқ, жанарыма жас ұялады. Иә, сағыныш жасы…

Парламенттің сектор меңгерушісі, қаламгер інім Батырбек Садықановқа назар тіктім.

Жүзінде сағыныш табы өрнек құрыпты.

Бір топырақтанбыз. Оның үлкен қызмет тізгінін ұстауы мен үшін мерей! Мен үшін ғана емес, ауыл үшін де…

Ауылымды сағынтқан «Баба­ларым» әнінің авторы, белгілі сазгер Әнуар Бекжанов!

Жан тебірентер әннің сөзін жазған бірге тумасақ та, бірге туған­дай бауырым, қарағандылық белгілі ақын Болат Қалиев. Оның негізгі мамандығы – экономист.

Болат екеуміздің арамызды бауыр­малдыққа баулыған, дәм-тұзы­мызды жарастырған – «Ауыл» партиясы.

Ол партияның Қарағанды облыс­тық филиалы төрағасының орынба­сары. Мен «Ауыл» газетінің бас редакторымын.

Екеумізді сәл хабарласпасақ, са­ғындырып тұрар қимас сезімге бөлей­тін басты дәнекер – осы әріптес­тігіміз.

Ал Әнуар аға маған нағашы, мен жиен. Кіндік қанымыз тамған жеріміз Сыпатай батыр елі – Меркі өңіріндегі «Қостоған» ауылы.

Белгілі ақын, бірнеше кітаптың авторы Шекербек Садықанұлы тәтем «Ертеде аталарымыз қос тоған қазыпты. Содан «Қостоған» атанып кетіпті» дейді шежіре шертіп.

Мен немере ағамның ақындығын мақтан тұтамын.

Мен нағашымның сазгерлігін құдірет санаймын».

Міне, осы үзіндіде бейнелен­гендей, Ән-ағаңның «Бабаларым» әні Сарыарқаны ән сазына тербеді. Ал ақын Болат Қалиев ол әнді өрімді өлеңімен өрнектеді. Бұл ән «Ауыл» газетінің 2006 жылғы 28 желтоқ­санындағы санында нотасымен жарияланды.

Сарыарқаны ән сазымен тербеген Ән-ағаң мен Болат Алматыда кез­десті. Екеуі ұзақ сырласты. Сырлас­тық соңы шығармашылық байла­нысқа ұласты. Көп ұзамай Болат өлең топтамаларын жіберді. Ән-ағаң оның өлеңдерін оқып, сусындап қалды. Тың дүние. Тың мәтін. Сол тың дүние, тың мәтін жүрегін жарып шыққан ақ көгершін әнге айналып, ән әлеміне қалықтап ұшты. Күй сандықтан ән сазы төгілді. «Сал домбырам», «Тал­майысқақ», «Бәрі де қалар», «Ұшады аққу» деген әндер бірінен кейін бірі дүниеге келді.

Астана төрінде Сұлушаш шырқап, Сарыарқаны сазымен тербеген «Бабаларым» әнін қарағандылық әнші қыз Түркия мемлекетіне барып, жан толқыта айтып қайтты. Ал «Тал­майыс­қақ» әнін жас әнші Нәзира Жүсіпбекова халық арасына кеңінен таратып, клип түсіруге құлшыныс білдіріп жүр. «Сал домбырам» әнін студенттер жиі шырқайды.

Сарыарқаны сазымен тербеген ән тума таланттардың бақтарын осылай жақты. Жұлдыздарың жарқырай берсін!

Оңласын ӘМІРҚҰЛ,

 жазушы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *