САРЫАРҚАДАН ЖЕТКЕН САМАЛ

…2018 жыл да, міне, көзді ашып-жұмғанша тарих қойнауына еніп кетті. Жаңа жылдық демалысты, әрине,  біз секілді зейнеткерден гөрі үйдегі бала-шаға, немерелер қызықты өткізгісі келеді. Жылдағы әдеттерімен бүгін де тауға шығып серуендеуге кеткен. Даңғарадай тыныш үйде кемпірім екеуміз ғана. Алпыс жылдан астам қолынан қаламын тастамаған адам мұндайда не істеуші еді, тағы да шұқыланып бірдеңе түрткісі келіп тұрады. Көзі талып шаршағанша ғаламтор ақтарып, дүниенің жаңалығына қаныққысы келеді. Мұны қарт  журналистің кәсіби «ауруы» десек те болады. Үй оңаша болғандықтан,  бүгін де сол ескі  әдетпен ғаламторды шарлап отырып… өзім үшін  аса бір ыстық тарихи құнды ақпаратты тауып алдым. Ішінде менің де есімімді атапты. Мәселе онда емес, мұндағы ел-жұртқа керек  тарихи ақпарат  Сарыарқадан жеткен самалдай көңілімді сергітіп жіберді.Ұмытыла бастаған  алмағайып жылдар көз алдыма келді. Одан бері  де қырық бес жыл уақыт өткен екен…

…Сонау өткен ғасырдың 70-жылда­рының басы. Дәлірек айтсақ, 1973 жылы Торғай облыстық «Торғай таңы» газетінде жауапты хатшының орынбасары болып қызмет атқарып жүрген кезім. Тәжірибелі журналист қажет болып, облыстық  «Жез­қазған туы» газетіне қызметке шақырды. Жаңадан құрылған Жезқазған облысы Сыр бойымен шектеседі, елге қатынауға да жақсы. Ата-анам да елге жақындауды қолайлады.Сондықтан келістім. Екі-үш апта ішінде біраз  мақалалар әзірледім. Содан газеттің 13 сәуірдегі алғашқы нөмі­рін тәжірибелі корректор болмағандықтан өзім оқыдым һәм кезекші редактор ретінде тұңғыш газеттің жарыққа шығуына қол қойдым. Бұдан соң облыстық баспасөздегі мемлекеттік құпияларды қорғау басқар­масының өкілі газетті басуға рұқсат берді. Ол кезде газет шығару ауыр, қорғасынмен теріледі, түні бойы баспа құралдары су жаңа баспаханада жүріп, таң ата үйге шаршап әрең қайтқаным есімде.  Сол газетте сегіз жылға жуық алғашқы жыл­дары өнеркәсіп бөлімінің, содан соң   совет құрылысы бөлімінің меңгерушісі қызметін атқардым, әрі алқа мүшесі һәм партбюро мүшесі болдым. Шүкір, жақсы қызмет атқардым, абыройға бөлендім. Бәрімен сыйластым, құрметтеді. 1978 жылы КСРО Журналистер одағының Құрмет дипломы­мен және КСРО халықтық бақылау коми­тетінің Құрмет грамотасымен марапат­талдым. Бұл о заманда жоғары құрмет саналды. 

Алайда, ата-анам «Біз көз жұмып қалсақ бір уыс топырағың да бұйырмай қалар, елге қайтып кел» деп мазалай берген соң туған жеріме бет түзедім.

Отыз жастан асқан жігіт кезімнің Арқа төсіндегі сол бір қиын да қызықты өмірін көз алдыма келтірген әлгі ғаламтордан тауып алған «Ортақ қуаныш» деген атпен шыққан төмендегі құнды ақпарат  еді. Онда былай депті:

«Ар ма, ағайын! Қолыңызға «Сарыар­қаның» кезекті тағы бір нөмірі тиіп отыр. Өмірдің әр күні, әр сағаты тарих десек, бұл күн тарихи күн деп айтуға толық негіз бар. Бүгін «Сарыарқа» газеті заңды мұрагері саналатын аймағымыздың ақпарат жаршысы, талай тарихты тасқа басқан кешегі «Жезқазған туының» алғашқы саны жарық көргеніне 45 жыл толып отыр.

Аз-маз шегініс жасасақ… 1973 жылы 20 наурызда Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі төралқасының Жарлығымен елімізде Маңғышлақ және Жезқазған облыстары құрылды. Жаңадан шаңырақ көтерген Жезқазған облысының құрамына Жезқаз­ған, Балқаш, Қаражал қалалары мен Ақто­ғай, Жезді, Жезқазған, Жаңаарқа, Шет аудандары енді. Сондай-ақ, Шет, Жаңа­арқа аудандары мен Қаражал қаласына қарасты бірнеше елді мекенді біріктірген Ақадыр ауданы пайда болды. Жаңа облыстың өз баспасөз органы болуы  заңды. Жаңа газет ашу жұмысы қолға алы­нып, 13 сәуір күні облыстық «Жезқазған туы» газетінің алғашқы саны оқырман қолына тиді. Газетті алғашқы редактор Сайлаубек Қожамсейітов бастаған, Сай­лаухан Нәкенов, Шәкизада Дәрмағанбетов, Итен Қарымсақов, Ізбасар Қабдырахманов, Қасым Орынбетов қостаған топ жарыққа шығарды. Осы жылдар ішінде газетте журна­листердің бірнеше буыны алмасты. Қаншама жастың дарыны ұшталып, қалам қабілеті артты. Осы газет қабырғасынан кейін елге танымал болған талай ақын, жазушы, қаламы қуатты журналистер түлеп ұшты.

Қырық бес жылда газетте ғана емес, айма­­ғымызда, тұтастай ел өмірінде аз өзгеріс болған жоқ. «Жезқазған туының» ашылуына себепші болған облыс тарады, облысыңыз не мәңгі жасайтындай көрінген Кеңестер одағы да ыдырап тынды. Бірден шыт жаңа мемлекеттік жүйе орнай қойма­са да, бұрынғы тәртіп босаңсып, өмір ағыны жаңа қалыпқа түсті. Нарық деген түсінік енді. Бар тіршілік, тұрмысты сол нарық заңы басқаратын болды. Рухани өміріміз де түрленіп сала берді. Өткенге оралып, ескіні жаңартуға, тарихты жаңа қырынан тануға мүмкіндік туды. Сол кезеңдерде жергілікті жұртшылықтың, көзі ашық, көкірегі ояу ағайынның ұсыныс, тілегімен газетіміздің атауы да «Сарыарқа» болып ауысыпты. Атауы өзгергенмен, газет бастапқы мақсат-мұратынан, темірқазық ұстанымынан жаңыл­мады. Бұлай болуына алдыңғы буын ағаларымыздың үлесі зор екенін ерекше атап өтеміз және сол кісілердің ерен еңбегіне бас иеміз!

Бүгінгі нөміріміздің елеулі бөлігі осы «Жезқазған туы» — «Сарыарқа» тарихына арналып отыр. Бас редактордан деп оқыр­манға сөз арнаған соң газеттің негізін қалаған, редакция жұмысын жүйелі жолға қойып, шығармашылық дәстүрлерін қалып­тастырған, сандаған шәкірт тәрбие­леген редакторларды атап өту керек. «Жез­қазған туының» алғашқы басшысы С.Қожамсейі­тов газеттің уығын шаншып, шаңырағын тіктесе, одан кейін тізгінді қолына алған Ұзақбай Төлеуов он жылға жуық редактор­лық етіп, газеттің өзіндік жолын қалыптас­тырды. Газеттің шығарма­шылық тұрғыда толысқан тұсы да осы шақ екенін айтады алдыңғы буын ағалар.

Газет ұжымы алдыңғы ағалардың жолын жалғап, оқырман алдындағы пары­зын адал атқара бермек. Заман талабына сай түрленіп, жаңа амалдарды да меңгеру­деміз. Күні кеше газеттің сайты ашылып, арқаның ақпаратын әлемге тарату мүмкін­дігін иеленгенімізді сүйіншілеген едік. Оқыр­мандар қатары да күрт артып кетпе­генімен, соңғы жылдардағы межеден төмен­дей қоймады. Осы орайда газетке үнемі қолдау танытып жүретін барша жанашыр жандарға алғыс білдіреміз.

Қуаныш құтты, «Сарыарқамыз» ғұмыр­лы болсын, ағайын!».

Міне, аз да, көп те емес, мені толғант­қан осы мақаланы қысқартып ұсынуды жөн көрдім. Авторы – Дархан Мұхан. Ол – өзім шаңырағын көтеріп, уығын шаныш­қан бұрынғы Жезқазған облыстық газетінің заңды мұрагері, аймақтық «Сары­арқа»  газетінің Бас редакторы екен. Енді ше, сонау тарих қойнауында қалған газет­тің тарихын біз секілді аға буынның еңбегі­мен  қоса тірілтіп,  алғашқы нөмірі жарық көргенінің 45 жылдығын кеңінен жариялап, мерейтойлық медаль шығарып, меценат­тардың қолдауымен Жезқазған қаласында дүркіретіп тұрып тойлап жіберіпті. Дереу ғаламтор арқылы іздестіріп Дархан Қабыл­дашұлының ұялы телефонын тауып алып, қуана құттықтадым. Ол да риза болып, дер кезінде хабарласа алмағанын айтып жатыр. Әрине, ол мені қайдан білсін, өйткені мен 1980 жылы газеттен Сыр бойына ауысып кеткенімде, әлі дүниеге келмеген бала ғой. Маған бала болып көрінсе де, мынау еткен еңбегі нағыз дананың ісіндей көз алдыма елестеді. Қатты сүйсіндім. Қарсақбайдың тумасы екен. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. Осы газеттің тілшісі, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген. ҚР Ұлттық ұланы /бұрынғы Ішкі әскер/ «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылы­ғында қоғаммен байланыс жөніндегі офицер қызметін атқарған, Qamshy.kz ақпарат агенттігінде бас редактор болған. Газеттің Бас редакторлық  қызметін 2016 жылдың желтоқсан айынан бері атқарып келеді. Отбасылы, екі баласы бар. Баяғы менің жасымдағы отызға енді келген, қазір­гі немереммен жасты,  болайын деп тұрған жігіт.«Талабың оңға бассын, шырағым! Аман болсақ, Арқа төсінде жолығармыз» деп, жалынды жастың жігеріне жігер қосу үшін осы жазбамды асығыс қағаз бетіне түсіріп,  соңына:

Қарағым, құтты болсын талаптарың,

Ұзақ жолда талмасын қанаттарың.

Ғажайып ғаламтордың арқасында,

Осылай түйген ойды сабақтадым,

деп бір шумақ  өлең жалғап, осы мақаланы боса­­ғамыздан аттаған Жаңа жылда Алматы шаһары зиялы қауымының  сүйікті газеті «Алматы ақшамына»  жедел жолдадым.

 

Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі,                                

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Алматы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *