САРАПТАМАЛЫҚ ҚОҒАМДАСТЫҚ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗЕКТІ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Бүгін Алматыда Қазақстан Ұлттық Банкі өкілдерінің қаржы сарапшыларымен кезекті кездесуі болып өтті. Оның барысында реттеушінің ақша-кредит саясатының мәселелері, ақша және валюта нарықтарындағы ахуал, сондай-ақ, қаржы реттеушісінің базалық мөлшерлемені 9% деңгейде сақтау туралы шешімі талқыланды.

 Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Виталий Тутушкин кездесуге қатысушыларға осы шешімді қабылдаудың алдында қысқа мерзімді модельдің қайта бағаланғандығы туралы айтып берді. «Ағымдағы факторлар инфляция үшін қолайлы болып қалып отыр, алайда орташа мерзімді кезеңде белгілі бір тәуекелдер бар, біз оларды тамыз-қыркүйекте болжамдық раунд жүргізу кезінде барынша жан-жақты бағалай­тын боламыз. Инфляцияның ағымдағы деңгейі біздің бұдан бұрынғы болжамдары­мызға сәйкес қалыптастырылады. Маусымда инфляция 0,2%, ал жылдық көрсеткіш бойынша – 5,4% болды, бұл ағымдағы жылғы 4-6% нысаналы дәлізге сәйкес келеді», –деп хабарлады ол.

Ұлттық Банктің өкілі халықтың инфля­циялық күтулері азық-түлік тауарлары бағасының өзгеруіне әсері ретінде мамырдағы 4,7%-дан маусымдағы 5,4%-ға дейін өскендігін және нақты инфляция деңгейінде қалыптас­қанын атап өтті.

«Теңгенің айырбастау бағамы ішкі баға­ларға бейтарап әсер етеді. Құбылмалылыққа қарамастан, теңгенің жыл басынан бері ұлғаюы 0,2%-ды құрады, тиісінше, айырбастау баға­мының инфляцияға сіңіп кетуі болмайды», – деп түсіндірді В.Тутушкин.

Ол ішкі сұраныс факторларының тара­пынан проинфляциялық қысым өсіп отыр деп толықтырды. Фискалдық себептерге байла­нысты инфляциялық тәуекелдер күшеюде. «Республикалық бюджеттегі жақында болған нақтылауға сәйкес шығыстар ұлғайды, бұл сұраныстың кеңеюіне мүмкіндік жасайды және бағаға қысым жасайды. Бірақ неғұрлым дәл әсер етуді біз кейінірек бағалай аламыз», – деді В.Тутушкин.

Ұлттық Банктің өкілі халықтың нақты ақшалай кірістерінің өсуі жалғасып отыр, ол ағымдағы жылғы қаңтар-мамырда 5,5%-ды құрағанын айтты. Сондай-ақ, тұтынушылық кредиттеу кеңеюде. Осы жылғы мамырда банктердің тұтынушылық кредиттеу портфелі жылдық көрсеткіш бойынша 14,8%-ға ұлғайды.

«Сыртқы нарықта Brent маркалы мұнай­дың орташа бағасы өндіріс көлемінің жоғары болуының және мұнайдың әлемдік қорлары­ның өсуінің нәтижесінде 2018 жылғы орташа алғанда бір баррель үшін 72 АҚШ долларымен салыстырғанда ағымдағы жылдың басынан бері бір баррель үшін 66 АҚШ долларын құрады. ОПЕК+ шеңберінде мұнай өндіруді шектеу жөнінде шілденің басында қол жеткізілген уағдаластық жылдың соңына дейін бағаға қолдау көрсетеді. Алайда, мұнай бағасын белгі­леудің одан әрі серпіні үшін теріс факторлар Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленіс, сондай-ақ, әлемдік жетекші экономикалар арасындағы сауда дауларында уағдаластыққа қол жеткізе алмау болып қалады», – деп хабардар етті В.Тутушкин.

Сондай-ақ, Ұлттық Банктің өкілі кездесуге қатысушыларға сыртқы монетарлық талаптар­дың жұмсарғандығы туралы айтып берді. Бұл жайлы АҚШ ФРЖ-ның мөлшерлемелердің бұдан былай неғұрлым төмен траекториясына қатысты риторикасы, сол сияқты ЕОБ-ның экономиканы ынталандырудың қосымша ша­ралары туралы мәлімдемелері негіз болды.

В.Тутушкин негізгі сауда әріптес елдердегі инфляция қалыпты деңгейде қалыптасып отыр деп қосты. Ресейде инфляция маусымда 4,7%-ға дейін төмендеді. Қытайда маусымда инфляция 2,7%-ды құрады, бірақ нысаналы 3%-дық көрсеткіштен төмен болды. Еуропа­лық Одақта мамырдың қорытындысы бойын­ша нысаналы 2%  деңгейінде болған кезде 1,6%-ға дейін төмендеу байқалды.

«Осылайша орта мерзімді перспективада макроэкономикалық талаптарды айқындайтын сыртқы сектордың және ішкі экономиканың тәуекелдер балансы өзгерді. Аталған тәуекел­дердің әсерін барынша азайту мақсатында біз ақша нарығында түзетуге бағытталған шараларды іске асыра бастадық», – деп қорытындылады ол.

Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Ұлттық Банк және Қаржы министрлігі нарықтық тәуекелсіз кірістілік қисығын қалыптастыру бойынша шаралар қабылдады деп хабарлады. Маусымда 6–12 айлық ноттар көлемдердің өсу пайдасына мерзімі 1–3 айлық ноттарды шығару көлемдері қысқартылды. Сол сияқты, ақша нарығында өтімділікті алу операциялары бойынша мөлшерлемелер пайыздық дәліздің жоғары шегіне дейін (9-10%) көтерілді.

«Қол жеткізген уағдаластыққа сәйкес Қаржы министрлігі мерзімі 2 жылдан 5 жылға дейін бағалы қағаздарды қайта шығара бас­тайды. Өтімділіктің құрылымдық профицитін өте тиімді байланыстыру және ақша-кредит саясатының трансмиссиялық тетігін күшейту мақсатында осы жылдың 16 шілдесінен бастап ең төменгі резервтік талаптар механизміне өзгерістер күшіне енеді», – деді В.Тутушкин.

Оның айтуынша, өзгерістер міндеттемелер құрылымы мен банктердің резервтік активте­ріне және нормативтер мәндеріне әсер етті. Қазіргі уақытта қолданыстағы міндеттемелер мен нормативтердің 8 түрінің орнына валю­талар және міндеттемелер мерзіміне байла­нысты 4 түрі енгізілуде. Ұлттық валютадағы қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді міндетте­мелер үшін нормативтер 2% және 0%, шет ел валютасындағы қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді міндеттемелер үшін 3% және 1% құрайды.

«Жаңа нормативтер келешекте долларсыз­дандыру процесіне және ұлттық валютада, әсіресе ұзақ мерзімді қорландыру процесін ынталандыруға ықпал ететін болады. Сондай-ақ, резервтік активтерді қалыптастыру кезінде ең төменгі резервтік талаптар шамасының елу пайызы мөлшерінде қолма-қол ақша кассасын пайдалануға шектеу қойылады», – деп қорытындылады В.Тутушкин.

Сөз соңында Ұлттық Банктің өкілі халықтың жинақ ақшасының өсуін ынталан­дыру және банктерді тұрақты әрі орнықты қорландыруды қалыптастыру үшін 2019 жылғы 1 шілдеден бастап, мерзімсіз депозиттер бойынша мөлшерлеменің 10,5%-дан 9,8%-ға төмендеуі кезінде, мерзімді және жинақ депо­зиттер бойынша ең жоғары мөлшерлемелердің 12,5% және 13,5% деңгейінде сақталғанын атап өтті. Мерзімді және мерзімсіз салымдар бойын­ша мөлшерлемелер арасындағы алшақтық халық үшін жинақ депозиттердің тартымдылы­ғын арттыруға және банктер үшін орнықсыз қорландыру құнын төмендетуге бағытталған.

Қаржы нарығының сарапшылары еліміздің қазіргі жағдайы мен қаржы нарығындағы өзгерістер туралы шынайы ақпарат алуға мүмкіндік беретін осындай кездесулерді өткізудің маңыздылығын атап көрсетті.

Қаржы реттеушісінің нарықпен және жұртшылықпен белсенді қарым-қатынасы саясатының аясында Қазақстан Ұлттық Банкінің тұрақты негізде сарапшылармен кездесу өткізіп тұратынын еске саламыз.

Базалық мөлшерлеме жөніндегі келесі шешім 2019 жылғы 9 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 17.00-де жарияланады.

 

«Ақшам-ақпарат».

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *